— Өзім де жақсы көремін оны, қимаймын.
— Онда өзіңді де, оны да қинама, балам. Ал ұйықтай бер енді.
Жігіт түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Таңертең екеуміз аттанып кеттік. Жігіт жолда сырын айтты. «Енді әйеліммен қосыламын!» деді.
Осылай деп әңгімемді аяқтадым да, мен екі қызға кезек қарап, өзімнен-өзім ыржиып күлдім. Майра бірдеңені сезгендей, жымиып төмен қарады.
— Иә, ал бұдан шығатын қорытынды не? - деді содан соң.
— Ақсақалдікі дұрыс қой! - дедім мен тағы да өз-өзімнен қысылып күліп. Шал мен жігіттің сонау жайлаудағы, жұлдызды түндегі осы диалогы арқылы, соған астарлап, бұл менің Меңтайға оларды іздеп келген мақсатымның түйінін айтқаным еді. Бірақ Меңтай ештеңе ұқпағандай, үнсіз қалды.
Күн бата екі қыз мені шығарып салмақ болып, автобус тоқтайтын жерге ертіп әкелді.
— Түу, ағай, келгеніңіз қандай жақсы болды! - деді Меңтай кетерде маған ризалығын жеткізіп. - Көп рақмет. Сіз менің кеудеме керемет бір күш құйып, жігер бергендей болдыңыз. Соңғы кезде жігіттердің ешқайсысын көргім, көздеріне түскім келмеуші еді. Ал бағана сізді көргенде, неге екенін білмеймін, бірден қуанып кеттім.
— Ол Ербол ағайды өзіңнің туған ағаңдай көретіндіктен ғой, Меңтай, - деді Майра сәл жымиып, астарлай сөйлеп.
— Рас, содан болар, - деді Меңтай Майраны бірден қостап, тағы да оның сөзінің астарын ұқпағандай қалып көрсетіп. - Мен қиналған шақта сіздің бір айтқан сөзіңіз көңіліме медеу боп, қайрат берді, ағай. Сіз ол не сөз екенін білесіз бе?
— Қайдан білейін, Меңтай, мен солдаттан келгелі көп сөйледім ғой, - деп күлдім мен. - Төрт жыл жаумен үнсіз соғысқан күндердің есесін қайтардым білем.
— Есіңізде ме, сіз былай дегенсіз: «Адам өз басына түскеннің бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті. Өйтпесе оның несі адам?!» Осы сөзіңіз өмір бойы жанды жанитын жануыштай боп, көкірегімде қалды. Сіз бұл сөзді біздің бөлмеде, «Қызыл көрпені» шығарған күні айтып едіңіз.
Меніңде есіме түсті. Ол күні Одиссей мен Пенелопа жайында әңгіме болған. Сол күні Меңтай өтініп, маған Сәлима оқиғасын айтқызған.
Автобус келіп, мен қыздармен қоштастым. Меңтайдың қолын ұстағанда жүрегім аузыма тығылардай лүпілдеп қоя берді. Ол: «тағы ештеңе бітпеді ме?» деп зар қаққандай болды. Елжіреп, Меңтайдың бетіне телмірдім. Ол төмен қарап кетті. Автобус мені екі қыздан айырып, Алматыға қарай ала қашты.
XIX
Бұл күні мен ештеңе бітіре алмадым. Меңтайдың хал-жайын біліп, егер оның басы бос болса, тағы сөз айтсам деген ойым орындалмастан қалды. Орындалмағанымен, оны көргеніме мәз болып, толассыз, тоқтаусыз сөйлей бердім. Сұрағандарының бәріне жауап та қайырдым. Меңтай толық етіп айтыңызшы дегеннен кейін әр әңгіменің бүге-шігесіне дейін қалдырмай, тәптіштеп баяндадым. Мақтанып кеттім бе, масайрап кеттім бе, білмеймін, қыза келе облыстық газетте жарияланған мақалаларыма дейін көрсеттім. Осынымның бәрі орынсыз болғанын түнде, Калинин көшесіндегі жатақхананың отыз жетінші бөлмесінде жатқанда бір-ақ пайымдадым. Күні бойы мас болып, енді ғана есімді жиғандай күй кештім. «Апыр-ау, неге өсіттім? Неге көкіп, ұзақ күнге жақ жаппай, сөйлей бердім? Одан да Меңтайға оны әлі күнге дейін сүйетінімді неге айтпадым? Айтып тұрып, «адал жарын болайын, енді мені өмірлік серігің ет» деп неге жалынбадым оған?» деп өзіме өзім ұрыстым. «Жоқ, айтуға мүмкіндік болды ма» деп өзімді-өзім және ақтадым. «Ағай, басыңыздан кешкеннің бәрін бүгінгі күнге деиін толық айтып беріңізші» деп Меңтай қиылғанда мен қалай үнсіз отырамын. Оның үстіне Майра да маңымыздан шықпай қойды. Сөйтіп бір әңгімеге бір әңгіме жалғасты. Тоғыз айдың оқиғасын тоғыз сағатта айтып шығу оңай ма? Әлі де айтылмаған талай сөздер қалды... »
«Талай сөздер қалды, талай сөздер қалды...» - деймін біраздан кейін өзімді өзім қайтадан әжуалап. - Сен «сөз, сөз» деп әлі жүрсің. Ал майданнан сенімен қатар қайтқан жігіттер келе сала үйленісіп алды. Олардың қазір бір-екіден балалары да бар. Баса-көктер батылдығың жоқ боп, сүйгеніңді тек қана сырттай қызықтай берсең, өмір бойы қу тізеңді құшақтап өтерсің сен... » «Үйлену оңай, үй болу қиын ғой, - деймін мен белгілі нақылдың белгілі сөзін қайталап, тағы да ақталып. - Сомадай жігіт боп, сөз айтып тұрсаң, саған да біреу тиер-ау. Тән де табыса беретін болар. Бірақ алдымен адамның жаны үйлесуі абзал ғой. Жаны үйлескен жандар ғана жақсы өмір сүріп, қызықты күндер кешпек. Ал, жан жарасымы махаббат арқылы келмек. Махаббат - жас ғұмырдың жалынды жыры. Жастыққа тән ерекше екі қасиет ерлік пен махаббат болса, біріншісінің сынынан сүрінбегенім аян. Енді екіншісінен де сүрінбесем деймін. Ол үшін өзім сүйген жанды ғана
жар етуім керек! Ол - Меңтай ғана... Бірақ «батыл емессің» дегенің рас. Батыл болсам, баяғыда, соғыста, жүргенде Сәлимаға: «Басқа ешкімге барма, тек қана мені тос!» деп кесіп айтпайтын ба едім. Батыл болсам, баяғыда Меңтай: «Өзіңіз айтыңызшы: таста деңізші ол жігітті, бұз деңізші уәдеңді - бұзып-ақ кетейін» деп толқып тұрғанда, «Таста! Бұз!» демейтін бе едім... Жарайды, енді өйтпеймін. Ертең қайтадан барамын. Барамын да Меңтайға бірден өзімнің оны әлі күнге дейін сүйетінімді айтамын! Содан сон оған: «жарым бол» деп тікелей тілек білдіремін! Бірден осылай деймін!..»
Ертеңінде мен Бүргенге тағы да танертең келдім. Ауылдың орта тұсындағы кешегі көк терезелі тоқал үйдің тұсына тақағанда отау үй іспеттес дөңгелек беседкада оңаша отырған Майра мен Меңтайды көрдім. Олар мені жандарына жақындағанда бір-ақ білді. Майраның сөз арасында «иә, иә» дей беретін әдеті болушы еді. Бір нәрсеге таңданып, иә қуанғанда аузына сөз түспесе, оның «иәсі» мүлде көбейіп кететін.
— Иә, иә, өзіңіз де сәлеметсіз бе? Иә, иә, келіп қалдыңыз ба? Иә, иә, төрлетіңіз, - деді мені орнынан тұрып, беседка баспалдағында қарсы алған Майра.
— Иә, иә, келіп қалдым, - дедім мен оған әзілдеп.
— Иә, иә, келетініңізді білгенбіз, - деді Майра күліп, Меңтайға қарай жүзін бұрып.
Баспалдаққа аяғымды сала беріп, мен де тез Меңтайға қарадым. Беседка ортасындағы дөңгелек үстел жанына төрт қабаттап салынған шәйі көрпе үстінде оң қолымен жер тіреп, сол қолымен кешегі қызыл юбканың етегін тізесінен төмен түсіре қымтап, бір жамбастай отырған Меңтай, менің тағы да келгеніме сенер-сенбесін білмегендей, неге келгенімді таба алмай дағдарғандай, дөңгелек қара көздерін таңдана кең ашып, босаға жаққа бақырая қарап қалған екен. Мен беседканың соңғы сәкісін аттай бергенімде ол лып етіп орнынан тұрды. Оның алғашында сәл қуқылдау көрінген ақ бетіне лап етіп қызыл бояу жайылғаны байқалды. Бірақ қыз ішіндегі толқынды тез басып, таңданарлық ештеңе болмағандай қалыппен маған қарай қолын созды.
— Ағай, сәлеметсіз бе?
Екі қыз қол алысқаннан кейін мені беседканың төріне қарай икемдеді.
— Иә, таңертеңгі шайымызды жана ғана ішіп болып, енді жинайық деп жатыр едік, - деді Майра едендегі үлкен қара таба деп күлдің үстінде тұрған шойын шайнекке еңкейе беріп сәл кешіксеңіз, жамандап жүреді екенсіз дейтін едік. Иә, шай жиналмай келгеніңізге қарағанда бізді жақсыламасаңыз да, жамандамайтыныңызды білдік. Иә, оған да шүкіршілік.
— О не дегенің, Майра, - дедім мен күліп. - Сендерді жамандаған жігіттің жаны шықсын дер едім. Бірақ мақтаған кісінің де мәз болмайтынын байқағанбыз.
— Иә, әй, осы сіздің тіліңіз-ай, - деді Майра сықылықтай күліп. Күліп тұрып, «бұл қайтер екен?» дегендей, көзінің қиығын Меңтайға тастады. Меңтай сәл жымиды да, үстел үстіндегі бос шыны аяқтарды бір жерге жиыстыра бастады.
— Майра, мен үшін шай қоймай-ақ кой. - Оған қарап, «рақмет» деген ишара білдіріп, кеудемді бастым.
— Иә, танертеңгі шайыңызды ішіп пе едіңіз?
— Іштім, - дедім мен әлі оразамды ашпасам да.
— Иә, асығыс па едіңіз?
— Асығыспын, - дедім тағы да бас иіп.
— Онда от ала келген боларсыз? - деді Майра басын шалқайта түсіп, сақылдай күліп.
— Рас, от ала келдім, - дедім мен неге екенін білмеймін бетімді Меңтайға қарай бұрып.
Меңтай қолына бос шыны аяқтың бірін ұстап, түрегеп тұр еді. Мен: «Рас, от ала келдім» деп оған қарай бұрылғанда қыздың ақ жүзін тағы да лап етіп қызыл жалын шалған іспеттенді. Осы кезде қызыл юбка, ақ кофта киген Меңтай маған маздай жанып, лаулап тұрған өшпес оттың өзі сияқты боп танылды.
— Иә, онда, асығыс болсаңыз, - деді Майра шайнекті қайтадан орнына қойып жатып, - нан ауыз тиіңіз, кейін келіншегіңіз тастап кетпеуі үшін.
Осылай деп Майра тағы да сықылықтап күліп алды.
— Ауыз тиейін, - дедім мен үстел үстіндегі бауырсаққа қолымды созып. - Кейін тастаса тастап-ақ кетсін, өз жамандығымнан онда. Бірақ бүгін қолым жетсе екен соған, - деп мен де күліп, бір бауырсақты аузыма тастап кеп жібердім.
— Иә, бауырсаққа бапандай көрінесіз, жететін шығарсыз оған да, - деп Майра тағы да күлді.
— Енді қайтейін, «таз ашуын тырнадан алады» деген бар ғой, - дедім мен ұялған тек тұрмастың кебін танытып. Бұған Майра екеуміз қосыла күлдік.
— Иә, сіз асығыс болсаңыз, мен де асығыспын, - деп Майра кетуге ыңғайланды. - Кешеден бері апам басым ауырады, жүрегім шаншиды деп мазасызданып жүр. Менің сол кісіні дәрігерге көрсетіп, дәрі-дәрмек алып беруім керек.
— Жүректің дәрісі маған да керек еді, - дедім мен Майраға әзілдеп.
— Иә, біліп тұрмын, - деді Майра да әзілге әзілмен жауап қатып. - Сізді Меңтайға тапсырамын. Сізге керекті дәрі-дәрмекті тауып, біз келгенше емдеп қояр деп ойлаймын.
- Бұл кісі менен дәрі сұрап келмеген шығар, - деді де, Меңтай тоқтап қалды. «Бұл сөзді бекер айттым-ау» дегендей боп, өз-өзінен қызарып, төмен қарады.
— Дәрі сұрамаса, дәнемен кетпес. Біз келгенше ағайды ертіп, өзен басына барып қайт. Ағайға ауылдың айналасын көрсет. Көктебенің басына ертіп бар, - деп Майра құрбысына шегелей тапсырды да, өзі шапшаң аяңдап, үйге қарай жәнелді.
— Сіздің уақытыңыз бар ма еді? - деді Меңтай Майра үйге кіргеннен кейін.
— Бар.
— Онда, қаласаңыз, мен сізге ауылдың айналасын көрсетейін.
... Біз аяңдап Бүрген өзенінің жағасына келдік. Айғай-шуды көбейтіп, ақ көбік атқылап, өз-өзінен лепіріп жатқан таяз өзенге біраз үнсіз қарап тұрдық.
— Тау өзені көпіріп, көп сөйлейтін мақтаншақ, даңғой адамға ұқсайды, - дедім мен. - Қарашы, суы тізеге жетпейді, шуы жер жарады.
Меңтай мені құптап, бас изеді.
— Рас. Дала өзені лықсып, үнсіз ағады. Суы да терең болады ғой, - деді ол.
Осыдан кейін біз гүлді өзекті қуалап, Көктөбеге қарай беттедік.
— Мен сізді ешқашан да көрмейтін шығармын деп ойлаушы едім, - деді біраз жүрген соң Меңтай.
— Неге?
— Білмеймін...
— Онда мені ойлаған екенсің ғой?
— Ойладым, көп ойладым. Сіз туралы ешқашан да ойламаймын деп өзіме-өзім талай рет ант еттім. Бірақ соның артынша қалай ойлап кеткенімді өзім де білмей қалып жүрдім.
Мен Меңтайдың қолын уысыма алып, құшырлана қыстым. Меңтай қолын тартып алмады, тіпті ауырсынған да белгі бермеді. Енді мен оның қолын алақанымнан шығармадым.
— Ал мен сені бір күн де ойымнан шығарған жоқпын, Меңтай.
— Сенемін.
— Тоғыз ай сенен аулақ болу менің махаббатымды өсірмесе, өшірген жоқ Мен сені сол қалпымда сүйемін! Осыған сенесің бе?
— Сенемін. Бірақ.
Меңтай әппақ, жұп-жұмыр мойнын сәл солға қарай бұрыңқырап, үнсіз қалды.
— Бірақ дегенің не? - дедім мен сыбырлай үн қатып.
— Бірақ... - Меңтай ар жағын тағы да айтқысы келмегендей, ернін тістеледі де, тез босатып жіберді. Қалпына келген томпақ ерін тістегенге запы болғандай, бір дір етіп барып, қайта ашылды. - Бірақ менің сақинам сынып, сабағым үзіліп қалды ғой... - Меңтай тағы да ернін тістеледі. - Кейін бетке шіркеу болар... - Меңтайдың тамағына жас кеп тығылғанын аңғардым. Жаным онымен қоса қиналып, не істерімді білмей, қабағымды шытып, мен де ернімді тістелей бердім. Бірақ ол лықып келіп қалған көз жасын тез тоқтатып тастады да, сабырмен сөзін аяқтады. - Жақсы жардан жан ауыртар сөз естіп отыру азап болар...
— Жоқ, жоқ, - дедім мен өз үніме ие бола алмай, қыстыға сөйлеп, - мен сені соғыстан келген күні бірінші рет көрген күйімде қабылдаймын. Сен сол күйіндесің, сол қалпындасың, Меңтай! Сенің ештеңең өзгерген жоқ...
Меңтай ақырын ғана басын шайқады. Менің одан сайын дегбірім қашты. Оны қалай жұбатарымды білмей, жаным күйзелді. Тістеніп, жан-жағыма қарап, пиджагімнің өңірін жұлмаладым. Осының бәріне сәл кінәлідей- ақ, біржола жұлып алардай боп, қайта-қайта түймемді жұлқыладым.
