Биология сабағында модульдік оқыту технологиясын пайдалану арқылы сабақтың тиімділігін арттыру.
ШаймардановаАлтынай Ермекқызы
Қ.Билялов атындағы гимназия. ШҚО,
Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы
Қазіргі таңдағы егеменді еліміздің болашағы дарынды, білімді, ізденімпаз жастарға байланысты. Осыған орай бүгінгі күн мектеп алдында тұрған басты міндет - өзіндік айтар ой-пікірі бар, жоғары сапалы, белсенді азамат тәрбиелеп шығару. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесінің алдына жаңа адамды қалыптастыру, дамыту мақсаттарын қойып отыр. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, ой-пікірінің дербестігі мен еркіндігін кеңейту, олардың өз бетімен білім алуға деген ынтасын арттыру, оны өз тәжірибелерінде жаңа жағдайларға байланысты қолдана алу, яғни біліктіліктерін қалыптастыру және дамыту болып табылады.
«Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Сол себептен жаңа технологияларды енгізу арқылы, оқу процесінің деңгейі көтеріледі, қазіргі заман талабына сай дамыған тұлға тәрбиеленеді.
Мұғалім жұмысын жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру әлеуметті-белсенді, бәсекелесуге барынша қабілетті, құзыретті түрде жетілген, дербес тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Педагогикалық үрдістің тиімділігінің артуына мүмкіндік беретін білім беру мен тәрбие бірлігін сақтай отырып, оқушыға берілетін білімнің үйлесімділігімен қатар, әрбір жеке тұлғаның ерекшелігін ескере отырып, білімділігіне сәйкес бағдар беру, танымдық ізденімпаздығын дамытудағы оқытудың прогрессивтік қадамының бірі – модульдік оқыту.
Мақсаты: Модульдік оқыту технологиясын қолдана отырып, оқушының пәнге деген қызығушылығын, таным-белсенділігін арттыру.
Міндеттері:
- модульдік оқыту технологиясының білім сапасына әсері;
- қоршаған ортадағы жүріп жатқан құбылыстарды биологиялық таным-түсініктер арқылы ойлай білуге үйрету, биологиялық тілді дамыту;
- оқыту барысында қоршаған орта, тірі табиғат туралы қызығушылық тудыру;
- биологиялық білім-біліктерді және биололгия ғылымының жетістіктерін күнделікті өмірде пайдалануды насихаттау.
Модульдік оқыту – білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Ал «модуль» дегеніміз – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгілеген деңгейіне (жоспарланған алдағы нәтиже) жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы немесе аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульдік бағдарламаның негізгі құралы. Басқаша айтқанда, адамның өзіндік дамуының шамасы. Жалпы «модуль» сөзі «оқытудың мазмұны мен технологиясын» білдіреді. «Модуль мазмұны» өзіндік мағына беретін оқу материалының көлемі ретінде ұсынылады.
Модуль – оқу мазмұны мен технологияны біріктіріп тұрған мақсатты функционалды байланыстырушы.
Оқу модулі, негізінен, үш құрылымды бөліктен: кіріспе, сөйлесу бөлімі және қорытынды бөлімнен тұрады.
Біздің гимназияда модульдік технологияны оқып, іс-тәжірибелерінде пайдаланып жүрген ұстаздар біршама. Модульдік оқыту технологиясының жеке тұлғаның өз-өзін дамытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыратын бірден-бір технология.
Әр оқу модулінде сағат саны әртүрлі болады. Бұл оқу бағдарламасы бойынша сол тақырыпқа, тақырыптар тобына немесе тарауға бөлінген сағат санына байланысты. Зерттеулер нәтижесі 7-12 сағаттан тұратын оқу модулінің неғұрлым тиімді екенін көрсетті.
Оқу модулінің өзгешілігі – жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі. Барлық қалған уақыт сөйлесу бөлімінің меншігінде болады.
Кіріспе бөлімінде мен оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырамын. Содан соң осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде) сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіремін.
