91
Черняевтің алты жарым рота жаяу әскермен бір жарым жүздік казактардан тұратын
отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым қазақтан
тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың күзінде оны
басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері
жалғастырылды.
1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып
алды. 1866 жылдың жазында патша ІІ Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы
жарлық шығарды. Бір жылдан кейін 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және
Сырдария облыстары кіретін, орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-
губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды.
Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата,
Шымкент, Ташкент т.б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге
асырылды. Орыс әскерлері мұсылмандардың қасиетті жерлерін (Қожа Ахмет Яссауи, т.б.)
қорлап, оларды қиратты. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы
Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің
қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3170-ке дейін
жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің
діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты
одан әрі жорыққа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды.
ХІХ ғасырдың 60 жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін
Қазақстанның бүкіл территориясы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды. 1867-68
жылдары Түркістан және Далалық өлкені басқару туралы “Уақытша Ереженің”
қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде
заңдастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: