Үшінші жетістігіміз – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласында біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарасын білдірді. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық»,-деп жазды Елбасы. Сондай-ақ, мақалада сананы жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті.
Ұлт көшбасшысының тәуелсіздікті баянды етуді мұрат тұтқан игі бастамасының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қазақстандықтармен (ел зиялылары, өнер мен мәдениет қайраткерлері және т.б.) қатар, әлем қазақтары да қуана қабылдады. Ұлт зиялылары: «Бұл қазақтың жарқын келешегін айқындап берген құжат. Елбасының өз халқына деген сүйіспеншілігінен туған жанашырлығы» деген баға берді. Түптеп келгенде, бұл бастама бөлініп-жарылуға емес, ескіден арылуға, сананың жаңғыруына алып барады. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов ағамыз Елбасына жолдаған хатын: «Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке енуге апаратын жол»,- деген жүрекжарды лебізімен түйіндепті. Ендеше, ел басшысының заманға сәйкес жаңғырудың тура жолын нұсқаған мақаласы ел, ұлт үшін зор жетістік емей, немене?!.
Достарыңызбен бөлісу: |