1.12.7 Қарапайым және күрделi сүрекдiңдер. Қарапайым сүрекдiң – ағаштардың желегі бірдей биіктікте өскен, яғни, бір сатыдан (қабаттан) құралған орман. Мұндай сүрекдiңдердiң табиғатта құрылу процесі таза және аралас алқа ағаштарға тән заңдылықтарға бағынады. Оларға өсiп-өну орнының эдафикалық жағдайларын, экологиялық режимнің өзгеру деңгейiн, биотикалық себептерiн, ағаш түрлерінің биологиясы мен экологиясын жатқызу керек. Ағаш тобының пішіні, сондай-ақ, жасына сәйкес келетін бiтiмiмен тығыз байланысты. Белгілі бір ағаш түрі немесе сүрекдің үшiн құнарлы, оңтайлы ылғалды топырақта пішіні жағынан күрделi сүрекдiңдер қалыптасады.