Бұл класқа жататын балдырлардың басқа жасыл балдырлардан айырмашылығы сол, олардың клеткалық құрылысы болмайды. Сифонда балдырлар өте ертеде, жасыл балдырлардың көбінен бұрын пайда болған. Олардың қазіргі кезде өмір сүретін түрлерінің саны онша көп емес (400-500 түрден аспайды). Сифонды балдырлардың 90% теңізде өседі. Негізгі өкілдерінің бірі каулерпа туысы (Caulerpa). Бұл Жерорта теңізінде жиі кездесетін, талломының ұзындығы 0,5м., кейде оданда көптеу (1 метрге жететін) болатын балдыр. Сырт қарағанда оның субстратқа төселіп жататын «тамырсабағы», одан жоғары тік өсетін «сабақшысы» үлкен «жапырақ» тәрізді жасыл пластинкалары және субстратқа бекініп тұратын «тамыр» тәрізді ризоидтары болады. Алайда бұл протопласты барлығына ортақ, көп ядролы, жасыл дән тәрізді хроматофорасы бар, аса үлкен бір клетка түрінде болатын балдыр. Талломының құысы ешбір перделермен бөлінбеген, яғни клеткаланбаған, бірақ оны целлюлозалы тіректер қиіп өтеді. Нағыз жыныссыз көбеюі жоқ, кейде талломының бөліктері арқылы вегететивтік жолмен көбейеді. Жыныстық процесі изогамиялы. Өмірлік циклының барлығы дерлік диплоидты фазада өтеді. Мейоз изогаметалар түзілердің алдында ғана жүреді.