Даланың дара ұстазы



Дата05.02.2022
өлшемі31,02 Kb.
#130780
Байланысты:
Ыбырай сабақ


Тәрбие сағаты "Даланың дара ұстазы"
Мақсаты: Алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен, шығармаларымен оқушыларды таныстыру.
Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері арқылы оқушыларды имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Ұлы тарихи тұлғаны есте сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ы. Алтынсарин портреті, өнегелі сөздері,бейнебаяндар
Қатысушылар:7-сынып оқушылары
Тәрбие шарасының нәтижесі:
- Қазақ халқының өткенін танымай, , ХХІ ғасырға көз тігу мүмкін емес екендігін, Ы.Алтынсариннің өмірімен, қызметімен танысу арқылы, оның ұлтын, елінің тарихын, салт - санасын сүйген азамат екендігін танып біледі.
Мұғалім сөзі:
Біз мектеп тарихының жаңа кезеңіне қадам бастық. Дәлірек айтсақ, мектепте білім берудің филисофиясы, мақсаты, мазмұны, технологиясы жаңа бағыттарға бағдар алуда.
Жаңашылдық деген өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығару емес, керісінше ол бар тәжірибенің озық үлгілерін, ақыл-ойын, идеяларын жаңа мақсатар тұрғысынан жаңартуды да қарастырады.
Міне, осы орайда, 180 жылдығын атап өтіп отырған ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің ізгілікті педагогикалық мұраларынан ақыл-ой, идеяларынан алатын нәріміз аз болмақ емес. Ы. Алтынсариннің «шапқан – озар, жатқан – қалар» дегеніндей, сол ұлы ағартушының мұраларын зерделеп, жасап, өзектіліктерін пайдаға асыруға қамдану жөн болмақ.
Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ісінде бүгінде жаңа мектеп тәжірибесінде қолдану үшін өзекті идеялар бар.
1-бөлім. Ыбырай- алғашқы халық мұғалімі
Жүргізуші:
Алтынсарин- қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин- елімнің алтын бағы.
Алтынсарин- мазмұнды өмір әні,
Үлгі болып, алдыңнан жолығады.
Шырт ұйқыдан оятқан бабамызды,
Алтынсарин- даланың қоңырауы.
Алтынсарин- ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін,
Алтынсарин- аңқылдақ алтын күрек.
Денесі оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы,
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы анық.
Сол судан мейірі қонып барлық халық,
Өмірден өз орынын тапқаны анық.
Алтынсарин- ұлы ұстаз ұлағатты,
Алтынсарин- ұлтыма ұлы жарық.
Құрметті, ұстаздар қауымы! Келесі ән алғашқы халық мұғалімі Ыбырай Алтынсаринге және сіздерге арналады. Орындайтын мектебіміздің ең жас әншісі Насиева Назым.
2-бөлім.Ыбырай- ғалым, этнограф
Жүргізуші:Ы. Алтысарин- алғашқы халық мұғалімі, қазақ даласында алғаш рет халықтық мектеп ұйымдастырушы педагогы. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт- дәстүр, әдет- ғұрыптарын қарастырады. Және ол қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, қазақтың жұмбақтары, дастандары, мақал- мәтелдері жөнінде ғылыми мақалалар жазды. Лингвистика, тілтану саласында қазақ тілінің тазалығына зор мән берді. Ең бастысы, қазақтың әдеби тілі, оның қалыптасуы мен дамуы, ана тілінің тазалығы Ы. Алтынсариннің негізгі бағыты мен қызметі болып табылды.
Жүргізуші:
Қазақ халқының сауатсыздығы, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығы, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда, амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүруі Ыбырай атамыздың жанын ауыртты. Сондықтан, қазақ балаларына тұңғыш қазақ хрестоматиясын құрастырды. Мұндағы мақсаты қазақ балаларына қазақ тілінде білім беру, яғни, ана тілінде еркін оқып, сөйлей білуге үйрету еді.Міне, сан ғасыр бұрын аталарымыз армандаған күнге қол жеткіздік. Қазақ тілі- мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді. Көріністе өздеріңіз тамашалағандарыңыздай ана тіліміз қазір кемелдену үстінде.
3-бөлім.Ыбырай- ақын.
Жүргізуші:Ы. Алтынсарин көптеген өлеңдерді жазған ақын. Өз шығармаларында отанын, халқын сүюге, оқып білім алуға шақырды, оқу- білімнің, қараңғылықтың мән- жайын ашып берді. Сондай өлеңдерінің бірі- «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі. Қабыл алыңыздар ортада Әбдіғани Бекжан.
4-бөлім.Ыбырай- жазушы
Жүргізуші:Ы. Алтынсарин жазба әдебиетке тән проза жанрының негізін қалады. Ол- тұңғыш рет балаларға әңгіме арнап жазған жазушы. Ыбырай әңгімелерінің басты ерекшелігі- жақсы мен жаманды салыстыра отырып әңгімелеу арқылы балалардың санасына ой салу, тәрбиелеу. Еңбекті сүю және қадірлеу- Ыбырай әңгімелернің негізгі тақырыбы.Келесі кезекте, Ы. Алтынсариннің әңгімелерінен көріністерге назар аударыңыздар.
«Бақша ағаштары» әңгімесінен көрініс
5-бөлім.Санадағы сан сауал
Жүргізуші:Құрметті кешке жиналған ұстаздар қауымы!
Осы кешке дайындалу барысында санамызды мына бір сұрақ жаулап алды.Қолымыздағы Ы.Алтынсариннің кітаптарында «Ананың сүюі» атты өлеңі берілген.Ал енді 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті » оқулығында бұл өлең «Шешенің балаларын сүюі»деген тақырыппен М.Дулатұлының өлеңі деп берілген.Біздер сынып болып осы өлең төңірегінде мәліметтер жинаған болатынбыз.Ендеше, «Зерттеуші» және «Зерделеуші» топтардың пікірлеріне құлақ асайық. Пікіралысуды бастамас бұрын сарапшылар сайлап алсақ.
Жүргізуші:Енді сарапшылардың пікірін тыңдасақ.(Сарапшылар пікірі тыңдалады)
«Зерттеушілер» тобы
--------------:Алдымен қысқаша Ыбырай Алтынсаринның өміріне тоқтала өтсек.Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20-қазанда Торғай облысы,Арақарағай болысында дүниеге келген.
Болашақ ағартушының әкесі-Алтынсары ауылдағы молданың алдын көрген.Әкесі Балғожа Орта жүздегі азуы алты қарыс би болса да,Алтынсары момын,ешкімге зиянсыз жан боп өседі.Ыбырай -3-4 жасқа келгенде Алтынсары ауырып қайтыс болады да,Ыбырайдың шешесі Айманды ағайын туғандары ескі салт бойынша Алтынсарының інісі Қошанға қосады.
-----------------:Ыбырай 60-жылдардан бастап <<Қазақстан әдет-ғұрыптары жөніндегі мәселелері>>мақаласында <<Қазақ әйелдерінің аянышты да жалынышты өмірін баяндады.Әйел әмеңгерлік дәстүр бойынша өлген күйеуінің туған інісіне тиеді.Қазақтардың жалпы неке шарты бойынша жесір әйелдің екінші ерімен жас айырмашылығы да,оның тілегі де есепке алынбайды>> деп жазды Ыбырай хаттарының бірінде. <<Мен өзімді басқалардың бәрі тыныш,бақытты өмір сүріп отырғанда,өзіне бақ бермеген тағдырдың рақымсыздығына үнемі жылап отыратын әйелмен салыстырамын да,оған күйінемін,мұнымды ерсі көремін,>>-деп жазды.Ыбырайдың бұл сөзінен қорлықта отырған,жылаумен күн өткізген жалынышты адамның бейнесін көру қиын емес.Бұл бейне Ыбырай анасының бейнесіне ұқсап келеді.Сондықтан,біз Ыбырайдың анаға өте жақын,жанашыр екенін ұғамыз және <<Ананың сүюі >>өлеңін өз анасына арнаған деп ойлаймыз.
--------------:Атасы Балқожа би 1846 жылдың 5 наурызында 5 жасқа әлі жетпеген Ыбырайды Орынбор шекара комиссиясының жанынан қазақ балалары үшін ашылған мектепке тіркетеді.
1850 жылы 22 тамызда қазақ балалары үшін ашылған бұл мектепке алғашқы алынғақы алынған 30 баланың бірі болып оқиды.7 жыл оқып,1857 жылдың жаз айларында мектепті <<өте жақсы>> деген бағамен бітіріп шығып,туған жеріне келеді.
<<Ананың сүюі>> өлеңі туған үйінен жырақта жүрген жас Ыбырайдың жүрегінен шыққан өлең деп ойлаймыз.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін сәби Ыбырайдың тәрбиесі атасы Балғожа бидің қолына көшеді,сөйтіп болашақ ақынның бүкіл балалық шағы осы үлкен атасының тәрбиесінде өтеді.
--------------:Бала тәрбиелеуде Ыбырай Алтынсарин ананың рөліне ерекше көңіл бөліп оның аналық махаббатын бала өсірудегі үздік қызметін <<Бұл кім?>> өлеңінде тамаша суреттеген.<<Бала,бала,бала деп,Түнде шошып ояған.Түн ұйқысы төрт бөліп,түнде бесік таянған...>>Ал Ананың сүюі деген өлеңі бала жанын тебірентерліктей мұнан да күшті,мұнан да әсерлірек жазылған.Ана жүрегі,ананың аялы алақаны қашан да құдыретті екенін естен қалғысыздай етіп жадында сақтауды міндеттейді.Әдебиет адам тану құралы дейміз ғой.Ыбырай Алтынсарин ана құдыретін,ана бейнесін жас өспірімдерге әдебиет арқылы танытып отыр.Жалпы Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған шығармалары да тәрбие жұмысына бағытталған.
«Зерделеушілер» тобы
-------------:Бұлар қазақтың үш мұнарасындай болған:Шоқан,Ыбырай,Абай аталарың.Олар ғасырлар бойы надандықтың қара түнегінде тұншығып келген қазақ елін оятып,ғылым-білімге ұмтылдырды.Бұл үшеуінің өмір,еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар,үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та бар.Ол ұқсастық-қазақ халқының тіл,өнер,тарихи мәдениет ерекшеліктеріне үлгі шашқан нұр қазынасы.Олар әрқайсысы өз талантына сәйкес мәдениеттің әр саласында жойқын істер істеді.Шоқан қазақ ғылымының алғашқы беттерін жасаса,Абай қазақ поэзиясын түр мен мазмұн жағынан жетілдірді.Ал Ыбырай аталарың өзінің ақындық талантын,жазушылық шеберлігін дала өміріне білім мен өмірдің ұрығын шашуға арнады.
---------------:Бұл ретте айта кету керек,жаңағы Мұқан мұғалім де,одан кейінгі Ахмет(Байтұрсынов),Асқар,Міржақыптар да халықтың шын жанашыры болып туып,оның нұрлы болашағын ойлап,жанкештілікпен атқарған алып қызметінің арқасында мәңгілік маңызы бар іс тындырған,Торғай топырағына сарқылмас білім нәрін сеуіп кеткен Ыбырай атамыздың,ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді.
Екі жасында шешеден,он екі жасында әкеден жетім қалған жас өскін Міржақып Асқар ағасының қамқорлығында,тәрбиесінде болады.Ол 1902 жылы жоғарыда аталған Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебін ойдағыдай бітіріп шығады.Содан алты-жеті жылдай ауыл мектептерінде бала оқытады,ағартушылық ісімен айналысады.
---------------:1965 жылы"Қазақстан"баспасынан шыққан Ә.Дәрбісәлиннің "Ыбырай Алтынсарин" атты кітабында былай жазылған:"Ыбырай шығармаларының ішінде 50 жылдарға дейін авторы белгісіз бірсыпыра шығармалар енгізіліп келді.Олар:"Бұл кім?","Ананың сүюі","Жаз шыққанда"деген өлеңдер"және осы кітапта Ыбырайдың көркем шығармаларының көп уақытқа дейін жете сұрыпталып,анықталмай келгендігі туралы жазылған.Осы мәліметке сүйене отырып,бұл өлеңді М.Дулатовтың жазуы да мүмкін деп ойлаймыз.
--------------<<Шешенің балаларын сүюі>> өлеңі 1999 жылдың шыққан М.Дулатұлының шығармалар жинағында 99-бетте берілген.Міржақыптың 2003 жылы шыққан жинағының IV томында 24-бетте тұр.Ғаламторды ақтарған кезде тұшымды жауап таба алмадық.Дереккөздердің жартысында Ыбырай деп көрсетіліп тұр.Зерттеу барысында Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу орталығына хабарластық.Олар жақында ғана Ыбырай Алтынсарин туғанына 180 жыл толуына орай конференцияда болғандығын,бірақ бұл тақырып қозғалмағандығын айтты және бұл туралы кітап шығарған баспаханалардан сұрауымызды өтінді.
Жүргізуші:«Даланың дара ұстазы» атты әдеби –танымдық кешіміз өз мәресіне жетуге таяп қалды.Ұлы ағартушы –педагог Ы.Алтынсариинің 180жылдық мерейтойын дүбірлі той етіп өткізбесек те,қолымыздан келгенше мерекелік шара етіп өткізуді жөн санадық.Ал енді мерекелік шараның соңын «Ұстаз» әнімен аяқтаймыз.Қабыл алыңыздар!

Тексерілід:
Оқу ісі орынбасары: Б.Дағмырзаева

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
- Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы.
- Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы.
- Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы.
- Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.

Хусейін қазының терезесінің түбіне келіп, екі жаман киімді тіленші:


— Құдай үшін, қайыр беріңіз, — деді.
— Құдай өзі берер, барыңыз, — деді қазы.
— Пайғамбар ақы үшін.
— Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңіз, — деп ашуланып, қазы оқып отырған кітабын жерге атып ұрды.
— Аһ, қазы, бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші, — деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды.
Сонда қазы ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып бұйырды:
— Мынау бір-екі қыдырындыны зынданға тастаңыз, — деп. Бірақ ол арада тіленшілер жоқ болып кетті.
Мұнан соң үш күн өткен соң, қазыға көп қонақтар келіп, той болды. Қазының үйінің іші жарқыраған алтын, шамасыз сәулет, өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде мүфтимен әңгімелесіп, көзін Бағдаттың қаласына салып отыр екен, сол уақытта терезе тұсына анакүнгі екі тіленші тағы келді.
— Қуаныштарыңыз қайырлы болсын, қазы, осы қуаныш үстінде бізді де бір нәрсе беріп қуантыңыз, — деп жылап тұрды. Сонда қазы қасындағы мүфтиге айтты:
— Осы екі қыдырынды тіленшілер екінші рет келіп беймаза етеді, қалипа қазіреті осындайларға жаза бұйырмайды. Сөйтсе де, бұл жолы бұйрықсыз да болса, осы екі тіленшіні ұстатып кісендетемін, Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, — деп, адамдарын шақырды.
Сол уақытта екі тіленшінің өздері үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды:
— Қазы, мен сені қазы қойғанымда жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ-сарағат би болар ма екен деп үміт етіп едім, бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар! Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп-білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатын, — деп.
Жыйылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарунрашит деген қалипа патшасы, қасындағы Жапар деген уәзірі екен.
Алтынсарин- қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин- елімнің алтын бағы.
Алтынсарин- мазмұнды өмір әні,
Үлгі болып, алдыңнан жолығады.
Шырт ұйқыдан оятқан бабамызды,
Алтынсарин- даланың қоңырауы.
Алтынсарин- ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін,
Алтынсарин- аңқылдақ алтын күрек.
Денесі оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы,
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы анық.
Сол судан мейірі қонып барлық халық,
Өмірден өз орынын тапқаны анық.
Алтынсарин- ұлы ұстаз ұлағатты,
Алтынсарин- ұлтыма ұлы жарық.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет