5.ДӘРІС. Жасыл (Chlorophyta) балдырлар сипаттамасы, классификациясы. Таралуы, көбею жолдары, халықшаруашылығындағы маңызы.
Дәрістің мақсаты - студенттерді жасыл балдырлардың алуан түрлілігімен, көбею жолдарымен, негізгі өкілдерімен, классификациясымен, экологиясымен, табиғаттағы және халық шаруашылығындағы маңызымен таныстыру.
Қарастырылатын мәселелер:
Жасыл блдырлардың жалпы сипаттамасы, талломдардың морфологиялық алуантүрлілігі.
Жасыл балдырлардың классификациясы.
Жасыл балдырлардың жалпы сипаттамасы, қоректенуі, көбею жолдары мен классификациясы.
Көрнекті құралдар: кестелер, гербарий, презентация
Жасыл балдырлардың түрлерінің жалпы саны 15 мыңдай. Әлемнің барлық жерлерінде, негізінен тұщы суларда, кейбіреулері теңіздерде, аздаған түрлері оқтын - оқтын су басудың нәтижесінде ылғалдығы артып отыратын топырақтарда, ағаштардың діңдерінде, дуалдарда (заборах), гүл отырғызылған қыш құмыраларда (горшках) және т.б. жерлерде кең таралған өсімдіктер.
Осы бөлімнің өсімдіктерін мысалға ала отырып эволюцияның екі бағытын аңғаруға болады. Бірінші бағыт, бір клеткалы бір ядролы формаларынан бастап, көп клеткалы көп ядролы формаларына дейін жеткен, бұл бағыттың ең жоғарғы сатысы каулерпа (Caulerpa). Екінші бағыт, бір клеткалы формаларынан бастап, колониялы формалары арқылы, көп клеткалы жіптәрізділерге және одан әрі көп клеткалы, талломдары сыртқы құрылысы жағынан жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік органдарына біршама ұқсас болып келетің формаларына дейін жеткен, бұл бағыттың ең жоғарғы сатысы - хара (Chara).
Қозғалғыш организмдерді қозғалысқа келтіретін органдарына, олардың ұзындығы мен формасы бірдей болып келетін екі, сиректеу төрт талшығы жатады. Клеткалары бір ядролы, бірақта көп ядролы болуы да мүмкін (кладофоралар тұқымдасы - Cladophoraceae). Хроматофораларында көп жағдайда пиреноидтар болады. Хроматофораларының формасы, мөлшері және клеткадағы саны алуан түрлі болып келеді. Пигменттеріне хлорофилл, каротиноидтар жатады. Артық қор заттарына крахмал және шыны майы жатады. Вегетативтік, жыныссыз және жыныстық жолдармен көбейеді. Жыныстық процесі барлық түрлерінде белгілі және алуан түрлілігімен ерекшеленеді: изогамия, гетерогамия, оогамия, зигогамия (коньюгация).
Достарыңызбен бөлісу: |