Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі)



Дата26.06.2018
өлшемі212 Kb.
#45138


Бөрі батыр: аңыз және дерек

(сыни талдау тәжірибесі)
Жакин Мәулен Советұлы

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ

«Этномәдени және тарихи-антропологиялық

зерттеулер Орталығының» аға ғылыми қызметкері;

тарих ғылымдарының кандидаты; доцент,
Аннотация

Мақала Арғын-Қаракесек ішіндегі Сарым руының белді тұлғаларының бірі - Бөрі Кенжебайұлының өмірбаяндық тарихына арналады. Бірінші бөлімде - ғылым пәлсафасы мен зерттеу әдіснамасындағы өзгерістерге қысқаша сипаттама беру арқылы өлкетану, тұлғатану саласындағы тарихи-антропологиялық зерттеулер алдына қойылатын талаптар анықталады. Екінші бөлімде – тарихнама мен дерек көздеріне сыни талдау жасалып, тұлғаның нақты туған және қайтыс болған жылдары анықталады.


Түйін сөздер: ғылым пәлсафасы, зерттеу әдіснамасы, тарихи таным, тарихи-антропологиялық зерттеу, «антропологиялық (адамға) бетбұрыс», өмірбаяндық тарих, тарихты «жоғарыдан жазу», тарихты «төменнен жазу», «түсіндіру», «түсіну» ұстанымдары, өлкетану, тұлғатану, сыни талдау, тарихи шындық, әуесқойлық зерттеулер, аңыз, дерек, туған және қайтыс болған жылдар.

Оқырман қауым! Назарларыңызға ұсынылып отырған мақала Арғын-Қаракесек ішіндегі Сарым руының белді тұлғаларының бірі - Бөрі Кенжебайұлының өмірбаяндық тарихына арналады. Осы тақырыпта «Жақсы Жанқұтты: аңыз және дерек» [1] және «Бәйсейіт би: аңыз және дерек» [2] атты мақалалар 2008, 2009 жылдары жарияланған болатын. Онда көтерілген тарихи-антропологиялық зерттеу әдіснамасы мен тәсілдері және тұлғаның өмірбаяндық тарихы мәселелері осы мақалада да жалғасын табады.

Бөрі Кенжебайұлы (1776-1857 ж.):

- Саржан Қасымұлы басқарған 1824-1836 жж. аралығындағы көтеріліске ат салысқан ұйымдастырушылардың бірі;

- Кенесары көтерілісі кезінде Қаратауға ауған және одан оралған елдің көшбасшысы;

- Қоқан, Хиуа езгісіне қарсы көтерілісте қол бастаған батыр;

- Осы қиын-қыстау, жаугершілік замандағы ел ішіндегі қара мен төренің, ру мен рудың арасында да орын алған өзара дауда би қызметін атқарған, ақылшы;

- Бұқара халыққа кейбір билеушілердің озбырлық жасап, өктемдігін асырып, күшке салу белең алса, атқа қонып, жәбір көрген елінің намысын қорғар - ел панасы да болды.

Осы себепті далалық ауызша тарихта оны халық «Бөрі батыр» - деп атады.

Биыл Бөрі Кенжебайұлының туғанына 240 жыл, (қайтыс болғанына келесі 2017 жылы 160 жыл), Саржанмен бірге отаршыл Ресей үкіметіне қолына қару алып, қарсы шыққан көтеріліске 190 жыл толды. Сонымен бірге, Бөрі батыр тұлғасына арналған, ел ішіндегі аңыздардың негізінде жазылып, ұзақ уақыт жарияланбай келген «Бөрі батыр» поэмасының жарық көргеніне 25 жыл, оның авторы ақын Жәкен Байтуовтың туғанына 125 жыл толды.

«Құланның қасынуына, мылтықтың басуы дәл келді» дегендейін, биылғы тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай осы тұлға мен одан қалған мұраны ғылыми ой елегінен өткізіп, тұлғалық, азаматтық өнегесі болса - үлгі тұтып, тұлғаға тән алапат күшті мінезді игере алмай, пендешілікке бой берген қылығы болса - сабақ алып, әр ісінің ұрпақ үшін мән-мағынасы мен жеке басының қадір-қасиетіне қарай лайықты бағасын беру елдік те, азаматтық та, перзенттік те парызымыз.

Жоғарыда келтірілген тұжырымдардың бәрі 1998 жылдан бері жинаған мұрағат құжаттарындағы нақты деректер мен осы кезге дейін жарияланған ауызша тарих мәліметтерін салыстыра, сыни талдаудың нәтижесінде анықталғандықтан мақала басында тезис түрінде беріліп отыр. Бөрінің өмірінде орын алған елеулі оқиғалар мен ондағы тұлғаның орнын аңыз бен деректі салыстыра сыни талдай отырып, ретімен анықтаймыз. Оның толық нәтижесі баспаға дайындалып жатқан монографияда жарық көреді.

Ал, әзірге, осы мақаланың тақырыбы зерттеуде қолданып келген тарихи-антропологиялық зерттеу бағытының ерекшеліктері мен тұлғаның туған және дүниеден озған уақытын анықтауға арналады.

Жоғарыда көрсетілген Бөрінің туған және қайтыс болған жылдары мұрағат деректерімен анықталды. Онда Бөрі батыр Саржан көтерілісі кезінде тұтқындалып, жауапқа тартылғанда тергеушіге өз аузымен неше жаста екенін айтып, жаздырған. Қайтқан жылы да отарлаушы Ресей үкіметінің Қарқаралы дуанында 1832 жылдан бері әр үш жыл сайын жүргізіп отырған халық санағындағы мәліметтер арқылы анықталды. Оқырманға, ең анық және нақты дерекке сүйеніп анықталған жасын мақаланың басында шектей созбай, бірден түсінікті болу үшін беріп отырмын. Ал бұл дерек анықталғанға дейін алдыңғы зерттеулерде қандай болжам, пікірлер болғанын және олардың негізінде жасалған тұжырымдардың қандай қателіктерге ұрындырып келгенін кейінгі беттерде ретімен сыни тұрғыдан талдап шығамыз. Мұрағаттағы деректер осы талдаудың қорытындысы ретінде соңында келтіріледі.




  1. Ғылым пәлсафасы мен зерттеу әдіснамасындағы өзгерістерге сипаттама

Зерттеу мақсатына жету үшін ізденушінің алдында бірінші кезекте таным мәселесі тұрады. Сонымен бірге таным мәселесіне ерекше тоқталу қажеттілігі қолға алған тақырыптың тың қабаттарына бойлаудың шарттарына байланысты. Ол үшін қазіргі ғылымның жеткен деңгейі мен мүмікіндіктерімен танысу – зерттеуші үшін ғана емес, оқырман үшін де өте маңызды. Олай болатын себебі – ғылымдағы бұл өзгерісті «адамға бет бұру» деп атайды. Адамға сену, адамға үміт арту, болашақта қандай игілік пен ізгілік болса, соны адамнан күту – қазіргі гуманитарлық ғылымдардың болашаққа жетелер ұстанымы – ешкімді де бейтарап қалдырмайды. Болашақта өмірімізде не орын алса да, бәріне, алдымен, өзіміз жауапты боламыз. Сондықтан да осындай өтпелі шақта өткеннің адамы өмірлік бағдарын анықтап беретін құндылықтарын өз шешімдері мен іс-әректетері арқылы қалай сомдап шыққаны академиялық ғылым үшін ғана емес, осы жерде, қазір өмір сүріп жатқан адамның жаһандық толқынға қаншалықты сәтті бейімделіп, өмірін мәнді де, мағыналы жалғастыру үшін маңызды.

Осы мақалада таным мәселесін көтерудің тағы бір себебі бар. Ол өлкетану саласында осы кезге шейін қорланып жиналған аңыз, хикаят, естелік және т.б. деректердің қазіргі зерттеулерге азық болып отыруы - көбінде ғалым емес, мамандығы тарихқа жатпайтын, кейде тіпті, кәсібі де ғылым мен білім саласына қатысы жоқ әуесқой ізденушілердің құйма құлақ, көкейі тұнған шежіре ақсақалдардан естіп-білгенін өз түйсігімен талғап, бар ниетімен «білсем, ел білсе екен» деп, әрі ізденіп, күшін сарқып жұмсаған қажырлы еңбектерінің арқасы.

Осы Бөрі батырға қатысты да біраз дүниенің әртүрлі тақырыптар мен тұлғаларға қатысты ізденістерде жарияланып келуі осы әуесқой ізденушілердің өз әл-қадарынша ғылымға қосқан үлестері екенін ерекше атап өту керек. Оған тек шексіз алғысымды білдіремін. Шындығында, бұл біздердің - ғалым мамандардың міндеті еді. Бірақ, қазіргі ғалымдардың (материалдық мұқтаждықтан туындайтын) күнкөрістің қамы мен (білім беру саласындағы негізгі жұмысындағы) қағазбастылықтан мойындарын бұл мәселеге бұру қиындап, үйелеп қалған жағдайы бар.

Ал енді, маман болмағандықтан, алдыңғылардың жазған дүиелерінде орын алған олқылықтарға келсек, оның бәрі де сын елегінен өткізіліп, шындыққа жол аршылу керек. Бұл сын алдында ешкімнің үлкенді-кішілігіне, атақ-абыройына, алыс-жақындығына … орын жоқ. Бәріміз сын алдында теңбіз. Мақсатымыз - шындыққа қол жеткізу. «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ» дегендейін, бұл қағида ғылымға, тарихқа, елтануға, тұлғатануға, адамтануға үлесімді қосам деген кез-келген жанның ізденісте ұстанатын ең басты принципі болу шарт.

Ал сынның нәтижесін қорытқаннан кейін әуесқой жанның әрі қарай ізденуі үшін таным және ғылыми зерттеудің ең болмаса көкжиегін көз алдында елестетіп көру, қыр-сырын түйсігімен сезу, жауапкершілігін мойнына алу деңгейіне көтерілуі керек. Осы мәселе дұрыс түсінілсе, бәріміз де мақсатқа анық жететініміз сөзсіз.

***


Қазіргі тарих ғылымының да заман талабына сай болуы ғылым пәлсафасы мен зерттеу әдіснамасында соңғы ширек ғасырда әлемде орын алған түбегейлі өзгерістерді игеруіне байланысты. Оны түйсініп, қалыптасып қалған өткен кезеңнің қасаң қағидаларын сын тезінен өткізіп, күрт өзгерістер мен үздіксіз түрленуге бет алған әлеуметтік шындықты игеруде өзіндік рөл атқаратын тарихи таным мүмкіндіктерін көрсететін тың тақырыптардың терең қабаттарын қозғау - қазіргі күннің ең өзекті мәселесі.

Аталмыш өзгерістің нәтижесінде ғылым пәлсафасы мен зерттеу әдіснамасында қалыптасқан қазіргі жағдайды қысқаша қалай сипаттауға болады?! Мысалға, тарихтағы адамды бұрын біз қалай түсіндіріп келдік, қазір қалай түсінуіміз мүмкін?!

Алдыңғы тоталитарлық тәртіп аясында адамда еркіндік болмады. Оның құзырында ел басқарушы билік және партия «нені дұрыс» - деп шешсе, «неге нұсқаса» - соны «қабылдап, орындау, іске асыру» ғана болды. Осы тұрғыдан келіп, өткендегі адам іс-әрекетіне тарихшы баға беріп, үкім шығарғанда сол адамның өзі емес, оның еркінен тыс тұрған, оны мәжбүрлейтін қоғам өмірінің әр саласындағы (экономика, саясат, әлеумет және т.б.) әмбебап заңдылықтарға сүйенді. Бұлай жазылған тарихты қазір «жоғарыдан» жазылған тарих деп атайды. Бұл тарих адамның емес, оны билеп тұрған үкіметтің, билік институттарының мүддесін қорғайтын, соны ақтайтын, соның тұрақты жағдайын идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету қызметін атқаратын тарих болды. Бұл тарихта адам құқы, мүддесі, қалауы, тілегі толығымен биліктің мүддесіне бағындырылды. Адам өмірі қажеттіліктерінің қоғамда қаншалықты қамтамасыз етілуінің сапасына билік жауапты болды. Сондықтан да ол қалай танып, қалай түсіндіру керектігін өзі анықтап, өзі бағдар беріп, өзі бақылап отырды. Бұлай жазылған тарихты біз тек қазіргі өзгерген жағдайға қатысты ғана «дұрыс емес» деп үкім шығара аламыз. Ал өз уақыты мен кеңістігі аясында қалыптасқан жағдайда бұл тарих міндетін қалай атқарғаны биліктің өз түйсігімен алдына қойған мақсатына жету-жетпеуімен өлшенеді. Таным тұрғысынан бұл ғылым тарихын және білім мен биліктің арасындағы өзара қарым-қатынастың қандай жағдайда қоғам мен адамға тиімді, нәтижелі болатынын түсіну үшін маңызды және өте күрделі мәселе. Сын ол тарихқа емес, уақыты өтіп кетсе де, соның ықпалынан шығып, қазіргі өзгерген жағдайды өз талабына сай түйсінуге мойынымыз жар бермей жүрген өзіміздің жан тыныштығын күйттеген тоғышарлығымызға бағытталуы керек.

Қазіргі жалғасып жатқан өмірге келсек, жаһандану мен демократия жағдайында еркіндік ең басты құндылыққа айналды. Адамға берілген еркін ойлау, өз еркімен қалау, шешім қабылдау құқығы, сонымен бірге оның салдарынан туындаған жағдайларға жауапты енді, тек билік қана емес, адам да өз мойнына алады деген сөз. Осы жағдайда өткендегі адамның ойы мен іс-әрекетіне, қабылдаған шешіміне, жасаған қадамдарына деген көзқарас қалай өзгеруі мүмкін?!.

Танымдық тұрғыдан ең басты айырмашылық «түсіндіру» мен «түсіну» ұстанымында жатыр. Өткен кезең зерттеушісі адамды «түсіндіруге» құқығын, өзінің объективті шындықты «тани аламын» деген сеніміне негіздеген болатын. Ол бойынша барлық тұжырым объективті танылған, адамның еркінен тыс тұрған заңдылықтарға сүйеніп жасалады. Сондықтан да ол: «түсіндіруге» толық құқылымын» - деп ойлады.

Ал, қазіргі кездегі жаратылыстану саласындағы ашылған жаңалықтар таным және ғылым пәлсафасының негізін 400 жыл бойы мызғымас қамалдай ұстап келген рационализм қағидаларының алдамшы екенін мойындауға мәжбүрлеп отыр. Бұл өзгерісті талдап жазу мақаланың негізі тақырыбы болмағандықтан түйінін ғана қайырайын. Ең бастысы – адамның таным мүмкіндігі шектілі. Адам танымының көкжиегін өзі өмір сүріп отырған уақыты мен кеңістігі анықтайды. Өткен тарихты білуге қажеттілік өзімізді осы жерде және қазір толғандырып тұрған мәселелерді шешуге байланысты ғана туындайды. Өткен тарихқа қоятын сауалдарымыз арқылы ғана оның бізге қатысты қырын түйсініп, түсіне аламыз. Тарихи шындыққа жақындай аламыз. Ал толығымен оның нақты қалай болғаны біз үшін «өзіндік зат», тылсым құбылыс ретінде қала береді. Бұдан, «тарихты қазбалау бос әурешілік екен ғой» - деген ой тумауы керек. Керісінше, тарих - адамды қазірде толғандырып отырған мәселелердің өз кезінде қалай шешілгендігін бойында сақтаған тәжірибенің сан қабатты, шексіз қазынасы. Оның бізге ашылуы - сұрақты қалай қоюымызға байланысты. Қазіргі жағдайда тарих ғылымында біз өткенмен емес, көпшілігінде «өзімізбен - өзіміз сөйлесіп жүргендей» кейіптеміз. Қазіргінің мәселесін тарихсыз-ақ, «өзім білемнің» керімен немесе қазір өмір сүріп жатқан өзгенің тәжірибесіне еліктеумен шешуге ұмтылу, тарих емес, өзімізді тарих күресінінде қалдыратыны сөзсіз.

Сондықтан, ендігі жағдайда зерттеуші өткенді тек «түсінуге» ғана ұмтыла алатынын мойындауға мәжбүр. Өз мәселесін шешу үшін - өткенді түсіну, өткенді түсіну үшін - өзінің жағдайын терең түйсіну шарт. Ендігі тарихшының танымы «түсіну» ұстанымына негізделеді. Мұндай жағдайда зерттеушінің өз туындысында жазылған ой мен берген түсініктемелері үшін жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түседі. Олай болатын себебі, бұрынғы зерттеуде автор: «мен «объективті шындықты» жаздым, кінарат іздесеңдер сол заңдылықтардан көріңдер, оны анықтап берген ұлы ғұламалар (Маркс, Энгельс, Ленин, «Сталин» және т.б.)» – деп, өз басын арашалап алатын. Ғалым алдында зерттеу барысында өзінің қалау-тілегін, нені жақсы - деп, нені жек көретінін, қысқаша айтқанда, өзінің жеке басына тән ортамен қарым-қатынаста ұстанатын дүниетанымдық көзқарастарын ысырып қойып, бейтарап қалып, назар тек зерттеу объектісіне бағытталып, оны жіктеп, сипаттап, талдап, қорытып нәтижесін «шындықты адекватты түрде таныған» мәтін ретінде жариялау керек деген талап қойылатын. Ал қазіргі кезде мұның бәрі алдамшы екенін, автор ешқашан, өзі танып отырған құбылысынан тыс қала алмайтыны, тіпті керісінше, оның мақсатына жетуі - зерттеп отырған құбылысты бейнелейтін мәтінімен тіл табыса алуына байланысты екендігі, екеуінің арасында сенімді диалог орын алғанда ғана және қорытынды мәтінде оқырман сырласқан екеуінің де «дауысын тыңдай алғанда» және сырласудың «куәсі бола алғанда» ғана мүмкіндігі анықталып отыр. Нәтижесінде дүниеге келген мәтіннен біз тек зерттелген құбылыс, тақырып туралы ғана емес, сонымен бірге, мәтінге автор қандай сұрақ қойды, одан алған жауабына қандай мән берді, қорытып жазғанда неліктен дәл осындай түсініктемелер бергені туралы, қорыта айтқанда, автордың өзін де бейнелейтін ақпаратты аламыз. Осы тұрғыдан келіп, бұрын жазылған өлкетану саласындағы тарихи тұлғаларға қатысты кейбір шығармаларды сын елегінен өткізсең - ол мәтіндер тұнып тұрған: өзінің айтқысы келіп тұрған ойын тарихтағы адамға таңушылық, осыдан келіп мақсатты түрде естіп біліп тұрған және болған оқиғаны бұрмалаушылық, болған жайттың уақыт пен кеңістік аясынан ауа жайылу, адасушылықтардың энциклопедиясы іспетті. Оның бір «жарқын» үлгісі ретінде Шет өңірінің тарихына арналған, аңызбен жазылған Кәмел Жүністегінің «Құба белдер» трилогиясын атауға болады (1-ші кітабы) [3]. Жоғарыда айтқандай, автор «өзімен өзі сырласып кетіп», мәтін тек тыңдаушыға айналып, «не айтты, не істеді» десе, «соған көнуші» болып қана қала береді. Оның кейбір мысалдарын Жанқұтты мен Бәйсейіт би тұлғаларының өмірбаян тарихына қатысты жасалған зерттеуде келтірген болатынмын. Бөрі батырға қатысты жазылған дүниелерде де осы келеңсіз құбылыстың қаншалықты кең жайылып, әлі күнге шейін оқырманның ой-санасын еркін билеп, ойына келгенін істеп отырғанына куә боламыз.

«Түсіну» ұстанымымен жазылатын тарихты кейде «төменнен» жазылатын тарих дейді. Оның мәнісі: бұрынғы «жоғарыдан» жазылған тарихта зерттеуші адамның іс-әрекетін «қоғам», «мемлекет», «халық» және т.б. жалпы ұғымдарға сүйеніп, сол бірліктердің мақсат мүддесіне сай келу-келмеу тұрғысынан бағаласа, ендігі «төменнен жазылатын» тарихта адамның сыртқы құбылыстарға қандай мән беріп, қалай қабылдап, санасында әлем мен қоғамның бейнесін қалай қалыптастырып, онымен өзіне тиімді түрде әрекеттесуге негіз болатын қандай мінез-құлық моделін түзіп, әрекет етіп, шешім қабылдарда ол қалай ықпал ететінін түсінуге тырысады.

Бейнелеп айтсақ, ас үйде тамақ қалай дайындалса, біз зерттейтін тарихи факті де солай - адамның ішкі жан-дүниесі, сана-сезімі, жүрек қалауы, түйсік талғамы қазанында пісіп шығады. «Төменнен» тарихты жазу - тарихтың «ас үйіне» үңілу десе де болады.

Яғни, барлық болған оқиға мен оның себеп-салдарына сол тарихты жасаушы адамның көзқарасымен қарауға тырысады. Біздің таңдап алып отырған тақырыбымыздың қаншалықты ашылып, қазіргі адамның өзін және ортасын түсінуге септігі тиері осы аталған мүмкіндіктерді іске асыруға байланысты.

Таным мәселесіндегі өзгерістерді сипаттауды қорыта келгендегі есте ұстайтын мәселе: «жоғарыдан» және «төменнен» жазылатын тарихты бір-біріне қарсы қою үлкен қателіктерге ұрындырады. Себебі: адам қоғамда өмір сүреді. Оның бақытты, бай-қуатты өмір сүруін өзі сияқты басқамен арада, және, осының бәрін ұйымдастыру, бағыттау, бақылау қызметін атқаратын билік институттары мен адам арасындағы үйлесімді тіл табыса алу, түсінісу ғана анықтайды. Бұрынғы «жоғарыдан» тарихты жазуда адам «көзге ілінбей» келсе, ендігі «төменнен» жазылатын тарих биліктің «көзін ашуға» міндетті. Одан кейінгі мәселе: екі тарихтың сырласуы, диалогы арқылы тіл табысып, түсінісуінде болады. Идеалды түрде екеуі де қатар жүргені абзал. Өкінішке орай, «төменнен» тарихты жазу әлемнің дамыған елдерінде жарты ғасыдан астам бұрын қолға алына бастаса, көрші Ресей елінде ХХ ғ. 90-шы жылдарынан бастау алса, Қазақстанда әлі де оған онша мән берілмей келеді. Сондықтан, әзірге, зерттеушілердің алдындағы бірінші міндет «тарихты төменнен жазудың» қыр-сырын игеру және іске асыру. Өмірбаяндық тарих осы әдіспен тарихты «төменнен» жазуға ең ыңғайлы тақырыптардың бірі.


  1. Бөрі батырдың туған және қайтыс болған жылдары

Өмірбаяндық тарихта ең бірінші кезекте тұратын мәселе - тұлғаның туған және қайтыс болған уақытын дұрыс анықтау. Оның қандай қателіктерге ұрындыратынын алдағы зерттеулерде көзіміз жеткен. Бөрі Кенжебайұлының да туған жылын анықтап алмағандықтан осы уақытқа дейін жарияланып келген жеке авторлар қаламынан шыққан дастан, әдеби-тарихи роман, көсемсөздік мақала, шежірелік зерттеулерде осындай қателіктер орын алған.

Оның мысалын, өзін өзі тану үшін әр қазаққа ауадай қажет шежірелік зерттеулерден бастайық. Шежіре – әр қазақ үшін өзін-өзі танудың бастау көзі.

Бөрінің шыққан тегін баяндайтын Сарым шежіресінің бір нұсқасын 2001 ж. Тұрсынбек Жақсыбай ұлы мен Амангелді Ілиясұлы жариялады.

Онда Амангелді Ілиясұлы Смағұлтегі: «Мен, өзім тарихшы болмағаннан кейін, ... нағыз деректер болмағаннан кейін, ел аузынан, үлкендерден естігенімізді ғана жазып отырмын» - дей келіп: «Сарымнан шыққан Дербісалы, Жалаңтөс, Торақ, Бөрі, Едіге, Қалқаман, Жоламан батырлар бар. Бұлардың барлығы да қалмақ-жоңғар соғысына қатынасқандар» - деген тұжырым жасайды. [4: 130 б.]. Осы шежіренің 2013 ж. қайта басылып шыққан нұсқасында жоғарыдағы мәтін түзетілмей, осы қалпында берілген [5: 22 б.].

Шежіренің Кенжебай ұрпақтарына арналған тұсында Тұрсынбек Жақсыбайұлы Бөріден тарайтын ұрпақтарды тізе келіп: «Бөрі елін, халқын сыртқы, ішкі жаулардан қорғаған батыр болған адам. Батырдың өмір жолдары кіріспе бетте жазылды» - деп сілтеме береді [4: 202 б.].

Ал кіріспеде Бөрінің «өмір жолдарына» қатысты бірде-бір нақты дерек жоқ. Тек алдыңғы келтірген екінші автор Амангелді Ілиясұлының пікіріндегідей, батырлардың атын: «Дербісалы, Бөрі, Торақ, Жалаңтөс, Ердене, Бабеке, Жоламан, Қалқаман» - деп өз түсінігімен, ретін ауыстырып, басқа да тұлғаларды қосып, әрі қарай: «батырлардың әрбір күні, әрбір айы сан алуан – қым-қиғаш оқиғаларға толы өмір өтті емес пе. Байтақ қазақ жеріне қаптаған жау аяғын тарта басуға өз үлесін қосты емес пе. Тау асып келген жоңғарлар да, қыр асып келген қалмақтар да қазақты қажытып, түбінде аяқ асты ете алмайтынына, осы бабаларымыздың арқасы екенін кейінгілер біле бере ме екен» - деп толғайды [4: 13 б.]. Автордың, «батырларын ел біле жүрсін» - деген ниеті дұрыс қой, бірақ, әзірге, бірден көзге ұрып тұрғаны - екі батырға қатысты қателік:

1 – Кенжебайұлы Бөрі дүниеге келерден 20 жыл бұрын Жоңғар мемлекеті қытайдың жаулауымен тарих сахнасынан кеткен болатын. Ал Еділ бойындағы қалмақтардың өз отанына оралуы барысында орын алған «шаңды жорық» оқиғасы Бөрі дүниеге келерден 5 жыл бұрын орын алған. Бөрінің қазақ-қалмақ шайқастарына қатысы жоқтығы ескерілмеген.

2 – Шәндігенұлы Торақ та Бөрінің замандасы.

Торақтың жасына қатысты бір дерек өз аузымен Құнанбайға айтылған өлең жолдарынан қалған деген аңыз бар. Ол аңызды 1998 жылы шежіреші Төрехан Майбас айтып беріп, оны үнтаспаға жазып, 2004 жылғы зерттеуде жариялаған едім [6: 135-136 б.]. Сонда Торақтың Құнанбайға:

«– Торақты батырмын, Батыр емес, жаяумын, Көңiл содан қаяулы, Тоқсанға келдiк, Ендi тоғыз күн өмiр сүремiз ба, сүрмеймiз ба, Сол тоғыз күндiк қызық көремiз ба, көрмеймiз ба, – дегенде, Құнанбай айтып қапты дейдi:

– Ата, бұның қалай? – деп. Сонда Торақты айтқан екен дейдi:

– Соның кiлтi сенде қалды-ау – дегенде:

– А-а, Тоқа, көңiлiң Кердары атқа түскен екен ғой – деп. Содан Кердары атты қалдырып кеттi дейдi, Құнанбай» – деген екен. Бұл оқиға Құнанбайдың Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып тағайындалған 1849-1851 жылдардың аралығында орын алған. Бұдан 90-ды алсақ, Торақтың туған жылы 1759-1761 ж. аралығына келеді.

Екінші дерек Торақ батырдың Саржан көтерілісіне қолына қару алып қатысып, Бөрі, Ботантайлармен бірге тұтқынға түскендегі құжатта жазылған. Сондағы көрсетіндісінде өз аузымен қанша жасқа келгенін қолға түскеннен кейін тергеушіге айтып, жаздырған. Онда: «Той же (Айдабол) волости и рода Бий Торак Чандыгенев. 66 лет» - деп жазған [7: 36 п.]. Бұл дерек 1826 жылы 13 шілдеде жазылғанын ескерсек, Торақ батырдың анық туған жылы 1760 жыл. Оның батырлығымен қатар би болғандығы да айқындалып тұр. Биыл Торақ батырдың да туғанына 256 жыл толады.

Сонда «Шаңды жорық» оқиғасы орын алған 1771 жылы Торақ не бары 11 жаста. Торақтың да батырлығы қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға қатысты еместігі ескерілмеген.

Бөріге қатысты нақты деректер осы күнге дейін жарияланбағандықтан алдыңғы қателіктің кетуі түсінікті болғанымен, Тораққа қатысты дерек Сарым шежіресінің соңғы 2013 жылғы басылымынан 9 жыл бұрын жарияланған болатын. Шежірешілердің кейінгі басылымдарда ғылыми айналымға енгізілген тың деректерді қолданбайтыны өкінішті жағдай.

Келесі мысал, Бөрі мен Жарылғап батырдың кенжесі Мырзабектің арасында «болыпты-мыс» деген оқиғада Кәмел Жүністегі де, Төрехан Майбас та Мырзабекті Бөріден едәуір жас, «боз бала» - деп көрсетеді.

Кәмел Жүністегі: «жас Мырзабек құдасын кешкі алаң-белеңде танымаса керек. Ашу қысқан Бөрі Жарылғап ауылына сол сәтте барады. ...» - дейді [8: 121 б.]. Төрехан Майбас: «Жарылғап батыр бақилыққа озғанда Мырзабек іште қалған екен. Шаңырақ кенжесі болғандықтан бұла өседі. ... Бала кезінде атақты Бөрі батырды аттан түсіріп кетеді. ... Сонда Мырзабек он алты жастағы бозбала ғана екен» - дейді [9: 140-141 б.].

Ал енді, осы Мырзабектің Бөрімен арадағы жас алшақтығын тексеріп көру үшін оның әкесі Жарылғаптың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғанына көңіл аудару керек. Кәмел Жүністегі де [8: 120 б.], Төрехан Майбас та [9: 22 б.] оның 51 жас жасағанын бірауыздан аңызға сүйеніп дәлелдейді. Жарылғаптың өмірбаянына арналған талай зерттеулер мен әуесқой ізденушілердің оның жасын біресе көбейтіп («ұзақ жасаған» 1786, 1789 ж. дейін) [9: 21 б.], біресе азайтып («51 жас»), біресе ерте тудырып (1718 ж.), біресе кейін тудырып (1733, 1735) жасаған әртүрлі болжамдарын талдай келіп, ең соңғы қорытынды - «қаймағы» деп, 2013 жылы шығарған Шет ауданы энциклопедиясында туған жылы - 1718 деп, қайтқан жылы 1759 – деген тұжырымға келген [10: 24 б.]. Онсыз да дау-дамаймен әрі-тартып, бері тартып шығарған басылымда Жарылғаптың жасаған жасынан тағы 10 жас түсіп қалған. Қайтқан жылының 1759 емес, бұл техникалық қателік екенін, 51 жаста қайтыс болғандықтан, дұрысы - 1769 жыл деп, түзетуге де мұршалары келмеген. Төрехан Майбастың 800 беттей материалды жинап, құрастырып, жазып берген энциклопедия материалдарын редакция алқасының төрағасы Кәмел Жүністегі «қолына қайшы алғандай» күзеп, түзеп 390 бетке дейін қысқартып, шығарғандағы нәтижесі осы.

Енді осы келген тоқтамға сүйеніп, Мырзабектің жасын анықтасақ, 1769 ж. Жарылғап батыр қайтқанда «іште қалған» Мырзабек 1770 жылы туған. Сонда ол Бөріден 6 жас үлкен болып шығады?!

Ал, аңызға сүйенсек, Кәмел Жүністегі жазғандай «құдасы» десе, Бөрі кем дегенде қыз баласы кәмелеттік жасқа келіп қалған 40-тың шамасында болуы керек. Осы кезде Мырзабек Төрехан Майбас жазғандай «16 жастағы бозбала ғана екен» - десек, Бөрімен арасы 20-24 жылдай болып шығады. Олай болса Кәмел Жүністегінің Жарылғап 1786 жылы қайтты дегені де дұрыс болмай шығады.

«Ең қызығы» екі автордың алдыңғы берген мәліметтеріне сүйеніп, дұрысы сол нұсқа десек, бұл оқиға 1816 жылдың тұсына келеді. Сонда, Мырзабектің әкесі Жарылғапты қайтеміз?!... Оның да қайтқан жылын 1800-ге әкеп тірейміз бе?!.. Бұлай етсек, Жарылғаптың туған жылын 1749-ға алып келуіміз керек. Сонда Жарылғап батырдың 17 жасқа келгеннен кейінгі, яғни, (1718) 1735 пен (1749) 1766 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға қатысты деп жазылған дүниенің бәрі бос сөз болып шығады ғой.

Әлде, буыны толық қатпаған «боз бала» Мырзабектің, өзінен екі мүшел жас үлкен, қырықтың шамасындағы бойында күш қайраты тасып тұрған Бөрі батырды «аттан түсіріп кеткені» туралы аңыз кекету-мұқатуды мақсат тұтқан, күндестіктің қиялынан туындаған автордың не басқа күндестердің біреуінің қолдан жасаған дүниесі ме?!.. Екі тұлғаның арасында оқиға орын алған да шығар. «Күш атасын танымайды» дегендейін, Бөріден де күш-қайраты, айласы асып туған тұлға дүниеге келген де шығар. Бірақ, осы оқиғаны «Құба белдер» трилогиясында 1996 жылы алғаш жариялап (кейін 2013 ж. осы басылымды қайта бастырып) отырған Кәмел Жүністегінің, алған бетінен оңайлықпен қайтпайтын, бір-беткей, мінезі ауыр батырды «көзіне жас алғызып» [3: 174 б.], буыны бос, сезімтал жан-ғып көрсеткісі келгені оқырманға тек езу тартқызып, «бөсудің де шегі болу керек қой» - деген ойға келтіреді. Ең болмаса жазушылардың шығармаларында болған оқиғадағы кейіпкерінің ішкі-жан дүниесін терең түйсініп, көркемдік шешіммен ойдан қосу тәсілін қолданып, сенімді баяндау талабын да орындамаған, тарихи шындықты былай қойғанда.

Міне, оқырман және қолына қалам ұстап, тарихты жазып жүрген және жазамын деген үміттегі жас ізденуші қауым, барлық адасу мен шатасудың басы осылай - тұлғаның туған және қайтыс болған жылдарын дұрыс анықтамаудан басталады. Мақала Бөріге қатысты болғандықтан, жоғарыдағы әртүрлі авторлар түгілі, кейде, бір автордың, дерекке сүйенбей, «дейді-дейдіге» «негізделген» - деп, өз пайымдарымен бір шығармасының ішінде жазылған болжам мен ұсынылған пікірлерінің бір-біріне қалай қарама-қайшы келіп жататынын әрі қарай талдап, ақтарып жатуды бұл жерде көлем көтермейді. «Авгийдің ат қорасын Гераклдің тазалағанындай» өлкетанудағы мұндай шығармаларда орын алған қателіктерді түзету кейінгі жылдары қаптап ашылып жатқан ғылыми зерттеу орталықтарының ең басты міндеті.

Бөрінің Жаңабай деген баласының ұрпағы Түтай Сағытайұлы 1994 жылы Бөрі батыр бабасына арналған мақала жазған екен. Ол Орталық Қазақстан газетінде басылған [11]. Сонда: «Бөрі батыр XVIII ғасырдың тоқсаныншы жылдары дүниеге келіп, XIX ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін өмір сүрген» - деген пікірін ұсынады [11: 72 б.]. Бұл пікір де автордың қолында нақты дерек болмаған соң тұспалмен берілген. Қайтқан жылы шындыққа жақын болғанымен, туған жылы қате көрсетілген.

Бөрі мен Дербісалы арасындағы жас айырмашылығы көрсетілген келесі аңыз Жәкен Байтуовтың «Бөрі батыр» дастанында жарияланған [12]. Алдын ала айта кететін жайт: Бөрі батыр өмірбаянына қатысты деректердің ішіндегі ең шоқтығы биік, шұрайлысы және бізге далалық ауызша тарихтың (ДАТ) көзқарасы мен берген бағасын авторлық нұсқада жеткізіп отырған - осы шығарма. Тарих және ұрпақ ақын Жәкен Байтуовтың алдында шексіз қарыздар.

Дегенмен, ДАТ-тың дерегі негізінде жазылған бұл шығарма осындай бағаға лайық болғанымен, авторлық түсініктеменің алдыңғы мысалдардағыдай сыни талдау елегінен өткізілу қажеттігі еш күман тудырмауы керек. Жәкен Байтуовтың өзі:

«Екі ердің «әңгімесін» жаздым теріп, Ұрпақтар оқысын деп, көңіл бөліп.

Қарттардан бұл тарихты жаздым сұрап, Болғаны оқиғаның анық бірақ» -

дейді [12: 70 б.].

Осы соңғы жолдағы «бірақ» - деген сөзге көңіл аударсақ, ақын өз аузымен нақты болған оқиғаның заман талабына сай, еріксіз түрде өңделгенін паш етіп тұрғандай.

Енді талдауға көшейік. Дербісалдың жасы туралы мәтінде:

«Сол кезде Деріпсалдың жасы жеткен, Өмірден тозық жетіп, күдер үзген,

... Сол жерде жас Бөріге бір ой түсті, «Ата-Аға, жүрмеңіз, - деп, - бұл сапарға. Осы жолға, Дебеке, Жүргенді қой, тоқтаңыз,Сырттан көрген адамға, Көрініп тұр мініңіз. Жасыңыз келді сексенге, Бұрынғы жоқ күніңіз» - дейді [12: 54-55 б.].

Ал Бөрінің жасы туралы:

«Өлтірген Ақсеркені он жетіде, Атанған Бөрі батыр сол сапарда» - дейді.[12: 70 б.].

Сонда екеуінің арасы шамамен 63 жас. Бұл шығармада оқиғаның қай жылы болғаны жазылмаған. Оны анықтау үшін Дербісалының туған жылын анықтаған зерттеулерге жүгіну керек. Ол қай жылы туды? Жоғарыда аталған Шет ауданы энциклопедиясында Бөрі батыр түгілі, Абылай заманының батыры Дербісалы туралы да жазылмапты.

Дербісалының өмірбаянына арналған тарихи танымдық оқу құралын құрастырып жазған Мұса қажы Әрінұлы, мұраларын жинаушы Есмағанбет Мұсатай Ғалымұлы [13].

Онда: «Дербісалы Айдаболұлы шамамен 1707-ші жылы туып, 1794 жылы дүниеден озды» - деп жазады [13: 47 б.]. Бұл пікірге сүйенсек, Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы кезінде Дербісалы 80 жаста болса - 1787 жылға келеді. Бұл кезде Бөрінің шын жасы 11 де ғана. Ал «80 жаста» дегені шамалап көрсетілген, шын жасы одан да үлкен болуы керек десе және Бөрінің шын 17 жасында болды бұл оқиға десек – 1793 жылға келеді.

Осы нұсқаны ұсынып отырған Мұса қажы Әрінұлы неге 1707-1794 деген нұсқаны алып отырғанын ешқандай дерекпен дәлелдемейді. Бұл деректі қайдан алғанын да, кімнен естігенін де атап жазбайды. Осы кітапты жазу барысында арнайы келісіп, кездесіп, Дербісалы мен Бөрінің нақты туған жылдарына қатысты мұрағат деректеріндегі мәліметтерге сүйеніп, қандай болжалды пікірге келгенімді 2-3 сағаттай ұзақ тәптіштеп, түсіндіріп, айтып бергем. Және де әзірге анығы Бөрінің туған жылы ғана екенін ескерткем. Осының бәрін ұмытып, ағамыз кітаптың кіріпесінде: «Мәулен Жахин, інімізге, тарихи салада еңбек етіп жүргенін тілге тиек етіп Дебекең жайында білгеніңіз болса бөліссеңіз жөн болар еді дегеніме қазіргі жағдайда экспедицияда жүргендігін айтып кешірім сұрады» - деп жазады [13: 5 б.]. Шындығында, ағамыз телефон шалғанда, 2013 жылдың мамыр айының аяғы мен маусым айының басында Қытай елінің Алтай округінде ғылыми зерттеу жобасы бойынша; одан келген соң, тамыз айының ортасында Шығыс Қазақстан облысының аудандарында; осы екі экспедицияның арасында маусым мен шілде айларында Шет ауданының жер-су атауларына қатысты далалық экспедиция мен Алматыдағы мұрағаттық зерттеулермен жүргем. Ағамызға: «Білетінімнің бәрін айтып бердім ғой, басқа қосарым жоқ» - дегем. Кейін, «ағамыз, осының бәрін ұмытып, неге бұлай жазды екен» - деп ойласам, менің айтқанымның бәрін, енді «шайнап бер», «қағазға түсіріп, жазып бер» - дегені екен. «Шайнап бермеген соң» маған өкпелеп, көрсеткен қыры екен. Бірінші кездескеннің өзінде бұл пікірді дәлелдеу үшін әлі де, бір жағынан, оның растығын қуаттайтын сол кездің басқа да мұрағат құжаттарының талайын ақтару қажеттігін, екінші жағынан, осы күнге дейін жарияланып келген зерттеулердің, ауызша мұралардың мәліметтерімен салыстыра отырып күрделі сыни талдау қажеттігін; Бұған кірісу үшін едәуір дайындықтың және уақыттың қажеттігін ескерткем. Қалмұқан Исабаев «Шоң биді» жазу үшін қырық жыл материал жинадым дейді ғой. Атүсті, «биыл ас беріледі» - екен деп, мен қолымнан келмейтін нәрсеге бел шешіп кірісе алмайтынымды ашық айтқам.

Бұның бәрін не үшін жазып отырмын?! Бұл жәй бір, екі ізденушінің арасындағы мәліметті бір бірінен қызғанған пендешіліктен туып жатқан әңгіме емес. Ғылыми зерттеуге деген осындай көзқарас өлкетану саласында үлкен дертке айналған. Бір-бірінің материалын айдың-күннің ашығында «барымталап-ап», еш сілтемесіз, өз атынан жариялап жіберіп, қарап отырады. Кейбір ағаларымыздың үйде жатып алып, жастарға: «Әй, мен бәленнің тарихын жазайын деп жатырмын, әлгінде білетін бірдеңең бар деп едің ғой, соны маған әкеліп таста» - деп, жататыны құлаққа үйреншікті әуен болып кетті. Сол мәліметті айтып берген күннің өзінде, оның шикі күйінде қалай түрленіп, ұсынылатынын Мұса қажы ағамыздың мысалынан көріп отырсыздар. Бұл дерт болса - оның емі өткір сынның инесімен шаншылып, емделуі керек. Әйтпесе, өлкетану саласында орын алған былықтардан ешқашан арыла алмаймыз. Әр мерейтой сайын әр аудан энциклопедия шығарып жатады. Онда не жарияланып жатқанын бір алла біледі. Бірде-бір зертеу орталықтарының шындап солардың не шығарып жүргендерін сын тезіне алуына күнкөріс пен қағазбастылық мұрша бермей жүр...

Ал енді осы Дербісалының жасына байланысты 1707-1794 ж. деген нұсқаның дұрыстығына күман тудыратын, Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасының нақты қай кезде болғанын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметті «Бөрі батыр» дастанындағы әртүрлі мәліметтердің өз арасындағы және олардың мұрағат құжаттарымен арадағы қарама-қайшылықтарынан, және де, керісінше, кей тұстарындағы мұрағат дерегі мен аңыздың мәліметтерінің бір-бірін растауынан көреміз.

Бірінші мысал: Ботантай мен Бөрінің арасындағы жас алшақтығына байланысты.

Дастанда: «Ботантай қыз береді, Ақсерке алмақ» - дейді. [12: 30 б.]. Ал Бөрі мен Ақсеркенің жекпе-жегі болғанда Бөрі «он жетіде» - деп жазады.[12: 70 б.].

Дастанның осы мәліметтеріне сүйенсек, Ботантай қызын ұзатып жатқанда, яғни, ол кем дегенде 40-50 жасқа келген кезінде Бөрі 15-17 дегі «бала болған» екен-мыс.

Ал осы мәліметті мұрағаттағы дерекпен салыстырсақ мынадай қарама-қайшылық туындайды: Ботантай мен Бөрінің екеуі де Саржан көтерілісін ұйымдастырушылар ретінде ұсталып, тергеу жасағанда өз ауыздарымен неше жасқа келгенін айтып, жаздырған. Бұл мұрағат дерегі 1826 жылы 13 шілдеде тұтқынға түскендерден тергеу жауабын алған сотник Карбышевтің Қарқаралы сыртқы дуанына жазған №8 рапортында жазылған. Онда Ботантайдың көрсетіндісінде: «Сарымовской волости рода Айдабульскаго зовут его Ботантай Чувашев, от роду 54-х лет» - деп жазылған [7: 35 п]. Ал келесі Бөрінің көрсетіндісінде: «Той же волости и рода Бии Бурю Кенжебаев, 50 лет» – деп жазады [7: 35 п]. Сонда екеуінің арасы 4-ақ жас. Бұл жерде «Бөрі батыр» дастанында Жәкен Байтуов екі түрлі себеппен: бірінші – МҚК (КГБ)-ның қырағы көзі цензураның тырнағына өзін және Бөрінің ұрпақтарын іліп бермес үшін, болған оқиғадағы саяси астарды толығымен алып тастап, ру арасындағы тартыс, ағайын туыс арасындағы күндестік орын алатын тұрмыстық деңгейге түсіруге; екінші – шығарма идеясы оқырманға тартымды болу үшін жазушылардың кең қолданылатын қыз бен жігіт арасындағы бозбалашылық қатынастар тақырыбына бұруға мәжбүр болған. Сол үшін Бөрінің жасын 37 жасқа кемітіп көрсеткеніне көзіміз жетеді. Бұдан шығатын қорытынды:

1-ден, Бөрі батырдың туған жылы – 1776 жыл екендігі;

2-ден, дастанда баяндалатын Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы 1826 жылдың тұсында орын алғаны;

3-ден, Дербісалы «1707 жылы туды» - деген пікір қате екендігі анықталды.

Дастан бойынша Дербісалы Бөрі мен Ақсеркенің оқиғасы кезінде 80 жаста болса, (1826-80=) туған жылы 1746 жылға келеді. Ал бұл шамалап алған жас, шындығында 80-нен асып, 90-ға қараған жаста десе (1826-89=) 1737 жылға келеді. Дербісалының жасын анықтауға септігі тиер әзірге бір ғана мұрағат дерегі анықталып отыр. Оның қалмақ қызынан туған баласы Қыдырәлі Саржан көтерілісі кезінде Бөрі, Ботантай, Торақтармен бірге қолға түскенде берген жауабында «65 жастамын» - деп көрсеткен [7: 36 п]. Сол 1826 жылы 65-те болса, туған жылы 1761 жылға келеді. Қыдырәлі Дербісалыұлының туғанына биыл 255 жыл толады. Ал Дербісалы бұл кезде 24 жаста. Әрине бұл нақты жасы болмағанымен, ең ерте дегенде, оның туған жылы - 1737-нің тұсы екені аңыз бен мұрағат дерегімен дәлелденіп отыр.

Екінші мысал: Бөрі мен Ақсеркенің арасындағы оқиғаға қатысқан тұлғалардың өмір сүрген кезіне байланысты.

Мысалы, дастанның бір тұсында: «Батыр деп сан соғыста аты шыққан, Ішінде осы қолдың ер Қашқынбай» - деген жолдар бар [12: 35 б.].

Бұл тұлға жөнінде Қояншытағай шежіресін дайындауға ат салысқан Төрехан Майбас: «Қашқынбай Қожабергенұлы Кенесары Қасымұлының он жылға созылған азаттық күресі кезінде көзге түскен батырлардың бірі» [14: 274 б.] - дейді. Мұрағат дерегінде де Қашқынбайдың Кенесары көтерілісі кезіндегі оқиғаларға қатысқанын айғақтайтын құжаттар бар. 1859 жылы 9 маусымда жазылған құжатқа Қояншы-тағай болысының 51 адамымен бірге «Качкынбай Кожабергенев» те қолын қойған екен [15: 461 п.]. Яғни, ең жас дегенде 1859 жылы Қашқынбай Қожабергенұлы 70-80 жастың шамасында. Бөрінің құрдасы болып шығады. Яғни Қашқынбай батырдың Бөрі мен Ақсерке оқиғасында 1787 жылы емес, ең ерте дегенде Саржан көтерілісі кезінде болғанын дәлелдейді. Бұл дерек дастанда баяндалатын оқиғаның 1826 жылдың тұсында болғанын тағы да айғақтай түседі.

Үшінші мысал: Бөрінің Ақсеркені жекпе-жекте өлтіруіне себеп болған қыз бала Күңілдік туралы «Бөрі батыр» дастанында: «Сол кезде бір қыз туған Итқұлыдан, Кем көрмейді қыз да болса айдарлы ұлдан. Он төрттен он беске аяқ басып, Жақсыны, жаманды да танып қалған» - деп жазады. [12: 35 б.]. Бұл жерде келтіріп тұрған Күңілдіктің 14-15 жаста болғандығы Бөрі мен Ақсеркенің арасындағы жекпе-жектен 3 жыл бұрын басталған құдалыққа баланысты айтылып тұр. Жекпе-жек 1826 жылдан кейін орын алса, құдалық 1824 жылы басталған. Бірінші кезескенде құдалыққа келіскен. Оны дастанда: «Келісіп екі жағы құда болды» - дейді [12: 30 б.]. Бұл 1824 жыл. Одан әрі: «Ұзатпақ қызды ауылдан келер жазда. Ақсерке Ботантаймен қол алысты, Келмек боп туар жылдың мамырында.» - дейді [12: 30 б.]. Осыдан кейін: «Ботантай өзі жүрді он бес кісі, Алуға қалың малды еріп бірге» - дейді [12: 31 б.]. Бұл да Ақсеркенің ауылына келген 1824 жылғы оқиға. Құдаларын күтіп алғаннан кейін: «Ақсерке көпшілікке айтты бәрін, ... Барамыз келер жазда қыз береді» - дейді [12: 31 б.]. «Ботантай Ақсеркемен қош айтысып, «Қыс өтіп, жаз шыққан соң келіңдер» - деп» - жазады [12: 31 б.]. Одан кейін келесі 1825 жылы: «Қыс өтіп, қар да кетіп, жаз да шықты. Жүретін уәделі күні бітіп, Ақсерке жүрмек болып талаптанды. ... Басшыға Асан деген Биін қосты, ... Он адам жүріп кетті күйеуді ертіп, ... Жол жүріп алты күндей екі ортада, Күн бата күйеу, құда кеді жетіп» - дейді [12: 32-33 б.]. Осы жылы: «Ботантай ақ үй тікті, қызды ұзатты. ... Күңілдікті күңдікке қоса берді» - дейді. [12: 40 б.]. Ботантайдың қызы мен Күңілдікті алып келгеннен кейін: «Той қылды жан-жақтағы елді жинап. Үш күндей ат шаптырып, ойын болды, Кәрі-жас, қыз-бозбала бәрі де дулап. ... Осындай сауықпенен күндер өтті, Қыс өтіп, келесі жаз тағы жетті. «Күң-күң» - деп Күңілдікке күн көрсетпей, Қорлықты Ақсерке енді көрсетті» - дейді. [12: 41 б.]. Бұл келесі 1826 жыл. 1824 жылы 15-те болған Күңілдік 1826 жылы 18-ге келеді.

Ал енді мұрағат құжатында 1826 жылы 13 шілдеде Ботантайдан алған тергеу кезіндегі жауаптың бір тұсында: «потерялись из аула их два мальчика и одна 18 летняя девка» - деп көрсетеді [7: 35 п]. Бұл жерде «жоғалып кеткен» 18 жастағы қыз өзінің ұзатылған қызымен бірге жіберілген Күңілдіктің дастандағы Ақсерке ауылынан қорлыққа шыдамай қашып шығып, ессіз далада күздің қара суығындағы қарлы жаңбырда үсіп өлген оқиғасымен дәл келеді. Оқиға 1826 жылдың қара күзінде болған. Қыздың өлігін келесі жылдың көктемінде тауып алса, Бөрінің Ақсеркемен арадағы жекпе-жек оқиғасы 1827 жылы орын алған. Бұл дастандағы Бөрінің басынан өткен тағы басқа оқиғаларға байланысты алдағы жарияланатын мақалалар мен монографияда баяндалатындықтан, әзірге оны талдауды осы тұсынан қайыра тұрамыз.

Ал осы жоғарыда келтірілген аңыз бен мұрағат дерегіндегі үш мысал да:

1-шіден, Бөрінің нақты туған жылы 1776 жыл екеніне;

2-шіден, «Бөрі батыр» дастанында аттары аталатын кейіпкерлердің бәрі де Саржан Қасымұлы және одан кейін Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан, сол заманның тұлғалары екеніне;

3-шіден, «Бөрі батыр» дастанында баяндалған оқиғалар Саржан көтерілісі кезінде 1824 жыл мен 1827 жылдың және одан арғы кезде орын алғандығына;

4-шіден, аңыз бен мұрағат дерегі барлық баяндалған оқиғалардың болған уақытын бір-бірімен дәл келетін шынайылықпен көрсетіп тұрғанына көзімізді жеткізеді.

Бөрінің шыныменен 1776 жылы туғандығын мұрағаттың 1851 жылы 28 қарашасында жазылған тағы бір дерегі дәлелдейді. Онда: «Бюри Кенжебаеву въ настоящее время, какъ видно изъ собственнаго его показания, отъ роду 75 летъ.» - деп жазады [16: 4 п.]. 1851-ден 75-ті алсаң туған жылы 1776 ж.

Ал Бөрінің қайтыс болған жылына келсек, әзірге, 4 дерек анықталды.

1-шісі – 1855 жылғы санақтың дерегі. Онда «Рода Сарымъ-Токсанъ. Отделение Айдабулъ. Подразделения: 1-е, Кенджебай. … Бурю Кенжебаевъ» - деп, жылқысы – 117, ірі қара малы – 2, қойы - 475 – деп көрсетілген [17: 11 қп.]. Бұл дерек Бөрінің 79 жасында ауыл ақсақалы болып отырғанын көрсетеді.

2-шісі - 1858 жылы 21 шілдеде жазылған екі құжат. Онда Әлтеке-Сарым болысының ауыл старшындары мен оның құрамындағы қазақтардың бәрі 18 шаңырақтан тұратын Естемесовтерді Дүйсенбай-Шекшек болысына ауысуына және Дүйсенбай болысындағы: «…Чальджана, Чегебаева, Куркенбая Боздаковых и Кудучу Барлыбаева...» - деп аталған қазақтарды Әлтеке-Сарым болысына қабылдауға «қарсы емеспіз» - деп 40 адам қол қойған тізімде Бөрінің аты жоқ. Екі құжатта да оның орнына «Жанабай Бурин» қол қойған [15: 122, 127 п.].

3-шісі - 1859 жылы 2 маусымда жазылған құжат. Онда 1855 жылмен салыстырғанда 1858 жылғы мал басының кемуін: «в течении минувшаго 1855-1858 год. трехлетия мы от падежа лишились более 5 т. лошадей, до 33 т. баранов и до 800 рогатаго скота» - деп, Сібір қазақтары облысының әскери губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар шенеунігі Менделевке Әлтеке-Сарым болысы қазақтарының берген мәлімдемелерінің соңында қол қойған 78 адамның да тізімінде Бөрі жоқ. Орнында таға да «Жанабай Бурин» қол қойған [15: 450 п.].

4-шісі - Бөрінің 1858 жылға дейін қайтыс болғандығын дәлелдейтін ең нақты дерек. Ол құжат: «СПИСОКъ киргизамъ вошедшимъ съ 1858 по 1861 по случаю смерти начальниковъ семейства» деп аталады. Онда: «Алтеке-Сарымовской волости … №535. Ақболат Бурин» - деп жазылған [15: 90 п.]. Кейінгі Сарым шежіресінде Бөріден тарайтын ұрпақтарды жазғанда кейбіреулері кірмей қалғаны анықталып отыр. Онда: «Шыңғыс, Байбала, Жаңабай, Аманбай, Базылбек, Батырбек, Егізбек, Сегізбектер» ғана жазылған. Мұрағат деректерінде кездесетін осы Ақболат, Жанбай деген балаларының аты шежіреден тыс қалған. Оларды Бөріден тараған ұрпақтарды қарастырған тақырып аясында тағы да қарастырамыз. Ал бұл жерде аталып тұрған Ақболат Бөрінің қарашаңырағын ұстаған ең кенжесі болуы мүмкін. Үлкен ағаларының бәрі бөлек отау құрып, өз алдарына еншілерін алып, бөлек ауыл болып тұрғандықтан, Ақболат - кенже болғандықтан, әкесі Бөрі қайтыс болғанда қарашаңыраққа ие болып қалған.

Осы төрт деректі қорыта келгенде: Бөрі Кенжебайұлы 1857 жылы 81 жасында дүниеден озғандығы анықталады.

Сонымен бірге, 1858 жылғы санаққа кіріп, 1859 жылғы қайта жүргізген тексеру санағы тізіміне қайтыс болуына байланысты кірмей қалғандардың қатарында «№710. Торак Чандагенов» - аталып, оның орнына баласы «№709 Малбасар Тораков» - тіркелгені жазылады [15: 425 п.].

Зерттеп отырған тұлға өмірінің әр-кезінде орын алған оқиғаларды аңыздар мен мұрағат деректерін салыстыра талдап, әлі де талай құнды да, қызық фактілерді анықтай түсеміз. Әзірге, көтеріліп отырған мәселе, Бөрінің туған және қайтыс болған жылына ғана қатысты болғандықтан, жоғарыдағы сыни талдауды төмендегі тұжырымдармен қорытындылайық:

1 – Бөрі Кенжебайұлы - 1776 жылы туған;

2 – Бөрі Кенжебайұлы 1857 жылы 81 жасында қайтыс болған.

3 – Дербісалы батыр шамамен 1737 жылы туып, 1827 жылдан кейін 90-нан асып қайтыс болған.

4 – Оның баласы Қыдырәлі 1761 жылы туған.

5 – Торақ батыр Шаңдыгенұлы 1760 жылы туып, 1858 жылы 98 жаста қайтыс болған.

Бөрі батырдың туған және қайтыс болған жылдарын анықтауда осы уақытқа дейінгі зерттеулерде жарияланған барлық нұсқалардың қателікке ұрынуының ең басты себептері:

1-ші - Ауызша мұраны зерттеп жүрген ғалымдар Бөрі батырға қатысты жарияланған мәтіндерді осы уақытқа дейін сыни талдауға алып, ондағы орын алған мәліметтердің тарихи астарын анықтауды қолға алмаған;

2-ші - Өлкетанудағы зерттеулер біржақты аңыз бен жарияланған ғылыми, көсемсөздік, танымдық мәтіндермен ғана шектеліп, мұрағаттың дерегін қолданбаған;

3-ші - Әуесқой зерттеушілер кез-келген зерттеу - алдыммен өзіне дейін жазылған зерттеулердегі пікірлерге тарихамалық шолу жасаудан басталып, одан кейін олардың қолданған және өзі ғылыми айналымға алғаш қосып отырған дерек көздерін сыни талдау арқылы шындыққа қатыстылығын анықтаудан, соңынан өзінің зерттеуінде басшылыққа алатын әдіснамалық ұстанымдары мен әдіс-тәселдерін анықтап алудан кейін басталатынына мән бермеген.

Кез-келген тұлғаның өмірбаянына қатысты зерттеу жоғарыда аталған талаптарды орындағанда ғана мақсатына жетеді.

Мақаланы аяқтай отырып, ел болып, іргеміздің сөгілмей, қазіргі тәуелсіздікке жетуімізге өзіндік үлесін қосқан тарихи тұлға - Бөрі батырға арналған осы зерттеуді ұйымдастырып, қаражаттық шығынын қамтамасыз етіп, арнайы тапсырыс беріп, оның орындалуын далалық экспедиция, мұрағаттық ізденістер барысында бел шешіп кірісіп, қамқорлықпен қадағалап отырған «отызында - орда бұзар, қырықында - қамал алар, елуінде - ел ағасы болар» жасқа келген азаматтардың алдыңғы ағаларының ақыл-кеңесімен, үлгі-өнегесімен игілікті бастамаға себепші болғанына шексіз алғысымды білдіремін. Бұл «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген халық даналығын айғақтайтын қадам. Ылайым, ұрпақ үшін маңызды істе әр бастаған бастамамыз баянды аяқталып, ел игілігіне айнала берсін.


Cілтемелер

1. Жакин М.С. Жақсы Жанқұтты: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі)// Қазақстан мұрағаттары. – тарих және тұлға сериясы. - 2009. - №2.-66-73 б.; ҚарМУ Хабаршысы, 2008. №2. С.15-23.

2. Жакин М.С. Бәйсейіт би: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі)// Қазақстан мұрағаттары. – тарих және тұлға сериясы. - 2009. - №4.-56-68 б.; ҚарМУ Хабаршысы, 2009. №2. С.15-23.

3. Жүністегі Кәмел. Құба белдер. Трилогия. Аңыз мезгіл. 1-кітап. Астана: Нұр-Астана, 2009. – 400 бет.

4. Қаракесек Сарым шежіресі. (Үшінші кітап) Қарағанды облысы, Ақтоғай-Шет өңіріндегі Қаракесек руына жататын Тоқсан-Өтеміс ұрпағының таралымы. /Т. Жақсыбайұлы, А. Ілиясұлы. Қарағанды. 2001 ж. – 576 бет.

5. Қаракесек Сарым шежіресі. /Т. Жақсыбайұлы, А. Ілиясұлы. Қарағанды. 2013 ж. – 477 бет.

6. Шет өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері: фотошежіре / Жауапты ред. Ж.С.Ақылбаев; мәтін авт., құраст. М.С.Жакин. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2004. – 152 б. (Майбас Төрехан. Естелік әңгіме // «Шет-1998» – далалық этнографиялық экспедиция (Шет ауданы – Ақсу-Аюлы. Үнтаспа № 2, № 3).

7. ҚР ОММ. 338 қор. 1 тізім. 446 іс. – 281 п.

8. Жүністегі К. Шырағдан. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ, 2007. – 312 бет.

9. Майбас Төрехан. Оныншы ауыл: шежіре кітабы. – Алматы: Қазақпарат, 2007. – 238 бет.

10. Шет ауданы. Энциклопедия. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013. – 382 б.

11. Түтай Сағытаев. Бөрі батыр: Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысының сарбазы еді // Орталық Қазақстан. 1994 жыл 26 сәуір.

12. Жәкен Байтуов. Бөрі батыр (поэма) / Ақын Жәкен Байтуов. Айтыс, өлеңдер, естеліктер, поэма. – Балхаш: қалалық типография, 1991. – 112 бет. 30-70 б.

13. Айдаболұлы Дербісалы батыр: тарихи танымдық оқу құралы / Құрастырған - Мұса қажы Әрінұлы, мұраларды жинаған - Есмағанбет Мұсатай Ғалымұлы. – Қарағанды: Tengri Ltd баспасы, 2013 ж. – 230 б.

14. Қояншы-Дәулет-Таңай (Қояншытағай) шежіресі – Жалпы редакциясын басқарған Н.О. Дулатбеков. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ, 2008. – 293 б.

15. ҚР ОММ. 345 қор. 2 тізім. 101 іс. – 220 п.

16. ҚР ОММ. 345 қор. 1 тізім. 2802 іс. – 33 п.

17. ҚР ОММ. 345 қор. 2 тізім. 95 іс. – 220 п.


References
1. Zhakin, M. S. Zhaksy Zhankutty: myth and fact (critical analysis experience)// Kazakhstan Archives. Series: history and identity. - 2009. - №2.-P. 66-73; Bulletin оf KSU, 2008. №2. P. 15-23.

2. Zhakin, M. S. Basеit bi: myth and fact (critical analysis experience)// Kazakhstan Archives. Series: history and identity. 2009. - №4.-P. 56-68; Bulletin of KSU, 2009. №2. P. 15-23.

3. Zhunistegi Kamel.Kuba belder.Trilogy. Period of legends. 1 book. Astana: Nur-Astana, 2009. – 400 p.

4. Genealogy of Karakesek Sarim. (The third book). The branching of the descendants of Toksan-Otemis of Karakesek kin of Karagandy region, Aktogay-Shet region /T. Zhaksybaiuly, A. Iliyasuly. Karaganda. 2001. – 576р.

5. Genealogy of Karakesek Sarim. / T. Zhaksybaiuly, A. Iliyasuly. Karaganda. 2013. – 477 p.

6. Historical and cultural monuments of the Shetsky region: a photo chronicle / Ed. Zh.S. Akylbayev; author of text, composer M. S. Zhakin. – Karaganda: publishing house of KSU, 2004. – 152 p. (Mаibas Torehan. Interviews, stories // "Shet-1998" – field ethnographic expedition (Shet district -Aksu-Ayuly. Audio recording №2, and № 3).

7. CSA RK. Fund №338. Inventory-1. Case-446. – 281S.

8. Zhunistegi K. Lamp. – Almaty: "El-Shezhire" ), 2007. 312р.

9. Maibаs Torehan. Tenth aul: the book of genealogy. – Almaty: Kazakparat, 2007. – 238 p

10. Shet district. Encyclopedia. – Almaty: Kazakparat, 2013. – 382 p

11. Tutai Sagytayev. Bori batyr: Sarbaz (warrior) of the national liberation movement under the leadership of Kenesary // Ortalyk Kazakstan. 1994 April, 26.

12. Zhaken Baituov. Bori batyr (poem) / Poet Zhaken Baituov. Aitys (verbal contest of poets), poetry, memory poem. – Balkhash: municipal printing office, 1991. – 112 p. - Р. 30-70.

13. Aidaboluly. Derbisaly batyr: a historical-educational study guide / Compiled by Musa kazhy Arynuly, heritage collected by Esmagambet Musаtаi Galymuly. – Karagandy: publishing house Tengri Ltd 2013. – 230 p.

14. Genealogy of Koyanshi-Daulet-Тanai (Koyanshitagai) – General edition was headed by N. О. Dulatbekov. – Karaganda: "Bolashak-BASPA" RBB, 2008. – 293 p

15. CSA RK. Fund-345. Inventory-2. Case-101. – 220 S.

16. CSA RK. Fund-345. Inventory-1. Case-2802. – 33 S.

17. CSA RK. Fund-345. Inventory-2. Case-95. – 220 S.l
ЖАКИН М.С.

Старший научный сотрудник Центра этнокультурных и историко-антропологических исследований Карагандинского государственного университета им. Академика Е.А. Букетова,

кандидат исторических наук, доцент
БӨРІ БАТЫР: миф и факт

(опыт критического анализа)

Аннотация

Статья посвящена биографической истории Бөрі Кенжебайулы – одного из сильных лидеров Аргын-Каракесекского рода Сарым. В первой части – через краткое описание изменения в философии науки и методологии исследования выясняется требования стоящие перед историко-антропологическими исследованиями, посвященных краеведению, изучению истории личности. Во второй части – через критический анализ историографии и источников, выясняется точная дата рождения и смерти личности.


Ключевые слова: философия науки, методология исследования, историческое познание, историко-антропологическое исследование, «антропологический поворот», биографическая история, «написание истории сверху», «написание истории снизу», «объяснение», «понимание», краеведение, история личности, критический анализ, историческая реальность, любительские исследования, миф, факт, даты рождения и смерти личности.
ZHAKIN M.S.

Senior researcher of the Centre of ethno-cultural and historical-anthropological research The Karaganda state University of the name of Academician E.A. Buketov, candidate of historical sciences, associate Professor


BORI BATYR: myth and fact

(critical analysis experience)
Abstract

The article is devoted to the biographical history of Bori Kenzhebaiuly, one of the strong leaders of Argyn-Karakesek kin. In the first part through a brief description of the changes in the philosophy of science and methodology of research the author turns out the requirements that historical-anthropological studies dedicated to the local history, the study of the history of the individual may face. In the second part the exact date of the birth and death of Bori batyr is defined through a critical analysis of the historiography and sources.


Key words: philosophy of science, methodology of research, historical knowledge, historical and anthropological research, "anthropological turn," biographical history, "writing history from above", "writing history from below", "explanation", "understanding", regional studies, history, personality, critical analysis, historical reality, amateurish research, myth, fact, dates of birth and death of the individual.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет