21.04.2017
Бірлік қуаты
Ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамға серпін берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы экономикалық өрлеу мен конституциялық реформа бағыттарын айқындаумен бірге, ұлттық сананы сапаландырудың негіздері мен ұстындарын жүйелі атап көрсетті.
Қазіргі күрделі заманда дүниенің әр бұрышында жантүршігерлік оқиғалар белең алып, жалпыадамзаттық құндылықтардың қадірі қашып, гуманизм көмескіленген кезеңде, азаматтарымыздың санасын жаһанданудың жағымсыз үрдістерінен сақтау − маңызды міндет. Осындай сын сағатта Елбасы жамандық атаулыдан сақтандыратын елдік және ұлттық негіздерді ұсынып, көптің көкейіндегісін дөп басты.
Сын-қатерлер кезеңінде тығырықтан шығар ой-пайымды естіген жұртшылық еңсесін тіктеп, аталы сөзге ұйып, осыған байланысты көзқарас-пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдары жүзінде және әлеуметтік желілерде шынайы білдіріп жатыр.
Талай қиындықты еңсеріп, тәуелсіздіктің ширек ғасырын табан ақы, маңдай термен жүріп өткен еліміздің санасы өсті, сапасы артты. Ешкімге есесін жібермейтін оразды мемлекетке айналдық. «Есті кісіге ақыл айтпа, жөнін айт» даналығын басшылыққа алған Елбасы туған халқына тағы да жөнін айтты, өз жолымызды – рухани жаңарудағы Қазақстан жолын көрсетіп берді.
Тарихтан сабақ алмаса, өткенге баға бере отырып, өзгермесе сана сапаланбайды. Елбасы әз-Тәуелсіздікке қол жеткізген арайлы күндерден бері осыны айтып келеді. Соның ішінде «Дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халықпыз» деген бір ғана тезисінен намысты да, шерді де, толғамды да, тоқтамды да аңғаруға болады.
Рухани бетбұрыс жылдың сәуірін тәуір еткен тұжырымдамалы еңбектегі Елбасының ХХ ғасырдағы төңкерістерге тоқталып, салдарын жіліктеп бергені де әр азаматқа ой салғаны сөзсіз. Мәселен, қоғамдық формациялардың сырттан таңылуы, түрлі үдерістердің дамуды шідерлеуі қоғамның ой-өрісін тоқыратты, халықтың өсімін тоқтатты, ұлттық код – тілінен, дәстүрінен, мәдениетінен айыра жаздады. Өмір сүру дағдысынан жаңылдырды. Экологиялық қасіреттердің тепкінімен ғасырлар бойы мекендеген ата қонысынан бездірілді. Осының бәрі ұлт санасына салмақ салды.
Дүниені астан-кестен етіп, бәрін әп-сәтте өзгерте саламыз деушілер әлі де бар. Президент мақаласында популизмнің де түрлерін тарқатып айтып берді. Бөтен пиғылдың салқынынан сақ болу үшін ұлтымыздың ұстамдылығы мен сабырлылығын еске салды.
Естияр адам «өзгені емес, өзіңді түзе» деген сөзді әуелі ата-анасынан, өсе келе ұстаздарынан естіген болар. Оны айтудың да сан түрі бар. Аялап, іш тарта, абайлап, ескертіп немесе қорқытып-үркітіп, зекіп, қорлап жеткізу деген сияқты. Әлемдік деңгейдегі қаламгер А.П.Чеховтың жазуына қарағанда, «иә», яки «жоқ» деген сөздің өзін елу түрлі етіп айтуға болады екен.
Қоғамға ой салған мақаланы оқыған әрбір азамат «елдің ертеңі үшін ғана емес, жеке басың мен ұрпағың үшін өзіңді түзе!» деген Елбасы даналығын ұғады. Елбасымыз осы жанашыр пайымын халыққа, әрбір азаматқа зор сенім артып, жауапкершілікпен жеткізіп отыр.
Жалпы, Елбасы мақаласында сананы өзгерту – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртудан да ауқымды, іргелі іс екендігі байыпталған. Бұл жерде дәйек те, дерек те, дәлел де жеткілікті. «Уәжге түйе де шөгеді» демекші, айтылған ойлардың маңызына «қит етсе қисая кететіндердің» де, ұсақ-түйекке үйірлердің де көзі жеткендей.
Шындығында, сананы жаңарту – ұлттың сапасын көтеру деген сөз. Оның негізгі қағидаты – өзгені емес, өзіңді түзеу. Әдепсіздіктен, көзбояушылықтан, құлдық психологиядан құтылу. Адамгершілік қасиеттерді, имани құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету. Ұлтына, дініне қарамай, қауым ішіндегі отандастарымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеу.
Бойға сіңген таптаурын әдеттен арылу жайы. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылды бала күннен айтудайын айтып келеміз, іс жүзіне келгенде қандаймыз? «Уайымсыз салғырттық деген нәрсе бар, ол Алланың, халықтың, дәулеттің, ғибраттың, ақылдың, ардың дұшпаны, бірі бар жерде бірі болмайды», дейді Абай. Заманында бұл сөз ата-бабаларымызды серпілту үшін айтылғаны даусыз.
Тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге атүсті қарамау туралы. «Уықты басқұр ұстайды, елді дәстүр ұстайды» деген мақал бекер айтылмаса керек. Қоғамдағы келеңсіздіктерге жалпыға бірдей заңнан өзге нені қарсы қоюға болар еді? Әрине, ғасырлар сынынан өткен, уақыт тезінде сұрыпталған әдет-ғұрып, дәстүрлерді сақтай отырып, көп мәселені шешуге болатыны – атқан таңдай ақиқат.
Тал бесіктен жер бесікке дейін салт-дәстүрін сақтап, осыны ұрпағына жүйелі аманаттаған жұрттың адаспайтыны анық.
Бүгінде халқымызға ауадай қажет прагматизмді, ұлттық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті білімді, сергек сананы, зерек зердені жаңа заманның жасампаз дәстүріне балар едік.
Мәселен, мақалада сөз етілген экологиялық өмір салтын алайық. «Жай жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Жерді ұтымды пайдалану дегеніміз − оны жетімсіретіп, құнарын тауысу деген сөз емес, қайта оның тиімділігін арттырып, оңтайлы игеру. Қолдан келгенше суландырып-нуландыру, көгерту, құрылыс салғанда әрбір шаршы метріне үнеммен, жанашырлықпен қарау, ғылыми жетістіктерді қолдану. Күтіммен қарап, қадірлеген адам ғана Жер-Ананың мейіріміне бөленіп, берекеге кенеледі.
Жердің қасиетін кетіру, тау-тасты қопару, өзен-суларды ластау, орта мен айналаны қоқысқа толтыру көз үйренген, қалыпты жағдайға айналғандай. Түптеп келгенде, бұл адамзатқа, ғаламға ор қазумен бір есеп емес пе?
Қоршаған орта тазалығын сақтауға келгенде, ата-бабамыздың өнегесі тағылымды-ақ. Шыбын-шіркей ілеспеуі үшін мінген атын үй жанына байламайтыны, оттың күлін соңынан жерге көміп кететіні, қора-қопсыны әрқашан таза ұстайтыны – саламаттылықтың әліппесі еді.
Дүниеде барлық жан-жануардың, мал-мүкаммалдың иесі де бар, киесі де бар. «Судың да сұрауы бар». Ендеше, Жаратқан үйлесіміндегі құбылыс арқауын бұзу мен бүлдіру – айналып келгенде, ең бірінші, адам баласының өзіне қауіпті. Ұлт дәстүрінде бұл жағы да шегеленіп парықталған.
Елбасы көрсеткен тағы бір анық – «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатыны» туралы.
«Құбылған әлем жарысы –
Ақылды жанның табысы», −
деп Шәкәрім ақын жырлағандай, бәсеке – бүгінгі заманның әрі тынысы, әрі жұмысы. Замана көшінің алдыңғы легіндегі озық технологияны үйрену, нарықтың сұранысына сай білім алу – жастардың жасампаздық мүмкіндігі.
Шын ілім, нағыз білім адамдарды биік ізгілікке үйретеді. Ізгілік – бақуатты өмірдің бастауы, ұлттық сананың кемелденуі.
Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, т.б. пәндер бойынша заманауи білімге мол мүмкіндік туғызу мақсатында жоғары оқу орындарына қажетті «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынатын болды.
Елбасы мұның мақсатын да таратып айтты: «Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Содан соң, бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, бұлар – ашық-жарқындық, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаттарын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады».
Істің көзін табу – мәселені шешудің алғышарты. Ұлт даналығы «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» дейді. Егер ғылым мен білім кілті – оқулық болса, неге әлем мойындаған классикалық оқулықтарды аудармасқа? Елбасы мәселеге осы тұрғыдан қарап, мүмкіндіктерді еселей түсетін Ұлттық аударма бюросын құру жөнінде тапсырма берді. Бұл – орайлы бастама және қайтарымы мол ізашар іс.
Осы орайда шет елде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген мамандар мен білікті аудармашылар күш біріктіріп жатса, нұр үстіне нұр.
Реті келгенде айтайық, елімізде ғылыми және практикалық аударма ісі саласына кешенді көзқарас қажет. Тәуелсіздік жылдары жоғары оқу орындарын бітірген аудармашы мамандар сапасы қандай деңгейде? Жалпы, бізде қанша кәсіби аудармашы бар? Қазақ классикалық дүниелерін қанша елдің тіліне аудара алдық? Аударма қаламақысы мен ынталандыруы сын көтере ме? Бұл сұрақтарға жауап іздейтін мезгіл әлдеқашан жетті.
Мемлекет басшысы латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшудің, оны жүзеге асырудың алгоритмін нақты баяндаған. Бұл басқа мемлекеттер тәжірибесінен сабақ алуға мүмкіндік береді. Шынтуайтында, бұл шара − елімізде 1929-1940 жылдары ресми қолданыста болған латын әліпбиіне қайта оралу.
Латын әліпбиі – қазіргі технологияның әліпбиі. Дәл бүгінгі күнде ол қаріптер осы заманның құралы – смартфондар мен гаджеттер арқылы үлкенге де, кішіге де етене таныс.
Нұрсұлтан Әбішұлының отаншылдық бағытта «Туған жер» бағдарламасын ұсынуын – «Мәңгілік Ел» мұратының құрамдас бөлігі деп қабылдаймыз. Бұл бағдарлама туған жеріне қолұшын беруге бейіл, жомарт азаматтарды ынталандыруы тиіс. Кезінде білім іздеп немесе басқа да себеппен қалаға кеткен немесе шет елге қоныс аударған жерлестерін мейірімді ауыл сағына күтеді. Туған жер әркімге де ыстық. Бұл жерде мәселе тек материалдық игілікте десек, қателесеміз. Ғалым дәрісі, маман кеңесі, тәжірибе жолы ауыл мен қала арасын жақындатып, туған жердің қадірін арттырады. Мұның да арғы жағында ұлттық код – дәстүр тағылымы тұр.
Ауылды айтқанда, етекті жасқа толтырмай, нақты іспен айналысу, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсету – азаматтық борыш.
Қасиетті жерлер мен киелі мекендерді сақтауға және туризм инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беретін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының берері мол. Түптеп келгенде, бұл жоба ұлттық тұтастыққа, ел бірлігін арттыруға қызмет етеді.
Біріншіден, тарихи, танымдық орындармен танысу – Отан танымалдығын арттырады. Бұл ретте зиярат етушілерге қолайлы жағдай туғызу, жол-көлік бағыттарын жетілдіру – нарық жағдайында қайтарымы мол жұмыс.
Екіншіден, осы орайдағы шаралар кешені еліміз бен елдігімізге жат идеология элементтерін тыяды. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, олар − «символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы».
Әлем картасында ешкімге ұқсамайтын дербес ұлттық болмысымызды көрсететін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндеті қойылды. Биыл қандай жетістіктерді көрсететініміз айқындалатын болады.
Осы тізімге Елбасы негізін қалаған бірлік пен татулықтың қазақстандық үлгісін айшықтаған өнер туындылары әлемдік өркениетке, үйлесімге қосылған үлес ретінде енетініне сенімдіміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сол бағыттағы туындыларды іріктеуге, авторларын замана мақтанышы ретінде насихаттауға атсалысады. Түптеп келгенде, рухани жаңғыруды жүзеге асыратын «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне айрандай ұйыған сан алуан этнос өкілі екені сөзсіз. «Қазақстандағы 100 жаңа есімді» анықтау мен ұлықтау – барша отандастарымыздың асыл борышы.
Рухани жаңғыру негіздерін баяндаған бағдарламалық мақаласында Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел алдына, сондай-ақ, Ассамблея алдына да, ауқымды және өзекті міндеттер қойып отыр.
Біз барша азаматтарымызды осыны жауапкершілікпен іске асыруға шақырамыз. Бірлік қуаты – елдік қуаты, елдің қуаты. Елбасының «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп тәуелсіздіктің елең-алаңында айтқан темірқазық сөзін ұмытпалық.
Ассамблеяның мыңдаған белсенді мүшесі қоғамда жасампаздық рухтың орнығуына аянбай үлес қосып келеді. Түрлі деңгейдегі ассамблеяларда, этномәдени бірлестіктерде, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінде, медиация орталықтары мен ҚХА-мен ықпалдас құрылымдарда жұмыс істейтін мемлекетшіл, отаншыл азаматтар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегін терең түсіністікпен, адами қасиетпен, кәсіби бағдармен қабылдады деп санаймыз.
Ассамблея және этномәдени бірлестіктер мүшелері Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласының түйінімен үйлесетін халқымыздың «Бірлік бар жерде тірілік бар» даналығына иек арта отырып, бүгінгі күн міндеттері мен жаңа дәуір талаптарын жүзеге асыруға жұмылары сөзсіз.
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі
Толығырақ: https://egemen.kz/article/birlik-quaty
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!
https://egemen.kz/article/birlik-quaty
Достарыңызбен бөлісу: |