Улотриксті балдырлар класына талломының құрылысы жіп тәрізді немесе пластинкалы болып келетін көптеген жасыл балдырлар жатады. Ағын сулы өзендердің астындағы тастарда және шіріген ағаштардың қалдықтарында (коряга) жабысып тұрған ашық - көк түсті жіптердің жиынтығын көруге болады. Ол көп клеткалы, жіп тәрізді жасыл балдыр улотрикс (Ulothrіx). Оның жіптері қысқа, цилиндр тәрізді клеткалардың тізбегінен тұрады. Осы клеткалардың әрқайсысында бір - бірден ядро және ұштары қосылмаған сақина тәрізді хроматофоры болады. Улотрикстің клеткаларының бөлінуінің нәтижесінде жіптері ұзарып өсіп отырады. Улотриксте хламидомонада секілді фотосинтез процесінің нәтижесінде қажетті қоректік органикалық заттарды (қантты) өзі синтездейді және судан онда еріген органикалық заттарды сорып қабылдайды. Улотрикстің базалды клеткасы түссіз сопақша болып келеді. Ол арқылы жіпше субстратка бекініп тұрады. Жыныссыз көбеюі сопақша болып келген төрт талшықты, сиректеу екі талшықты зооспоралары арқылы жүзеге асады. Зооспоралары қолайлы жағдайларда базалды клеткадан басқа кез-келген клеткадан 2 - 4-тен (макрозооспоралар), немесе көптен (микрозооспоралар) пайда болады. Олар аналық клеткадан босап шығып, біраз қозғалып жүргеннен кейін талшықтарын тастап, су түбіндегі тастың бекініп, не топыраққа бекініп бөліне бастайды. Олардан келешегінде улотрикстің жаңа жіпшесі дамиды. Қолайсыз жағдайларда балдырдың кейбір клеткаларынан көптеген ұсақ екі талшығы бар қозғалғыш гаметалар (4) – 8 – 32 (64) пайда болады. Гаметалардың мөлшері бірдей (изогаметалар), олар суға шығып екеу-екеуден қосылады. Әдетте әртүрлі жіптерден пайда болған гаметалар қосылады (оны гетеротализм деп атайды). Одан зигота түзіледі. Ол қалың қабықпен қапталып ұзақ уақыттар бойы тыныштық күйінде тұра алады. Қолайлы жағдайда зигота бөлініп одан төрт қозғалмайтын клетка – спора (автоспора) түзіледі. Олардың әрқайсысы су астына шөгіп жаңа жіп тәрізді балдыр улотриксқа айналады.