Зерттеу мақсаты – білім беруді цифрландыру жағдайында информатика тарихы курсын оқытуды теориялық тұрғыдан негіздеп, оқыту әдістемесін жасау.
Зерттеу нысаны – педагогикалық жоғары оқу орнында болашақ информатика мұғалімін дайындау үдерісі.
Зерттеу пәні –білім беруді цифрландыру жағдайындағы «Информатика тарихы» курсының әдістемесі.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер төңкерілген цифрлық оқыту ресурстарын пайдаланатын «Информатика тарихы» курсын оқытудың ғылыми негізделген әдістемесі жасалса, онда білім беруді цифрландыру жағдайында болашақ информатика мұғалімдерінің кәсіби пәндік дайындығы бойынша білімдерінің жүйелілігі қамтамасыз етіледі.
Зерттеудің жетекші идеясы: Білім беруді цифрландыру жағдайында информатика тарихы курсын төңкерілген оқыту ресурстарын пайдаланып оқыту әдістемесінің тиімділігі оқу үдерісіне цифрлық технологиялардың енуімен қатар, болашақ информатика мұғалімдерінің кәсіби пәндік дайындығы бойынша білімін дамытуға мол мүмкіндік бере отырып, қоғам талабына сай бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал жасайды.
Зерттеудің мақсаты ұсынылған болжамды жүзеге асыру үшін келесі негізгі міндеттермен нақтыланады:
болашақ информатика мұғалімдеріне информатика тарихын оқытудың қазіргі жағдайына талдау жасау;
болашақ информатика мұғалімдерін информатика тарихы саласы бойынша цифрлық білім беру технологиялары негізінде дайындауды жетілдірудің қажеттілігін негіздеу;
білім беруді цифрландыру жағдайында информатика тарихы курсының мазмұнын іріктеп, төңкерілген оқыту ресурсын дайындау;
болашақ информатика мұғалімдеріне информатика тарихы курсын төңкерілген оқыту ресурсын пайдаланып оқыту әдістемесін жасау және ұсынылған әдістеменің тиімділігін педагогикалық эксперимент жүзінде дәлелдеу.
Зерттеу әдістері:философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге теориялық талдау жасау; педагогикалық тәжірибелерді талдап қорыту; психологиялық-педагогикалық әдістер, оның ішінде: бақылау, әңгімелесу, сауалнама жүргізу, оқу әрекеті нәтижесін талдау, сараптап бағалау әдісі, математикалық-статистикалық әдістер.