Білімдіден шыққан сөз (академик Жабайхан Әбділдинмен сұхбат) М. С. Оразбек



Дата25.12.2016
өлшемі48,48 Kb.
#4583
Білімдіден шыққан сөз

(академик Жабайхан Әбділдинмен сұхбат)

М.С.Оразбек,

ф.ғ.д., профессор

Қазақстан, Астана

Жабайхан Мүбаракұлы, Сіз жарты ғұмырыңызды Қазақстан Республикасы Ғылым академиясына арнадыңыз. Еліміздің танымал ғалымдарымен бірге қызмет істедіңіз. Соның бірі белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик З.Ахметов. Бүгінгі әңгіме З.Ахметов жайында болмақшы. Сіз бұл кісімен алғаш қай кезде таныстыңыз?

Мен Зәки Ахметұлын көп уақыттан білемін. Көп жыл бірге қызмет істедік. 1970 жылдың ортасынан бастап, өте жақын қызмет істедім. Бірақ Зәки туралы мен оны көрмей тұрып, студент кезімде сырттай таныс болдым. 1курста оқитын кезім еді, бірде сабақ үстінде Галина Александровна Сорокина деген француз тілінің мұғалімі айтты: «қазақтың жігіттерінің ішінде керемет талантты жігіт бар. Ол Зәки Ахметов деген жігіт, қазір Ленинградта аспирантураны оқып бітірді, орыс тілі мен әдебиетін, жалпы әлем әдебиетін жақсы білетін, білімді жігіт, Лермонтовты жатқа оқиды»-деді. Ол уақытта біз елден келдік. Орыс тілін білу үлкен мәселе еді. Бұл менің есімде жақсы сақталып қалды. Мен алғаш рет осылай Зәкимен сырттай таныстым. Кейіннен мен де Москвада оқыдым. Қайтып келгеннен кейін Академияда қызмет істедім. Зәки Ахметов ол кезде Абай атындағы КАЗПИ-де қызмет істеді. 1970 жылдың басында мен Философия институтына директор болып келдім. Сол кезде, мүмкін одан ертерек З. Ахметов те М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып тағайындалды. Әдебиет және өнер институты Академиядағы өте беделді, маңызды институттың бірі болатын. Бұл институттың құрылуына М.О.Әуезов ықпал етті, бірінші директоры болған Мүсілім Базарбаев, одан кейін Ысқақ Дүйсенбаев, М.Қаратаевтар директор болды. Бұл институтта белгілі адамдар қызмет істеді. Осыдан аз уақыт өткеннен кейін, екеуміз де Ұлттық академияға корреспондент-мүше болып сайландық.



-Екеуіңіз қатар, бір уақытта Ұлттық академияға корреспондент-мүше болып сайландыңыздар ғой?

Иә, қатар бір уақытта. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін, Зәки Академияның қоғамдық ғылымдар отделениесінің академик-секретары болып сайланды. Әрі Әдебиет және өнер институтының директоры болды. Мен оның орынбасары болдым. Әрі Философия институтының директоры болып, екі қызметті бірге атқардым. Қоғамдық ғылымдар отделениесіне ол уақытта Тарих, археология, тіл білімі институты сияқты қоғамдық институттар қарайтын. Идеологиялық тұрғыдан қоғамдық институттардың ролі басым болды. Ол кезде Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Нүсіпбаев, Әшімбаев, Ісмет Кеңесбаев сияқты қазақ халқының өте белгілі адамдары бюро мүшесі болды. Бюро жиналыстарында қоғамдық ғылымдардың маңызды мәселелері қызу талқыланатын. Осы белгілі ғалымдар З.Ахметовтың білімі мен қабілетін өте жоғары бағалады. Қоғамдық ғылымдар жұмысын Зәки жақсы басқарды. Осы кезде біз Зәки екеуміз қатарласып бірге қызмет атқардық. Өте әдемі, қызық кезең еді. Кейде жұмыс мәселесімен оңаша қалған кезімізде әлем әдебиетінен көп әңгіме айтатын. Гомер, Шекспир,Толстой, Достоевский, тіпті антикалық дәуірден Софокол сияқты ойшылдардың шығармаларын талдап айтушы еді. Зәкидің тағы бір ерекшелігі екі тілде де ойы жүйрік, оратор, шешен сөйлейтін. Өте талантты, қазақ халқына көп еңбек сіңірген ғалым. Жай ғана директор емес, терең білімді басшы болды.



-Көзқарас, пікірлеріңіз қандай болды?

Біздің ғылымдағы көзқарасымыз өте жақын болды. Пікірлес болдық деп айтуға болады. Ол кісіден кейін мен 1983 жылы мен академик-секретарь болдым, Зәки Ұлттық Ғылым Академияның вице-президенті болды. Біз ғылымға жоғары талап қойдық, мәселен, философияда диалектикалық этногенез дегенді, әдебиетте он томдық қазақ әдебиетінің тарихын жазу сияқты міндеттерді алға қойдық. Сол алға қойған міндетті зор жауапкершілікпен орындадық. Ол кісі Әдебиет институтындағы көлемді көп томдықтарды жазуға өзі қатысты. Сондықтан да сол бір 70-80 жылдары Ғылым Академиясы кеңінен қанат жайып, дәурледі. КСРО-да Қазақ КСР Ғылым Академиясының маңызы өте зор болды.



-З.Ахметовпен қызметтес болдым дедіңіз. Мінезін, жалпы адам ретінде қандай қырларын білетін едіңіз?

Мінезі өте мәдениетті, айғай дегенді білмейтін, ондай нәрсе оның табиғатына жат еді, жаны нәзік, зиялы, яғни нағыз интеллигент адам болатын. Ол кісімен жұмыс істеу приятный деп айтуға болады. Мен жаңа ғана айттым, ол кісіні сол кездегі өте беделді адамдар жоғары бағалады деп, соның бірі Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова. Ол кісі өзі де терең білімді, бірақ қарапайым адам еді. Неге десеңіз, Ләйлә Мұхтарқызының он рет академик болып кететін жағдайы болды, білім-білігі де сай келетін. Бірақ, қанша мүмкіншілігі болса да өзін бірде-бір рет академияның корреспондент мүшелігіне немесе басқа атақтарға ұсынған емес. Басқа біреулер ұсынған да болуы мүмкін. Неше түрлі жағымпаздар да болды, әрине. Бірақ Зәки сияқты шын білімді, қабілет-қарымы мол адамдарды қолдады. Ләйлә Мұхтарқызы Зәки Ахметовпен жақсы араласты. Себебі, Зәкидің ақылын, терең білімін, адамшылығын бағалады.



-Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы не айтар едіңіз?

Қазақстан ғылымын дамытудың көшбасшыларының бірі дер едім, себебі, тек әдебиетті ғана емес, философиялық білімі де терең болды. Ғылымның жалпы даму заңдылықтарын да өте терең меңгерді. Өз саласы бойынша зерттеу заңдылығын өте жақсы білді.

Қазақ әдебиетіне әлем әдебиеті арқылы келу керек. Әлем әдебиетінің заңдылықтарын, орыс әдебиетінің заңдылықтарын білген кезде, өзіңнің әдебиетіңнің құндылығын, тереңдігін білесің. Зәки Ахметов сондай адам, ол өз әдебиетін де, орыс әдебиетін, әлем әдебиетін терең білді. Сол өзге елдің әдебиетімен салыстыра отырып, өз еліміздің әдебиетін жоғары деңгейде зерттеді. Қазақ әдебиетінің теориясын жасауда көшбасшы болды. Өлең өнерінің теориясын жасады, негізін салды.Қазақ халқына көп еңбек сіңірді.

-Сіз жақсы айттыңыз, З.Ахметов Қазақстан ғылымын ұйымдастыруда зор қызмет атқарды, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына ықпал етті, соңынан қанша шәкірт тәрбиелеп, айтулы еңбектер қалдырды. Осындай ғалымның есімін ұрпаққа қалдыру үшін қандай шаралар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

Негізі елдің аты, жердің аты табиғат байлығымен ғана құнды емес. Табиғаттың байлығы, ол табиғат берген нәрсе, Ол байлық та азаяды, таусылады. Елдің, жердің, ұлттың аты оны туғызған ұлы адамдарымен құнды, бағалы. Солардың еңбегі арқылы өзге жұртқа елдің аты танылады ғой. Ал енді ондай елдің атын шығаратын адамның еңбегін құндау, сол елдің азаматтарына байланысты.



З.Ахметов сияқты елге еңбегі сіңген азаматқа қандай жақсылық жасасаң да артық емес. Себебі ол Зәки Ахметов үшін емес, керісінше, болашақ ұрпақ үшін керек. Қазір З.Ахметовтің өзіне шынын айтқанда, ештеңе де керек емес. Бірақ, ол елдің өзі үшін керек. Азаматты туғызатын халық. Қазақ халқы кімді туғызды дегенде, біз Абайды, Шоқанды, Қанышты дүниеге әкелген халық дейміз. Баяғыда біреуден қай әйелің артық деп сұраса, (екі әйелі болған болуы керек шамасы) дүниеге кімді әкелді, қандай ұрпақ әкелді? Сонысымен артық деген екен. Сол айтқандай ел өзінің перзентімен құнды. Енді осы перзентінің еңбегін құндау, ол елге сын. Ұрпағына үлгі ету үшін мектепке, оқу орындарына бұл кісінің атын беру, Астана, Алматы қалаларынан көшенің атын беру, көп томдықтарын шығару т.т.сол сияқты шаралар ұйымдастырылу керек. Бірақ оны түсінетін, түйсінетін қазіргі азаматтардың азаматтығына байланысты ғой. Зәки Шығыстан (Өскемен өңірінен) шыққан жалғыз танымал, көрнекті (выдающиеся) академик. Келер ұрпаққа нағыз үлгі болатын адам ғой. Сондықтан ел-жұрты қандай шаралар жасаймын десе де ешқандай артығы жоқ.

Әңгімеңізге көптен-көп Рахмет. Қазақ ғылымын өркендету жолында шаршамай еңбек етіп келе жатқан, елге үлгі болып жүрген ағамызсыз ғой. Аман-есен болыңыз. Денсаулығыңыз мықты болсын. Есте жүретін, елге ой салатын жақсы әңгіме айттыңыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет