23
2 ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
2.1 VI-X ғғ.ерте орта ғасырлық мемлекеттер
Түрік қағанаты (552-603 жж.).
VI ғасырдың басында қазіргі Қазақ елінің
территориясында күрделі өзгерістер болды. Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түркі
тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, қуатты әскери күшіне сүйенген ашин руынан
шыққан Түрік қағанаты деген атпен белгілі феодалдық мемлекет құрылды.
Түрік қағанатының жері Солтүстік Моңғолиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі
жерге созылып, қоныстану аумағы Әмудәрияның жоғарғы ағысына дейін жетті. Қазақстан
да осы қағандықтың құрамына енді. Бұл мемлекет туралы жазба деректер VII-VIII
ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбаларында бар. Бұл ескерткіштер түркілер
мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені маңайынан
табылғандықтан «Орхон-Енисей» жазуы деп аталып кеткен. Ескерткіштер – VII-VIII
ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының іргелі елі Түрік қағандығының тұсында Білге қаған,
Күлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты тұлғаларға арнап
тұрғызылған құлыптастағы жазулар.
«Түрік» энтонимі ең алғаш рет 542 жылғы қытай жылнамаларында кездеседі.
Шежірелерде түріктер Қытайдың Вэй князьдігінің солтүстік бөліктеріне жыл сайын
шапқыншылық жасап тұрғандығы айтылады. Түрік атауы моңғолша «тау сияқты дулыға»
дегенді білдіреді, сонымен қатар ақсүйектер деген мағынада да қолданылған. Ал қытайлар
түркілерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған.
Түркілер 546 жылы Алтайды мекендеген теле /тирек/ тайпасын жеңіп, олардың 50
мыңнан астам әскерін тұтқынға алып, өз әскерінің құрамына қосып алады. 552 жылы
көктемде түркілер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңіп, билеушілері
Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Сөйтіп аварлардың күш қуатына да, олардың барлық иеліктеріне
де өзін мұрагер ретінде орнықтырып, Түрік қағанатын құрады. Бұл мемлекеттің алғашқы
қағаны Бумын болды. 553 жылы Бумын қаған қаза табады, оның орнына таққа інісі Қара-
Еске отырады, оның бастауымен Букрат тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-
Ескінің мұрагері Мұқан қаған, оның лақап аты Нанту болады. Мұқан қаған (552-554 жж.)
билік құрған уақытта Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Бұл
жылдары түркілердің батысқа жасаған соғыс жорықтары күшейе түсіп, оны Бумынның
басқа бір інісі Иштеми басқарады, кейін оны батыс түріктердің түпкі атасы Батыс түрік
қағанатының негізін салушы деп атайды.
552-553 жылдары түріктер «Батыста идті (эфтал) бағындырады». Отырықшы
аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы одан арғы
саясаттың негізі болады. Олар эфталиттерінің батыс тармағына міне осы арада кездесті, ал
эфталиттердің иелігі Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға
дейінгі жерді алып жатқан болатын. Түрік қағанатындағы әлеуметтік қайшылықтар және мал
індеттерінің күшейіп ашаршылықпен ушыға түсуі, Сүй Қытайының қағанат шекараларына
шабуыл жасауы (581-618 жж.) Түрік қағанатының 603 жылы екі дербес қағанатқа – Шығыс
және Батыс қағанаттарына бөлінуіне әкеліп соғады.
Батыс түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына біршама саяси тәуелді болды. Билік
түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болған еді. Батыс қағанатының орталығы Суяб
(Жетісу) болды. Аумағы Қаратаудың Шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып
жатты. Сонымен қатар Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы
(Самарқант, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Айдхой)
отырықшы егіншілік мұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс
түріктері мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеушісі әскербасы болды.
Алғашқы кезде қаған тағына мүрагерлік бойынша қағанаттың сол қанатына шұмұқ (ашна)
фратриясының
өкілдері отыратын, бірақ бұл тәртіп өзара күрес тудырып бұзылып отырды.
24
Қаған мемлекетінің ішкі және сыртқы істеріне басшылық етіп, дәулеттік шонжарларға
сүйеніп ру басшыларын сайлады. Қағанатта қоғамдық экономикалық қатынастардың дамуы
Евразияның басқа аудандарындағы сияқты үрдістерге байланысты жүріп, феодалдық
қатынастардың орнығуы арнасында жүргенімен, оның өз ерекшеліктері де болды.
Мемлекетте қағаннан кейінгі адам ұлық болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар –
ябғу, шад және елтебер - қаған руының өкілдеріне тиесілі еді. Сот қызметтерін бұйрықтар
мен тарқандар атқарды. Бектер – тайпа бастықтары мен өкілдері – жергілікті жерлердегі
ақсүйектер сословиесінің басты тірегі болған. Мал өсіретін ерікті қауым мүшелері
қағанаттың қарауында болған. Бағыныштылық әрқашан алым-салым төлеумен қатар жүріп
отырған. Бағындырылған тайпалардан құлдар тобы қалыптасқан. Түркілердің көрші
тайпаларға шапқыншылық жасауының себебінің бірі құлдарға ие болып қалу еді. Батыс түрік
қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастар біркелкі болған жоқ, үстемдік
ету мен бағыну түрлері де алуан түрлі болғанына қарамастан, Батыс түрік қағанатында
топтардың құрылуы және ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастардың біршама тез
қалыптасу үрдісі болды.
Достарыңызбен бөлісу: