Д. байдрахманов шығармаларындағЫ Ұлтжандылық МӘселесі абдуллаева Айнагул Әбдіхалыққызы ф.ғ. м



Дата15.09.2017
өлшемі81,01 Kb.
#32781
Д.БАЙДРАХМАНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Абдуллаева Айнагул Әбдіхалыққызы ф.ғ.м.,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы
Шиелі өңірінен ұлтымыз ұлағат тұтатын азаматтар көптеп шыққан, соның ішінде қазақ әдебиетімізге 1970 жылдары келген әдеби толқындар легіне қосылатын танымал ақынның бірі - Дәулетбек Байдрахманов. Ол 1946 жылы наурыз айының оныншы жұлдызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты атақты диқан, екі дүркін Еңбек Ері атағын алған Ыбырай Жақаев тұратын Иіркөл ауылдық кеңесінде (Ақтоған) қазіргі Досбол аулында дүниеге келген. Сүйікті анасы Үрімханнан ерте айрылған Дәулетбек әкесі Байдрахман (Бәйден) тәрбиесінде қалады. Бәйден ақсақал білікті диқан, ескіше мектеп есігін ашпаған, бірақ көкірегі ояу жырға біртабан жақын еді. Ел арасында естіген жырын екінші қайталатпай бірден жатқа алатын құйма құлақ жырау кісі болатын. Білетіндер нағашысы белгілі сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіптен келген деседі. Олай дейтін де орны бар, ептеп ойдан өлең де шығарады. Әсіресе қазақтың ескі аңыз дастандарын, Шораяқтың Омары Таубай ақындардың жырларын тәулік бойы жатқа айтудан жалықпаған екен. Осылай жастайынан жанұясында әке жырымен сусындаған Дәулетбек жырға құмар болып өседі.

Ақынның алғаш жазған поэмасы (1971 жыл) Жадыра Таспамбетова протипін сомдаған «Қайсар қыз» поэмасында мектепті жаңа бітіріп,ауыл өміріне енді араласып, комбайн штурвалына отырған қыз басына төнген ауыр оқиға жайлы баяндалады.

2011 жылы ақын Дәулетбек Байдрахмановтың «Отан деп соққан жүректер» атты екі томдық кітабы жарыққа шықты. Кітаптың өзі көзге көркем көрінетін, айшықты да саналы шыққан. Кітаптың аты да әрбір оқушының жүрегіне нұр құйып тұр. Елін, жерін, халқын, дінін, ділін, тілін сүйетін әрбір адамның жүрегі Отан деп сайрап тұратыны өзі белгілі жай. Кітапты қолыңа алып атын оқығаннан-ақ Отанға деген сүйіспеншілігің артып, жүрегің елжірей түсетіні анық.

Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.

Елжандылық идея, отаншылдық сезім – адамда жүре пайда болатын, жеке тұлғаның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, әлеуметтік құбылыс.

Отаншылдық сезім жалпы адам баласына тән адами түйсік қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, түйсінуін, қуаттып қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші.

«Қазақстандық патриотизм» - ұғымы осы түсінікті байыта түседі. Ол көздің қарашығындай сақтап келген туған жерін қорғау, елінің сат-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сыйлай, ана тіліне деген сый-құрмет, елі мен жерінің өркендеіне үлес қосу, Қазақстанда мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің мүддесімен санасу сияқты құндылықтардан тұрады.

Патриотизмді адамгершілік қағидаларынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені, Отан абстрактылы ұғым емес. «Отан – тірісі бар, өлісі бар, тіпті тумағандары бар – бүкіл рулар мен ұрпақтардың рухани байланысы», - дейді Д.Меренковский [1,43].

В.А.Макаров: «Патриотизм - кез-келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтардың ғасырлар бойғы тұтастығын қамтитын құбылыс», - деп тұжырымдайды [2, 65]. Ал Н.И.Губанов былай деп ой түйеді: «Шын мәніндегі патриотизм кім-кімнің болса да өз Отанына шексіз берілгендігі, сонымен бірге өзге халық мақтанышына құрмет қарау болмақ. Ал мұндай қасиет іс-әрекет пен идеяның, ықыластың бірлігінің айғағы іспетті» [3].

Осы айтылғандардың барлығы патриотизм қоғамдық сананың бір формасы, тарихи және классикалық категория екенін, яғни ол да қоғам дамуымен бірге дамып, жаңа мазмұнмен толыға түсетінін білдіреді.

Отан – бұл халық. Халық – бұл адам. Адам сүю, оған жақсылық жасау, жанашыр болу – адамгершіліктің белгісі. Отаншылдық көз жетпейтін көне ғасырлардан келе жатқан құндылық. Қай ғасырда болмасын тәрбие мәселесі назардан тыс қалып көрген емес. «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» [8], - деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар.

Дәулетбек ақынның ерекше бір қасиеті оның жүректілігінде, өмір деген үлкен жолдың шығысынан гөрі қызығына мойындайтындығы, бықсып-бүксімей үркеңдемей кеудесін кеңге салып, шалқып тасып жүретіндігінде. Отан деп соққан жүрек оны тек қана алға,тек қана биікке көтеріп жүргені. «Отан деп соққан жүректер» жинақтарындағы арнау өлеңдерін әдеби сыншылар, сала мамандары Дәулетбектің, осы жинағының айрықша жаңалығы, басты ерекшелігі- «жыр-күнтізбе» екенін ерекше атап өтіпті.

«Менің ауылым

Алмалы құмшауытта,

Неге екенін білмеймін мұншалықты

Тербейді өз анамдай алтын бесік

Бойымдағы қозғайтын жыр шабытты»-деп жырға қосқан.

Облыстағы алғаш Әділет Генералы атағын алған Бекзатқан Асқаров ағасының рухына арнап «Алдаспан» поэмасын жазды. Асқан шабытпен жазылған жыр жолдарының соңында:

«Өзіңдей ұлық тұттың Марқасқаны,

Ұрпақтың жарасымды жалғасқаны.

Бақұл бол, Бекзат бауырым, қимас досым,

Болдың сен әділдіктің Алдаспаны, - деп түйіндейді.

Хал сұрай барған достарына: «Мен де поэма кейіпкеріне айналған жоқпын ба, енді өзім туралы жыр-дастан бастадым», - деп айтқан екен. Сол шабыттың үстінде отырып, «Шиелім-Швейцариям» деген өлеңіне өзінің әуен шығарғанын, оған талантты композитор ән жазғанын айтып, өзі өлеңді нақышына келтіріп, асқақтата шырқап, айтып беріпті. Оның ұйқас таба алмай қиналып отырған сәті жоқ. Қара сөзден өлеңге бейім, аяқ астынан өлеңді төгіп-төгіп жіберетін сәттері көп. Оның барлық өлеңінде ешқандай жеңілтектік жоқ, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп жататын әуендер.

Өлеңнен, әннен туған жерге деген ақын шабытының аса ыстық екенін, оны жүрегімен, жанымен езіле, сүйсіне шырқағаны сезіліп тұр.

Туған жер жүрегіммен кеңеседі,

Шиелі көз алдымда, келешегі.

Өркениет алпауыт қалалармен,

Саспаңдар, менің Шиелім теңеседі, - деп туған жерін аса бір құштарлықпен асқақтада жырлайды.

Көзінің тірісінде туған жерін жанындай жақсы көрген ақын оны барынша жырлап, әспеттеп шарықтата білді. Тіпті Алматыдағы досына:

Сұлу жердің қанығып шәрбатына,

Көшіп кел деп жатырсың әр хатыңда.

Мен мына киелі отан – Шиелімді,

Айырбастай алмаймын Алматыңа, - деп өлеңмен хат жазып, жауап берген екен. Шиеліні «Швецарияға» теңеген, сұлулығын жыр еткен, үлкен шабытпен жұрт арасына таратқан.

Шиелі ән елі де, күй елі де,

Тең келетін жер бар ма Шиеліме.

Көркейіп өсіп келет күннен күнге,

Бір қала сұлу Сырдың жиегінде, - деп туған өлкесінің көркейе береріне үлкен үмітпен қарады.

Дәулетбек Байдрахманұлының біраз өлеңдеріне әндер жазылды. «Шиелім-Швейцариям», «Шиелі», «Астана», «Алмалы ауылым», «Жадыра» т.б.

Оқу-тәрбие үрдісінде жер, Отан, тау, тас, табиғат, жан-жануарлар т.б. туралы жұмбақтар бастауыш сынып оқушыларының еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін дамытады.

Сайып келгенде, жыр жолында Дәулетбектің жеткен жеңістері, жиған жемістері бар. Алуан жинақтарға енген топтамаларын айтпағанда, «Гүлім болсын ұсынған», «Отан деп соққан жүректер» атты кітаптары соның айғағы.

Ал, бұл ақынның «Жырдастан» жинағы тек арнауға құрылмаған, ол Алаштың арыстарын, елдің елеулілерін, Сыр бойының саңлақтарын, Шиелі шынарларының тұлғаларын жан-жақты қамтып, көркемдеп бейнелеген дүние.

«Жырдастанда» сыр топырағында түлеген көбі бүгінде ортамыздан озған, біразы қазірде ортамызда жүрген азаматтарды ақын өз жырына арқау ете білген. Қай өлеңін оқысақ та ақынның жыр жолдары жалықтырмай өз оқырмандарын алға тартып отырады. Әсіресе тарихи тұлғалар мен өнер жұлдыздары, қоғам және қалам қайраткерлері: М.Шоқай, Ш.Есенов, Ы.Жақаев, Ұ.Алтайбаева, Ш.Қазантаева, Ж.Таспамбетовалардай еңбек майталмандарын кейінгі жастарға дәріптейтін патриоттық туынды.

Ақын сонау отты жылдары Шиелі жерінен майданға аттанып «Жеңіспен қайтқан солдаттар» жайлы жазылған эсселері айрықша орын алған. 2010 жылы «Ердің ері» деген кітабы шықты.

Халық қаһарманы Б.Момышұлы: «Барлық кезде патриотизмді дерексіз, ұзақ-сонар сөзбен ұғындырудан, көбінесе мемлекетке берілген адамның мақсат-мүддесімен байланыссыз түсіндіруден қашу керек. Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту қажет. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті - өз халқына деген сүйіспеншілігі, жеке адам өз халқымен қан жағынанда, шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты» - деген болатын. Сонымен қатар, Б.Момышұлы: «Патриотизм – Отанға, (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық-емлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекеттік нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын йтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды, жеке адаммен, яғни өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді» [5] - деп патриотизм ұғымына анықтама берген болатын [5, 52].

Патриоттық тәрбие дегеніміз – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде оқушылардың ерік-жігерін табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, елін, жерін, Отанына деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдердің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың анасына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, патриоттық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр.

Кең пейілді ақынның патриоттық тақырыпта жазылған өлеңдері Дәулетбек Байдрахманұлының азаматтық-ақындық бейнесін асқақтата түседі. Өлеңімен егіз туған ұлтжанды ақынның өмірі мен шығармашылығы бүгінгі және болашақ ұрпақтың бағдаршамы деуге жарасады. Ақын мұрасын зерттеп насихаттауға тұрарлық. Ол – болашақтың еншісінде.

Қорыта келгенде, өсіп келе жатқан жас ұрпақ туған тілін біліп, ата-бабасынан қалған мақал-мәселі қазақша оқып өскендіктен оның бойына ұлтжандық дариды. Өйткені көркем әдебиетіміздегі шешендік өнер, қанатты сөздер, мақал-мәтел, ғибраттардың Отан, туған ел, халық, ұлт тақырыбын айналып өткені жоқ. Мысалы: «Опасызда отан жоқ», «Ел іші – алтын бесік», «Отан оттан да ыстық» т.б. Ертегілер мен батырлар жыры – тұнған тарих, ерлік пен елдік, рух биіктігі мен намыс, табиғатқа, туған өлкеге деген махаббатты оятатын алтын қазына болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:
1. Ә.Нысанбаев, Ф.М.Сулейманов. между мифом и разумом из опыта духовных исканий ХХ в. Алматы, 1991, 138 с.

2. Қ.Шүленбаев. Философия, Алматы, 2002, 320 б.

3. Д.Байдрахманов. Отан деп соққан жүректер. –Алматы, Кітап, 1990 ж.

4. Д.Байдрахманов. Жырдастан. –Алматы, Жалын, 1995 ж.

5. М.Жанпейісова. Педагогика. А, 2003, 360 б.

Өтініш

Тегі, аты жөні: Абдуллаева Айнагүл Әбдіхалыққызы

Қызметі: Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Ғылыми дәрежесі: Филология ғылымдарының магистрі

Жұмыс орны: Қорқыт ата атындағы ҚМУ, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы

Телефоны: 8775-848-60-21

E-mail: ajnagul.abdullaeva.1976@mail.ru



Баяндама тақырыбы: Д.Байдрахманов шығармаларындағы ұлтжандылық мәселесі

Қатысу түрі: сырттай

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет