Қарапайымамебаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Бұл – жалаңаш амебалардың едәуір ірі денелі түрі, оның дене мөлшері мм-дің 1/5-3/4 бөлігіндей болады. Қарапайым амебаның негізгі мекені – су өсімдіктерінің шіріген жапырағы мен органикалық заттары мол суқойма түбіндегі тұнба. Оның тұрақты пішіні болмайды, денесі қоймалжың цитоплазмадан және кішкене ядродан құралған біржасушалы біртұтас тірі шырыштан құралады. Денесінің мөлшері өте кішкене болғандықтан, қарапайым амебаның құрылысы тек микроскоппен ғана анық көрінеді. Біржасушаның ішіндегі цитоплазма үнемі қозғалыста болады. Цитоплазманың қозғалу әсерінен амебаның денесінде ең алдымен томпақ пайда болып, ол бірте-бірте созылады да, жалғанаяққа айналады. Амеба жалғанаяқтары арқылы бір жерден екінші жерге жайлап қозғала алады. Жалғанаяқтар өсімдіктің тамыры тәрізді болғандықтан, амебаша қозғала алатын біржасушалы жәндіктерді кейде тамыраяқтылар деп те атайды. «Амеба» гректің сөзі, қазақша баламасы – «өзгергіш» деген мағына береді. Жалғанаяқтар дененің әр жерінен пайда болып, қайтадан жойылып тұратындықтан, амебаның дене пішіні үнемі өзгеріп отырады.
Қоректенуі. Амеба денесінің кез келген жерінен пайда болатын жалғанаяқтарымен тек қозғалыр қоймай, қорегін (ұсақ балдырлар, бактериялар) де қармайды. Қорек денеге тиген кезде цитоплазма өсінділері оны екі жағынан орап алады. Цитоплазмадан сұйықтық тамшылары – асқорыту сөлі бөлініп, қоректің түйірі орналасқан жерде вакуоль пайда болады. Вакольдің ішіндегі асқорыту сөлі қоректі ерітіп, денеге сіңіреді де, оның қорытылмай қалған бөлігі дененің кез келген жерінен сыртқа шығарылады. Сол кезде асқорыту вакуолі жойылып кетеді.
Тыныс алуы. Амеба суда еріген оттегімен бүкіл денесі арқылы тыныс алады. Цитоплазмаға сіңген оттегі ондағы қоректік заттарды өте қарапайым заттарға айырып, тотықтырады да, суға амеба денесіндегі көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Амеба денесіндегі тотығу нәтижесінде ағзаға қажетті, оның тіршілік әрекетіне қажетті энергия бөлінеді. Денедегі заттардың тотығуы да жануға ұқсас, бірақ одан айырмашылығы: жылу мен жарықты жалын ретінде бөлмейді.