— Сезіме сенбесең, өзіме сенесің бе? - дедім екі танауым қусырылып.
Меңтай бетіме қарап, ақырын ғана басын изеді. Тегі менің екі көзім құрық көріп, құйрығын тігіп алып, шығандап қашқан қашағанның көзіндей долырып кеткен болуы тиіс. Меңтай тез екі қолын бірдей көтеріп, бетімді сипады. Осы кезде мен алқымын бұғалдырық қысқан асаудай жуаси бастағанымды білдім.
— Сенемін! Сенемін! - деп Меңтай бетімді сипап тұрып екі рет қайталады. - Дегенмен, бірде болмаса бірде көңілге келіп жүрмесе дегенім ғой.
— Келмейді, келмейді! - дедім мен басымды шайқап. Осылай деп мен Меңтайды құшағыма алып, бетінен, көзінен, маңдайынан, иегінен аймалап сүйе бастадым. Ол қарсылық білдірмеді. Бар ықыласымен бауырыма кіре түсіп, ақтамақ, қызыл ерін, жұмыр мойнының мен қалаған жерін ерніме тоса, екі көзін шарт жұмып алып, шалқая берді. Біз төбесінде тұрған Көктебе теңселіп кеткендей болды. Ол бізді махаббаттың бесігі болып, тербей жөнелген сияқтанды.
Осы сәттен бастап мен уақыттың мөлшерін білуден қалдым. Меңтайдың маңында жүрсем, маған шығыстан сарғайып таң атса-ақ болды, көзді ашып-жұмғанша батыстан түнеріп, тенірекке түн шөге бастайтын тәрізденді. Әншейінде аяғын тәй-тәй басып, жүк жағалаған баладай боп, аспанда күні бойы дөңгелеп жүріп алатын күн енді гүрс етіп стволдан шыға сала дүрс етіп, көздеген жерге барып жарылатын танктің снарядындай ұшқыр боп кетті. Сол сияқты түн де, электр қырықтықпен қырқылған қара қойдың жабағы жүніндей боп, лезде еңсеріледі де қалады. Ал мен Ментайдың қасынан сәл ұзап шықсам-ақ бітті - сағат жүрмейді, күн бедірейіп бір жерден қозғалмайды, түн тұншықтырып, туырлықтай тұтасып, жатып алады. «Еркектің таңын атырып, күнін шығаратын, күндізін көрікті, түнін тәтті ететін, жақында жүрсе, жаныңа қанат беріп, алыста жүрсе, аңсататын, жұлдызын оңынан туғызып, еңбегін жемісті ететін сүйген жар екен ғой шіркін!» деген ой осы кезде келді маған.
Сонымен біз Майраның үйіне кешке қарай бір-ақ оралдық. Меңтай: «Апамнан ұят болды-ау. Мені қайда кетті деп іздейді-ау» деп, жеткенше қысылып келді.
Майраның шешесі шынында да Меңтайды күтіп отыр екен.
— Қарағым, қайда жүрсің? Қарның ашып қалды ғой, - деді ол есіктен аттай берген Меңтайды құшағын жая қарсы алып. Содан сон шеп еткізіп мандайынан сүйді.
— Сәлеметсіз бе, апа? - дедім мен кемпір Меңтайдың бетінен сүйіп бола берген кезде.
— Сәлемет пе, қалқам, - деп ол бұрылып, менің бетіме қарады. - Кешегі баламысың? Е, жоғары шық, шырағым.
— Апа, өзіңіз қалайсыз, тәуірсіз бе? - деді Меңтай.
— Тәуірмін, қалқам, тәуірмін. Осы дәрігерлердің бір салауаты бар. Үйде қанша ыңқыл-сыңқыл болып, ауырып жүрсем де, құдайдың құдіреті, дәрігер алдына барғанда жазыламын да кетемін. Бүгін де сөйттім. Бағана, түсте берген дәрісін ішіп, ағыл-тегіл терлеп едім келіп. Енді мүлде жазылып кеттім.
— Бәле, жақсы болған екен, апа, - деді Меңтай кемпірді құшақтап.
- Ойбай-ау, мен өзімнің ауруымды айтып, сарнап тұрып алыппын-ау, - деді кемпір тез орнынан қозғалып. - Сендерге деп әлгінде бір май шайқап қойып едім. Майра келгенше нанға жағып, соны жей тұрыңдар. Майра қазір келеді, сиыр қайырып келуге кетті.
Мейірбан ана батар күннің соңғы сәулесі мол төгіліп тұрған төрт бөлме ішіндегі дөңгелек үстелге дастарқан жайып, Меңтай екеуміздің алдымызға ас қойды.
— Осыны аужал қыла тұрыңдар, қарақтарым. Мен қазір тез сиыр сауып, ыстық ас жасап беремін.
Осыны айтып, Майраның шешесі шығып кетті.
— Апам сондай ғажап кісі, - деді Меңтай. - Мен бұл кісіні осында келген күннен бастап өз шешемдей көріп кеттім.
Есік қайтадан ашылды.
— И-иә, екі ғашық, қол ұстасып келдіңдер ме? - деп жүре сөйлеп келе жатқан Майранын үні естілді. - Иә, отқа келген кісінің отыз ауыз сөзі бар деуші еді. Сіздің сөзіңіз одан көбірек болды-ау деймін.
Бұл Майраның мені таңертең айтқан асығыспын деген сөзіме орай қағытқаны еді. Менің көңіліме келмесін дегендіктен болар, ол «отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» деген халық мақалын сәл өзгертіп, «қатынның» дегеннің орнына осылай, «кісінің» деп айтты.
— Майра-ау, ол отына және келген кісісіне байланысты шығар, - дедім мен күліп.
— Әрине, менің Меңтайым отыз ауыз сөз айтып, бықсытып, бақырға салып ала жөнелетін ауыл-үйдің арзан оты емес. Бұл - алыстағыны күйдіріп, жақындағыны жандыратын, жаманды естен тандыратын, жақсының құмарын қандыратын, өзгеше от.
— Рас. Майра-ау, өзің ақын болып кетіпсің ғой, - дедім мен.
— И-иә, неге аөын болмайын: арманым орындалып, айтқаным келген болса. - Осылай екілене сөйлеген Майра шапшаң Меңтайға бұрылды. - Иә, ал айт жылдам, тура солай болды ма? Меңтай жымиып, жайлап қайта-қайта басын изей берді. Майра дөнгелек үстел басында отырған Меңтайға шапшаң еңкейіп, оның екі бетінен кезек шөп еткізіп екі сүйді де, қапсыра құшақтап орнынан тұрғызды.
— Иә, ей, тұрсаңшы, жарылып кетпей неғып отырсың? - деп ол Меңтайды шырқ көбелек айналдырды. - Иә, айтпап па едім мен саған, Ербол сені шексіз сүйеді, ал шын сүйген адам ештеңеге қарамайды деп. Иә, айттым ба? - Көзін бір ашып, бір жұма түсіп, Меңтай тағы да бас изеді. - Иә, мен саған қыстыгүні-ақ, ана сұмпайың «қатын алдым» деп кеткеннен кейін, айтпап па едім Ерболды іздейік, осыны айтып, хат жазайық деп. Сен без-без етіп болдың ба сонда. - Майра енді Меңтайдың дауысына сала сөйледі. - «Жо-жоқ. Ағай мен үшін оқуын тастап кетті. Ендігі біреумен танысып та қойған шығар. Оны бұзуға болмайды. Мен не болсам, ол болайын. Бірақ ол кісінің бақытты болуын тілеймін!» деп еңіреп жылап, жатып алдың. Аш күзендей бүгіліп, бір жұма бойы төсектен тұрмадың. Иә, сонда мен саған айттым емес пе: ағайың сияқты адамдар тез таныса білмейді. Ондай кісі танысының бәріне табына да бермейді. Осында, оның айналасында отыз шақты қыз оқыдық. Солардың ішінде жалғыз саған ғана ықыласы ауды. Сенен күдер үзгенде де өзгемізді көзге ілместен кете барды. Басқаны былай қойғанда қақылдаған Қанипа мен мүйізі қарағайдай Зайкүлге де қараған жоқ. Ағайдың бақытты болуын тілеймін дейсің. Мен айтайын саған: Ербол ешқашан да сенсіз бақытты болмайды, сен онсыз өмір сүре алмайсың! Иә, осылай дедім бе? Дедім. Иә, енді сүй қазір ғашығыңның бетінен. Осы менің көзімше сүй!
Меңтай күліп, екеуінің қасында түрегеп тұрған маған қарай қолын созды. Мен магнит тартқан бүркеншікті шегедей лып етіп, қыздың қасына бардым. Ол мені сүймекші боп жатыр еді. Жібектей созылған Меңтайдың баяу қимылына шыдамадым білем, бассалып, оны өзім сүйе бастадым.
Майра сақылдап кеп күле жөнелді.
— Иә, апырай, көніңіз кеуіп қалған екен сіздің, - деді ол күлкісін тыя алмай. - Тұра тұрыңыз, енді сізді мына қыз сүйсін.
Отқа тақаған балауыз шамдай қызып, балқи бастаған мен әрең тоқтадым-ау деймін. Сол кезде Меңтай келіп, бар ықылас, махаббатын танытып, дірілдеген ыстық ернін ерніме тақағанда теміршінің электр дәнекерлегішінің тұмсығы тиген кесек қорғасындай ерітіп, елжіреп бара жатқанымды сездім.
— Жарайды, болды, болды, - деді Майра тағы күліп. - Бір жабыссаң, айырылмайды екенсің ғой өзің.
— Енді қайтейін, сүй деген соң сүюдің жөні осы екен деп жатқаным да, - деп Меңтай да қымсына күлді.
— Сен өзің жаңағылардың бәрін тегіс айттың ба? Айтты ма? - деп Майра күлкісін тыйғаннан кейін Меңтай екеумізге кезек қарады.
Меңтай басын изеді.
— Күні бөйы арамызда айтылмаған жыр, ашылмаған сыр қалмаған сияқты, - дедім мен.
— Бәсе, өзіңіз айтыңызшы. Әйтпесе мынаның қуанғанынан тіл-аузы байланып қалыпты. - Майра Меңтайды нұсқап, тағы да сақылдап күліп алды. - Енді сізді «ағай» дегенін қойды ма?
— Қойды, - дедім мен күліп.
— Бір, - деп Майра сол қолының шынашағын бүкті. - «Сіз» дегенін қойды ма?
— Қойды. Бірақ бұған бірнеше рет репетиция жасауға тура келді. Ұмытып кетіп, қайта-қайта «сіз» дей береді.
— Әйтеуір сізді «сен» деуге тілі келді ғой.
— Келді.
— Екі, - деп, Майра аты жоқ саусағын бүкті. Содан соң ол «үндемеңіз» дегендей ишара жасап, маған ақырын көзін қысып қойды. - Дұрыс. Ал енді сізге Меңтай «жаным, сәулем!» деді ме?
— Жоқ, - дедім мен басымды шайқап.
— Ендеше соны айтқызу керек, - деп, Майра бұрыштағы биік үстел жанындағы жайдақ орындықтан атып тұрды.
Ментай оның бұйрығын екі етпеді. Жерде қатар отырған менің қолымды ұстап:
— Жаным! Сәулем! - деді үздіге үн қатып.
Маған сол арада дүниеде Меңтай аузынан шыққан сөзден тәтті, осы екі сезден күшті ештене жоқ сияқты боп көрінді.
— Қой, Майра, сыртқа шығып, апама көмектесейік, - деп Меңтай тез орнынан тұрды.
— Иә, сіз де жүріңіз, - деді Майра, не қыздармен бірге сыртқа шығарымды, не үйде қаларымды білмей, қипақтап қалған маған. - Меңтай сиыр сауады, сіз бұзау ұстайсыз.
Осыны айтып, Майра тағы да күлді. Сырттай сабырлы көрінетін, орынсыз көп те сөйлей бермейтін Майра бүгін адам танығысыз боп өзгеріп кеткен сияқтанады. Әр түрлі әзіл-күлкісімен Меңтай екеуміздің жанымызды қытықтап, күміс қоңыраудай сылдыраумен болды.
Біз бірімізді-біріміз жетектеп, сақылдай күліп, сыбырлай сөйлеп, сыртқа шықсақ, Майраның апасы сиырды сауып болып қойыпты. Беседкаға таяу тұрған, кірпіштен қаланған кішкене мұржалы қазандық басында кешкі тамағын түсіріп жатыр екен.
— Майраш, төргі үйге шам жақтың ба? - деді ол қыздарының даусын естіп.
Біз үйде әңгімемен отырып, байқамаппыз. Күн әлдеқашан батып, кешеге қараңғылық үйіріле бастапты.
— Қазір, апа. - Майра бізге қарай бұрылды. - Бәләй, сізге бұзау ұстатып, Меңтайға бір сиыр саудырып көрейін деп едім, болмағанын қарашы...
Майратағы да өз-өзінен сақылдай күліп, ішке қарай жөнелді. Біз де қайта кірдік. Майра ондық шамды жағып, биік үстелдің үстіне қойды.
— Майра, мына орындықты дөңгелек үстелге жақындатып, шамды үстіне қояйық. Сонда жарығырақ болады, - деді Меңтай бір қолымен шамды, бір қолымен орындықты алып жатып.
— Жарайды, жарайды, - деп Майра енді ыдыс-аяқтарды сылдырата бастады. - Иә, жігітім аузын таба алмай қала ма деп жаның шығып барады ғой тегі... Майраның езуі күлкіден жиылмады. Бір сөз айтып - бір, екі сөз айтып - екі күледі. Күле жүріп тамақ ішетін тарелкаларды үстел жанына жайғастыра бастады. Шам жақындағаннан кейін дөңгелек үстелдің үсті бұрынғыдан бетер жарықтала түсті...
«Меңтайдың мұнысы қандай оңды болды?» деп ойладым мен ішімнен. Тек үстел басы ғана емес, Меңтайдың әр сөзі, әр қимылынан жаныма жарықтарап, жүрегіме нұр кіріп жатқан сияқты болып көрінді маған.
— Әлде, сіз... Ереке, - деді Майра маған қарап. Ол бұрынғыша «ағай» дейін деді де, олай атамай «Ереке» деді. - Иә, ала көлеңкеде аузыңызды таба алмайтын ба едіңіз?
— Майра, мен өз аузымды қараңғыда да таба аламын, - дедім жымиып. Өзімше тауып айттым деп ойлап, іштей рақаттанып қалдым.
Майра бұған сақылдап күлді. Бір толқын күлкісі толастай бергенде екіншісі басталды. Содан кейін жалаңаш білегімен көзінің жасын сүртіп, күлкісін тыйды.
— Әй, қайдан білейін, қараңғыда табатын кісі жарықта адаспаса керек еді.
Майраның үсті-үстіне толқындата неге ұзақ күлгенін мен енді ғана аңғардым. Ол менің батылсыздығымды, бостығымды ажуалап тұр екен. Ол Майраның «Батыл болсаң, Меңтайға баяғыда қолың жететін еді»дегені екен. Мен оны бірден мойындадым да:
— Иә, оның да рас, Майра, - дедім. Майра тағы күлді.
— Әй, Ереке-ай, қандай адал, ақ көңілсіз. Шындықтың шеті шықса, шынжыр торға шырмалғандай боп қалатыныңыз тағы бар-ау сіздің. Біздің мына қыздың көкейін тесіп жүрген де осы адалдығыңыз ғой, шіркін!
Меңтай үндеген жоқ. Тек қасында түрегеп тұрған Майраның бір иығынан құшақтап, оның маңдайынан қақ жарған қос бұрымды ұзын шашын қайта-қайта сипалай берді.
— Екеуіңе бір тарелка қояйын ба? - деді Майра иығын құшақтап тұрған Меңтайға мойнын бұрып. Меңтай көзін жыпықтатып, басын изеді.
— Бір қасық берейін бе?
Меңтай тағы да бас шұлғыды.
— Айттым ғой мынау бүгін тіл-жағынан біржола айырылып қалған деп.
Майра тағы да сықылықтап кеп күлді. Қыз жүрген жер қызықсыз, күлкісіз болмайды ғой. Дегенмен Майра бүгін бірнеше қыздың күлкісін бір өзі міндетіне алған сияқты болды. Оның үстіне Майраның бұл жағдайы күлгенінен күлімсіреуі көп Меңтай мен ешқашан қарқылдап қатты күлмейтін менің қасымда ерекше білініп тұрды. Алайда Майраның күлкісі адал досқа деген ақ жүректен ақтарылып жатқан асыл қазына екенін біліп, бізде оны іштей қосыла құптауда едік.
Достарыңызбен бөлісу: |