48-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау 1. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі.
2. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
3. Денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына үнемі бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттер үшін үй-жайлар ұсынады.
Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары білім алушыларға және тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы.
4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден өтіп тұруға міндетті.
5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс жасалуы көзделуге тиіс.
Білім беру ұйымдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру үшін жағдай жасалады. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледі.
6. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.