Дәріс 6 Тіркеспелі немесе Коньюгатты балдырлар класы (Коньюгаты) – Conjugatophyceae
Дәрістің мақсаты - студенттерді тіркеспелі балдырлар класының алуан түрлілігімен, көбею жолдарымен, негізгі өкілдерімен, классификациясымен, экологиясымен, табиғаттағы және халық шаруашылығындағы маңызымен таныстыру. Қарастырылатын мәселелер: Тіркеспелі немесе Коньюгатты балдырлар класының өкілінің жалпы сипаттамасы, талломдардың морфологиялық алуантүрлілігі.
Тіркеспелі немесе Коньюгатты балдырлар класының классификациясы.
Спирогира таломының сипаттамасы, қоректенуі, көбею жолдары мен классификациясы.
Көрнекті құралдар: кестелер, гербарий, презентация
Тіркеспелі балдырлар класына негізінен микроскопиялық жасыл балдырлар жатады. Түрлерінің жалпы саны 4700-дей болады. Олардың көбісін (4000-дай түр) десмидиялылар қатары түзеді. Талломы көп клеткалы жіп тәрізді немес бір клеткалы талшықсыз болып келеді. Жыныстық процесі тіркесу арқылы жүреді. Зооспораларымен гаметалары болмайды. Негізгі өкілдерінің бірі көпклеткалы жіп тәрізді балдыр спирогира туысы (Spіrogіra). Ол сыртқы кілегеймен қапталған ашық-көк түсті матасқан жіптердің жиынтығы түрінде ақпайтын немесе жай ағатын сулардың қабаттарында жүзіп жүреді, немесе судың түбінде салынды түзеді. Спирогираның клеткалары ұзынша созылған цилиндр пішінді болып келеді. Клетка қабықшасы қалың және ол целлюлозадан тұрады. Клетканың ішінде спирал тәрізді бұралған, лентаға ұқсас хромотофоры болады. Оның ортанғы бөлігінде бір - бірінен бірдей қашықтықта орналасқан пиреноидтары болады. Оларды айнала крахмал дәндері қоршап тұрады. Крахмал дәндері пиреноидтардың айналасында ғана болып қоймай, сонымен бірге храматофораның барлық жерін тұтас жауып тұрады. Клетка қуысын үлкен вакуоля толтырып тұрады. Клетканың ортасында цитоплазманың тарамдалған жіпшелерімен қоршалған үлкен ядро орналасады. Оның бір немесе екі ядрошығы болады. Спирогира вегетативтік және жыныстық жолдармен көбейеді. Вегетативтік көбеюі жіптердің үзілуі арқылы жүзеге асады. Ал жыныстық көбеюі тіркесу (коньюгация) арқылы жүреді. Бұл жағдайда қатар жатқан екі жіптің клеткалары бір - біріне қарама - қарсы бағытталған өскіндер береді. Өскіндер бір - бірімен түйіскен кезде алдымен олардың ұштары кілегеймен қапталып бірігеді, содан соң қабықшалары еріп екі қатар жатқан клетканың арасын жалғастыратын канал (көпірше) пайда болады. Осы канал арқылы бір клетканың ішіндегі протопласт екінші клеткаға өтеді, сөйтіп олар қосылып зигота түзеді. Зигота дөңгелектеніп, үш қабат қабықшаға орналасады да тыныштық қалпына көшеді. Зигота өскен кезде редукциялық бөлініс жүреді, сөйтіп төрт гаплоидты ядро пайда болады. Оның үшеуі өледі де, біреуі ғана тіршілік қабілетін сақтап қалады. Одан жаңа особь дамиды. Жасыл балдырлардың табиғатта маңызы аса зор. Жасыл балдырлар фотосинтез процесінің негізінде органикалық заттар түзіп, судан өз бойына көмір қышқыл газын сіңіреді және оттегін бғліп шығрады. Онымен суды мекендейтін жануарлар тыныс алады. Сонымен бірге жасыл балдырлар, әсіресе оның бірклеткалы және жіптәрізді түрлері балықтардың және басқада су жануарларының қорегі болып табылады. Егістікті суғаратын каналдарда және балық өсіретін көлшіктерде балдырлардың шамадан тыс көбейіп кетуі шаруашылыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтанда оны болдырмас үшін каналдарды және көлшіктерді оқтын-оқтын балдырлардан тазартып тұру қажет.