БИОСФЕРА ҚАЗІРГІ КҮЙІ. БИОСФЕРА ТУРАЛЫ ІЛІМ. В.И.ВЕРНАДСКИЙДІҢ БИОСФЕРА ЖӘНЕ НООСФЕРА ТУРАЛЫ ІЛІМ Жоспар
Биоссфера ұғымы мен түсініктері
Биосфера шекаралары
Ноосфера ұғымы мен түсініктері
Биосфера концентрикалық қабықашалардан (геосфералардан) құралады, олар ішкі және сыртқы болып жіктеледі. Ішкі концентрикалық қабықшаға ядро, мантия жатады. Сыртқы қабықшаларды литосфера (жердің қатты қабығы), гидросфера (су қабаты), атмосфера (ауа қабаты) және жердің күрделі қабығы биосфера.
Литосфера (грек. литос- тас)- Жердің тас қабаты. Оның қалыңдығы теңіз астында 6 км тау жүйелерін қосқанда 80 км қалыңдықты құрайды. Жердің бұл қабаты адам үшін маңызды ресурстардың бірі болып саналады: жанар-жағар және энергетикалық шикізат көзі, рудалы және рудалы емес пайдалы қазбалар кені, табиғи құрылыс материалдар қоры болып табылады.
Гидросфера (грек. гидора- су) - Жердің сулы қабаты. Оны жер асты және жер үсті деп жіктейді. Әлемдік мұхит гидросфераның жалпы көлемінің 96,53 % құрайды, жер асты суларының қоры – 1,69%, қалған су мөлшері өзендер мен көлдер үлесіне тиеді. Жер бетіндегі барлық сулардың 98% тұзды сулар құрайды, ал қалған 2 % тұшы сулар, олар негізінен мұздықтар мен солтүстік және оңтүстік полюстерде шоғырланған. Гидросфера біздің планетамыздың климатының қалыптасуында маңызы зор.
Атмосфера (грек. атмос - бу) – Жердің газды қабаты, әр түрлі булар мен газдар қоспасынан тұрады. 20-25 км биіктікте озон қабаты орналасқан, озон қабаты жер бетіндегі барлық тіршілікті күннің ультракүлгін сәулесінен қорғайды. Атмосфераның төменгі қабаты тропосфера деп аталады оның қалыңдығы 8-10 км полюстарда, 10-12 орташа зоналарда, 16-18 км тропикалық аймақтарда.
Атмосфера, гидросфера және литосфера өзара тығыз байланысқан. Жер бетіндегі экзогенді геологиялық процестердің барлығы осы байланысқа тәуелді және биосферада өтеді.
Биосфера қызметі. Биосфера – Жер шарының тірі ағзалармен қоныстанған күрделі сыртқы қабығы, тірі ағзалар жиыны планетамыздың тірі затын құрайды. Жер және оны қоршаған орта осыдан 4,7 млрд. жыл бұрын күн жүйесінің белгілі бір заңдылықпен дамуының нәтижесінде қалыптасқан. Күн жылуы – Жер климатының ең маңызыдысы, көптеген геологиялық процестердің дамуының негізі. Үлкен жылу ағыны Жердің тереңінен келеді.
Биосфера туралы ілім ХХ ғасырдың басында қалыптасқан оның авторы атақты орыс ғалымы В.И.Вернадский.
Жердегі бірде-бір тірі ағза еркін күйде болмайды. Барлық ағзалар оларды қоршаған материалдық-энергетикалық ортамен, ең алдымен қоректену мен тыныс алу арқылы, үздіксіз және тығыз байланыста болады. Одан тыс табиғи жағдайда тіршілік ете алмайды.
XIX ғасырдың басында ғылымға «биосфера» түсінігін енгізген француз жаратылыстанушысы Ж.Б.Ламарк (1744-1829) болған. «Биосфера» терминін тіршілік бар жердің қабықшасын анықтау үшін «гидросфера», «литосфера» ұғымдарымен бірге XIX ғасырдың аяғында атақты австрия геологы Э.Зюсс (1831-1914) ұсынады.
В.И.Вернадский биосфера деп планетаның тіршілік бар немесе болған, үнемі тірі ағзалардың әсеріне ұшырайтын не ұшыраған бөлігін айтады (литосфераның жоғарғы бөлігі, гидро және тропосфера). Ағзалардың маңызы олардың алуан түрлілігімен, барлық жерлерде таралуымен, Жер тарихындағы тіршілігінің ұзақтығымен, биохимиялық қызметінің таңдамалы сипатымен және табиғаттың басқа компоненттерімен салыстырғанда химиялық белсенділігінің жоғары болуымен анықталады. Жер биосферасын құрайтын заттардың негізгі типтері 1-суретте көрсетілген.
Планетадағы ағзалардың барлық жиынтығын В.И.Вернадский тірі зат деп атады. Оның негізгі сипаттамасы ретінде массаның, химиялық құрамы мен энергиясының жиынтығын қарастырады. В.И.Вернадский тұжырымдаған константалық заңы бойынша: биосфераның тірі затының мөлшері (берілген геологиялық кезең үшін) тұрақты (константа) шама болып табылады.