Модульдік оқыту технологиясын 9 сыныптарда екінші жыл пайдаланып келемін. «Генетика және селекция негіздері» тарауын мынадай модульге бөлдім.Тарау бойынша мұнда 6 сабақ өтеміз.
Кіріспе сабағында оқушыларға толығымен 2 сағат бөліп түсіндіріп өтемін.АҚТ-ны, кестелерді, сызба, схемаларды, суреттерді қолданып, оқушыларды жаңа сабаққа назарын аударамын.
-Негізгі генетикалық ұғымдар
-Мендельдің бірінші және екінші зандары
-Дигибридті будандастыру
-Гендердің тіркесіп тұқым қуалауы.
-Гендердің өзара әрекеттесуі
-Денсаулықтың генетикалық негіздері
Оқушылардың белсенділіктерін арттыруға, алдымен оқу – материалының негізі, қажеттілігі неде?- дегендей миға шабуыл жасап аламын.
Мысалы :
-генетика саласының бізге берер пайдасы бар ма, қандай?
-Оны болашақта өз өмірлік тәжірибемізде қолдана аламыз ба?
дегендей сұрақтар қойып оқушыларды ойландыру көзделеді.
Бұл кезеңде оқушылар бағдарламаның осы тарауын неге және не үшін оқып-үйренулері керек, өздері нақты нені меңгеріп, үйренулері тиіс екендігін түйсінуі қажет. Болашақта өмірлерінде қолдана білуге үйрету керек.
Оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін, қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы сөйлесу бөлімі сабақтарында жүзеге асырылады.
Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс сыныпты 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы, негізінен, оқушылардың өзара әрекет етуіне құрылған. Оқушылар қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өздері таңдайды. Тапсырмаларды қарапайымнан кұрделіге қарай кезең-кезеңімен орындау міндетті емес. Оқушы тапсырманы өзінің орындау мүмкіндігіне қарай таңдауға ерікті.
Сөйлесу бөлімде жұмыс істеу үшін бірінші оқу материалдарының негізгі мазмұның белгілеу.
Екіншіден, оқушылардың өзара сөйлесуін қамтамасыз ететін оқу- материалдарын оқып үйреніп, бекітуге, соңынан білік пен дағдылар қалыптастыруға, алынған білімін талдап, топтауға мүмкіндік беретін формаларды тандап алу.
Үшіншіден әртүрлі тапсырмалар үш күрделілік деңгейде (қарапайым, орташа дәреже, күрделі) дайындалады.
Тапсырмалар үш деңгейде беріледі:
ІІІ деңгей – білім стандартының талаптарына сай қарапайым білім мен түсінік деңгейіндегі тапсырмалар
ІІ деңгей – стандарт талаптарына сай алған білімін қолдану және талдау деңгейіндегі тапсырмалар
І деңгей – шығармашылық және ізденушілік сипаттағы тапсырмалар.
Тақырыпты дамыту мақсатында «жұлдызды сағат ойыны» ұйымдастырылды. Мұнда оқушылардың гентика саласы бойынша білімдерін ойын арқылы бақылау, тексеру болды. Сынып мендельдің 3 заны бойынша үш топқа бөлінді .Әр топ өздеріне берілген заңдар бойынша сұрақтар қояды.
Оқу модулінің сөйлесу бөлімінің тағы бір ерекшелігі бар. Зерттеу көрсеткеніндей, оқытудың белсенді және ойын формаларын кеңінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте 13-тен 24 ретке дейін қайта оралып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сөйлесу бөлімінің екінші сағатында «өзара оқыту сабағы» дамыту ойынын жүргіздім. Мұнда әрбір оқушы тапсырма алып, тақырып бойынша материалды пысықтап, басты ұғымдарды бөліп атап, тезис-конспект немесе жоспар конспект жасайды.Дайындалуға 10-15 мин беріледі. Дайындалған соң оқушы конспектісін пайдалана отырып, өз меңгергенін серігіне айтып береді, яғни «мұғалім» рөлінде болады; ал оқушы оны тындайды. Енді рөлдерімен ауысып, бірін- бірі бағалайды.(1)
Сонымен қатар үй жұмысын тексеруде «Брейн-ринг», «Өз жартыңды тап» ойындарымен жүргіздім. «Брейн-ринг» ойынында қатысушыларға жетондар таратылады, үстелдің үстінде деңгейлік тапсырма жызылған карточкалар жатады. Әр дұрыс жауапқа фишка беріледі, содан екінші нұсқаға көшеді. «Өз жартыңды тап» ойынында оқушылар кез келген түсті тандайды. Содан кейін оның түсі бойынша серігін іздеп, жұмыс істейді. Жаңа сабақта «Даналық ағашы» оқыта үйрету ойынымен шықтық. Мәтінді жылдам, мұқият оқып шығады. Әр қайсылары мәтін бойынша Мендельдің заңдарынан қиын сұрақ құрап, қағазға жазады. Сұрақты сандықшаға салады. Берілген Мендель заңын тағы да оқып шығып, әр оқушы сандықшадан сұрақ жазылған қағазды алып, дауыстап жауап беруі керек.[1]
Оқу бөлімінің қорытынды бөлімі – бақылау. Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білгі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.
Оқушы білімін бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, зертханалық жұмыстар немесе эксперименттік есептер оқу пәнінің ерекшелігіне орай, оқу модулінің қорытынды бөлімінде беріледі.
Сонымен модульдік технологияның мүмкіндігі:
Оқушының оқу және танымдық әрекеттерінің белсенділігін арттыру – ең негізгі әдістемелік мәселе. Модуль арқылы оқыту осы мәселені шешуге мүмкіндік беретін тиімді жолы.
Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі:
1. Тақырыпты қарапайым білім мен түсінік деңгейде игеруді білдіреді. Олар шамамен мынадай түрде беріледі: білу, түсіну, қолдану, талдау, топтау, бағалау.
2. Модульдік технологияның ерекшілігі: жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу, сондай-ақ өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, шығармашылық қажеттіліктерін, биологиялық терминдерді, сөздік қорын дамытуға бағытталған.
Жүйелі түрде сабақта технологияның қолдану барысында төмендегідей жетістіктерге жетуге болады, тиімділігін байқауға болады.
3.Оқушыларды ұжымдық тәрбиеге баулыйды.
4.Биологиялық терминдерді еркін айта алады.
5. Өз ойларын ауызша, жазбаша баяндай алады.
6. Оқушылардың белсенділігін арттырады.
7. Оқу мотивациясы жоғарланады.
8. Неғұрлым аз шаршайды.
9. Оқу қызметін көбінесе жағымды эмоциялар алады, қанағаттанады.
Балаларды ойынның мазмұнымен таныстыру ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау, бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың іс-әрекеті болып табылады. [2]
Қорыта келгенде, жаңа педагогикалық технологияларды биология сабағында өтілген тақырыптарға сәйкестендіре, сабақтастыра отырып, жақсы нәтижелерге жеттім.
Оған дәлел – біріншіден, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артты.
Екіншіден, әр оқушы өзіне тән қарқынмен, өз білімінің деңгейінде жұмыс жүргізе отырып, сабақта қойылған мақсатқа жету үшін қажетті қабілеттерін, білік – дағдыларын қалыптастырды.
Сондай-ақ, оқушылар өз шығармашылық қабілеттерін ұштаумен бірге, өткен жылдарға қарағанда олимпиада жетістіктерін де жоғары дәрежеде көрсете білді.Оқушылардың қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді ғылыми жобаларға түрлі тақырыптарды зерттеуге қызығушылықтарынын артқаны байқалды.
Сөз соңында бүгінгі күн талабына сай нақты, терең білім беруде жаңа технологиялар бірден-бір ұстаз сүйенер тұтқа дегім келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.М.М.Жанпейісова модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. Алматы, 2002 жыл
2.Технологиялар арқылы сабақтың тиімділігін арттыру”. Ғаламтор желісі
3. Ж. Қалиева.-Ойындар, сценарийлер, сайыстар. Қостанай.
4. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық
Достарыңызбен бөлісу: |