Бесінші жетістігіміз – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммиті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделінің арқасында күллі ислам әлемінің басы бір жерге тоқайласты. Бұл шараның маңыздылығы, 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшылары бастап келді. Кейбір сарапшылар халықаралық маңызы жөнінен ИЫҰ-ның саммитін ЕҚЫҰ-ның саммитінен асып кетпесе, кем түспейтінін бірауыздан мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы басқосуда ғылым мен инновация, ислам әлеміндегі бірлік пен қауіпсіздік мәселелерін көтеріп, орамды ойларын ортаға салды. «Әлемнің өзге бөліктерінде қарқынды даму жүріп жатқанда, мұсылман елдерінің көпшілігі одан сырт қалуда. Кейбір сыншылар мұны дінмен байланыстырады. Алайда, бұл мүлдем қате пікір»,-деді Елбасы.
Сайып келгенде, Астана саммиті ғылым мен технологиялар саласындағы ахуалды терең түйсініп, дұрыс қорытынды жасауға және пісіп-жетілген мәселелерді шешудің жолдарын айқындауға жол ашты. Саммиттің өтуі 1,5 млрд. халқы бар ИЫҰ-на мүше 57 елдің өзінің ғылыми, экономикалық әлеуетін жетілдіруге дайын екенін көрсетті. Саммитке қатысушылар барынша маңызды халықаралық мәселелерді (соның ішінде Мьянмадағы жанжал да бар) ашық талқылап, тиісті есептер қабылдады. Ал Астана декларациясы ислам әлемін дамытуға зор ықпал ететін құнды құжат есебінде ИЫҰ-ның тарихына таспен жазылды. Жалпы, бұл саммит үмітті ақтап қана қоймай, отандық дипломатияның ірі жеңісі ретінде халықаралық дәрежедегі бақ-беделімізді арттыра түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |