2-тарау. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН БАСҚАРУ 4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің білім беру саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;
2) білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық жоспарларын әзірлейді және Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсынады, оларды іске асыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
3) еңбек нарығының кадрларға ағымдағы және келешектегі қажеттігінің тұрақты мониторингі жүйесін қалыптастырады;
4) әлеуметтік әріптестердің кәсіптік білім беру проблемаларын шешуге қатысуын қамтамасыз етеді және республикалық бюджеттен каржыландырылатын білім беру ұйымдарында (Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білім беру ұйымдарындағы мамандар даярлауды қоспағанда) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді;
5) білім беру грантын беру ережелерін бекітеді;
6) білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу, бекіту тәртібін және оның қолданылу мерзімдерін айқындайды;
7) Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережелерін және Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережелерін бекітеді;
8) біліктілік талаптарын және Білім беру қызметін лицензиялау ережелерін бекітеді;
9) мемлекеттік үлгідегі білім беру туралы құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру тәртібін анықтайды;
10) халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекітеді;
11) мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын, сондай-ақ педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін айқындайды;
12) Қазақстан Республикасының Президентіне жеке адамның тәрбиесіне, оқуына және кәсіптік қалыптасуына аса зор үлес қосқан жекелеген білім беру ұйымдарына ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді және Инновациялық университет туралы ережені бекітеді;
13) мемлекеттік басқару органының ұсынысы бойынша бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;
14) білім беру мониторингін жүзеге асырудың тәртібін белгілейді;
15) “Болашақ” халықаралық стипендиясын беруге арналған Үміткерлерді іріктеу ережелерін бекітеді;
16) мемлекеттік атаулы стипендияларды бекітеді;
17) “Алтын белгі” белгісі туралы ережені бекітеді;
18) “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” және “Үздік педагог” атақтарын беру ережелерін бекітеді;
19) тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерін бекітеді;
20) Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережелерін бекітеді;
21) Әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережелерін бекітеді;
22) Жұмыс көрсеткіштері жоғары мемлекеттік білім беру мекемелеріне гранттар беруге арналған мемлекеттік конкурстарды өткізу ережелерін және оларды пайдалану тәртібін бекітеді.
23) бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын жоғары оқу орындарының тізбесін және оларды тағайындау, аттестациядан өткізу және қызметтен босату тәртібі туралы ережелерді бекіту туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді.