Болат Боранбай Шиелі ауданындағы жер-су атауларындағы кісі есімдері



Дата17.06.2018
өлшемі45,17 Kb.
#42819
Болат Боранбай
Шиелі ауданындағы жер-су атауларындағы кісі есімдері
Топонимика (көне гр. «жер туралы ілім») - көнеден бар ілім, сөйте тұра өзінің даму процесі жағынан біршама кенжелеп қалған жайы бар. Мұның әртүрлі себептері бар. Басты себебі – біз топонимикалық атауларды жүйелі түсінігі жоқ қиын сөздердің, глоссалардың жер бетіндегі шашыранды даналары деп келдік. Әрине, жаңаның жаттығы көп, әрбір анықтама тосын, құлаққа қонымды естіле бермейді. Сондықтан да топонимикалық атауларды жүйеге келтіру – ол істің бастамасы ғана, олардың этимологиялық мәнін саралап, іргесін бекіту, көп ізденуді қажет етеді.

Жер-су аттарын зерттеудің ғылыми мәні зор. Жер-су аттары дегеніміздің өзі ертеде сол атырапта өмір сүрген халықтың сөйлеу тілінің қалдықтары. Оған дау жоқ. Ол халықтар мейлі жойылып кетсін немесе бөтен өңірге ауып, олардың орнына басқалар келсін, бәрібір, топонимдер тапжылмай ғасырдан ғасырға өмір сүре береді. Топономика сол жерде өткен және өзінің иесі болып табылатын халықтың тарихи сырын, аты-жөнін ажыратумен бірге оның этнографиялық шегін де ажыратады.

Жұмыр жердің бетіндегі саналы қауым тіршілік еткен әрбір ой мен қыр, өзен мен көл, тау мен тас, әр мекен, әр қоныс, тіптен адам баласының аяғы кейде жетіп, кейде жатпеген қу мекиен сар даланы алсақ та, мұның әрқайсысының өз аты, өз есімі болатыны – тайға таңба басқандай анық нәрсе.

Мұндай атауларды ғылымда топоним дейді. Географиялық объектіге ат қоятын да, оны жадында сақтап жүретін де, кейінгіге мирас етіп қалдыратын да - сол өңір, сол аймақта ертелі-кеш тіршілік кешкен, я сонда өмір сүріп жатқан халық. Сондықтан да топонимдер – тікелей халық тілінің жемісі. Олардың халық тілінде пайда болуының қилы-қилы сыры бар. Түптеп келгенде, жер-су атауларының қай-қайсысының да дүниеге келуі мына секілді екі түрлі дәйекке барып тіреледі: топонимдердің өлкенің табиғи ерекшелігіне байланысты жаймен пайда болуы бар да, қоғамдық-әлеуметтік жайға байланысты пайда болуы бар. Топонимдердің осы екіұдай түрінің екеуін де зерттеу – топономия ғылымының пәні.

Бергі бір дәуірлерде пайда болған, сондай-ақ күні кеше ғана өзіміздің көз алдымызда туып дүниеге келген жер-су аттарын былай қойғанда, есте жоқ ерте замандарда солай деп аталып, бүгінгі күнге келіп жеткен топонимдерге де қазақ даласы тұнып тұр. Беріде пайда болған елді мекендерге атау бергенде ата-бабалар тәжірибесін негізге алған абзал.

Топонимдердің барлығында әр өлкенің физика-географиялық сыр-сипатына , жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне, ертелі кеш сол өлкеде өмір кешкен жұрттардың тіршілік жай-күйіне, экономикалық хал-ахуалына, тұрмыс-салтына, ұғым-нанымына, тарихына, тіліне, тіпті тұлғаларға қатысты сан түрлі деректердің табы сайрап жатыр.

Бұларды танып-білу тек топонимикалық атаулардың пайда болуы мен жасалуының жай-жапсарынан хабардар болып қана қою емес, тұтас географиялық өңірдің, оны бағы бір замандарға мекен еткен жұрттардың өткені мен кеткені жөніндегі мағлұматымызды, білімімізді ұлғайтуға, кеңейтуге тікелей септігі бар, танымдық мәні аса зор зерделі іс.

Топонимдер — халықтың тарихынан, дүниетанымы­нан, тіл байлығынан, эстетикалық ойлау жүйесінен мол хабар беретін сала. Әсіресе көшпелі халықтар жасаған жер-су аттары аса қымбат мұралар қатарына жатады. Олар жер бедерінің ерекше бір белгісін дәл тауып, тіл байлығын сарқа пайдаланып барып ат қойған. Ат қойғанда да, кейінгіге үлгі-өнеге, сабақ болардай етіп қойған. Жер-су атауларында тарихтың терең қатпарлары сыр шертеді, ел тарихында елеулі із қалдырған тұлғалар туралы мәліметтерді осы жер-су атауларынан іздесеңіз болады. Топонимдердің ішінде белгілі бір тұлғаларға қатысты атаулар бірде сол кісілердің есімімен тікелей байланысты болса, екіншілерінде сол кісілердің ел үшін жасаған істеріне қатысты байланысты болып келеді. Біз қарастырып отырған Қызылорда облысы Шиелі ауданына қатысты тарихи жер-су атауларында да жекелеген тұлғаларға қатысты атаулар жиі кездеседі. Атап айтқанда Досболдың қарасуы, Жорабек тоғаны, Оқшы ата, Жүніс әулие, Бекмырза құмы, Баршаның құмы, Жәрімбет, Батырбек сайы , Қожан қожа, Әшір тамы, Кәтептескен, Бейсен қазған, Байсын арығы, Ыбырай түбегі, Ұлбала бауы, Күдіре бауы атауларында кісі есімдері тікелей көрініс тапса, Жүзсом, Шейіт, Бәйгеқұм атаулары да кісі есімдерімен байланысты туған.

Біздің топожүйемізді ойсырата қират­қан Ресейдің отарлау саясаты мен кеңестік дәуір болды деген пікірге келетін болсақ, олар біз әңгіме етіп отырған өңірге қатысты тәуелсіздік алғалы орнын тапты десек те болады. Шиелі ауданындағы Ленин, Коммунизм, Гигант, Төңкеріс, Қызылдиқан, Қызылту сынды кірме, саясаттанған атаулар тарихи және жаңа атаулармен алмасты.

Жер-су атын кісі есімімен атау тәуелсіздік алған жылдардан бері белең алғаны ащы да болса шындық. Дегенмен де, жер-су атын кісі есімдерімен атау - қазақ табиғатына келе бермейтіні баршамызға аян дүние. Ұлттық деңгейге көтерілмеген ұжым басшысы, бригадир болған, ұжымда бас маман болып қызмет атқарған кісілердің есімімен елді мекендердің аттары аталып кеткен өңірімізде кездесіп отырады. Көше атауларына келгенде айтпаса да болады. Керісінше, сол өңірден шығып, қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар есімі ұмыт қалған жайлар кездесіп отыратындығы қынжылтады.

Тарихи жер-су атаулары ішінде кісі есімдеріне қатысты атаулар біз сөз етіп отырған өңірде де кездеседі. Бірақ олардың топожүйедегі арасалмағы төмен. Тарихи антротопонимдердің барлығы дерлік ойконимдерге тән емес. Төмендегі атауларға назар аударыңыз:


  1. Оқшы ата – қорым, жер аты;

  2. Жүніс әулие – қорым, жер аты;

  3. Жәрімбет – қорым, жер аты;

  4. Батырбек сайы – тау аты;

  5. Досболдың қарасуы – шүңет, жер аты;

  6. Баршаның құмы – құм;

  7. Қожан қожа – қорым;

  8. Әшір тамы – жер аты;

  9. Жорабек тоғаны – тоған;

  10. Бекмырза құмы – құм;

  11. Көтентескен – бұлақ;

  12. Бейсен қазған – құдық, жер аты

  13. Байсын арығы

  14. Құдіре бауы

  15. Жақаев түбегі

  16. Ұлбала бауы

Олардың морфологиялық құрылымына келсек.

1) Оқшы ата

а) Оқшы – адам аты, зат есім, жалқы есім.

б) ата – зат есім, жалпы есім.

2) Жүніс әулие

а) Жүніс – адам аты, зат есім, жалқы есім.

б) әулие – зат есім, жалпы есім.

Қожан қожа да осы сияқты.

3) Жәрімбет – зат есім, кісі аты, жалқы есім.

4) Батырбек сайы

а) Батырбек – зат есім, кісі аты, жалқы есім.

ә) сай – зат есім, жалпы есім.

б) ы –қосымша, жалғау, тәуелдік жалғауының ІІІ жағы Әшір тамы, Жорабек тоғаны, Бекмырза құмы да осы сияқты.

5) Баршаның құмы

А) Барша – зат есім, кісі аты, жалқы есім

ә) –ның – қосымша жалғау, жіктік жалғауы

б) – құм – зат есім, жалпы есім

в) –ы - жалғау, тәуелдік жалғауы, ІІІ жағы

Досболдың Қарасуы да осы сияқты

6) Кәтентескен

А) Кәтен – зат есім, кісі аты, жалқы есім

ә) тес – етістік, бұйрық мәнді етістік

б) кен – қосымша, жұрнақ, есімшенің жұрнағы

Бейсенқазған, Байсын арғы да осы сияқты
Топонимдердің халықтық этимологиясына қатысты атүсті пікірлер де кездесіп отырады. Шиелі ауданындағы Жөлек елді мекенінің атауын Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, яғни «жол жиегі, иегі – жол иегі – жөлек» дегендер де болды. Ал бұл атаудың парсылық негізі барын, парсының «жүлге» қазақша «өзек» (деформацияға ұшыраған өзеннің ескі арнасы) мағыналы сөзі екенін Махмұт Қашқари өзінің «Диуанында» басын ашып берген еді. Жоғарыда аталған антротопонимдердің біз ұсынып отырған халықтық этимологиясы шындыққа жанасымды келетін сияқты деп ойлаймыз.
Оқшы Ата – 20 разъезд бен Бәйгеқұм қыстағының аралығында орналасқан қорым. Пантеон деңгейінде. Қорымда ел әулие санаған Оқшы деген кісі жерленген. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ж.Асановтың Оқшы туралы жариялаған аңыздары болмаса, деректер аз. Сол кісінің атымен қорым және сол маңайдағы егістік алқап аталған. Қорымда Асан ата (Асан Сәбитұлы), Қыш ата, Кітап ата, Ғайып ата, Есабыз, Досбол би, т.б. б.ж.с. 6-7 ғасырлардан бастау алатын ескерткіштер бар.

Жүніс әулие – қорым. 18-19 разъезд аралығында. Діни мистиканың өкілі, молда Жүніс деген кісінің есімімен байланысты. Құдайдан бала сұрап, құдайдан ауру-сырқаудан аулақ етуді сұрап, басына түнейтін болған.

Жәрімбет – жайлау, тау аты. Телікөл аулының жайылымы. Шөбі шүйгін, малға жайлы жер. 3 құдығы бар. Жәрімбет деген байдың мекені болған. 3 құдығын халық осы уақытқа дейін пайдаланып келді.

Батырбек сайы – Майшының түстігіндегі тау аты. Майшы жайлаған Әшім, Тәшім деген байлардан Батырбек деген кісі картадан ұтып алған. «Батырбек меншігіндегі сай » деген мәндегі атау

Досболдың Қарасуы – шүңет, жер аты. Алашқа аты белгілі Досбол датқа есімімен байланысты.

Қарасу екі түрлі түсіндіріледі:



    1. Түске байланысты

    2. «Қарасу» сөзіндегі қара «мол, көп» деген мағынаны береді. Мысалы . «Құдайдың қарасуын аяйсың ба?» дегенде осы мәнде қолданылып тұр.

Баршаның құмы – Бала би ауылының тұсында 20-30 километрдей Қаратау сілемдерімен шектес жатқан құм. Бір байдың Барша деген қызы ұзатылғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болады. Баршаның құмы атауы сол аймақтың Баршаның еншісінде болуында.

Қожан Қожа – Шиелінің Жаңақорғанмен шектесетін дария жағасындағы қорым атауы. Қожа руынан шыққан Қожан деген кісінің есімімен байланысты. Бұл Қожанды жұрт әулие тұтып, кәріптер басына түнейтін болған. Осы тектес атау Сырдария ауданының аумағында да кездеседі.

Әшір тамы – 21 разъезд тұсындағы дария бойындағы жер аты. Сыр бойының отырықшы байы Әшірдің салдырған үйі, кейініректе сол жердің атауына айналды. Сыр бойындағы қыстаулардың басым көпшілігі кісі есімдерімен байланысты. Ол түсінікті де.

Жорабек тоғаны – академик Шахмардан Есеновтың әкесінің есімімен байланысты. Партия, кеңес қызметкері, уездік милиция бастығы болған. Дария жағасына өзі бас болып, өз қаржысына салдырған тоған мәніндегі атау. Жорабектің бұдан басқа «жүз сом » тоғаны бар, Жорабектің жүз сомға салдырған тоғаны мәніндегі атау. Мұраптарды сыр бойында жақсы ұлықтаған. Елдің экономикалық өсіп-өркендеуінде маңызы зор болғандықтан да, ирригациялық жүйелердің атаулары да үнемі кісі есімдерімен байланысты болып келеді.

Бекмырза құмы – Бәйгеқұм станциясынан 20-30 км Қаратау сілемдерімен шектесіп жатқан құм аты. Арғынның Қанжығалы руының өткен ғасырда өмір сүрген ірі байларының бірі Бекмырза есімімен байланысты. Ұрпақтары қазір Бестам, Алғабас ауылында тұрады.

Кәтептескен – бұлақ аты. Тартылып қалған бұлақ көзін Кәтеп деген келіншек аршып, тазаласа керек. Сонан соң Кәтептскен аталған. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөздің актуальдылығы осы тектес атауларға байланысты болса керек.

Бейсенқазған – «Телікөл» аулының жайылымындағы құдық аты. «Бейсеннің қазған құдығы» деген мағынамен қойылған.

Байсын арығы – қазіргі Шиелі кентінің Жақаев аулына шығар жолында. Бұрынғы Жаңатұрмыс аулы қазір сол Байсын атымен аталады. Ол Торы қыпшақтың Қарасары аталығынан.

Сол жерде оқиғаға қатысты қойылған атауларға қатысты жер-су атауларында да елге белгілі тұлғалардың қатысы бар. Атап айтқанда Бәйгеқұм атауы үш жүзге аты мәшһүр Досбол би есімімен байланысты. Досбол би қайтыс болғаннан кейін үш жүзге сауын айтып, оған берілген аста ат бәйгесі өткен құмның атауы «Досболдың асында бәйге өткен құм» - «Бәйге өткен құм» - «Бәйгеқұм» түрінде жасалған. ХХ ғасырдың басында салынған Орынбор-Тәшкен темір жолындағы осы құмға шектес орналасқан бекет те Бәйгеқұм аталған. Патшалық Ресей тұсында салынған осы темір жол бойындағы бекет атаулары түгелге дерлік тарихи атаулар. Бекетке қатысты тарихи атауларға біздің өңірде орыстар тарапынан қиянат жасалмаған. Ал солтүстік, шығыс, батыс өңірлерде жағдай басқаша.

Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасындағы Құдіре - Шиелі Шиелі өңіріне белгілі көпес Кудряков. Бұл күнде «Құдіре бауы» аталып кеткен бау сол кісінің есімімен байланысты.

Сыр бойында ғана емес, алашқа аты белгілі Жорабек Есеновтің есімімен байланысты атаулар да Шиелі өңірінде баршылық. Жорабек патша заманында діни семинариядан орысша сауат алған, Романовтардың Петербордағы 300 жылдық тойына арнайы қонақ ретінде қатысқан. Кеңес үкіметі тұсында уездік милиция бастығы, т.б. қызметтер атқарған. Ал шиеліліктер жадында мұрап ретінде тарихта қалған. Атап айтқанда «Жүзсом» тоғаны. Қомақты қаржыға, жүз сомға салынған, Жорабек қаржы беріп салдырған тоған мағынасында.

Жоғарыдағы атауларға назар аударсаңыз, антротопонимдердің дені арық, тоған, бау, сонымен қатар оронимдерге, қорым атауларына байланысты. Біздің пікірімізше, елді мекендерге кісі есімдерін беру қазақ табиғатына жат болса керек. Елді мекен атауларындағы кісі есімдері ойконимдік сипатта жайлау, қыстау атауларында кездесіп отырады да, елді мекеннің іріленуіне байланысты сол атау қалып қойған мысалдары кездесіп отырады. Атап айтқанда, Қармақшы аулы (сол аттас ауданда).


1.3.2. Топономикадағы сан есімдер
1. Жүзсом – тоған, жер аты.

2. Бестам – ескі қамал орны, елді мекен атауы.

3. Қосүйеңкі – елді мекен, жер аты.

4. Мыңбұлақ – бұлақ, жайылым.

5. Сегізсай – жер аты.

6. Мыңшоқат – тау аты.

7. Қоскөл – бұлақ, көл аты.

8. Қосши – жер аты.


Морфологиялық құрылымы
1) Жүзсом - тоған

а) Жүз – сан есім, түбір сөз.

ә) сом – зат есім, түбір сөз.
2) Бестам – қамал орны.
а) Бес – сан есім, түбір сөз.

ә) там – зат есім, түбір сөз, жалпы есім.


3) Қосүйеңкі –жер аты.

а) Қос – есімдік, түбір сөз.

ә) үйеңкі – зат есім, деректі зат есім.

4) Мыңбұлақ –жер аты.

а) мың – сан есім.

ә) бұлақ – зат есім, деректі зат есім.


5) Сегізсай – жер аты.

а) сегіз – сан есім, түбір сөз.

ә) сай – зат есім, түбір сөз.
6) Мыңшоқат – тау аты.

а) мың – сан есім, түбір сөз.

ә) шоқат – зат есім, түбірі – шоқы.

б) –ат – кішірейткіш жұрнақ.


7) Қоскөл – бұлақ, көл.

а) қос – есімдік.

ә) көл – зат есім, түбір сөз.
8) Қосши – жер аты, бұл да Қоскөл сияқты.

Семантикасы.


Жүзсом – тоған, жер аты.

Жорабек деген кісі адамдарға жүз сом ақша беріп салдырған.

Жорабектің жүз беріп салдырған тоғаны жүз сомға салынған тоған «жүз

сомдық тоған» мәніндгі атау.


Бестам – ескі қамал орны, елді мекен атауы.

Сол маңдағы егістік алқап та солай аталады. Жоңғар қалмақтарының

шапқыншылығы кезінде қираған қала. Шиеліден 15 км-дей жерде.

Қамалдағы үйлердің (тамдардың) санына байланысты қойылған атау.


Қосүйеңкі – елді мекен, жер аты.

Қатар жатқан екі үйеңкілі сайдың атауы берілді. Еңбекші ауылының маңындағы елді мекен атына және сол аймаққа ауысқан.


Мыңбұлақ – бұлақ.

Бұл бұлақтың ерекшелігі басынан бастап аяғына дейін көзі көп, әр

жерден су шыға берген. Осы ерекшелігіне байланысты халық «Мыңбұлақ»

атаған.
Сегізсай – жазық жер аты.

Сарысудың (солтүстік) шығысындағы жазық дала. Ертеректе

Сарысудан толысып отырған көлдер болғанға ұқсайды. Сегізсай атауы

сондағы көл орындарының яғни сайлардың санына байланысты болу керек.
Мыңшоқат – тау аты.

«Көп шоқатты жер» мәніндегі атау. Бұл жердегі мың – нақты сан емес,

көптік мағынаға ие.
Қоскөл – бұлақ, көл аты.

Ағып келе жатқан бұлақ екі шұқырға яғни екі көлге бөлініп жиналады.

Қоскөлдің басында Сәдуақас деген кісінің бейіті бар. Ел «Сәдуақас әулие» деп те атайды, жанында қалың шеңгел, жидесі бар. Халық әулиенің ағашы деп ағашын сындырмайтын болған. Қатар жатқан екі көл мәніндегі атау.
Қосши – жер аты.

Сегізсайдың шығыс жақ бетіндегі қатар екі шилі сай.


1.3.3. Топонимикадағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі



  1. Шиелі – Қ.Т.П., т.ж.с. аудан орталығы.

  2. Шилісай – бұлақ орны, жер аты.

  3. Жиделі – тоғай, елді мекен аты.

  4. Бұға – тау, бұлақ аты.

  5. Бөрітескен – тау, бұлақ аты.

  6. Қарғалы – тоғай, елді мекен аты.

Морфологиялық құрылымы


1. Шиелі – Қ.Т.П., т.ж.с., аудан орталығы.

а) Шие – зат есім, түбір сөз.

ә) –лі – қосымша, сөз тудырушы, жұрнақ.
2. Шилісай – бұлақ орны, жер аты.

а) Ши – зат есім, түбір сөз.

ә) –лі – қосымша, сөз тудырушы, жұрнақ.

б) сай – зат есім, түбір сөз.


3. Жиделі – тоғай, елді мекен аты.

а) жиде – зат есім, түбір сөз.

ә) –лі – қосымша, сөз тудырушы.
4. Бұға – тау, бұлақ аты.

а) Бұға (бұғы) – түбір сөз, зат есім.


5. Бөрітескен – тау, бұлақ аты.

а) Бөрі – зат есім, түбір сөз.

ә) тес – етістік, бұйрық мәнді етістік.

б) –кен – есімшенің жұрнағы.

6. Қарғалы – тоғай, елді мекен аты.

а) қарға – зат есім, түбір сөз.

ә) –лы – қосымша, сөз тудырушы жұрнақ.
Семантикасы

Шиелі – қ.т.п., т.ж.с., аудан орталығы, аудан Шие жидегінің қалың өскен жері мәніндегі атау.


Шилісай – бұлақ орны, жер аты. Бұлақ аққан сай орнында қалың ши бар. «Ши өскен сай» мәніндегі атау.

Жиделі – тоғай, елді мекен аты. Нартай Бекежанов аулының маңында. Жиде ағашы қалың өскен жер мәніндегі атау.

Бұға – бұлақ, биік тау аты.

Биік жартасты жағалай аққан тау өзені. Бұрын жағасында бұғы көп болған дейді. «Бұғы жайлаған тау» мәніндегі атау.

Бөрітескен – тау, бұлақ аты.

Аңыз-әңгімеде етегінен қасқыр апан қазған. Қазылған апаннан су шығып, бұлақ аққан. «Қасқыр (бөрі) қазған бұлақ» мағынасындағы атау. Кейде бұл маңды «Бөрілі» деп те атайды.


Қарғалы – тоғай, елді мекен аты.

Дарияның Қызылқұм жақ бетінде Шиеліден 30 км-дей жерде орналасқан ауыл. Ауылдың дария жақ бетінде қалың тоғай бар. Қарғаның шуы ауылдың екінші жағына жетеді. Қарғасы көп мекен мәнінде.


1.3.4. Обьектінің түсіне байланысты қойылған топонимдер
1. Ақтау – тау аты, Қаратаудың соңғы сілемдерінің бірі.

2. Ақши – сай аты.

3. Ақжар – тау, өзен аты.

4. Ақбұлақ – бұлақ.

5. Ақтас – Қаратаудың бергі етегіндегі тау аты.

6. Қызылқайың – жер аты, елді мекен.

7. Қызылтам – бекет.

8. Қызылұңғы – тау, аңғар аты.

9. Қызылжар – төбе, жер аты.

10. Қызылбұлақ – бұлақ.

11. Қызылшоқы – тау аты.

12. Көктал – тоғай аты.

13. Көкжиде – тоғай аты.

14. Көкөзек – су жиналған жер.

15. Көксу – көл.

16. Көктас – тау.

17. Қарашоқы – тау.

Морфологиялық құрылымы


1. Ақтау – Қаратаудың соңғы сілемдерінің бірі.

а) ақ – сапалық сын есім, түбір сөз

ә) тау – зат есім, түбір сөз.
2. Ақши – сай аты.

а) Ақ – сапалық сын есім, түбір сөз.

ә) ши – зат есім, түбір сөз.
3. Ақжар – тау өзені.

а) Ақ – сапалық сын есім, түбір сөз.

ә) жар – зат есім, түбір сөз.
4. Ақбұлақ, Ақтас, Қызылқайың, Қызылтам, Қызылұңғы, Қызылжар, Қызылбұлақ, Қызылшоқы, Көктал, Көкжиде, Көкөзек, Көксу, Көктас, Қарашоқылар да осы сияқты.
Семантикасы:

Ақтау – Қаратаудың соңғы сілемі. Тау тынысының түсіне байланысты. Ақтау атануына 2 түрлі себеп бар: 1) тау жынысының түсіне байланысты; 2) жергілікті жұрт сол жерден үй ағарту үшін пайдаланылатын тау ұнтағын алған. «Әк алатын тау» (әк тау) мәнінде болуы мүмкін.

Бұл сияқты оронимдер түркі тектес халықтар мекендеген жердің көбінде ұшырасады. Мысалы, Кавказдағы «Ағдағ» оронимінімен салыстыруға болады.
Ақши – Сауысқандық тауының Шиелі жақ бетіндегі Еңбекші аулының жайылымы. «Ақ отты» шилі жер мәніндегі атау.
Ақжар – тау өзені.

Жағалауындағы тау жыныстары топырақ реңінің түсіне байланысты қойылған атау.


Ақбұлақ – бұлақ аты.

Шиеліден 60 километрдей жерде. Басын Ақтас тауынан алғандықтан Ақбұлақ атанған. Телікөл аулының жайылымы.


Ақтас – Қаратаудың Шиелі жақ етегіндегі тау аты. Тау жынысының түсіне байланысты.
Қызылқайың – елді мекен аты.

Дарияның арғы бетінде орналасқан. «Сырдария» қаракөл қой совхозының бөлімшесі. Сол жерде өсетін қайың ағаштарының түсіне байланысты.

Қызылтам – бекет аты.

Жақаев аулының «Жансейіт» бөлімшесінің ескі атауы. Қызыл кірпіштен соғылған керуен тоқтап, демалатын үлкен бекет болған. 21 разъезден 1,5 км-дей жерде.


Қызылұңғы – тау, аңғар аты.

Тау басы шығыңқы жатқан сияқтанып келген аңғар, беткейі қызғылт тартып жатады. Шиеліден 70 км-дей жерде.


Қызылжар – жер аты.

Тау жынысының түсіне байланысты қойылған. Бұл жерден халық бояу орнына оспа алып отырған. Ертеректе оны құрылысқа пайдаланған.


Қызылбұлақ – бұлақ аты.

Тау ішіне енген қызғыш тасты аңғар бар. Бұлақ басын сол жерден алғандықтан «Қызылбұлақ» атаған.


Қызылшоқы – тау аты.

Тау төбесіндегі тастар алыстан қызғылт тартып көрінеді. Тастың түсіне байланысты.


Көктал – тоғай аты.

Дарияның бойындағы талы көп өскен жер. Алыстан көкпенбек болып көрінген.


Көкжиде – тоғай аты.

«Гигант» ауылының жері. Дария жағалауындағы қалың тоғайдың бір бөлігі. Жиде ағашы көп өскен жер.

Көкөзек – дарияның бір тармағы. Бастауын Ыбырай Жақаев колхозы тұсынан алып, Жөлек қыстағына дейін созылып жатыр. Аңғары деформация құбылысына көп ұшыраған. Әр жерден бөлініп, үлкенді-кішілі көлдер пайда болған. Осы көлдердің ең үлкені Бәйгеқұм станциясы мен Жөлек қыстағы аралығы алып жатқан «Ханбазар» көлінен басқаларына су толықпағандықтан көкшіл тартып, сасып жатады.

Көксу – көл аты.

Бұлақ суларының жиналған жері. Жағасының шөбі шүйгін, малға жайлы, көгі көп су мәніндегі атау.


Көктас – тау аты.

Таудың бір жақ төбесінде қолмен апарып әдейілеп қойғандай үлкен көк тасы бар. Көктас атауы содан.


Қарашоқы – тау аты.

Бұға өзенінің солтүстігінде тау ішінде орналасқан, жан-жағы ашық алаң болып келетін шоқы. Қарашоқы атануына 2 негіз бар: 1) тау тынысының реңіне байланысты; 2) жеке тұрған тау мәніндегі атау, мәселен, «алыстан қара көрінді».
1.3.5. Топонимикадағы ұқсату, теңеу және образды топонимдер


  1. Дарбаза – тау аты.

  2. Табақбұлақ – бұлақ аты.

  3. Қоржынқақ – жер аты.

  4. Қыземшек – тау аты.

  5. Көтентоғай – жер аты.

  6. Қарамұрын – тау аты.

  7. Баламұрын – тау аты.

  8. Күркіреуік – бұлақ аты, дарияның бір саласы.

  9. Диірментау – тау аты.

  10. Жалғыз ағаш – жер аты.

  11. Қоспа – жер аты.

  12. Іргеқұм – жер аты.

  13. Белқұдық – жер аты.

  14. Мортық – жер аты.

  15. Қасқатас – тау аты.

  16. Науалы – бұлақ, тау аты.

  17. Сауысқандық – тау аты.

  18. Төңіректам – жер аты, қамал орны.

  19. Тастөбе – жер аты.

  20. Майтөбе – төбе аты.

  21. Жуантөбе – елді мекен аты.

  22. Жасаңкөл – көл аты.

  23. Сорқұдық – жер аты.

  24. Шикітас – бұлақ.

  25. Тасқұдық – құдық аты.

  26. Ащықұдық – құдық, елді мекен аты.

  27. Нәнсай – дарияның бір саласы.

  28. Қияқты – тау аты.

  29. Майшы – жайылым.

Морфологиялық құрылымы


1. Дарбаза – тау аты.

а) дарбаза – зат есім, түбір сөз.


2. Табақбұлақ – біріккен сөз.

а) табақ – зат есім, түбір сөз, анықтауыш.

ә) бұлақ – зат есім, түбір сөз.
3. Қоржынқақ – біріккен сөз.

а) қоржын – зат есім, түбір сөз.

ә) қақ – зат есім, түбір сөз.
4. Қыземшек – біріккен сөз.

а) қыз – зат есім, түбір сөз.

ә) емшек – зат есім.
5. Көтентоғай – біріккен сөз.

а) көтен – зат есім.

ә) тоғай – зат есім, түбір сөз.
6. Қарамұрын – біріккен сөз.

а) қара – сын есім, түбір сөз.

ә) мұрын – зат есім, түбір сөз.
7. Баламұрын да осы сияқты.
8. Күркіреуік -

а) Күр (гүр) – еліктеуіш сөз.

ә) кіре – сөз тудырушы жұрнақ.

б) у – тұйық етістіктің жұрнағы.

в) – ік – етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ.
9. Диірментау – біріккен сөз.

а) диірмен – зат есім, түбір сөз.

ә) тау – зат есім, түбір сөз.
10. Жалғызағаш

а) жалғыз – сын есім (сапалық).

ә) ағаш – зат есім, түбір сөз.
11. Қоспа

а) қос – етістік.

ә) – па – зат есімнің жұрнағы.
12. Іргеқұм

а) ірге – зат есім, түбір сөз.

ә) құм – зат есім, түбір сөз.
13. Белқұдық та осы сияқты.

14. Мортық – субстантивтенген сын есім.

15. Қасқатас

а) қасқа – сын есім.

ә) тас – зат есім, түбір сөз.
16. Науалы

а) науа – зат есім.

ә) –лы – сөз тудырушы жұрнақ.
17. Сауысқандық

а) сауысқан – зат есім.

ә) -дық, -тық, -тағ, -тау болуы ықтимал.
18. Төңіректам

а) төңірек – зат есім.

ә) там – зат есім.
19. Майтөбе

а) май – сын есім.

ә) төбе – зат есм.
20. Жуантөбе де осы сияқты.
21-27. Жасаңкөл, Сорқұдық, Шилітас, Нәнсай, Ащықұдық, Тасқұдық та осы сияқты.
28. Қияқты

а) қия – зат есім.

ә) –қ – дәнекер, сөз тудырушы жұрнақ.

б) –ты – сөз тудырушы жұрнақ.


29. Майшы

а) май – зат есім.

ә) –шы – сөз тудырушы жұрнақ.

Семантикасы


Дарбаза – тау аты.

Таулардың ішіне кіре берістегі өткел, екі жағы тік жартас, ортасынан жол өтеді. Еңбекші ауылынан 50 км. жерде. Дарбаза – Иран сөзі, «Қақпа» мәніндегі атау.


Табақбұлақ – бұлақ аты.

Бастауы домалақ, табақ тәрізді. Суы аз, бір отар бірде қанса, бірде қанбайды. «Табақтағы су» мағынасында.

Қоржынқақ – жер аты, су жиналған жер.

Дөңгелек-дөңгелек екі жерде орналасқан. Шығысынан жел соқса батысына қарай, батысынан жел соқса шығысына қарай суы ауып отырады. Қазақтың ұлттық мүлігі қоржынға ұқсастырыла қойылған.


Қыземшек – тау аты.

«Телікөл» совхозының жайылымы. Қатар жатқан екі тау. Сырт пішіміне ұқсастырыла қойылған образды топоним.


Қарамұрын – тау аты.

Шиелі ауданының территориясындағы Қаратау сілемдерінің ең биігі. Алыстан қарауытып мұрын сияқтанып шығып жатыр.

Баламұрын – тау аты.

Қарамұрынмен шектес, бірақ көлемі кішілеу.


Күркіреуік – бұлақ аты және дарияның бір саласы.

1) Күркіреуік – Сауысқандықтың батыс жағында үлкен 2 қаратастың арасынан шығып жатқан бұлақ, күркіреген дауыс шығады.

2) Күркіреуік – Сырдарияның жоғарыдан күркіреп ағып жатқан бір саласы. Қазір дария суының азаюына байланысты бұл қасиеттен айрылған, сол маңдағы канал да осылай аталады.
Диірментау – тау аты. Таудың формасы қол диірменге ұқсайды, көлбей орналасқан және ол таудың тасы қатты болып ел диірменге сол таудан тас алған.
Жалғызағаш – бұлақ, жер атауы.

Бестам ауылынан 18,20 км жерде. Бұлақ басында жалғыз ағаш өскен. Үлкендердің айтуынша қанша жыл болса да ағаштың саны көбейіп немесе жойылып кетпеген.


Қоспа – жер аты. Бұға мен Тамды өзенінің қосылған жері.
Іргеқұм – құм аты. Бала би ауылы мен Алмалы ауылы аралығында жазық даламен іргелей шектескен.
Белқұдық – жер аты. Қаратаудың бір сілемі, құдығы бар. Ескілікті керуен жолындағылар белдің, яғни асудың үстінде жол бойындағы құдыққа аялдап өткен. Жолдың белортасында орналасқан «құдық» деген мағынада.
Мортық – жер аты, ескі қорым. Мортық атануы беріде болғанға ұқсайды. Қорымдағы күмбездер мүжіліп, құлап қалған. Яғни Мортық мүжілген, қираған мағынада. Бұған дәлел ретінде Бұхар жыраудың «Тілек» атты өлеңінде мынадай жолдарды келтіруге болады:

«Еңсесі биік кең сарай

Мортық болар бүлген соң.»

Бұндағы Мортық – «қираған, мүжілген» мәнінде.


Қасқатас – тау аты. Қызылбұлақтың сол жағындағы тау. Төбесінен

етегіне дейін созылып түскен ақ жолақ бар. Жолақ тастан түзілген.

Науалы – тау, бұлақ аты. Бұлақтың жағасында жағалай жиде өскен. Бастаудың шыққан жері науа (астау) сияқты. Екі жағы биік жартас және арғы-бергі жағындағылар отарларын сол жерден келіп суарған.
Сауысқандық – тау аты. Созақ ауданымен шектес. Шыңның төбесіндегі тау жыныстары ағы мен қарасы араласып алыстан қарағанда сауысқанға ұқсайды.
Төңіректам – жер аты, қамал орны. Іргеқұмның ішіндегі биік төбеге салынған. Төңіректе түгел көрініп тұрған. Дуалының қалыңдығы – 2 м-ге жуық. Қазір дуалы сақталған.
Майтөбе – жер аты. Тау беткейіндегі төбе топырағының қасиетіне байланысты қойылған.

Жуантөбе – елді мекен, төбе аты. Бәйгеқұм мен Ортақшыл ауылының арасын бөліп жатқан үлкен төбе.

Жасаңкөл – көл аты. Үшқыздың моласының шығыс жақ бетінде. Жағалауының шөбі шүйгін, табиғаты әсем, малға жайлы қоныс.
Сорқұдық – жер аты. Ақтау мен Сегізсайдың аралығындағы кебір жер бар. Халық тұзын емге пайдаланған. Көлге жақын суы ішуге жарамды құдық бар. «Сортаңды жердегі құдық».
Шикітас – бұлақ, тау аты. Тастың сапалық қасиетіне байланысты.
Тасқұдық – құдық атауы. Төбе басынан қазылған жан-жағы тасты шегенделген құдық.

Ащықұдық – елді мекен. Бала би ауылының бір бөлігі. Кезінде жеке ауыл болып, кейінірек шаруашылықтарды ірілендіруге байланысты Бала би ауылына біріккен. «Ауыз суға жарамсыз су» мәніндегі атау.


Нәнсай – дарияның ескі арнасы. Бестам ауылы жерінің үстімен өтіп, 18 разъезд тұсында дарияға бұрылатын сай. Осы мәндес атаулар көршілес Жаңақорған ауданында және Оңтүстік Қазақстан облысында кездеседі. Нән (үлкен) сай мәнідегі атау.
Қияқты – тау аты. Табақбұлақтың түстігінде. Бұлақ суы қиялай орналасқан екі таудың арасынан ағып өтеді.
Майшы – жайлау аты. Шиеліден 80 километрдей жерде. Аудандық «Ақ бұлақ» пионер лагері орналасқан. Шөбі шүйгін, малға жайлы болғандықтан халық – «Майшы» атап кеткен. Майшы – құнарлы жер мәніндегі атау.
1.3.6. Сол жерде болған оқиғаға байланысты топнимдер


  1. Шапанкеткен – жер аты.

  2. Үш қыздың моласы – бейіт.

  3. Орыс түбегі – жер аты.

  4. Байгеқұм – станция, ауыл.

  5. Шейіт – жер аты.

Морфологиялық құрылымы:


1. Шапанкеткен – жер аты.

а) шапан – зат есім, түбір сөз.

ә) кет – етістік, бұйрық мәнді етістік.

б) кен – есімшенің жұрнағы.


2. Үш қыздың моласы – бейіт.

а) үш – сан есім.

ә) қыз – зат есім, жалпы есім.

б) дың – ілік септігінің жалғауы.

в) мола – зат есім.

г) –сы – тәуелдік жалғауы ІІІ жақ.


3. Орыс түбегі – жер аты.

а) орыс – зат есім.

ә) түбек – зат есім.

б) –і – тәуелдік жалғауы ІІІ жақ.


4. Байгеқұм – елді мекен.

а) бәйге – зат есім.

ә) құм – зат есім.
5. Шейіт – жер аты.

а) шейіт – түбір сөз.

Семантикасы.

Шапанкеткен – жер аты. Ы.Жақаев тұсында. Дария тасыған кезде мал бағып жүрген бір адамның шапаны суға кеткен. Осы күлкілі оқиғаға байланысты қойылған.


Үш қыздың моласы – қорым. Сарысу маңында. Бір адамның үш қызы бірдей кенеттен қайтыс болып, үшеуін бірге жерлеген. Басында үлкен күмбез бар. Кейіннен үлкен қорымға айналған.
Орыс түбегі – жер аты.

Дария жағалауындағы тоғайды қору үшін патша үкіметі Урал казактарын әкеліп дарияның бір түбегіне қоныстандыратын. «Орыс мекендеген түбек» мәніндегі атау.


Бәйгеқұм – елді мекен аты. «Бәйге өтетін құм» мәніндегі атау.
Халықтың этимологиясы
Өткен ғасырда өмір сүрген атақты Досбол шешен есімімен байланысты. Досбол шешен қайтыс болғасын 1 жылдан соң үлкен ас берілген. Сол астың құрметіне үлкен бәйге болады. Осы астан соң сол маңайдың жиын-тойының барлық бәйгелері осы жерде өтетін болған. «Бәйгеқұм» атауы беріректе теміржол станциясына, 1978 жылы совхозға берілді.
Шейіт – жер аты. Сарысудың шығысындағы жер. Сол маңда қазылған скважина да осы атпен аталады. Сарысу бойын жайлаған абыз руының екі жігіті қарақшылардың қолынан қаза тапқан, яғни шейіт болған.

Жоғарыдағы талдауларды қорытындылай келе, материалдардағы атауларды мағыналық жақтарын былайша классификациялауға болады:



  1. Адам аттарына байланысты. Барлығы – 15. Мысалы, Батырбек сайы, Жәрімбет, Жүніс әулие т.б.

  2. Топонимикадағы сан есімдер және сандық мәніндегі есімдіктер. Барлығы – 20. Мысалы, Бестам, Қосүйеңкі, Мыңбұлақ т.б.

  3. Топонимикадағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі. Мысалы, Бөртескен, Бұға, Қарғалы, Шиелі, Шилісай т.б.

  4. Объектінің түсіне байланысты қойылған топонимдер. Олар: Ақтау, Көктас, Қызылжар, Қарашоқы т.б.

  5. Топонимикадағы ұсату, теңеу және образды топонимдер. Саны жағынан көп кездеседі. Мысалы, Дарбаза, Қоржынқақ, Қыземшек, Көтентоғай, Қарамұрын т.б.

  6. Сол жерде болған оқиғаға байланысты топонимдер. Мысалы, Шапанкеткен, Байгеқұм, Шейіт т.б.


Қорытынды
Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты құралы болып саналатын тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады. Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам құрылысын айнаға түсіргендей өрнектейді. Яғни қоғам өмірінде болған, болып жататын құбылыстардың бәрі тілден орын тебеді де, тіл көмегі арқылы халық қазынасына айналады. Сонда, тіпті кейде тілдегі кейбір сөздер арқылы ел басынан өткен кезеңдерді көзге елестете аламыз да, қоғам дамуының белестері арқылы тіл дамуын сүріп шығуға мүмкіндік алып отырмыз деген сөз бұл. Сөйтіп қоғам мен тіл бірінсіз бірі күн кеше алмаса керек. Ендеше халық тарихы оның тілінде, Яғни тіл фактілері арқылы біз халық тарихын тануға мүмкіндік аламыз.

Қорыта келгенде, Шиелі ауданы көне топонимдер құрылысын бір құрамды және екі құрамды деп тапты, бұлардың көпшілігі зат есім, сын есіммен, сан есіммен жасалатын, ал мағыналық жағынан тапонимдер тек адамдарға ғана қатысты емес, сонымен қатар географиялық реалдықты білдіреді.

Аудан топонимдеріндегі ерекшелік – құдық, бұлақ, тау, төбе, жар, сай, көл терминдерімен келетін атаулардың жиі келуі (Мысалы, Ақтау, Мыңбұлақ, Қызылжар т.б.). Сондай-ақ, зерттеліп отырған ауданға ғана емес Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Мысалы Көксу, Мыңбұлақ, Қарашоқы, Ақтау, Ақбұлақ т.б. жалпы жер-су аттарының қайталануы туралы О.А.Султаньяев мақаласында жан-жақты сөз етілген.

Шиелі ауданының топонимдерін тілдік тұрғыда жан-жақты зерттеп, бұдан да гөрі тереңірек толғамдар мен ғылыми теориялық байламдар айту келешектің міндеті деп білеміз.

Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең бастысы болып саналатын тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады. Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам құрылысын айнаға түсіргендей өрнектейді. Яғни қоғам өмірінде болып жататын өзгерістердің, құбылыстардың барлығы тілден орын тебеді де, тіл көмегі арқылы халық қазынасына айналады. Сонда, тіпті кейде тілдегі кейбір сөздер арқылы ел басынан өткен кезеңдержі көзге елестете аламыз да, қоғам дамуының белестері арқылы тіл дамуын сүріп шыға аламыз деген сөз бұл. Сөйтіп қоғам мен тір бірінсіз бірі күн кеше алмаса керек. Ендеше халық тарихы оның тілінде, яғни тіл фактілері арқылы біз халық тарихын танып-білуге мүмкіндік аламыз.

.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі





  1. Ақынжанов М. Қазақ халық есімі жайлы (Қазақ әдебиеті 1967. 6 қаңтар)

  2. Алдабергенов Ж. Сөздеріміздің төркіні (Қазақстан мектебі. 1966.)

  3. Аманжолов С. Географиялық атаулар. (Пионер 1941. №3)

  4. Әбдірахманов А. Жер-су атауларына зер салсақ (Қазақстан пионері. 1956.)

5.Әбрірахманов А. Қазақстанның жер-су аттары.А.1959.

6. Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. (1975.)



  1. Әбдірахманов А. Топонимика жаңа ғылым саласы (Қазақстан мектебі 1978. №2)

  2. Әлімбекова О. Ономастика («Абай жолы» эпопеясындағы адам аттары)

  3. Әлімжанов Б. Кейіпкерлерге ат қою білу де шеберлік (Қазақ әдебиеті. 1979 4 мамыр)

  4. Әміров Р. Фольклордағы кейбір персонаждар және олардың аттары (Қазақстан мектебі 1973. №12)

  5. Балақаев М. Тіл мәдениеті. Алматы, 1975

  6. Баяндин Н. Жер атаулары (Білім және еңбек 1984 №1)

  7. Есбаева К. Есімдер – дәуір рухы (Қазақстан әйелдері. 1984 №1)

  8. Жанұзақов Т. Қазақ есімдері тарихынан (Қазақ ССр Ғылыми академиясы хабаршысынан 1960. № 9)

  9. Жанұзақов Т. Кісі аттары орфографиясы. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 1963

  10. Жанұзақов Т. Ономастика жинау программасы Алматы, 1966

  11. Жанұзақов Т. Қандай есімдерді ұнатасыз? Алматы, 1968

  12. ЖанұзақовТ. Сан есімдерден жасалған жалқы есімдер (Алматы 1969)

  13. ЖанұзақовТ. Қазақ есімдерінің тарихы. (Лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдау) Алматы, 1971

  14. ЖанұзақовТ. Атыңызды қалай жазасыз? (Қазақ әдебиеті. 1971)

  15. Кендібаев Ф. Есім сыры (мифологиялық этюд) Қазақ әдебиеті, 1980.

  16. Қоңыратбаев Ә. «Қазақ» деген сөз қайдан шыққан? Ленин жолы. 1967. 7 қыркүйек.

  17. Нұрқанов С. Этнолингвистикалық этюд (Қазақстан мектебі. 1967 №7)

  18. Нұрмағамбетов Ә. «Адай» этнонимі туралы (Қазақстан мектебі 1967, №7)

  19. Нұрмұқанов Х. Кісі аттарының эмоционалды және экспрессивті ыңғайда жұмсалуы (Қазақ тілі мен әдебиет мәселелері, 1968. 8 шілде)

  20. Омарбеков С. Амудария мен Сырдария атаулары қайдан шыққан? (Қазақстан пионері. 1961)

  21. Өмірәлиев Қ. Сөздердің тарихынан (Қазақстан мектебі. 1963. №3 )

  22. Рашев М. Ат қоюдың әлегі (Терек пен тікенек, өлеңдер жинағы, Алматы, 1958)

  23. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1964

30. . Султаньяев О.Н. Именные конструкций в казахской топонимике Кокчетавской области. Свердловск, 1967.

Қосымша

Түсінілуі қиын топонимдер




  1. Шейіт – жер аты.

  2. Қылызұңғы – тау аты.

  3. Шәулішие – жер аты.

  4. Сарысу - өзен аты.

  5. Майшы – жер аты.

  6. Бұға – тау, бұлақ аты.

  7. Жәрімбет – тау аты.

  8. Сауысқандық – тау аты.

  9. Қияқты – тау, бұлақ аты.

  10. Мортық – жер аты.

  11. Қара түлей – жер аты.

  12. Көксеңгір – тау аты.

  13. Ақжайқын – тартылған көл.

  14. Тайқоңыр – жер аты.

  15. Майтөбе – жер аты.

  16. Бөгежейлі – жер аты.

  17. Жуантөбе – жер аты.

  18. Оқшы ата – қорым.

Зерттеу объектісіне алынған топонимдер




  1. Дарбаза – тау аты.

  2. Құмшықырой – көл аты.

  3. Диірментау – тау.

  4. Қызылжар – жер аты.

  5. Баламұрын – тау.

  6. Қарамұрын – тау.

  7. Ақжар – тау.

  8. Таңды – бұлақ, тау.

  9. Жүніс әулие – қорым.

  10. Жиделі – елді мекен.

  11. Қалғандария - өзен.

  12. Нәнсай – сай.

  13. Қоржынқақа – көл аты.

  14. Бекмырза құмы – құм.

  15. Бәйгеқұм – құм.

  16. Белқұдық – құдық.

  17. Ащықұдық – құдық.

  18. Ақтас – тау.

  19. Ақбұлақ – бұлақ.

  20. Табақбұлақ – бұлақ.

  21. Ақтау – тау.

  22. Ұзынбұлақ – бұлақ.

  23. Қарашоқы – тау.

  24. Шилісай – сай.

  25. Қызылбұлақ – бұлақ.

  26. Қасқатас – тау.

  27. Қоспа – жер аты.

  28. Науалы – бұлақ, тау.

  29. Тасқұдық – құдық.

  30. Бейсенқазған – құдық.

  31. Мыңбұлақ – бұлақ.

  32. Қоскөл – көл.

  33. Көктас – тау.

  34. Шикітас – бұлақ.

  35. Кәтептескен – бұлақ.

  36. Ақши – жер аты.

  37. Сорқұдық – құдық.

  38. Батырбек сайы – жер аты.

  39. Қосүйеңкі – жер аты.

  40. Бестам – жер аты.

  41. Бестам – қамал орны.

  42. Іргеқұм – құм.

  43. Қарақазған – құдық.

  44. Абызқазған – құдық.

  45. Қосшы – сай.

  46. Жасаңкөл – көл.

  47. Үш қыздың моласы – қорым.

  48. Досболдың қарасуы – шүнет.

  49. Жыңғылды айрық – өзен.

  50. Бекбай сазы – жер аты.

  51. Бесшоқат – тау.

  52. Сегізсай – дала.

  53. Тасқұдық – құдық.

  54. Алабелеең – жер аты.

  55. Мыңшоқат – тау.

  56. Жалғызағаш – бұлақ.

  57. Әділдің моласы – қорым.

  58. Шеңгелді – жер аты.

  59. Таңбалы тас – тау.

  60. Қыземшек – тау.

  61. Күркіреуік – өзен.

  62. Көксу – көл.

  63. Қызылтам – бейіт.

  64. Жүзсом – тоған.

  65. Жорабек тоғаны – тоған.

  66. Әшір тамы – жер аты.

  67. Шапанкеткен – жер аты.

  68. Көктал – тоғай.

  69. Орыс түбегі – жер аты.

  70. Көтентоғай – тоғай.

  71. Қызылқайың – елді мекен.

  72. Қожан қожа – қорым.

  73. Көкжиде – тоғай.

  74. Көкөзек – өзен.

  75. Қарғалы – елді мекен.

  76. Бөрітескен – тау.

  77. Жыңғылды қақ – қақ.

  78. Баршақұм – құм.

  79. Тастөбе – жер аты.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет