Шынымды айтсам, мен Меңтайды «өлтіремін» деп ойлаған жоқ едім. Алғашқы жоспарымда Меңтай Ерболмен қосылмайтын, Тұмажан опасыз боп шыққаннан кейін басқа біреумен тұрмыс құрып кететін. Содан жиырма жыл өткеннен кейін Жоғарғы Советтің сессиясы кезінде депутат Меңтай мен журналист Ербол екеуі астанада кездесетін. Бірақ Татьяна менің еркімнен тыс ерге шығып кетті деп Пушкин айтқандай, Меңтай да менің еркімсіз Ерболға шықты, онымен аз уақыт қана тәтті дәурен сүріп, дүниеден қайтты.
Меңтайдың күйін кешіп, осы күні тірі жүргендер де бар өмірде. Ендеше оны романдағыдай қайғылы халге ұшыратпауға да болатын еді. Бірақ романның мазмұнын «Меңтай жақсы қыз еді. Алғашында адасты. Артынан бақытты болды» деген сөздерге ғана сыйдырсақ, оқушы соған иланар ма еді? Иланбауы мүмкін. Өйткені өмірде екінің бірі бақытты бола бере ме? Қазір ғашықтарға ешбір бөгет жоқ: заман дұрыс, заң әділ дегенімізбен, әлденелер бөгет болып, әркім әр түрлі себеппен арманда кетіп жатпай ма? Романда Заман мен Тана мақсаттарына жетіп, бақытты болады. Оның үстіне Ербол мен Меңтайды бақытты етіп қойсам, тым тәтті болып кетпей ме? Міне, осындай толғаныс үстінде Меңтайды трагедиялық халге жеткізу жайында еміс-еміс ой келді. Оған мынадай бір себеп ге болды.
Бұл роман жазылмас бұрын, газетте қызмет істейтін журналист кезімде бір жас әйелдің редакцияға жазған хатын тексере бардым. Аупартком кабинеттерінің бірінде арыз иесімен әнгімелестім. Қазірдің өзінде уыздай өңді келіншектің қыз кезінде керемет сұлу болғаны аңғарылады. Келіншек көзінің жасын сығып тастап, сұрақтарыма жауап берді. Ол өзі облыстық қалалардың бірінде жоғары оқу орнын бітіріпті. Көрікті қызға көз салғыштар көп болмай ма? Бұған да солай болыпты. Соған мастанып, бұл ешкімге қарамай қояды. «Бұйырмаған қызға бұғалық түспейді» дегендей, ешкімді көзіне ілмей, ойнақтап жүре береді. Әсіресе бір жұпыны жігіт қызға кеп жалынады. Киімің нашар, бойың тапал деп қыз ол жігітті де маңына жуытпай қояды. Сөйтіп жүргенде қыз институтты бітіруге айналады. Бір күні кештен бірге қайтқан екі жігіт қызды шығарып салмақ болып келе жатып, алдап бір үйге кіргізеді де, екіншісі есікті сырттан кілттеп, кетіп қалады. Тағамы, шарабы жасаулы тұрған иен үйде әлсіз қыз еңгезердей жігітпен екі күн оңаша қалуға мәжбүр болады. Сөйтіп сақтығынан айырылған қыз пәктігінен айырылады - арамза жігіттердің шығарып саламыз дегеніне сеніп жүре берген сорлы бала осылайша опасыздың олжасына айналады. Бұл оқиғадан кейін қыз институтты тауысып,
дипломын алып, үн-түнсіз қызметке жөнеледі де, барған жерінде бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығады да кетеді. Бірақ шыққан жігіті мінезсіз боп кездеседі.
- Пәктіктен айырылғаннан кейін ақтығың адыра қалады екен, ағай, - деді келіншек тағы бір өксіп жылап алып. - Күйеуім мас болған сайын мені балағаттап: «Сен маған келгенде қыз емес болатынсың» деп кінәлайтын, тіпті, қол жұмсап, ұратын болды. Осылай да осылай, зорлыққа душар болдым деп талай рет жалынып, жылап, шынымды айттым. Бірақ оған күйеуім сенбеді. Сенін бұрын ғашықтарың болған, пәктігіңді солардың біріне сыйлағансың деп, ол өз сөзін айтатын болды. Кей күндері үйге қонбайтынды шығарды. Күйеуім - жоғары білімді зоотехник. Алғашында оқыған жігіт қой, ескі салттардың жөн-жосығына мән бермейтін шығар деп ойладым. Оған уәдемді берсем де, ұрлық қылған кісідей, өмірлік жан жарыма ақаусыз күйде жете алмағаныма қиналып, қысылған едім. Ақыры ойлағанымдай болып шықты. Сөйтсем оқыған жігіттердің өздері-ақ студент күндерінде көрікті қыз кездессе, қызыл көрген қарғадай шуласып, таласып, төбелесіп жүргендерімен, кейін үйленген кездерінде алған қыздарының сызаты жоқ, шыныдай мөлдірлігін талап етеді екен. Алған қыздары көңіліндегідей боп шыққан жігіттер қуана құнжыңдап, алтын тапқандай мақтанышын сездіріп жүрсе, ондай болмағандар өз-өзінен тұнжырап, суық тигендей шытынай беретінін байқадым. Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп те ойладым. Қайдан білейін. Осыны күздің күніндей тұнжыратпай, біржола ажырасып кетсем бе деп те оқталдым. Ерден шыққан әйелден ешкім пәктік талап етпейді ғой. Дәм жазса тағы біреуге қосылармын дедім. Бірақ олай етуге елден ұялдым, өзім оқытып жүрген шәкірт балалардан қысылдым. «Пәленше мұғалім күйеуінен ажырасып кетіпті» деген қаңқу сөзден қорықтым.
Өстіп дел-сал болып жүргенімде бір күні түнде күйеуім мас боп, менің бала күнімдегі жолдасым деп үйге бөтен біреуді ертіп келді. Оған төсек салдырып, маған соның қасына жат деп итермеледі. «Бұл маған келгенде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық» деп оған ыржалақтады. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Бұл қорлықты көргенше өлейін деп, қыстың аязында киімсіз далаға қаштым. Содан үсініп, үш ай ауруханада жаттым. Жақында ғана жазылып шықтым.
Шынымды айтсам, жынданудың аз-ақ алдында қалдым, ағай. Тағы да сол үйде тұрып жатырмын. Күйеуімнің бетіне кісі екен деп қарағым келмейді. Бір столдың басында басымыз түйіспейді. Ол өз тамағын өзі істеп ішеді, мен де өз бетіммен тіршілік етемін. Ортамызда жалғыз бала бар. Екеумізді бір ошақтың басында ұстап отырған дәнекер сол ғана. Әйтпесе сырт бүтін болғанымен, іш түтін.
Осылай деп, келіншек темен қарап, сәл үнсіз отырды да, әңгімесін қайта жалғап кетті.
- Жас күнде, қыз кезімізде, көбіміздің көзімізді шел қаптап жүреді екен, ағай. Бір жігіттің бойы аласа, екіншісінің өңі сиықсыз - бұлар «Ландыш», бізге «Венера» керек деп, өзімізге адал серік болар жақсы жігіттерді аяғымыздың астында жатса да аңдамайды екенбіз. Бұрын институтта жүргенде группадағы жігіттердің бәрі мені қатты сыйлайтын еді. Олар менің атымды Гүлім демей, ылғи Ақгүлім деп атаушы еді. Енді міне ақгүл емес, қара гүл болдым. Жер үстінде құр сүлдерім жүргені болмаса, кейде өзімді тірі өлік, тірі аруаққа санаймын. Қызмет, бала, жора-жолдас - бәрі алданыш қой. Бірақ әйелдің шын бақыты осылардың үстіне өмірлік жан жарының жақсы болуында екен.
Мінеки, ағай, өмірім осы менің. Ауруханада жатып, жаным қиналғанда редакцияға хат жазғанмын. Бір адам жіберсеңіздер бар қайғы-сырымды айтамын дегенмін. Келгеніңізге рақмет. Бірақ өзімді-өзім әшкерелеп, жұртқа жайып қайтемін деген тағы бір ойға тоқтадым. Сізден өтінішім, менің күйеуіммен оңаша сөйлесіп, осының бәрін айтыңыз. Алдымен арақ ішкеніңді қой деңіз. Бар пәле содан басталады. Осыған уәдеңді берсең, мен сені масқаралап, газетке жазбаймын деңіз. Ол осыған көнсе, газетке жазбай-ақ қоюыңызды сұраймын.
Әрине, мен келіншектің күйеуімен де сөйлестім. Ол уәдесін берді. Бірақ осы окиға менің есімде сақталып қалды. Мінеки, романдағы Меңтайдың тағдырын немен тындыру керек деп толғанғанда бұл жай ойыма оралды. Келіншектің сонда айтқан: «Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп ойладым» деген сөзі бір шындықтың шетін аңғартқандай болды. Меңтайды Ерболға қосу туралы ой осыдан туды. Ал халқымыз ежелден ұлын адал, қызын пәк етіп өсірген. Өйткені пәктік жас жұбайлардың бір-біріне болашақ қадір-құрметінің, достық-сыйластығының, риясыз берілгендігінің басы деп білген. Ендеше біз өз ұрпағымызды ата-бабамыздың бүгінгі коммунистік моральға жақын келетін осы дәстүрі негізінде неге тәрбиелемейміз? Осы мақсат үшін қимасам да, қиналсам да, оқушы жан-тәнімен жақсы көрген ақылды ару Меңтайды құрбан еттім. Бұл «қаталдығым» үшін оқырман қауымнан кешірім өтінемін. Бұл арада менің ұзақ жыл очеркист болғаным да кінәлі ме деп ойлаймын. Өйткені очеркист өмірде болған оқиғаны ғана суреттейді, фактыны ғана баяндайды. Тегі, менің ескі кәсібіме тартып, Меңтай басынан өткен трагедиялық халді өмірде шын болған оқиғаға негіздеп жіберуім де ықтимал.
Қалай дегенмен де мен автор ретінде Меңтайға разымын. Ол өлсе де көңіліндегі сабағын беріп тынды. Адалдықтың, адамгершіліктін, достықтың, асыл жардың әнін өзінше шырқап өтті. Менің жақсылығымнан үлгі алыңдар, қатемді қайталамаңдар деп кетті. Ол өзінің қоғамшыл, көпшіл ісімен, әділ, адалдығымен әр оқырманның көңілінде қалды.
Сұрақ: Ербол мінезіндегі кейбір жасықтықты қалай ұғуға болады?
Жауап: Ербол - момын ата-анадан туған, халқының, қоғамының бойындағы ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, Октябрь революциясынан бес жыл кейін дүниеге келген жас азамат. Ербол социалистік қоғамның қырқыншы жылдары піскен нәрлі жемісі, осы күні жаңа адамдар деп аталатын Октябрь төлінің алдыңғы легіндегі күрескер. Сырттай қораш көрінгенімен Ербол іштей ақылды, адамгершілікті, көпшіл, қоғамшыл, досшыл, сабырлы жігіт. Әңгіме адамгершілік пен арға тірелгенде ол екінін бірі бара алмайтын кесек қимылдарға барады: жан-жағын жалмауыздай жайпап келе жатқан жау танкісімен жекпе-жек айқасады: жолдастарына қауіп төнгенде жыландай ысқырып, жарылайын деп жатқан снарядті құшақтап алып, шұңқырға лақтырады; досының қызы Тананың абыройын төкпеу үшін онымен үш күн бірге болғанда тастай боп қатып қалады; өзі жақсы көре тұра Меңтайдың басқаға берген сертін бұздырмайды; өзі жалаңаш-жалпы жүріп, костюмге жинаған ақшасын Заманды іздеп бара жатқан Танаға жол қаражат етіп береді. Оқырмандар оның бойындағы осы қасиеттерді дұрыс түсініп, бағалаған. Түсіне тұра кейбір оқырмандардың Ербол мінезіндегі екі «жасықтыққа» зығырданы қайнайды.. Мектеп ішінде Бүркітбай Сәлиманы ұрғанда Ербол неге Бүркітбайды сақалынан алып, жағасын жыртпады? Неге ол вагонда Ошақбаевты тым болмаса шапалақпен бір тартып жібермеді? - деп өкінеді. Алматы облысының Кеген ауданынан «Меңтайдың өліміне Ерболдың ынжықтығы кінәлі. Ербол шүу басында сертін бұздырып, Меңтайға үйленіп алса, онда мұндай аянышты хал болмайтын еді. Бәріне еркектер кінәлі, оларға ешқашан да сенуге болмайды» - деп маған ашулы хат жазды. Бірақ осылардың бәріне оқырмандардың өздері жауап беріп жатыр. КазГУ-дің М.О. Әуезов атындағы әдеби бірлестігінде осы романға арналған конференцияда бірді-екілі жігіттер Ерболды аузындағысынан айырылып қалатын ынжық деп кінәлағанда, өзге жастар (әсіресе қыздар) бұл пікірге қарсы шықты. Трибунадан сөйлеген кейбір қыздар әзілдеп: егер осы күнгі жігіттеріміздің бәрі Ерболдай болса, қыздар одан артықты іздемес еді деген пікірді де айтты.
КазПИ-де болған кездесуде сөйлеген Жамалова деген студентка: «Ербол Бүркітбайды бір ұрғанмен, Сәлиманың басына бақыт орнай ма? Ошақбаевтың бетіне бір түкіргенмен, Меңтайдың міні бүтінделе ме? Екеуі де болмайды. Ендеше мен Ерболдың сабыр-лылықпен астасқан ақылдылығын құптаймын» деді. Мен бұл жайында осы студенткадан асырып ештеңе айта алмайтын сияқтымын.
Жазушының кітаптағы кейіпкерлерін жан-жақты білуі парыз. Сондықтан да мен шығармаға кіріспес бұрын оның кейіпкерлерінің кейбір прототиптерімен әлденеше рет кездестім. Оған журналистік қызметім мүмкіндік берді. Олардың бәріне де «Қызыл көрпені» ауызша айтып бердім. Әңгімем тыңдаушыларға ұнаған сайын маған да шабыт келіп, осыны жазсам, жұрт оқыр еді-ау деген ой баурай бастады. Осы тоқтамға 1968 жылдың күзінде анық келгенімді жоғарыда айттым. Ескі достармен жүздескенде өтіп кеткен қырқыншы жылдардағы студенттік өмірдің өзім ұмытып қалған детальдарын қойын дәптерге және түрте жүрдім. Шығармаға отырар алдында университеггің Совет көшесіндегі ескі корпусын әдейі барып аралап шықтым. Өзіміздің ескі аудиторияларға кірдім, кітапханаға да бас сұқтым. Университеттің Калинин мен Виноградов көшелеріндегі ескі жатақханаларын жағалай және аралап шықтым. Дәлізде жүріп, бөл-мелердің номерлеріне дейін үңіліп көз салдым. Қасымнан арлы-берлі өтіп жатқан қыз, жігіттер менің осыдан жиырма жыл бұрын өздері сияқты студент боп, осы бөлмелердің бірінде жатқанымды, қазір сол студенттік өмір жайында кітап жазуға келіп жүргенімді, әрине, сезген де жоқ.
Ескі орындарды аралай жүріп, мен кітабымның бас каһармандарының бірі Ербол Есеновтың қандай болуы керектігін ойладым. Сөз жоқ, ол Ұлы Отан соғысына барып, жауды жеңіп қайткан саналы қазақ жастарының жиынтық бейнесі болуға тиіс. Сондықтан да Ербол кітаптың алғашқы беттерінде ұлы жеңіске семіріп, туған жеріне, арман-астанасына сағынышпен жетіп, романтикалық күйде жүрген солдат күйінде суреттеледі. Мысалы, оның Совет кешесін бойлап университетке келе жатуы, оның тас баспалдағына табаны тигендегі жан тебіренісі, университетке қабылданып, деканаттан шыққанда өзін асқар Алатаудың үстіндегі ақ бұлттардың төбесінде қалықтап ұшып жүргендей сезінуі осыны дәлелдейді. Алғашқы лекция үстіндегі оның қыздар туралы лирикалық ойы, группадағы отыз қыздың бәрін бірдей ақылды, бәрі бірдей сұлу деп есептеуі осының айғағы. Әрине, төрт жыл қанды қырғынға қатынасып, соғыс күнделікті өмірлік ісі боп кеткен адам оның үйреншікті әдеттерінен бірден арыла алмайды. Сондықтан да Ербол алғаш аудиторияға кіргенде өзіне қадалған отыз қыздың көзін түнде жау самолетін іздеген прожекторлардың айқыш-ұйқыш сәулесімен салыстырады. Алғашқы лекцияға келген оқытушы аты-жөнін сұрағанда ол орнынан атып тұрып: «Сержант Ербол Есенов» деп тақ-тұқ жауап береді. Соғыста болмаған, әскер тәртібін білмейтін оқытушы түрегеп тұрған солдатқа «отыр» деп айтпай, лекциясын ары қарай жалғастыра бергенде Ерболдың рұқсатсыз отырмай, қақиып тұрып қалуы - міне, осының бәрі әскери дағды. Ерболдың сол қақиып тұрғаны көлденең жұртқа күлкі боп көрінгенімен, сол сәттің көп сыры бар. Бұл біріншіден, Ерболдың бойына әскери тәрбиенің мықтап сіңгендігін көрсетеді. Ал Ұлы Отан соғысының жеңісі әскери уставтың талаптарын адал көңілмен атқаратын Ербол сияқты солдаттардың табандылығымен келген. Егер Ерболға қаптап келе жатқан қалың жаудың алдынан зеңбірекпен не пулеметпен жеке қалып, жалғыз шайқас десең, шайқасады. Өзгелер межелі жерге жетіп алып, жайғасқанша сен тапжылма, шамаң жетпесе, сол жерде Отан үшін ол десең, ол оғы біткенше жаумен атысып, сол арада тапжылмастан өледі де. Ал Ерболдың бойына армия-ананың сүтімен сіңген бұл қасиет ол әскерден қайтып келіп, студент боп аудиторияға кірісімен кете қалмайды. Оқытушы орнынан тұрғызып алып, қайтадан «отыр» деместен лекциясын бастай жөнелгенде Ерболдың жұрт көзіне нысана, күлкісіне тиек болып, рұқсат күтіп, бір сәт тапжылмастан тұрып қалған күлкілі жағдайында осындай бір астарлы жай және бар.
Рас, кейіннен әскери әдеттің кейбір сырт көріністері Ерболдың бойынан біртіндеп қалада бастайды. Бірақ әскери тәрбиенің мәні оның қанында мәңгі сақталып қалады. Сондықтан да Ербол үлкендерді көргенде генералдың алдынан өткен солдаттай сызылады, нашар оқитындардың сабақты ұғуына болысып, жолдастарының арасында коллектившілдік сезімін күшейтеді. Ербол өз аузынан мынадай тұжырым айтады: ананың емшек сүті, мек-теп тағылымы, әскер тәрбиесі бірін-бірі толықтыра түседі; осы үш тәрбиені бойына сіңірген адам асыл азамат болады. Сондықтан да ол Меңтайдың басқа біреуге берген сертін бұздырмайды. Өйткені, ант бұзу ана тәрбиесіне де, армия дәстүріне де жат іс - сұмдық жай. Сол себептен де ол сүйген қызын ондай сұмдыққа итермелей алмайды.
Автордың мақсаты Ербол мен Меңтай жақсы жігіт, білімді қыз екенін көрсетіп қана қою емес, солар арқылы халқымыздың бойындағы кейінгі ұрпаққа, арғы, алыс болашаққа үлгі боларлық дәстүр, қасиеттерін насихаттау. Сол қасиеттерді Меңтай мен Ерболдың бойына өлшеп піше отырып, жұртқа жарасымды үлгі ұсыну еді. «Апамның айтқандары», «Өз ойларым», «Алтын діңгек» дейтін нақыл тараулар, т.б. осы пікірді нығайтуға қосымша түрінде кірді. Ауыз әдебиетінің үлгі-нұсқаларының ең асылдарын ауызға ала отыру да осы ниеттен туған. Ерболдың облыстық газетте тілші боп жүргенде ел ішіндегі ескі салт-сананың кейбір ерсі қылықтарын сынап-мінеуі де осы тілекпен қабысады. Сырт қараған кісіге жасық, жуас көрінген Ерболға автор осындай идеялық жүк беріп, адамгершіліктің асыл қасиеттерін әр жүрекке жеткізер елші міндетін жүктеген үміт артқан еді. Сондықтан мен көптеген оқырмандар пікіріне қосыла отырып, Ерболды «сырт қараған кісіге жуас, момын көрінетін - соғыста батыр, еңбекте ер боп шығатын, жаны жалынды, қарапайым қазақ жігіттерінің бірі деп ұғамын.
Сұрақ: Кітаптың аяғында кейіпкерлердің кейіннен кім болғаны көрсетілген. Ал Ерболдың қандай күйде екені неге айтылмаған?
Жауап: Ерболдың қазір кім екендігі кітаптың соңында емес, басында айтылды. Жазушы мен әдебиет сыншысына журналист Ербол өз басынан өткенді баяндап береді. Демек, ол журналист.
Сұрақ: Роман кейіпкерлерінің прототиптері бар ма? Бар болса, олар қазір қандай күйде, не қызметте? Семья жайлары қандай?
Жауап: Бірсыпырасынікі бар. Кейбіреулерінікі жоқ. Ал бірді-екілі кейіпкер кітапқа өмірдегі өз атымен кірді.
Бірақ бар деген прототиптердің сырт пішіндері, кейбір басынан кешкендері кітапқа кіргенімен, кейіпкер бейнелерін жасау үстінде олар мүлде өзгеріп кетті. Прототиптердің өздері білмейтін, бірақ өмірде болған, басқалар басынан кешкен жаңа окиғалар қосылды. Сондықтан кітапты оқып шыққаннан кейін мына кейіпкердің прототипі менмін-ау деп ойлаған кейбір таныстарымның «мұндай оқиға менің басымнан өткен жоқ еді ғой» деп таңданулары да, шамданулары да мүмкін. Олай етудің қажеті жоқ. Өйткені бұл кітап деректі дүние емес, көркем шығарма ғой.
Енді сол прототиптердің немесе жартылай прототиптердің бас-басына жеке тоқтайын.
Меңтай бейнесінің соңғы жақтары қайдан, қалай алынғанын оқушы жоғарыда аңғарған болар. Ал ол бейненің алғашқы бөлігінің - бала, пәк Меңтайдың прототипі сол кезде бізбен бірге оқыған бір қыздың өмірінен алынды. Оның ағасының өлгені, соғыстан келген бір жігіттің мен ағаңмен жолдас болдым, ағаң өлерінде сені маған тапсырып кеткен деп ол қыздың уәдесін алғаны, «сен уәдеңді бұзба, бұзсаң сені өлтіремін!» деп мейрам сайын Алматыға келіп, қызбен кездесіп жүргені рас. Артынан оның елдегі сиыры, үйі бар жесір келіншекке үйленгені, сберкассада қызмет істеп, облигацияға подлог жасағаны үшін сотталып кеткені де шындық. Меңтай прототипіне негіз ретінде алынған ол қыз - қазір екі баланың анасы, орта мектептің мұғалімі. Жолдасы - ағарту қызметкері.
Ерболдың прототипін күнде көремін, екеуміз бір мекемеде қызмет істейміз. Әсіресе, таңертең асығып, жұмысқа келген бетте шаш сипау үшін айна алдында жүздесіп, жымыңдасып та қаламыз. Оның төрт баласы, әйелі бар. Оны көргенде: «Сен кітаптағы Ербол менмін деп мақтанасың. Бірақ жазушының әр шығармасында өз өмірінің элементтері араласа жүретінін, ендеше Ербол бейнесінде менен де титтей бірдеңе бар екенін оқырмандар да сезетін шығар» деп қоямын. Расында да кейбір оқырман Ербол мен авторды бір адам деп есептейтін көрінеді. Ал көптеген оқырмандар Ерболды өмірде бар, тірі адам деп те ұғады. Сондықтан да олар баспаға жолдаған өз хаттарының сыртына «Ербол Есеновке тапсырылсын» деп жазады.
Заман менТана туралы. Заманның прототипі екеу. Біреуі 1941 жылы немістер тұтқиылдан шабуыл жасағанда Брест түбінде тұтқынға түсіп, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге ол да қолға өтіп, кейіннен сотталған жігіт. Ол Орал тауында шахтада жұмыс істеген. Жігіттің сүйген қызы артынан оны іздеп барып, қосылып, екеуі балалы-шағалы боп бірнеше жылдан соң елге келген. Бірақ бұл қыз ЖенПИ-де оқымаған, орта біліммен ауылда мұғалім боп жүрген еді. Заманның екінші прототипі белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың жалғыз ұлы, 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жас ақын Маман болатын. Маманныңда шын сүйіп, серттескен қызы бар еді. Міне бұл қыз ЖенПИ-де оқыды. Егер Маман жоғарыдағы жігіттің жағдайына ұшырап, аман қалса, бұл қыздың да оны жер түбіне болса да іздеп барары кәміл еді. Бұл кісі де кейін тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы, жанды-жақты дегендей, үлкен семья болды. Қазір ерімен екеуі де орта мектепте мұғалім. Романдағы Заман мен Тана бейнесі осы екі жігіт пен екі қыздан алынған болатын. Ал Ербол мен Тананың соғыс кезінде кездесіп, екеуінің үш күн бірге болған сәтін суреттейтін достық, адалдық, адамгершілік жыры өмірде шын болған, нақты оқиғаға негізделген еді. Бұған кейбір кексе кісілердің сенбейтіні байқалады. Оған мен не айта аламын. Қолына тиген кітап жайында қалай ойласа да оқырмандардың еркі ғой, әрине.
Зайкүлдің прототипі бар десе де, жоқ десе болады. Бар деуге болатыны, соғыс кезінде сезімі ерте оянып, еркек көрсе, қылмыңдай бастайтын кейбір қыздардың болғаны рас. Сондайлардың біреуі ЖенПИ-ден қуылып, Университеттің біз оқып жүрген группасынада келген болатын. Ол қыздың жатақханада сол кезде жаңа ғана шыққан «Алтын кілт» деген кәмпитті бір-біріне тұмсығынан жем берген көгершіндей болып, жігіттердің аузынан (бір ұшын жігіт, бір ұшын қыз тістеп) сорып отырғанын да көргенбіз. Зайкүл бейнесін жасарда сол қыз ойыма түскен де болар. Бірақ ол қыздың кейін қайда кетіп, қазір қайда жүргенін, тіпті, бар- жоғын да білмеймін. Зайкүлдің прототипі жоқ десе де болады дейтінім, ол бейненің бойына осы күнгі кейбір қыздарда кездесетін кемшіліктерді және қостым. Сөйтіп, Зайкүл жеңілтек, желөкпе бұрынғы қыздарға да, бүгінгі қыздарға да ұқсап шықты. Менің өз түсінігімше, бойында ұшып-қонба жеңілтектік мінездері болғанымен, жалпы Зайкүл ақкөңіл қыз. Жақсы жар кездесіп, қарапайым өмір сүрсе, ондайлардың кейін салиқалы әйелдер қатарына қосылып кетері сөзсіз. Бірақ «басына бақ» қонса, Зайкүл сияқтылардың кердеңдеп кететіні де болады. Ондайлар ең алдымен тыраштанып киінеді. Одан соң кенедей жабысып, күйеуінің машинасынан түспейді. Осыдан кейін өзі шатпақтаған бірдеңелерін диссертациямның тарауы деп әркімге бір түзеттіріп немесе жаңадан жаздыртып, ғылым кандидаты деген атақ алып, алшаңдап шыға келеді. Ал оның қорғаған диссертациясынан қоғамға келер бір тиын пайда болмайды. Өмірде осындай оқиғалар кездесіп жататындықтан, біздің Зайкүл де мұндай «модадан» құр қала алмады. Оның бойындағы жас кезіндегі - жеңілтектік, өскеннен кейінгі ұятсыздык, күйеуге шыққаннан кейінгі келісіп тұрған жағдай осындай озбырлыққа барып ұштасты. Зайкүлге көп тиісетін қуақы мінезді Жомартбектің де прототипі бар. Қазір ол Қазақ ССР Ғылым Академиясында қызмет істейді, филология ғылымының докторы. Көптеген ғылыми еңбектері шыққан және бірнеше әңгімелер жинағы, повестері жарияланған белгілі жазушы. Бірақ қу тілді жігіттерді қыздар менсіне қоймайды ғой. Сол себептен де ол өлдім-талдым деп отызға жеткенде әрең үйленеді. Роман прототиптерінің ішіндегі әзірге балалары институтқа ілінбеген тек осы ғана. Автордың мақсаты халқымыздың бойындағы жақсы қасиеттерді көбірек көрсету болғандықтан, романда жағымсыз кейіпкерлер өте аз алынды. Түптеп келгенде кітаптағы шын мәніндегі жағымсыз кейіпкер екеу ғана. Оның бірі Тұмажан да, екіншісі Бүркітбай. Тұмажан Ошақбаевтың басында біздің қоғамымызға жат екі түрлі мін бар. Ол Тұмажанның советтік моральға сыймайтын озбырлығы мен қоғам дәулетіне сұғанақтығы. Оның бойындағы осы қылықтарды оқырмандар қатты айыптап, зығырданы қайнаған хаттар жазады. «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сүйсіне оқып, көп уақытқа дейін ойландым. Өзімді әлденеше рет Ербол мен Тұмажанның орнына да қойдым, - деп жазады колхозшы Алтынбек Дәкібаев. - Сонда Тұмажандай болғанша, ұл боп анадан тумағанның өзі артық деген қорытындыға келдім». Алты баланың анасы, үй шаруасындағы әйел Бағила Мұқанова - Шапатова: «Кітапты оқып отырғанда Тұмажанға жының келіп, сондай ыза болып отырасың» десе, совхоз жұмысшысы Әлмұханбет Дос-жанов өз хатын: «Ошақбаевты ошаққа тірідей тығып жібергің келіп, бойыңды ашу-ыза кернейді» деп түйіндейді. Ал Л. Құтылбекова, С. Жаукеев және басқалар Тұмажан сияктылардың ауылда әлі де бар екенін айтады.
Рас, Тұмажан сияқтылар ауылда ғана емес, қалада да кездеседі. Бірақ қазіргі Тұмажандардың іші өзгермегенмен, түсі өзгерген. Олар қара костюм, ақ көйлек киіп, екі беттері шиқандай боп, шекірейіп, мейманханалардың маңында жүреді.
Мінеки, Тұмажан бейнесінің прототипіне шүу дегенде баяғы өзімізбен бірге оқыған қызды аламын деп алдап кеткен жігіт алынған болатын. Оның сотталып кеткеннен кейінгі хал-жайынан хабарым жоқ. Менің мақсатым, қыздарды қашан да болса Тұмажан сияқтылардың қармағынан сақтандыра отырып, қыз намысын қорлау қылмыс жасағанмен тең екендігін жас жігіттерге ұғындыру еді.
Енді романдағы прототипі жоқ бейнелерге келейік. Олар Бүркітбай мен Сәлима.
Бұл екі бейненің екеуі де ойдан жасалғанымен, оқырмандар Бүркітбайға лағнет айтып, Сәлимаға шын жүректерінен аяныш білдіреді. «Сәлима сияқты, аюға қосақталған аяулы жандар біздің ауыл, ауданымызда да бар» деп жазады. Мұның өзі бұл екі бейненің мен өзім көрген прототиптері жоқ болғанымен, жұрт көрген, ел білетін прототиптері бар екенін көрсетеді. Кітапта өз атымен аталған кейіпкерлердің бірі Майра Ыбыраева (кітапта - Абаева). Ол қазір педучилищенің оқытушысы. Майрамен кітап шыққаннан кейін тағы бір кездестім. Сол жолы: «Мынау Майра деп отырғаны мен шығармын деп, көңілім тасып, аяқ басысым шапшаңдап, қыз күніме жетпесем де, келіншек күйімдегідей халге келдім. Бес балам ер жетіп, өз алдына отау болғанда солардың үйлерінің бірінші жасау - мүлкі болсын деп, бесеуіне арнап бес кітап сатып алдым. Алтыншысы мына Уәкең екеуміздікі. Осыларға автограф жазып бер» деп, Майра алты кітапты алдыма жайып тастады.
Достарыңызбен бөлісу: |