«Жомарт күз»
Бөлме мерекеге сай безендірілген.Балалар музыкамен бөлмеге кіріп, жартылай шеңбер құрып тұрады.
Тәрбиеші: Құрметті ата-аналар, қонақтар!Біздің сыныбымыздың «Алтын күз» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Сары жібек көйлегін желбіретіп,
Жапырағын ағаштардың селдіретіп.
Тойға бөлеп елімізді күзім келді,
Нұр тамшысын аспанның мөлдіретіп.
Жанбота:Армысыздар, халайық
Бармысыздар, халайық!
Күзгі тойда жұп жазбай,
Келіңдер, қарсы алайық.
Тәрбиеші: Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырайыншы:
Бұлттар төніп, жерге шөгіп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала нұры қашады.
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады?
Балалар: Күз мезгілінде
(Осы мезгілде желдің дыбысы шуыл естіледі)
-Балалар, тыңдаңдаршы, бұл не шу, бұл не дыбыс?
(Осы кезде әуенмен бөлмеге Күз Ханшайымы келеді)
Күз Ханшайымы: Сәлеметсіңдер ме,балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе,Күз!
Күз Ханшайымы: Уа, халайық, дархан далам армысың,
Табиғатым жаны жайсаң тал мүсін,
Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқымның алғысын.
-Мен Күз Ханшайымымын.Сендерді көргеніме қуаныштымын.
Тәрбиеші: Қош келдің, Күз Ханшайымы, төрлет.
Күз Ханшайымы: Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырайын.
Ағайынды бәрі
Шықса жасыл,
Түссе сары.Бұл не?(Жапырақ)
-Дұрыс айтыңдар.Жарайсыңдар.Мен өзіммен алтын жапырақтарымды ала келдім.Әр жапырағымда тапсырмалар бар.Орындай алсаңдар, менің сендерге сыйлығым да бар.
Тәрбиеші: Әрине, қымбатты Күз Ханшайымы.Біздің балалар күз туралы өлең-тақпақ айтып, би де билейді.Сіз де бірге балалардың өнерін тамашалаңыз.
1-тапсырма: Ән: Күз
2-тапсырма: Күз Ханшайымының сұрақтары:
-Күз мезгілінде қанша ай бар, айтып беріңдер.
-Күз мезгілі неге алтын күз, жомарт күз деп аталады?Маған соны түсіндіріп беріңдерші.
-Күз туралы тақпақтарың бар ма?
Ұлан:Күзде жауын, бұлт, тұман
Сары жапырақ жауады.
Сары құйын ұйтқыған
Сапырады ауаны.
Ерасыл: Тапталады табанға
Судыр-судыр жапырақ
Өрттей сары бояуға
Малынғандай атырап.
Бекарыс: Мейірлі күз, мырза күз
Сыйлығыңа ырзамыз.
Аппақ арай таңында
Шомыламыз нұрға біз.
Гүлден: Күзім-ау, күзім-ау
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау.
Жанбота: Қара бұлт қабағын түйеді
Бұталар боз қырау киеді.
Осы ма, осы ма күз деген
Бақшаға баратын бізбенен.
Ақжол: Үркіп үйрек, қаздары,
Шулайды көл қоғалы.
Дәурен өтіп жаздағы
Күздің желі соғады.
Бейбарыс: Ұшты талдан жапырақ,
Сары көбелек секілді
Аспанда жай шатырлап
Тамшы жерде секірді
Айерке: Кездескен соң күзіммен,
Бұтағынан үзілген.
Ай жапырақ сары алтын
Айналаның бәрі алтын.
Дамир: Сары алтындай сары күз
Қамбадағы дәніміз
Шелек-шелек балымыз
Ағыл-тегіл ағымыз
Саян: Көк аспаның мөлдіреп,
Алтын күзім елжіреп
Асыр салып жүре бер
Көк көйлегің желбіреп.
Сабина: Көк майсалы көрікті
Алқаптағы көп егін.
Бұл күндері киінті
Сары жібек көйлегін
Армангүл: Сары теңге жапырақ,
Бояған ба көл бетін.
Тоңазыпты топырақ
Ызғарлы екен жел де тым
Кәусар: Қарашы, күз келді, күз келді
Сары алтын жауыпты іздерді.
Құс біткен керуен түзеді
Көңілсіз неліктен күз енді.
Фарида: Сары ала тон жамылған
Күз атамыз секілді
Қойны толы алтын дән
Тәттісі көп не түрлі.
Ойын: «Көкөніс пен жеміс»
Би: Жапырақтар
3-тапсырма: Суретпен жұмыс
-Балалар, бүгін күн бұлттанып, жаңбыр жауайын деп тұрған сияқты.Жаңбырмен бірге нұр келеді.Кәне, жаңбыр әнін айтып көрейік.
Ән: «Жау-жау жаңбыр»
4-тапсырма:Жемістерді,көкөністерді бастырып бояу.
Ойын: Орныңды тап.
Би:Радуга
Күз Ханшайымы:Балалар, сендердің күз туралы білетіңдерің көп екен. Өнерлерің де жақсы екен.Сабақтарыңды одан әрі жақсы оқыңдар.Менің тапсырмаларымды мүдірмей, тамаша орындап бердіңдер.Сендерге айтар алғысым ретінде берер сыйым да бар (Алма таратады).Балалар, мені өздерің сияқты балалар күтіп отыр.Мен соларға барайын.Келесі кездескенше, сау болыңдар, балалар!
Достарыңызбен бөлісу: |