— Осы Майраның шын сөзі, шын сезімі, - деп жолдасы басын изеді.
— Кітабым жастардың жасауына жараса, неге автограф бермейін, - деп, мен оның біріншісіне мынадай сөздер жазып, қолымды қойдым: «Бұл кітапты осы романдағы тікелей өз атымен атаған кейіпкерім, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда университеттің азынаған аудиториясында аш отырып, бірге лекциялар тыңдаған ескі досым, қазіргі педагог, асыл ана Майра Ыбыраева мен оның жан жары, абзал азамат Уәкеңе шын жүрек-тен сыйладым.
1 декабрь 1970 ж.
Жамбыл қаласы».
Сол сапарымда Меңтай прототипінің негізіне алынған кісімен де кездестім. Менің келгенімді естіп, күйеуімен екеуі мейманханадан ертіп үйлеріне апарып, қонақ етті.
— Ағай, кітабыңызды оқыдым. Аяғында Меңтайды өлтіріп тастаған екенсіз. Бірақ тіріден артық етіп суреттепсіз, - деді үй иесі әйел ас үстінде.
— Ондағы анау Меңтай деген сен емессің бе? - деді күйеуі.
— Маған да ұқсаңқырайды, - деді әйел.
— Әй, осы өздеріңнің бірдеңелерің жоқ па еді? - деді күйеуі әзілдеп.
— Жоқ екеніне көзің жетіп еді ғой, - деді әйелі наз-наразылығын қосарлай білдіріп.
— Рас, рас, - деп күйеуі әйелінің арқасынан қақты.
Романдағы анық өз аты-жөнімен алынған екінші адам Тәкен Майшынов қазір Талдықорған облысының Ақсу ауданында тұрады. Жақында ғана Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Сәуле деген ақжарқын әйелі бар. Екеуі де сауда қызметінде істейді. Үлкен қызы Фарида университетті, одан кейінгісі Халима политехникалық институтты бітірді. Өзге балалары институтта, мектепте оқып жүр. Майданнан қайтқан эшелоннан Ербол оқу оқимын деп Алматыға түсіп қалғанда мен үйге барып үйленемін деп елге тартқан Тәкеннің балалары заңды түрде Ерболдың балаларынан бұрын ержетті. Анау, соғыстан қайтқан эшелон ел шетіне кіргенде арсалаңдап, бетіне айран жағып алатыны сияқты, осы кітап шыққанда Тәкеннің істеген тағы бір қызығы бар.
Аудан магазиніне «Махаббат, қызық мол жылдар» түскенде соның ішінде өзі де бар екенін білетін Тәкен (үйге бір келгенде жазып отырғанымды көріп кеткен) он бес кітапты бірден сатып алады. Көп кітап құшақтап, Жансүгіров селосын бойлап үйіне қарай келе жатқан оған таныстары кездеседі.
— Ассалаумағалейкүм, Тәке, мынауыңыз не?
Тәкен сәлем алмастан кездесушіге қарсы сұрақ қояды.
— Сен Нұршайықов деген жазушыны білесің бе? Алматыда тұратын үш жүздей жазушыны жұрттың бәрі тегіс біле бере ме, алғашқы жолыққандардың бір- екеуі «білмеймін» деп жауап береді.
— Онда жүре беріңдер, сендердің керектерің жоқ, - деп Тәкен ілгері кетеді.
Тағы да таныстар кездеседі. Сәлем бергеннің бәріне Тәкең жаңағы сұрағын қайтадан қояды.
— Е, білемін, аға.
— Білсең, мына кітап соныкі. Оқы, ішінде мен бармын, - деп алшаңдай басып жөнеле береді.
Сөйтіп ол үйіне жеткенше қолтығында екі-ақ кітап қалады. Осыны Алматыға келгенде Тәкеннің әйелі Сәуле айтып, біздің ішек-сілемізді қатырғаны бар.
Кітапқа кірген «Тоғжан» деп аталатын новелла - тарауда аталатын адамдардың бәрі де өмірде болған, кейбіреулері қазір де бар адамдар. Олар неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан кіші командирлер: Айтқали Құсайынов, Нәсіп Қалиев, Әбдірахман Бимурзин, Сенбек Молдабаев, Мәншүк Мәметова, офицерлер Қажым Көшеков, Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин - бәрі де біздің құраманың түлектері болатын. Бұл солдаттар тұрады емес, студенттер жайындағы кітап болғандықтан, оқырмандарды жалықтырмау үшін соғыс көріністерін мысқалдап қана алдым. Сол алған жерлеріме ең жоқ дегенде өз кітабымда аттары атала жүрсін деп, Отан соғысында опат болған азаматтардың аты-жөндерін сыналап кіргізіп отырдым. Осы тарауда аты аталған Ризуан Қалиев қазір бір облыста колхоз агрономы боп қызмет атқарады. Қаза табар алдында жауынгер жігіт хат жазған Зада есімді қыз да қазір республиканың бір жерінде болуға тиіс.
Енді кітаптағы оқытушы кейіпкерлер туралы бір ауыз сөз. Роман жалпы университет туралы емес, бір факультеттің студенттері жайлы ғана болғандықтан, оқытушылар бейнесін сомдауға оншама бой ұрғаным жоқ. Тек бірер ғана оқытушының аттары аталады. Олар сол кездегі ұстаздарға ұқсай ма, ұқсамай ма, - оны сол кездегі студенттер біледі. Бірақ солардың кейбіреулері арқылы романда осы күнгі кейбір оқытушылардың да басындағы оғаш қылықтары ептеп сыналатыны хақ.
Міне, роман кейіпкерлерінің прототиптері, олардың қазіргі жайы дегенде айтылатын сөз осы. Бір жердің оқырмандары үшін бұл кітаптың шылғи шындық боп, кей жерлерде болған оқиғаға ұқсап тұратын себептері де кітап кейіпкерлерінің прототиптері барлығынан болар. Бірақ пәленшенің прототипі пәлен дегенмен, романда солардың мүлде өзгеріп кеткендігін тағы да ескерткім келеді.
Сұрақ: Осы романды жазу үстінде қандай кітаптар оқыдыңыз?
Жауап: Жаңа кітап оқығаным жоқ. Ескіден Фадеевтің «Тас-талқаны» мен Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» қайталап қарап шықтым. Ал романым өндіріске кеткеннен кейін қолыма бірінші алған кітабым Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» болды.
Сұрақ: Жазушылардан кімді жақсы көресіз?
Жауап: Классиктерді кім жақсы көрмейді. Ал жалпы совет жазушыларынан сүйіп, сүйсініп оқитыным А. Фадеев, М. Шолохов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов.
Сұрақ: Роман желісіндегі әр алуан махаббат линияларының бірінен жазушы М. Иманжановтың «Есеновтың тағдыры» дейтін әңгімесіне ұқсастық аңғарылады. Осы неден?
Жауап: Мен қазіргі қазақ жастарының өмірін жырлаған жазушылардан екі адамды ерекше бағалаймын. Олар - Саттар Ерубаев пен Мұқан Иманжанов. Біріншісін көре алғамын жоқ. Ал екіншісімен 1954 жылдың күзінде бірінші рет жақын танысуымның сәті түсті. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің жолдамасымен тың игерушілер өмірінен шығарма жазуға Павлодарға келген Мұқан Иманжановқа серік болып (ол кезде мен Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы едім), тың игеруші жаңа совхоздарды араладым. Бірнеше күнге созылған сол сапарда Мұқан менің «Шешен», «Қызыл көрпе», «Командировка» сияқты ауызша әңгімелерімді айтқызып, тыңдады. «Сен өзің дайын жазушы екенсің, осы айтқандарыңды қағазға түсір» деп кеңес берді. Ал қисаң «Қызыл көрпенің» сюжетін маған бер, мен әңгіме жазайын. Қимасаң оны да өзін жаз деді. Әрине, жақсы көретін жазушың қолқаласа, оның үстіне жазылмаған әңгімең болса, оны кім қимайды. Алыңыз дедім. Жазғандарымды Алматыға, тура Иманжановтың өзіне жіберуге және уәде еттім. Мұқан менен алған сол сюжетті «Есеновтың тағдыры» деген әңгіме етіп, «Тыңдағылар» атты кітабына кіргізді. Мінеки, Иманжанов екеуміздің арамыздағы творчестволық достық осылай басталды. Мұқан Иманжановтың тікелей қамқорлығымен 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен менің тұңғыш очерктер жинағым жеке кітап боп басылып шықты. Маған СССР Жазушылар одағына мүше болып өту үшін бірінші рекомендацияны да Мұқан Иманжанов берді (Серік Қирабаев екеуі). Мұқан Иманжанов жалғыз менің ғана емес, ол кездегі көптеген жас жазушылардың (осы күнде олардың бірсыпырасы атақты жазушы болып кетті) шынайы қамқоршысы, адал ұстазы болды.
Міне, сол 1954 жылдың қарлы күзінде, түнде, ауатком председателінің кабинетінде қонып жатып Мұқанға айтқан кішкентай әңгіме келе-келе кеудемді кернеп, оны өзім жазбасыма болмайтын күйге жеттім. Мұқан жазған ол әңгіме ақыры осындай үлкен романға айналды. Романның бір линиясындағы ұқсастық осыдан шықты.
Сұрақ: Сіз бұл кітапты қайда: курортта, теңіз жағасында ма, әлде үйде, тек кабинетте отырып қана жаздыңыз ба? Қалай жаздыңыз, басынан бастап, аяғынан бір-ақ шықтыңыз ба?
Жауап: Бізде кабинет деген болмайды. Бір бөлмеде төрт бұрыш болса, соның бір бұрышын «кітапхана», екіншісін - «ас ішетін орын», үшіншісін - «қонақ бөлме», төртіншісін «кабинет» деп атаймыз. Кітаптың көпшілік беттерін сол «кабинетте» отырып жаздым. Жеке тарауларын ауруханада жатып жалғастыруыма тура келді. Мысалы, Меңтай өлетін тарауды ауруханада, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішевпен бір палатада жатып бітірдім (Мүсекен соқыр ішегін алдырған-ды). Ал қалай жаздың дегенге келсек, басынан бастап, сыдыртып аяғынан бір-ақ шыққамын жоқ. Творчестволық процесс кейде қазанның қайнағанына ұқсаңқырайды. Қазанға суды толтырып, астына от жағып, бетіне қарап отырсаң, оның беті бірден бұрқ-сарқ етіп шыға келмейді. Әне жерден бір бүлк етіп, мына жерден бір бүлк етіп, бірте-бірте су беті тұтас сарқылдай бастайды. Сол сияқты мен романның бас жағын жазып жатқанда оның орта тұсында, не аяқ кезінде айтылар ойлар, оқиғалар қаумалап келе берді. Ондай кезде мен жазып отырған жерімді қоя қойып, жаңадан келген ойларды дереу бір-бір жапырақ қағазға түсіріп отырдым. Онын үстіне шырт ұйқыда жатқан шағың - түнде төсектен түртіп оятатын ойлар тағы болады. Кейін, сол тұстарға жеткенімде, осыдан бірнеше күн бұрын қағазға түсіріп алған оқиғаларды өрбітіп, жеке ойларды сол күйінше романға көшіріп отырдым.
Кітап тек үйде ғана жазылған жоқ. Сонымен бірге оның көптеген жолдарын көшеде тұрып та жаздым деуіме болады. Өйткені таңертең жұмысқа бара жатқанында неше алуан адамдарды көресің, олардың әр түрлі қимылдарын аңғарасың. Содан өзіңе ой түсіп, кітабыңа керекті жаңа детальдарға кездесесің, жаңа нақылдар табасың. Жолда кездескен үркек ойдан айырылып қалмау үшін бір үйдің бұрышында тұра қалып, жалма-жан қалтаң-нан қойын дәптерің мен қарындашыңды шығарып, жаңағы сөзді жазып алуың қажет. Өз-өзіңнен тоқтай қалып, жанталасып қағазға бір нәрсені түрте бастауың жүріп жатқан жұрттан ұятта. Ұят болса да өйтпеске амалың жоқ. Өйткені, басқа келген ой, бұтаққа қонған бір топ торғаймен тең. Сол сәтінде суретке түсіріп алмасаң, топ торғай пыр етіп ұшады да кетеді. Содан соң ұмытқан ойды іздеуден ауыр азап жоқ. Іздегенмен оны таба алмайсың. Мысалы, кітаптағы мынадай жолдар ең алдымен көшеде қойын дәптерге түскен еді:
«Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
Жақсы дос жаман әкеден артық.
Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернің бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды.
«Шошақай қыз шешесінің атына кір келтіреді», т.б. Өстіп барып «Махаббат, қызық мол жылдардың» осы күнгі нұсқасы дүниеге келді...
Сұрақ: Бұл кітап енді қашан қайта басылып шығады?
Жауап: «Махаббат, қызық мол жылдарды» қайта бастырып шығару жайында «Жазушы» баспасына да, Қазақстан комсомолының Орталық Комитетіне де оқырмандардан көптеген өтініш тілектер түсті. Жер-жерде өтіп жатқан оқырмандар конференцияларында айтылған осындай тілектерді және ескере отырып, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті 1971 жылдың басында Қазақ ССР Министрлер Советінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті мен «Жазушы» баспасына жас оқырмандардың тілегін айтып, бұл кітапты қайта басып шығару жөнінде ұсыныс енгізді.
Баспа бұл өтінішті ескере отырып, оны 1972 жылдың жоспарына енгізді.
Сөйтіп бұл кітап 1972 жылы «Махаббат жырлары» деген атпен қайтадан шықты. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптер» кіреді, екінші бөлім «Махаббат, қызық мол жылдардың» бір өзінен ғана тұрады. Ең алғашқы жоспарым бойынша осылардың бәрінің басын қосып, бір роман деп атадым. Романның бірінші бөлімінде: журналист Ербол Есенов өзгелер туралы баян етсе, екінші бөлімінде өзі және өзінің достары туралы сыр шертеді.
Осы арада егер кітап қайта басылса, оған оқырмандар айтқан кейбір ескертпелер ескерілді ме деген сұрақ тууы мүмкін. Иә, ескерілді. Мәселен КАЗГУ-де өткен конференцияда Ербол Меңтайдың мойнын сілекейлей береді делінген еді. Енді Ербол сілекейлемейтін болды. Сол сияқты артық деген абзацтар қысқартылды. Жұрттың тілегіне сәйкес кейбір беттерге толықтырулар жасалды.
Кітап 20 тараудан тұрады. Мұндай көлемді кітапты кейбір авторлар бірнеше бөлімге бөледі. Әр бөлімді жеке-жеке тараулайды. Мен өйтпедім. Кітап ұнаса, оқырман бас алмастан оқыр, ұнамаса үш бөлімге бөліп, отыз тарауға таратып секектетсең де оқымайды деп ойладым да, бұл жағының «техникасына» мән бермедім. Осылай ойласам да жұрт бұған наразылық білдірмес пе екен деп іштей сезіктеніп жүрдім. Бақсам бұған оқырмандар да мән бермепті. Сондықтан кітаптың бұл басылымында оны бөлімдерге бөлмей, бұрынғыша қалдырдым.
Қайта басылымында кітабым кемшіліктен жүз процент арылды демеймін. Кем-кетіктері әлі де болар. Оларды жаңа оқырмандар көрсетер, сөйтіп тағы да түзетермін деп ойлаймын.
Сұрақ: Бұл кітапты Меңтай өлімімен бітіру жөн емес пе еді? Одан соң қалған кейіпкерлердің кейіннен кім болғанының керегі не?
Жауап: Өзі де солай, кітап Меңтай өлімімен бітіп тұр. Содан кейін бір беттей ғана эпилог ретінде басқа кейіпкерлердің бүгінгі тағдырынан мәлімет беріледі. Өйткені «Махаббат, қызық мол жылдар» осымен бітеді. Олай болса, оқырмандардың өзге кейіпкерлердің кейіннен кім болғанын білгісі келер, ендеше бұл біреуге қажет болмағанымен, біреуге керек болар деп ойладым.
Оның үстіне кейбір оқырмандар бұл кітаптың жалғасы қашан шығады деп сұрайды. Енді біреулер: «Махаббат, қызық мол жылдар» үш кітаптан тұруы керек. Қазіргісін екінші кітап деп есептеп, енді Ерболдың соғысқа дейінгі және университет бітіргеннен кейінгі өміріне арнап бірінші, үшінші кітаптарды жазу жөн деп кеңес береді. Әрине, ондай кітаптар болмайды. Ендеше кітаптың ең соңындағы эпилог орнындағы кішкентай тарауы оқушыға автордың осы ойын жеткізу жөніндегі жүкті арқалап тұр деп білген жөн.
Сұрақ: «Менің сіздерден өтінішім: «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын баршаға ортақ тіл - орыс тіліне аудартсаңыздар екен. Менің орыс, тәжік, дүңген, татар құрбыларым да оқысын бұл кітапты.
Алтай Жапарбекова, Жамбыл қаласы».
Осындай өтінішті Целиноград қаласынан Қасым Қарпышев, Чернигов қаласында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Сағынбай Қаратаев және басқа оқырмандар да жолдаған.
Жауап: Оқырмандардың осы тілектерін ескере отырып, «Жазушы» баспасы бұл кітапты 1973 жылы орыс тілінде басып шығаруды жоспарлап, Ленинградта тұратын орыс жазушысы Г.А. Горышинмен шарт жасасты. Жазушы Глеб Горышин «Махаббат, қызық мол жылдарды» орыс тіліне аударып жатыр.
Мінеки, оқырман хаттарындағы авторға қойылған сұрақтардың ең негізгілері осылар.
Осымен оқырмандарға жауабымды аяқтаймын. Әр жүректе асыл адамгершілік, айырылмас махаббат болсын. Өмірден қол ұстасып өтер жан серік жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген жұмыс, атқарған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Кеудесінде өз адамгершілік, берік махаббат ұя салмаған адам анасына да, Отанына да адал бола алмайды. Жоғарыда келтірген осы ойымды тағы да қайталағаныма кешірім өтіне отырып, әр жастың жүрегінде асыл махаббат болсын, сол махаббат әр жас семьяның алтын діңгегіне айналсын деп тілеймін, қырда жайқалған қызғалдақтай қыздарым мен өндірдей өрен ұлдарым менің! Тек жас семьяның ғана емес, «махаббат» деген асыл жібекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық, Октябрь революциясының ісіне, дәстүріне жан-тәнімен берілгендік сезімдері біздің социалистік Ұлы Отанымыздың алтын діңгегі болсын деймін!
Жастықтың, жігердің, адалдықтың, адамгершіліктің алтын туы асыл махаббат жасасын!
1 - 10 январь, 1972 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |