Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы


  Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы



Pdf көрінісі
бет69/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,51 Mb.
#107177
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   78
Байланысты:
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy, 0012237a-acb08d87
 
5.2  Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы. 
Қазақстанда  нарықтық  экономикаға  көшудің  алғашқы  кезде  үш  кезеңі  белгіленді. 
Бірінші  кезең  -  1991-1992  жылдар,  екінші  кезең  -  1993-1995  жылдар  аралығы  болып,  осы 
мерзімде  жүргізілетін  іс  бағдарламасы  Жоғарғы  Кеңестің  сессиясында  мақұлданып, 
Президенттің  Жарлығымен  бекіді.  Ал  үшінші  кезең  -  1996-1998  жылдарды  қамтуға  тиіс 
болды. Осыған байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да 
құжаттар  қабылданды.  Нарықтық  экономикаға  көшу  мәселелерімен  айналысатын  жаңа 
мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат 
жөніндегі  комитеттер,  Салық  инспекциясы,  Кеден  және  т.б.  Сондай-ақ  нарықтық 
экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда 
үйлері,  жеке  меншіктік  кәсіпорындар  мен  шаруашылықтар,  жеке  меншік  пен  мемлекет 
меншігі  аралас  ірі  корпорациялар,  акционерлік  қоғамдар,  холдингтік  компаниялар  өмірге 
келді.  
Алайда,  нарықтық  экономикаға  көшуде  бірсыпыра  қателіктерге  жол  берілді. 
Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы 
да,  әдіс-тәсілдері  де  толық  анықталмады.  Екіншіден,  барлық  елдерге  бірдей  сай  келетін 
экономикалық  реформаның  моделі  болмайды.  Әр  елдің  өзіне  тән,  оның  ұлттық  бітіміне, 
тарихына,  дәстүріне,  нақтылы  саяси,  әлеуметтік,  экономикалық  қалыптасқан  жағдайына 
сәйкес  өз  моделі,  өз  жолы  болу  керек.  Қазақстан  көп  елде  жақсы  нәтиже  бермеген, 
Халықаралық  Валюталық  Қоры  ұсынған  «есеңгіретіп  емдеу»  деп  аталатын  жолына  түсті, 
Ресейдің  соңынан  ерді.  Үшіншіден,  экономикалық  реформа  бірінен  кейін  бірі  және  өзіндік 
ретімен  жасалуы  арқылы  жүзеге  асуға  тиіс.  Ал  Қазақстанда  қажетті  заң  жүйесі  жасалып 
бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай 


161 
 
тұрып,    ең  әуелі  бағаны  ырықтандырудан  бастау  қате  болды,  өйткені  бағаны  ырықтандыру 
үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. Төртіншіден, қабылданған 
заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері 
жасалмаған-ды.  Бесіншіден,  инфляцияны  ауыздықтамаса  ешбір  істе  береке  болмайтыны 
белгілі.  Бірақ  осыған  қарамастан  мемлекеттегі  қаржы,  несие,  ақша  жүйесі  ретке  келмеді. 
Ұлттық  банк  ақша  жүйесін,  ақша  айналымын,  оның  ішкі  және  сыртқы  қозғалысын  қатаң 
бақылауға  алудың  орнына,  ақша-несие  ресурстарын  бей-берекет  жұмсап,  аса  жоғары 
процентпен  сатып,  пайда  табумен  әуестенді.  Алтыншыдан,  қылмыс,  жемқорлық,  заңды 
бұзушылық  көбейді.  Оған  жаппай  тәртіпсіздік,  жауапкерсіздік  қосылды.  Міне,  бұлар 
реформаны  жүргізуде,  экономиканы  дамытуда  өздерінің  зиянын  тигізді.  Жетіншіден, 
мемлекет  басшылары  экономикалық  дағдарыс  кезінде  өмір  сүріп,  жұмыс  істеп 
көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді.  
Сондықтан  мемлекет  дағдарыстан  шығудың  жолдарын  қарастыра  бастады.  Оның  ең 
бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 
1992  ж.  мұнайдың,  мұнайдан  шығатын  өнімдердің,  басқа  да  энергия  көздерінің  бағасы 
әлемдік  бағаға  дейін  жоғарылауы  керек  деген  ұранмен  жүргізілді.  Осының  нәтижесінде  әр 
кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті.  
Бағаны  ырықтандырудан  кейінгі  екінші  атқарылған  іс  –  жекешелендіру.  Мемлекеттік 
меншікті  жекешелендірусіз  нарыққа  нақты  көшу  мүмкін  емес  еді.  Бұл  қадам  нарық 
субъектілерін  құру  тұрғысынан  ғана  емес,  сонымен  бірге  халықтың  бойында  меншік  иесі 
психологиясын  қалыптастыру  тұрғысынан  да  маңызды.  Сондықтан  да  республикада  
ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. 
Алғашқы  үшеуі  мемлекет  иелігінен  алу  мен  жекешелендірудің  ерекшелігімен  байланысты 
болса,  төртінші  кезең  мемлекеттік  меншікті  басқаруды  жетілдіруге  екпін  түсуімен 
сипатталады.  
Алғашқы  кезеңнің  барысында  1991-1992  жылдары  5000-ға  жуық  нысандар 
жекешелендірілді,  олардың  қатарында  ұжымдық  меншікке  берілген  470-тен  астам  кеңшар 
болды.  Екінші  кезең  «Қазақстан  Республикасында  мемлекет  иелігінен  алу  мен  мемлекеттік 
меншікті  жекешелендірудің  1993-1995  жылдарға  арналған  Ұлттық  бағдарламасы»  негізінде 
жүргізілді.  Бұл  кезеңнің  аса  маңызды  қадамы  мемлекеттік  меншікті  басқару  мен 
жекешелендірудің  біртұтас  жүйесі  болды.  Сол  кезде  шағын  және  орта  бизнесті  дамытуға 
белгі берілді. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту 
басталды.  Қызмет  көрсету  саласында  бәсекелестік  орта  пайда  болды.  Үшінші  кезең  1995 
жылғы  желтоқсанда  заң  күші  бар  «Жекешелендіру  туралы»  Жарлықпен  басталып,  1999 
жылға  дейін  жалғасты.  Осы  сәттен бастап  ол  тек  ақша  қаражатына  жүзеге  асырылды.  1999 
жылдан  кейін  бірінші  кезекке  мемлекеттік  мүлікті  басқаруды  жетілдіру  мәселелері  шықты. 
Төртінші кезеңде мемлекеттік меншікті басқару және онымен айналысу мәселелері бойынша 
мемлекеттік  органдар  арасындағы  өкілеттіктерді  бөлуге  жаңа  көзқарас  қолданыла  бастады. 
Республикалық мемлекеттік және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру 
басталды.  Елдің  экономикалық  қауіпсіздігін  анықтайтын  экономиканың  стратегиялық 
маңызды секторларына мемлекеттің ықпалы мен ондағы үлесі ұлттық компаниялар арқылы 
сақталды.  Мұнай-газ  секторында  –  бұл  «ҚазМұнайГаз»,  энергетикада  –  «КЕГОК», 
телекоммуникацияда – «Қазақтелеком», темір жолда – «Қазақстан темір жолы».  
Бірақ  жекешелендіру  барысында  да  кемшіліктер  орын  алды.  Мемлекеттік  меншікті 
жекешелендіру  жарияланған  екі  кезеңінде  де  (1991-92  жж.  және  1993-95  жж.)  мүліктің 
көпшілік  бөлігінің  талан-таражға  түсуіне  жол  берілді.  Бұл  халық  шаруашылығы  үшін 
берекесіздік тудырып, экономиканың терең дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне 
айналды.  Сондай-ақ,  елдің  экспортқа  өнім  шығаратын  кәсіпорындары  ескі  әдетіне  басып, 
өздерінің  тауарларын  эшелон-эшелонмен  сыртқа  жөнелте  беруді  ғана  білді.  Соның 
салдарынан  республикадан  250  млрд.  сомның  өнімі  сыртқа,  негізінен  алғанда  Ресей 
Федерациясы мен ТМД елдеріне тегін кеткен болып шықты.  


162 
 
Сондықтан,  бұл  жағдай  үкімет  пен  барлық  экономикалық  институттарды,  Статистика 
мен  Қолдау  Комитетін  қатыстыра  отырып,  терең  талдау  жасауды  талап  етті.  Осымен 
байланысты  1994  жылдың  қаңтарында  Президент  экономикалық  реформаны  жүргізуді 
жандандыру  жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар 
мен  экономиканы  тұрақтандырудың  1994-1995  жылдарға  арналған  бағдарламасы  жасалды. 
Бағдарламада  энергетикалық  тәуелсіздікті  қамтамасыз  ету  мәселесі  қойылды,  өндірістің 
құлдырауы  тоқтатылып,  экономиканы  тұрақтандыру,  инфляцияны  ауыздықтау  қажет  екені 
айтылды. 1993 ж. 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы – теңге енгізілді. Бұл бізге 1994 жылы-
ақ гиперинфляцияны бәсеңдетуге, ал 1995 жылы инфляция процесін ауыздықтауға мүмкіндік 
берді.  
Ауыл  шаруашылығын  жекешелендіруде  үкімет  асығыстық  жіберді.  Дағдарыс 
жағдайында  бой  көтерген  жеке  фермерлер  басқа  халықты  асырамақ  түгіл,  өзін-өзі  әрең 
асырап отырды. Нәтижесінде 1993-1995 жылдарға арналған бағдарламалардағы инфляцияны 
төмендету,  өндірістің  құлдырауын  тоқтату  және  өндірістің  ұлғаюы  үшін  жағдайлар  жасау 
жоспарынан  ешнәрсе  шықпады.  Сондықтан  мақсатты  нұсқамалар  түрінде  15  айға  арналған 
қосымша  бағдарлама  қабылданды.  Оның  оң  нәтижесі  деп  инфляцияның  баяулауын  айтуға 
болады, бірақ өндірістің құлдырауын тоқтату мүмкін болмады.  
Бағдарламада  көзделген  жекешелендіруді  аяқтау,  бірыңғай  холдингтік,  шағын  және 
орта  кәсіпкерлікті  қолдау,  ауыл  шаруашылығында  қосымша  30  мыңға  жуық  шаруа 
қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құру айтарлықтай нәтижелер берген жоқ.  
Қоғам  айқын  мақсаттар  мен  оларға  қол  жеткізу  жолдары  баяндалған  стратегиялық 
бағдарламалық  құжатқа  мұқтаж  болатын.  Олар  «Қазақстан  –2030»  ел  дамуының 
Стратегиясында  тұжырымдалды.  1997  жылдың  қазан  айында  Президент  Н.Ә.Назарбаев 
республика  халқына  «Қазақстан  –  2030»  деген  атпен  жолдау  қабылдап,  онда  еліміздегі 
дағдарыстан  шығудың  және  жүріп  жатқан  реформаларды  аяқтаудың,  сондай-ақ  алдыңғы 
қатарлы 
мемлекеттердің 
қатарына 
қосылудың, 
немесе 
«Қазақстан 
барысын» 
қалыптастырудың  жаңа  бағдарламасын  ұсынды.  Бағдарламада  еліміздің  саяси,  әлеуметтік-
экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары 
мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті 
басымдықты іске асыру көзделген: 1) ұлттық қауіпсіздікті сақтау; 2) ішкі саяси тұрақтылық 
пен  қоғамның  топтасуын  нығайту;  3)  нарықтық  қатынастар  негізінде  экономикалық  өсу;  4) 
Қазақстан  азаматтарының  денсаулығы,  білімі  мен  әл-ауқатын  көтеру;  5)  энергетика 
ресурстарын  жете  пайдалану;  6)  инфрақұрылым,  көлік  және  байланысты  дамыту;  7) 
демократиялық кәсіби мемлекетті құру.  
1994 жылдан 2007 жылдың аяғына дейін еліміз өз экономикасына әлемнің 60 елінен 70 
миллиард  доллардан  астам  тікелей  инвестиция  тартты.  Бүгінде  Орталық  Азияға  келген 
барлық  инвестициялардың  80  %    Қазақстан  еншісінде.  Ал  экономикаға  қосылған  ішкі 
инвестицисының  көлемі  қазіргі  күні  80  миллиард  доллардан  асып  түсіп  отыр.  Сонымен 
қатар,  Қазақстан  басқа  елдерден  келген  инвестиция  көздерін  өз  экономикасын  көтеру  ісіне 
тиімді  пайдалана  отырып,  енді басқа елдерге де  инвестиция  сала алатын донор  мемлекетке 
айналды.  Қазір  оның  қаржысы  Ресей  мен  өңірдегі  елдерге,  Түркия  мен  Кавказ  елдеріне, 
Қытай және басқа да алыс-жақын шет ел экономикасына салынып жатыр (Егемен Қазақстан. 
15.12.2008).  
Әлемдік  деңгейдегі  менеджмент  қызметі  құлдырау  жағдайында  болған  аса  ірі 
кәсіпорындарды қысқа мерзімде қайта өркендетуге мүмкіндік берді. Әлемдік рынокқа шығу 
және  әлемдік  шаруашылық  байланысқа  белсенді  кірігу  қамтамасыз  етілді.  (Н.  Назарбаев. 
Жаңа кезең - жаңа экономика. – Егемен Қазақстан, 16 желтоқсан 2004).  
Осының нәтижесінде республика экономикасының барлық дерлік салаларында, әсіресе, 
ауыл  шаруашылығында,  сауда  мен  қызмет  көрсету  саласында  жеке  меншік  секторы  басым 
бола  түсті.  Нарықтық  экономиканың  жетекші  бір  факторы  мемлекеттік  емес  сектор  үлесін 
серпінді ұлғайту болып табылады.  


163 
 
Нарықтық  экономикаға  көшу  бастапқыда  өнеркәсіптің  дамуына  жол  ашпады.  Халық 
шаруашылығының  бұл  саласын  дамытуда  көптеген  қиыншылықтар  кездесті.  Тәуелсіздіктің 
алғашқы  жылдары  өнеркәсіп  салалары,  әсіресе,  ауыр  индустрия,  халыққа  аса  қажет  жеңіл 
өнеркәсіп  орындары  біртіндеп  тоқтай  бастады.  Кәсіпорындардың  көпшілігі  қажетті 
материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе қаржының жетіспеуінен өз қуаттарын толық 
пайдалана  алмады.  Күрделі  құрылыстың  қысқаруы  экономикаға  кері  әсер  етті. 
Экономиканың  тұрақтануына  қаржы-ақша  жүйесінің  терең  дағдарысы  кесірін  тигізді. 
Өнеркәсіп  орындарының  жартысы  1992  жылы  1991  жылғы  деңгеймен  салыстырғанда 
өндірістің  құлдырауына  жол  берді.  Халық  тұтынатын  тауарлар  күрт  азайып  кетті.  Оны 
өндіру  көлемі  өнеркәсіп  өндірісінің  бүкіл  көлемінің  бестен  бір  бөлігін  ғана  құрады,  сөйтіп 
1991 жылмен салыстырғанда 21,5%-ке кеміді. Республика бойынша мұнай мен көмір өндіру 
қысқарды.  Металлургия  өнеркәсібінде  күрделі  жағдай  қалыптасты:  шойын,  болат,  прокат 
құю азайды. Түсті металлдар өндірісі қысқарды.  
1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша 
ірі  объектілерді  жекешелендіру  жөніндегі  жұмыс  қарқын  алды.  Бірақ  осыған  қарамастан 
өндірістің құлдырауы тоқтамады. Оның басты себебі – Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан 
шаруашылық 
қатынастардың 
үзілуі, 
оның 
шикізат 
өндіруге 
бейімделген 
сыңаржақтылығында,  дайын  тауар  өндіретін,  әсіресе,  машина  жасау  салаларының 
жоқтығында болды.  
Қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің 
өнеркәсібін  жандандыруда  бірсыпыра  шараларды  іске  асырды.  Соның  нәтижесінде  1999 
жылы  мұнай-газ  өндіру,  металлургия,  химия,  полиграфия  және  тоқыма-тігін 
өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1%-ға, ал 
өндіріс көлемін арттыру 1,8%-ға өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті. 
Батыс  Қазақстан  аймағында Теңіз  бен Қарашығанақ сияқты  мұнай-газ  кен  орындарын 
игеру  жөніндегі  ауқымды  жобаларды  іске  асыру  жүргізіліп  жатыр.  Каспий  аймағында 
өнеркәсіптік мұнай өндіруді 2005 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Жамбыл облысы 
жеріндегі  Амангелді  газ  өндіру  орнын  игеру  жұмысы  басталды.  Мұнайды  әлемдік  нарыққа 
жеткізудің  баламалы  нұсқалары  –  Атырау-Баку-Жейһан,  Қазақстан-Түркменстан-Иран, 
Батыс Қазақстан-Қытай бағыттарын да үлкен болашақ күтіп тұр.  
Ақтау  теңіз  портын,  Достық-Алашанькоу  шекаралық  өткелін  және  Достық-Ақтоғай 
теміржол  учаскесін  қайта  жаңалау  жұмысы,  Семейдегі  Ертіс  көпірі  мен  Ақсу-Дегелең 
теміржол  құрылысы  аяқталды.  Алтынсарин-Хромтау  арасындағы  теміржол  құрылысы 
аяқталып,  2004  жылдың  соңына  қарай  іске  қосылды.  Алматы-Астана  автожолын  жаңадан 
жөндеу жұмысы 2003 жылы аяқталды. Алматыдағы әуежай қалпына келтірілді. Жалпы 2002 
жылы  бұрынғы  2001  жылмен  салыстырғанда  өнеркәсіп  өнімінің  жалпы  көлемі  9,5  пайызға 
артты.  
90-шы  жылдардың  басында  ауыл  шаруашылығы  елеулі  дағдарысты  бастан  кешірді. 
Оның  басты  себебі  –  ауыл  шаруашылығы  мен  өнеркәсіп  салалары  өнімдерінің  арасындағы 
үлкен алшақтық еді.  Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы 
колхоздар  мен  кеңшарларды  жаппай  және  тез  арада  жекешелендіру  науқанының  үлкен 
зардабы  тиді.  Бұрын  600-ден  астам  астық  өндіретін,  700-дей  қой  шаруашылығымен 
шұғылданатын кеңшарлар мен колхоздар, 80-дей құс фабрикасы бар еді.  
Егіншілік өнімдері азайып, егін егетін жер көлемі қысқарды. Жалпы ауыл шаруашылық 
өнімі  1992-1998  жылдары  аралығында  55  пайызға  қысқарған,  астық  өндіру  30  миллион 
тоннадан  12  миллион  тоннаға  азайған.  Аграрлық  сектордың  басты  бір  саласы  –  мал 
шаруашылығы едәуір төмендеді. Малдың саны азайып кетті. Мал мен құстың кемуі негізінен 
осы салаға деген көзқарастың нашарлауынан болды. Малға қажетті жем-шөп аз дайындалды. 
Жекешелендіру нәтижесінде жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар сатылып кетті, немесе 
ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Егер 1991 жылы 9,8 млн. бас ірі қара 
болса, 2002 жылы 4,4 млн. бас қана қалды, тиісінше қой мен ешкі 35,7 млн. бастан, 10,4 млн. 
басқа дейін, жылқы 1,6 млн. бастан 1,0 млн. басқа дейін азайып кетті.  


164 
 
Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған 
шараларды іске асыруда. Ауыл шаруашылығына 1996 жылғы бюджеттен 4,3 миллиард теңге
1997 жылы 5,3 млрд. теңге бөлінді. 1996 жылы Азия даму банкісі тарапынан Қазақстанға 100 
миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлінді. Оның 50 млн. доллары 1997 жылы ауыл 
шаруашылығына  жұмсалды.  Тек  1996  жылы  630  егін  және  100  мақта  жинайтын  шетелдік 
комбайндар сатып алынды. 1999 жылы оған 9 млрд. теңге бөлінсе, 2000 жылы агроөнеркәсіп 
саласына 11 млрд. теңге жұмсалды.  
Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 2000 жылы республика 
көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 
өндірістік кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс 
істеді.  Сөйтіп,  1999-2001  жылдар  аралығында  ауылда  тиімді  шаруашылық  жүргізуге 
қабілетті  меншік  иелері  қалыптаса  бастады.  Қазақстан  Республикасының  Президенті  Ауыл 
шаруашылығында  жүргізілген  реформаның  нәтижесінде  өндірілген  өнімдердің  99  пайызы 
жеке  меншік  құрылымдарының  үлесіне  тиді.  Мемлекет  ауыл  шаруашылығына  салықты 
азайтты. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының бұрынғы қарыздарының барлығы жойылды. 
Басқа қарыздары 5-6 жылға ары қарай ұзартылды.  
«Астық  үшін  айқас»  кезеңдері  ұмытылды.  Ауыл  шаруашылығын  одан  әрі  дамытудың 
жаңа  кезеңі  2002  жылдан  басталды.  Бұл  2005  жылға  дейінгі  уақытты  қамтуға  тиіс  кезең 
аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу 
және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. 
Үкімет  2002  жылдан  бастап  ауыл  шаруашылығына  қатысты  үлкен  жүйелі  жұмыстарды 
жүргізе  бастады.  2002  жылы  маусымда  мемлекеттік-аграрлық  бағдарлама  қабылданды.  Ол 
2003-2005 жылдарды қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. 
Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының проблемаларын кешенді шешу үшін 2003-
2005 жылдар Ауыл жылдары болып жарияланды. 2002 жылы ауыл шаруашылығы салаларын 
қолдау  мақсатында  мемлекеттік  бюджеттен  30  млрд.  тенге  қаржы  бөлінді.  2003  жылдан 
бастап  ауыл  шаруашылығын  және  оған  байланысты  салаларды  бюджеттік  қаржыландыру 
елеулі түрде өсті.  
Кейінгі  жылдары  Қазақстан  аграрлық  секторды  дамытуда  айтарлықтай  нәтижелерге 
жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2002 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті. 
Инвестициялар 3 еседен астам ұлғайды. Бұл аграрлық секторды мемлекеттің орасан қолдауы 
нәтижесінде мүмкін болды. Жоғарыда аталған ауылды қолдаудың үш жылдық бағдарламасы 
ел  ішін  дамытуға  қуатты  серпін  берді.  Қабылданған  шаралар  ауыл  шаруашылығындағы 
тауар  айналымының  4  есеге  жуық  жалпы  өсіміне  оң  ықпал  етсе,  ол  4  миллиард  АҚШ 
доллары мөлшерінен асып түсті (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы 
Қазақстан  халқына  Жолдауынан.  –  Егемен  Қазақстан,  2008,  7  ақпан).  2007  жылы 
ауылшаруашылық  дақылдарының  барлық  дерлік  түрлері  бойынша  жақсы  өнім  алынды. 
Әсіресе,  ел  диқандары  жақсы  көрсеткіштерге  қол  жеткізді.  Республика  бойынша  22,5 
миллион тоннадан астам астық орылды. Қазақстан астық өндірісінің жан басына шаққандағы 
көлемі  мен  ұн  экспорты  бойынша  әлемде  бірінші  орынға  шықты.  Соңғы  он  жылда  ауыл 
шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 3 есе дерлік артты.  
Тәуелсіздік алған Қазақстанның көлік қатынасында темір жолдың маңызы ерекше зор. 
1997 жылғы 31 қаңтарда Үкімет қаулысымен Алматы, Тың және Батыс Қазақстан темір жол 
бөлімдері  біріктіріліп,  республикалық  мемлекеттік  «Қазақстан  темір  жолы»  кәсіпорны 
құрылды.  Ал  2002  жылы  бұл  кәсіпорын  Үкіметтің  қаулысымен  «Қазақстан  темір  жолы 
ұлттық  компаниясы»  жабық  акционерлік  қоғамына  айналдырылды.  2002  жылы 
Қазақстандағы темір жолдың ұзындығы 13,6 мың шақырымға жетті, оның бойындағы темір 
жол станцияларының саны 720 болды. Халықаралық темір жол қатынасын дамытуда Достық 
станциясы  маңызды  рөл  атқарады.  Өйткені  ол  Европа  және  Азия  елдерінің  арасындағы 
экономикалық  байланыстарды  жүзеге  асыруда  үлкен  орын  алады.  1991  жылы  қыркүйекте 
Достық станциясы арқылы Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасу, ал 1992 жылы маусымда 
жолаушылар  тасу  жүзеге  асырылды.  1994  жылдан  бастап  Достық-Алашанкоу  станциялары 


165 
 
арқылы  халықаралық  жүк  тасу  жүргізіле  бастады.  Нәтижесінде  Қазақстан  мен  Қытай, 
Өзбекстан және Оңтүстік Корея сауда байланыстары Достық станциясы арқылы едәуір өсті.  
«Қазақстан-2030» бағдарламасының талаптарына сай 1998 жылы мамыр айында алғаш 
рет  егемен  Қазақстанның  тарихында  Павлодар  облысының  Ақсу  қаласы  мен  Шығыс 
Қазақстан облысындағы Конечная темір жол құрылысы басталып, 2000 жылы 8 желтоқсанда 
аяқталды. Жолдың жалпы ұзындығы – 184 шақырым. Жолды салуға республиканың әртүрлі 
аудандарынан  1500  жұмысшы  қатынасты,  құрылысқа  6,5  млрд.  тенге  жұмсалды.  Бұл  жол 
елдің  Солтүстік  және  Шығыс  облыстарының  арасындағы  қатынасты  600  шақырымға 
қысқартты. Павлодар облысының Ақсу және Май аудандары жеріндегі табиғи байлықтарды 
игеруге мүмкіндік берді.  
Егемен  Қазақстан  жеріндегі  екінші  маңызды  темір  жол  құрылысы  Қостанай 
облысындағы  Алтынсарин  станциясы  мен  Ақтөбе  облысының  Хромтау  қаласын 
байланыстыратын  темір  жол  магистралы.  Жолдың  ұзындығы  387  шақырым,  құрылыс 
жұмысы  2001  жылдың  маусым  айында  басталып,  2004  жылдың  қараша  айының  соңында 
аяқталып,  пайдалануға  берілді.  Бұл  жол  Қазақстанның  Солтүстік  және  Орталық  аймақтары 
арасындағы  жол  қатынасын  1,5  мың  шақырымға  қысқартты  және  елді  Ресейдің  Қарталы-
Орск  темір  жолына  бағыныштылықтан  босатты.  Бұл  жолмен  Қазақстанның  Орталық  және 
Солтүстік  аудандарынан  Батыс  облыстарға  хром  рудалары,  астық,  ал  Ақтау,  Новороссийск 
және  Одесса  теңіз  порттары  арқылы  Украинаға  қара  металл,  ферросплав,  сондай-ақ  Ақтау 
арқылы  Республиканың  солтүстік  облыстарынан  Иранға  жыл  сайын  5,5  мл.  тонна  астық 
жеткізу көзделген.  
1991-1994 жж. Арыс пен Шу станциялары арасындағы 600 шақырымдық жолды электр 
жүйесіне қосу жұмысы аяқталды. Ал 1993 жылдан бастап Шу мен Алматы арасындағы темір 
жолды  электр  қуатына  қосу  басталды.  1996-1999  жылдары  қашықтығы  190  шақырым  Шу-
Отар  темір  жолын  электр  қуатына  көшіру  аяқталды,  2000  жылы  ұзындығы  90  шақырым 
Отар-Ұзынағаш  учаскесі  іске  қосылды,  ал  2002  жылдың  көктемінде  Отар  мен  Алматы 
арасындағы  темір  жол  магистралын  электр  қуатымен  жұмыс  істеуге  көшіру  біржолата 
аяқталды.  
Халықты  жұмыспен  қамту  проблемасы  күрделенді.  1991  жылдан бастап  республикада 
жұмыссыздық  басталды.  Әсіресе,  ауылдық  жерлерде  кеңшарлардың  таратылуына 
байланысты  жұмыссыздық  көбейді.  Жастар  жұмыс  іздеп  қалаға  шұбырды.  Қалаға  келгенде 
не баспана, не дайын жұмыс пен табыс жоқ, сенделіп жүріп, азын-аулақ саудамен, рэкетпен, 
ұрлық-қарлықпен шұғылданып, мыңдаған қазақ жастары қылмыскерлер қатарын толтырды.  
Қазақстанның  әлеуметтік  саласындағы  басты  мәселелердің  бірі  –  зейнетақымен 
қамтамасыз  ету.  Соңғы  кезде  елімізде  зейнеткерлердің  қатары  едәуір  өсіп,  олардың  саны 
2002 жылы 3 млн. адамға жетті. Үкімет зейнетақы мәселесі шешу үшін үш бағытта бірқатар 
жұмыс жүргізді. Бірінші – зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екінші – зейнетақыны 
уақытында төлеу, үшінші – зейнетақы жүйесін реформалау. Бұл үш бағытта жүргізілген іс-
шаралар  бірсыпыра  қайтарымын  беріп,  1999  жылдың  зейнетақы  қарызын  төлеуде  бірқатар 
шаралар  іске  асырылды.  Әсіресе,  7-8  ай  бойы  зейнетақыларын  ала-алмай  келген  ауыл 
тұрғындарына  ерекше  көңіл  бөлінді.  Зейнетақыны  одан  әрі  арттыру  бағытында  шаралар 
жүргізілді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 1998 жылы 3 мың теңге болса, 
2000-жылы 4 мың теңгеге жетті. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері 
үш  мәрте  артып,  23  пайызға  өсті.  2003  жылдың  басында  Президенттің  жарлығымен  ең 
төменгі зейнетақы көлемі 5 мың теңгеге жетті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы 
мөлшері 5800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері – 8335 теңгені құрады.  
Елімізде  реформалау  нәтижесінде  аралас  әрі  ерікті  жинақтаушы  зейнетақы  жүйесі 
құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 миллионнан астам зейнеткер ынтымақты негізде 
зейнетақы  төлемдерімен  қамтамасыз  етілді.  Зейнетақы  индексациялаумен  бірге  2003  жылы 
оны  саралап  өсіру  жүзеге  асырылды.  Жеке  жинақ  принциптеріне  негізделген  қамтамасыз 
етудің  бір  ғана  түрі  –  жинақтаушы  зейнетақы  жүйесі  ойдағыдай  дамытылуда.  2004  ж.  бір 
мемлекеттік және 15 жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларындағы 6,5 млн. азаматтың 


166 
 
жеке  есепшоттарында  415,2  млрд.  теңге  зейнетақы  жинақталды.  Оның  ішінде  115,7  млрд. 
теңгесі  инвестициялық  кірістен  түскен.  Халықтың  зейнетақылық  жинақтаулары  тұрақты 
түрде көбеюде, оның көлемі 2008 жылдың басында 1,1 триллион теңгеден асып түсті.  
Сөйтіп,  біз  зейнетақы  жүйесін  реформалауды  табысты  жүргіздік.  Базалық  зейнетақы 
төлемдерін  есепке  алғанда,  ең  төменгі  зейнетақы  көлемі  1998  жылдан  бері  4,3  есе,  ал 
зейнетақы  төлемдерінің  орташа  көлемі  3,3  есе  көбейді.  1,6  миллионнан  астам  адам 
мемлекеттік зейнетақыны республикалық бюджеттен алады (Егемен Қазақстан. 15.12.2008). 
Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш  – тұрғын үймен қамтамасыз ету.  Бұрын 
да,  қазір  де  тұрғын  үй  адамдардың  ең  басты  мұқтажы  болып  отыр.  90-шы  жылдары 
республикада тұрғын үй салу төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жылдан 
бастап  ілгерілеуімен  байланысты  тұрғын  үй  құрылысы  соңғы  жылдары  қайтадан  көтерілді. 
2002  жылы  үй  құрылысына  29,4  млрд.  тенге  инвестициялық  қаржы  жұмсалды  немесе  2001 
жылмен  салыстырғанда  7,9%-ке  артты.  Жаңадан  1402,7  мың  шаршы  метрді  қамтитын  11,2 
мың  пәтер  іске  қосылды.  Үй  құрылысы,  әсіресе,  Алматы  мен  Астана  қалаларында  кең  өріс 
алды.  2004  жылғы  көктемдегі  Президенттің  халыққа  жолдауында  республикадағы  арзан  үй 
құрылысын  кеңейту,  ұзақ  мерзімге  9-10  пайызбен  берілетін  ипотекалық  несиелер, 
жинақтаушы тұрғын үй банкілерінің көмегімен мүмкіндігі төмен отбасыларын тұрғын үймен 
қамтамасыз ету бағдарламасы жарияланды және оны іске асыру үшін Үкімет қазір қарқынды 
жұмыстар  жүргізуде.  2005-2007  жылдары  19  млн.  шаршы  метрден  астам  тұрғын  үй 
пайдалануға берілді.  
2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары 1,5 есе 
көбейді.  Бұл  қазақстандықтардың  кірісін  айтарлықтай  арттырды,  оған  мынадай  өсім 
индикаторлары  дәлел  болады.  1999-2004  жылдары  ең  төменгі  жалақы  көлемі  2,5  есе  (2605 
теңгеден  6600  теңгеге  дейін);  төменгі  зейнетақы  көлемі  –  1,9  есе  (3000-нан  5800  теңгеге 
дейін); орташа жалақы – 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнетақы көлемі – 2 
есе  (4104-тен  8529  теңгеге  дейін);  күнкөріс  шегі  –  1,5  есе  (3394-тен  5394  теңгеге  дейін); 
орташа    мемлекеттік  әлеуметтік  жәрдемақы  көлемі  –  1,3  есе  (3441-ден  4670  теңгеге  дейін) 
өсті (Н.Назарбаев. Жаңа кезең - жаңа экономика. // Егемен Қазақстан, 16.12.2004). 
Тұтастай  алғанда,  90-шы  жылдардың  аяғымен  салыстырғанда  2007  жылы  әлеуметтік 
қамсыздандыруға  шығындар  3  еседен  астамға  өсті.  Халықтың  денсаулығын  сақтау  және 
оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл  – Денсаулық жылы 
деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер 
жөндеуден  өтті.  Денсаулық  сақтау  саласының  88  нысаны  жаңадан  салынды.  2002  жылдың 
тағы  бір  ерекшелігі  жеке  Денсаулық  сақтау  министрлігі,  Санитарлық-эпидемиологиялық 
бақылау  және  Фармация  комитеті  құрылды.  Ал  2007  жылы  ғана  республика  бойынша  23 
денсаулық сақтау нысаны салынды. 
Соңғы  он  жылда  (1997-2007)  мемлекеттің  денсаулық  сақтау  саласына  шығыны  13  есе 
өсіп, 2007 жылы 338,5 миллиард теңгені құрады. 1991 жылдан бері денсаулық сақтаудың 290 
нысаны  салынып  немесе  қайта  жөнделіп,  оларға  100  миллиард  теңгеден  астам  қаржы 
жұмсалды.  Соңғы  бес  жылда  алғашқы  көмек  көрсету  буынын  құрал-жабдықтармен  және 
медициналық техникамен жарақтандыру 3 есеге жуық өсті. Тұрғындарға тегін медициналық 
қызмет  көрсетуді  қаржымен  қамтамасыз  ету  көлемі  кепілдендірілді  және  2003  жылдан 
бастап  өткен  кезең  ішінде  мемлекеттің  осыған  бағыттаған  шығыны  3  есеге  артты  (Егемен 
Қазақстан. 15.12. 2007). Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2010 жылға дейінгі 
Мемлекеттік бағдарламасы табысты жүргізілуде.   
Қазақстан  Республикасы  Президенті  Н.  Назарбаевтың  2005  жылғы  18  ақпандағы 
Қазақстан халқына Жолдауында (Егемен Қазақстан, 2005 ж. 19 ақпан) атап көрсеткеніндей: 
Бүкіл  дүниежүзілік  банктің  жіктемесі  бойынша  қазіргі  уақытта  Қазақстан  кірісі  орта 
деңгейдегі  елдердің  тобына  кіреді.  Егер  өмір  сапасының  негізгі  көрсеткіштерін 
салыстыратын  болсақ,  онда  соңғы  10  жылда  (1995-2005  жж.)  қазақстандықтардың  орташа 
ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; 
зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері 


167 
 
мен  бір  кісінің  жасайтын  салымының  көлемі  тиісінше  35  және  37  есе  өскенін  көреміз. 
Тұтастай  алғанда,  1997  жылдан  2007  жылдың  аяғына  дейінгі  кезеңде  еңбекақының  ең 
төменгі өлшемі 4,5 еседен астамға өсті, орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 
50 мың 800 теңгеге дейін – 6 есеге жуық артты.  
Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға 
өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 
2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауынан. – Егемен Қазақстан, 7.02.2008).  
Ал  осы  жылдар  ішінде  Қазақстанда  жүздеген,  мыңдаған  жаңа  кәсіпорындар  пайда 
болды.  Қазіргі  кезде  автомобиль  құрастыратын,  оның  ішінде  жеңіл  автокөліктер  де 
құрастыратын  бес  кәсіпорын  жұмыс  істейді.  Бүгінде  Қазақстанда  радиотехника  мен 
компьютер  де  құрастырылады.  Жиһаз  жасау  өнеркәсібі,  құрылыс  индустриясы  және  басқа 
салалар серпінді дамуда. 
Қазақстан  ТМД  мемлекеттерінің  арасында  өзінің  әлеуметтік-экономикалық  дамуы 
жағынан  алдыңғы  қатарға  шығып  отыр.  Қазақстан  бүгін  әлемнің  ең  серпінді  дамып  келе 
жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің 
қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Біздің мемлекет 
тәуелсіздіктің он алты жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де 
тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.   
 
Бақылау сұрақтары: 
 
           1.  Елдің  экономикалық  қауіпсіздігін  анықтайтын  экономиканың  стратегиялық 
маңызды секторларына мемлекеттің ықпалы қандай ұлттық компаниялар арқылы сақталды? 
  2. 2003-2005 жылдар Ауыл жылдарына қанша қаржы бөлінді? 
  3.  «Қазақстан-2030»  бағдарламасының  талаптарына  сай  қандай  темір  жолдар  іске 
қосылды? 
  4.ХХІ ғ.басында тұрғын үй құрылысы қалай жерді? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет