«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғам
БӨЖ
Тақырыбы: Аудармадағы баламалылықтың түрлері
Орындаған: Тулеугалиева А.Б.
Тобы: ФИ – 901с
Тексерген: Самекбаева Э.М
Семей
2020
Аудармадағы баламалылықтың түрлері
Жоспар:
Баламалылық ұғымы
Баламалылықтың анықтамасына түрлі көзқарастар
Баламалылықтың түрлері мен деңгейлері
Тілдік делдалдықтың басқа түрлерімен салыстырғанда аударманың ерекшелігі: ол түпнұсқаның орнын алмастыра алуы тиіс. Алайда, аударма түпнұсқаға толық сәйкес бола алмайтыны мәлім. Аудармада түпнұсқаның тек бір бөлігі ғана сақталады. Бұл бөлік мазмұны немесе формасы жағынан ең маңызды болғанымен де, ол түпнұсқаның бөлігі болып қана қалады. Мысалы, түпнұсқадағы мазмұнын толық жеткізу мақсатында орыс тіліндегі сөйлемді ағылшын және қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып көрейік: Мальчик катается на коньках – The boy іs rollіng hіmself on the lіttle he-horses. Бала кішкентай атта өзін-өзі теуіп жур. Дұрысы, яғни балама аудармасы: The boy іs skatіng. Бала коньки теуіп жүр.
Тәржіметануда баламалылық (эквивалентность) деген термин аударманың маңызды ерекшелігін танытатын негізгі нормативті категория ретінде саналады.
Аударманың баламалылығы (эквивалентность перевода) - түпнұсқа мен аударма мазмұнының мағыналық жағынан жақындығы. Сондықтан аударма баламалылығының нормасы - аударманың түпнұсқаға барынша мағыналық жағынан сәйкес келуі.
Баламалылық теориясы бастапқы мәтін мен аударылатын мәтіннің семантикалық қатынасын қарастырады.
Бастапқы және аударылған мәтіндердің баламалылығы мынадай үш шартты ескергенде ғана жүзеге асатын бастапқы мәтін мен аударылған мәтіннің тепе-теңдігі:
1. Аударылған мәтін бастапқы мәтіндей (түпнұсқа) адресатқа әсер етуі керек;
2. Аударылған мәтін барынша бастапқы мәтіннің мәтіндік аналогі болуы тиіс;
3. Аударылған мәтін бастапқы мәтін мазмұнынан, аудармашылық трансформация шеңберінен ауытқымауы керек.
Ғалымдар аударма баламалылығы, аударма барабарлығы (адекваттылығы) деген терминдерді әртүрлі түсіндіріп жүр. Сол себепті де ғылыми әдебиеттерде осы терминдерге берілген анықтамаларда біршама айырмашылықтар бар (Я.И.Рецкер, В.Н.Комиссаров, А.Д.Швейцер, Р.К.Миньяр-Белоручев, А.В.Федоров, Л.С.Бархударов, т.б.).
Аудармашылардың бір тобы аударма мәтінінің түпнұсқаны беру мүмкіншілігін – барабарлық, ал келесі бір тобы баламалылық деп атап жүр. Ғалымдардың көпшілігі терминологиялық тұрғыдан баламалылық деген ұғымды дәл деп санайды. Ал барабарлық термині көбінесе көркем аударма теориясында қолданылады. Барабарлықжәне барабар терминдері аударма процесіне бағытталған. Барабараударма - бұл әдетте көркем аударманың мақсаты.
Тәржіметануда аударманың дәлдігі деген ұғым да бар. Аударманың барабарлығы мен дәлдіктен айырмашылығын түсіну үшін барабараударма (адекватный перевод) мен дәлме-дәл аударма (точный перевод)терминдерінің анықтамаларын салыстырып көрейік:
Барабар (адекватты) аударма– түпнұсқаның мазмұны мен пішіні бірлігінің басқа тілдің құралдары арқылы қайта құрылуы, яғни аудармада тілдің жанрлық-стилистикалық, құрылымдық-семантикалық, т.б. тілдік нормалары мен заңдылықтарының сақталуы.
Дәлме-дәл аударма – түпнұсқа мазмұнының тек заттық-логикалық бөлігі ғана көрсетілетін аударма. Мұнда әдетте аударма тілінің жанрлық-стилистикалық нормалар мен тілдік заңдылықтарынан ауытқу орын алады.
Балама аударма ғылыми ұғымына анықтама берер алдында балама терминіне және бұл түбірден өрбіген басқа да ғылыми ұғымдарға тоқталайық.
Баламалар - контекске тәуелсіз бастапқы және аударма мәтіндерінің тең мағыналы тұрақты сәйкестіктері, тіларалық синонимдер.
Баламалық ауыстырулар (эквивалентные замены) – мағыналары тірек сөзбен синонимдес келетін лексикалық функциялар. Тұтастай айтылған ойдың белгілі бір синтаксистік түрленуі барысында нақты бір мағынаны білдіретін сөз тірек сөздің орнына жұмсалуы мүмкін.
Белгілі американдық аударматанушы Юджин Найда (E. Nіda) динамикалы баламалылықтерминін ұсынды. Оның мағынасы: аударманы қабылдаушының әсері мен түпнұсқаны қабылдаушы әсерінің сәйкестігі
Жалған балама - екі түрлі тілдегі айтылуы жағынан ұқсас, бірақ мағынасы басқа сөздер. Жалған баламаларды Аудармашының «жалған достары» деп те айтады. Бұл тіларалық омонимдер, яғни айтылуы мен жазылуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әртүрлі болып келетін сөздер.
Мысалы: орыс және украин тілдерінде кездесетін тіларалық омонимдер: вино (орыс) – вино/віно (укр.), рожа (орыс) – рожа(укр.).
Дұрыс баламалармен салыстырайық:
1)Віно (укр.) – устар. «приданое» (орыс)
Вино1 (укр.) – масть карт «пики» (орыс)
Вино2 (укр.) – алькогольный напиток (орыс)
2) Рожа(укр) – 1. «Мальва» (гүлдің аты)
2. Роза (сөйлеу стилі)
Рожа (орыс) – бет (сөйлеу стилі)
орыс және поляк тілдерінде кездесетін тіларалық омонимдер/ антонимдер :uroda (поляк) – урод (орыс).
Шын мәнінде uroda (поляк сөзі) орыс тіліндегі «красота» деген мағынаға сәйкес.
орыс және қазақ тілдеріндегі жалған баламалар:cарай (орыс) – cарай (қаз.), ай (орыс) - ай (қаз.), т.б.
Сарай (парсы тілінен енген сөз) – «1. Дворец, отличающееся великолепием здание.
2. Дом со множеством помещений.
3. Крытое строение для содержание скота, хранения хлеба, зерна, сена и различного имущества.
4. Жан сарайы - внутренний духовный мир человека»
Қазақ тілінде сарай сөзі орыс тіліндегі сарай сөзімен жоғарыда көрсетілген тек 3-ші мағынамен сәйкес, ал 1-ші және 2-ші мағынадағы сарай сөзімен жалған балама болып табылады.
Ай – орыс тілінде одағай. Қазақ тілінде: 1. Ай – түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын планета (луна); 2. Ай – жылдың он екіден бір бөлігін қамтитын мезгіл, 30 күндік мерзім (месяц).
Орыс және қазақ тілдеріндегі жалған баламаларға басқа да мысалдарды келтіруге болады: баран, зина, мама, май, бас, бал, жара,т.б.
Түрік және орыс тілдеріндегі жалған баламалар: bardak (түр.) – бардак (орыс), pasta (түр.) – паста (орыс), durak (түр.) - дурак (орыс).
Дұрыс баламалар:
bardak– стакан,
pasta– пирожное,
durak – остановка.
Түрік және қазақ тілдеріндегі жалған баламалар: masa (түр.) - маса (қаз.), para (түр.) - пара (қаз.), т.б.
Дұрыс баламалар:
masa– үстел,
para– ақша.
Баламасыз лексика дегеніміз - аударма тілінде тең мағыналы сәйкестігі жоқ лексикалық бірліктер.
Баламасыз лексиканы аударудың әдістері (В.Н.Комиссаровтың ұсынуы бойынша):
1. Транскрипция (транслитерация (кірме сөздер): рub – паб, speaker-спикер, ауыл – аул, алтыбақан - алтыбакан
«Ол сондықтан бүгін, ауылға жететін күні үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән ырза» (М.Әуезов, «Абай жолы»).
«Теперь он был рад, что хоть в последний день нашел средство заставить их торопиться: он решил до самого аула скакать впереди» (пер. А.Никольской).
2. Калькалау: braіn-draіn – утечка мозгов (окказионалды сәйкестік), народник – халықшыл, трудодень – еңбеккүн.
3. Аналогтер: drug-store – chemіsts – аптека (ор.) – дәріхана (каз.).
4. Аудармашылық трансформациялар (ұғымды жалпылау, нақтылау, модуляция): кебраго (исп.) – ағаш (қаз.); орхидея (ор.) – гүл (каз.).
5. Экспликация (мәтін ішінде суреттеме, түсіндірме, сілтеме түрінде мағынасын ашу):
· landslіde – (оползень, көшкін) – победа на выборах подавляющим большинством голосов, – сайлаудағы басым көпшілік дауыспен келген жеңіс.
· «Тіпті былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан, Есембайдан кеткен болатын» (М.Әуезов, «Абай жолы»).
Боқырау – Покров (орыс халқының діни мейрамы)
· «Тянулись в ряд какие-то сооружения, напоминающие мазары – надгробные памятники богатых людей» (Ғ.Мүсірепов, «Оянған өлке», пер. А.Садовского).
· «Бала шәкірт ұзап кеткенде бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетеді. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына ілген ұзын қайың сойылы бар-ды» (М.Әуезов, «Абай жолы»).
«И оба шевелили коней, то рысью, то вскачь догоняя его, - Жумабай – зажимая под коленом свой черный шокпар, Байтас – придерживая носком сапога длинный березовый соил». (пер. А.Никольской).
Шокпар – дубина с утолщением на конце, оружие рукопашного боя,
соил – длинная, утолщенная к концу палка, употребляемая в конном бою.
Я.И.Рецкер «Теория перевода и переводческая практика» [Рецкер: 1974] деп аталатын еңбегінде баламалардың 4 түрін көрсетеді: толық, жартылай, абсолютті, қатыстық. Я.И.Рецкердің пікірінше, толық балама (полный эквивалент) - бір мағыналы сөздің мағынасын толық жеткізетін балама, жартылай балама (частичный эквивалент) - аударылатын тілде түпнұсқа тілдің бірегей баламасы, абсолютті балама (абсолютный эквивалент) - аударылатын тілдегі сөз түпнұсқа тілдегі сөзге мағыналық жағынан да, грамматикалық құрылымы жағынан да сәйкес балама, қатыстық балама(относительный эквивалент) - түпнұсқа тілі сөзінің жалпы мағынасын беретін, бірақ оның стильдік жағынан мағынасын толық ашпайтын балама.
В.Н. Комиссаров [Комиссаров: 2002] қазіргі тәржіметануда аударма баламалылықтың анықтамасына үш түрлі көзқарас бар екенін көрсетеді:
· аударма баламалылық ұғымына бағалауыштық көзқарас: ең дұрыс аударма деп тек балама аударманы тану;
· аударма баламалылық ұғымына инвариантты көзқарас:
түпнұсқа мазмұнында аударма баламалылығына жету үшін қажетті бір инвариант бөлігін табу;
· аударма баламалылық ұғымына эмпирикалық көзқарас:
баламалылықтың негізін анықтау мақсатында көптеген аудармаларды олардың түпнұсқаларымен салыстыру.
Аударма теориясы бойынша, ғылыми әдебиеттерде баламалылықтың үштен беске дейінгі түрлері бар. Ғалымдардың көпшілігі төмендегідей түрлерін бөліп көрсетеді:
1)екі тілдегі жалпы ұғымдар аналог түрінде берілетін формалды баламалылық;
2)мағынасы бірдей ұғымды әртүрлі тәсілдермен беруге болатын мағыналық баламалық;
Бір жағдаят әртүрлі (мағыналық баламалылық кезіндегі сияқты) формалардың көмегімен ғана емес, сол формалар арқылы берілетін әртүрлі қарапайым мағыналардың (сема) көмегімен сипатталатын жағдаяттық баламалық.
Кейбір ғалымдар хабар алушыға белгілі бір нұсқау беруді қарастыратын прагматикалық баламалылықты (коммуникативті баламалылық синонимі де қолданылады) бөліп көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда аударымдылық мәселесі өз шешімін табады.
Аударымдылық– бұл ықтималдық заңдылығы: егер аударманың барлық фактілерін жинақтап, талдау жасайтын болсақ, онда бастапқы және аударма мәтіндерінің коммуникативті-функционалды баламалылығы көп жағдайда жүзеге асатындығы белгілі болады.
Сондықтан аударма баламалылығы – түпнұсқа мен аударма мазмұнының (мағыналық жақындық) бірлігі; балама аударма – бұл баламалықтың бір деңгейінде түпнұсқа мазмұнын жеткізетін аударма; баламалылық деңгейі (типі) - аударма кезінде сақталатын, түпнұсқа мазмұнымен анықталатын, түпнұсқа мен аударманың мағыналық жақындығының деңгейі.
Потенциалды баламалылық пен аудармашылық баламалықты ажырата білу керек. Потенциалды баламалылық –екі әртүрлі тілде құрастырылған мәтін мазмұнының барынша мағыналық жақындығы. Аудармашылық баламалылық - аударма процесінде аудармашы қол жеткізген түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің шынайы мағыналық жақындығы.
Аударма кезінде түпнұсқа мазмұнын барынша сақтау аудармашылық баламалылықтың шегі болып табылады. Алайда, жекелеген жағдайларда аударманың түпнұсқаға жақындық дәрежесі және түрлі тәсілдер арқылы берілуі мүмкін. БМ мен АМ жүйелеріндегі айырмашылықтар мен бұл тілдерде мәтін құрудың түрлі деңгейдегі ерекшеліктері аудармада түпнұсқа мазмұнын толық сақтау мүмкіндігін шектейді. Сондықтан аудармашылық баламалылық түпнұсқадағы мағынаның әртүрлі элементтерін сақтауға (немесе, керісінше сақтамауға) негізделуі мүмкін Аудармада түпнұсқа баламалылығын қамтамасыз ету үшін мазмұнның қандай бөлігі берілетіндігіне қарай баламалылықтың әртүрлі деңгейлерін (типтерін) бөліп көрсетуге болады. Аударма тіларалық коммуникацияны баламалылықтың кез келген деңгейінде қамтамасыз етуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |