56
"Қай баламның қолына табыстасам екен?.." Қарияны күндіз-түні
мазалаған сұрақ осы...
Әбу Ләһаб өз басымен әлек, қатыгездігімен аты шыққан. Оған беруге
әсте болмайды. Аббас ше? Жо-жоқ, ол өз бала-шағасын асыраса да жақсы,
үйелмелі-сүйелмелі шүкір баршылық қой. Мұхаммедке (с.а.у.) ерекше көңіл
бөле алмас. Хамза болса жас, басы да бос, жастық қызуымен таңертеңнен
қара кешке дейін аң аулаудан қолы тимейді. Баланы бағар-ау, бірақ
көңілімдегідей бола қояр ма?.. Ау, Әбу Тәліп бар емес пе? Ең лайықтысы -
сол. Мал-байлығы шамалы болғанмен, мейірімі мол. Сол ғана Мұхаммедтің
(с.а.у.) нағыз қамқоры бола алар..."
Осылайша іштей түйіндеген соң балаларының бәрін жинап,
Мұхаммедті (с.а.у.) орталарына алып "Қай ағаңның қолында тұрғың келеді?"
- деп сұрады атасы. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) атасының сауалына жауап
ретінде орнынан тұрып, көкесі Әбу Тәліптің мойнына асылды. Әбдімүттәліп
ойының дөп шыққанына қуанды. Сонан соң Әбу Тәліпке қарап:
"Мұхаммед (с.а.у.) - саған Аллаһтың аманаты. Басыңа нендей күн туса
да оны жаныңнан жақын көріп қорғайтындығыңа уәде бер, арманда
кетпейін", - деді.
Әбу Тәліп әкесінің өзін таңдағанына әуелде сенер-сенбесін білмей
аңтарылған күйі былай деп жауап берді:
"Еш уайымдама, оны өз баламнан, тіпті өз жанымнан артық қорғаймын.
Мен тірі тұрғанда жан баласы оған зиян келтірмейтіндігіне серт берем".
Әбдімүттәліп милади 578 жылы сексеннен асқан шағында мәңгілікке
көз жұмды. Мекке базары Әбдімүттәліптің қазасына байланысты ұзақ уақыт
жабық тұрды. Құрайыштар ардақты да аяулы ақсақалды жоқтап, бірнеше күн
қара жамылды. Әбдімүттәліп Хажун бейітіне атасы Құсайдың қасына
жерленді.
Бала Мұхаммедке (с.а.у.) атасының өлімі қатты әсер етті. Аяулы
адамнан айрылу бұл жолы өте қиын тиген. Жаназа шығарылған сәтте біресе
үнсіз егіліп, біресе еңіреп жылаумен болды.
Иә, пайғамбарымыздың бал балалығы осыншалықты ауыр қайғы-
мұңға, қасіретке толы. Болашақта басына түсетін қиыншылықтарға,
машахатқа толы өмірге рухы мен жүрегі сол кезден бастап әзірленіп
жатқандай еді.
Достарыңызбен бөлісу: