Зигомицеттерге 400-дей түр жатады. Олардың мицелилері біртұтас, перделерге бөлінбеген болып келеді. Гифаларының қабықшаларында хитин болады. Жыныссыз көбеюі спорангиоспоралары немесе конидийлері арқылы жүзеге асады. Зооспоралары болмайды. Түрлерінің барлығы жер бетінде өседі. Негізгі өкілдерінің бірі мукор (Mucor mucedo). Ол нанда, көкөністерде, жылқының тезегінде, көңде және басқада көптеген органикалық субстраттарда сапрофит ретінде өседі. Гифалары біртұтас, перделерге бөлінбеген, ерекше бұтақталған, көп ядролы болып келеді. Жыныссыз көбеюі шар тәрізді спорангилердің ішінде пайда болатын споралардың көмегімен жүзеге асады. Споралар ылғалды субстратқа түсіп, өсіп жаңа гифалар береді. Жыныстық жолмен сирек көбейеді. Ол тек физиологиялық жағынан бір-бірінен айқын айырмашылықтары болатын екі мицелий (гетеротальды) қатар өскен жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл жағдайда мицелийдің гифалары бір-біріне қарама-қарсы бағытта өседі де, ұштары жуандап түйіседі. Алайда олардың арасын көлденең перделер бөліп тұрады. Гифалардың түйіскен жерлеріндегі клетка қабықшалары еріп, олардың ішіндегі заттарыда, ядроларыда қосылады. Пайда болған зигота қара түсті қалың қабықшамен қапталады да біраз уақыт тыныштық кезеңін басынан өткізеді. Содан соң зигота мейоз жолымен бөлінеді де өседі. Одан ұрықтық гифалар пайда болады. Осындай гифалардың үстінде спорангилер жетіледі, ал олардың ішінде көптеген гаплоидты споралар дамиды. Қолайсыз жағдайларда гифалар бірнеше бөліктерге бөлінеді, оларды оидии деп атайды. Оидии қалың қабықшамен қапталадыда келешегінде хламидоспораларөа айналады. Қолайлы жағдай туысымен хламидоспоралар өсіп мицелийге айналады.