Дарындылық – Өзекті психологиялық МӘселе ретінде



Дата25.01.2022
өлшемі22,2 Kb.
#129804
Байланысты:
Дарындылык мәселесі



ДАРЫНДЫЛЫҚ – ӨЗЕКТІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ
Қазіргі кездегі жаңа әлеуметтік-экономикалық заман жағдайында бәсекеге қабілетті, білімді де білікті маман даярлау мәселесі басым бағыттардың бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан ұлы державада болу үшін бізге күш-қуат мен қажыр қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек» деп еліміздің гүлденуіне ерекше үлес қосатын дарынды жастар екенін ерекше атап көрсетті. Сондықтан алдыңғы елдердің қатарынан көрінуіміз үшін дарынды балалардың қабілетін ашу, оны таныту да білім беру саласының атқаратын қызметі ерекше.

Дарынды деп кімді айтамыз және дарындылық құпиясы неде деген сұрақтар адамдарды бұрыннан ойландырған. Осы сұрақтың теориялық, сондай-ақ қолданбалы мәселелеріне деген қызығушылық қазір де толастаған емес. Психологиядағы дарындылық және дарынды тұлға мәселесіндегі пікірталастардың көптігі мен осы мәселе төңірегінде зерттеулердің аз болуы дәл осы зерттеудің өзектілігі мен маңыздылығын анықтайды. Н. Ожеговтың сөздігінде дарындылық «табиғаттан берілетін ерекше қабілет» деп түсіндіріледі. Педагогикалық энциклопедияда «Дарындылық – бұл адамның белгілі іс-әрекет аумағында ерекше табыстарға жетуге көмектесетін, қабілет дамуының жоғары деңгейі» деп көрсетілген [1]. Осы қабілеттілік арқылы адамдар көптеген жақсы жетістіктерге жете алады. С. В. Кузнецова төмендегідей анықтама береді: «оқушы дарындылығы – білімді кез-келген жағдайға қолдана алатын, білімнің кеңдігі, жас ерекшелігіне сәйкес жоғары белсенділігі, психикалық процестерінің дамуының жоғары деңгейлігі, дұрыс ой-түйіндерге сүйене отырып, жұмысты жемісті орындауды қамтамасыз ететін психикалық қасиеттерінің жиынтығы» [2]. Сонымен қатар, дарындылық мәселесін Б.М.Теплов ерекше зерттеген. Ол қандай да бір күрделі іс-әрекеттің орындалуы үшін, тек қана қабілеттілік емес, оның толық қатары қажет екенін дәлелдеген. Іс-әрекеттің табысты орындалу мүмкіндігіне тәуелді болатын қабілеттіліктің өзіндік сапалы байланысын, ғалым дарындылық деп атады. Б.М. Теплов «дарындылық» түсінігінде белгілі іс-әрекеттегі табиғи нышан болмысына ерекше көңіл аударады.

Сонымен, дарындылық дегеніміз  –  бұл    бірдей    өмір    шартында,    қатарларымен салыстырғанда үйрену мен оқытуда аса жоғары қабылдаулары мен шығармашылықтың ерекше көрініс беруі. Дарындылық – бұл тек ақыл-ой дамуының жоғары деңгейі ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның дамуына бағытталған кейбір ішкі талап-мақсаттар.

Дарынды балаларда кездесетін негізгі мәселелер:



  1. Өзімшілдік және коммуникативтік қиындықтар. Бұл олардың басқа қатысушылардың әрекеттерімен өз іс-әрекеттерін келісуді талап ететін топтық, ұжымдық қызмет түрлеріндегі жетістіктерін айтарлықтай төмендетеді. Топта тиімді жұмыс істей алмауға әкеледі. Тұлғаның әлеуметтік бейімделуін төмендетудің негізгі мәселелерінің бірі коммуникативтік қиындықтар болып табылады.

  2. Көптеген дарынды балаларда кез келген шектеулерге, жауапкершіліктің жоқтығына немесе жеткіліксіздігіне, жеңіліске қарсы наразылық туындайды.

  3. Ойынға қызығушылық. Дарынды балаларға құрдастары ойнайтын ойындар қызықсыз болады. Олар әлдеқайда қиын ойындар ұнайды. Осыған байланысты дарынды бала жиі тұйықталып, оқшауланады. Бұл жөнінде Л.Хоменгуерт: «ойы жоғары болуына орай, дарынды балаларға өз құрбыларының ойындары қызықсыз болуы мүмкін», - деп дарынды балалардың оқшаулануының себебін көрсеткен.

  4. Интеллектуалды, әлеуметтік және физикалық дамуы арасындағы айырмашылық. Дарынды балалар өзінен ересек балалармен сөйлесуді және ойнауды қалайды. Осының салдарынан оларға кейде көшбасшы болу қиын,өйткені олар физикалық дамуында соңғыларына жол береді. Қозғалу дағдыларының дамуы алға басқан үлкен балалар сияқты бір нәрсені жасай алмағандықтан, дарынды бала өздерінің адекватты еместігі мен өзіндік бағалаудың төмен болып қалыптасуына әкелуі мүмкін. Өйткені, олар өздерінің жетістіктеріне өте сыншыл болып келеді.

  5. Көп жағдайда дарынды балалар өз алдына үлкен мақсаттар қояды. Оларға қол жеткізу мүмкіндігі болмаса, олар уайымдай бастайды.

  6. Аса сезімталдық. Дарынды балалар аса сезімтал және байланыс пен қарым-қатынасты жақсы түсінеді, олар өзіне ғана емес, айналасындағыларға да сын көзбен қарайды. Дарынды бала сөздер мен вербалды емес сигналдарды өзіне жақын қабылдайды. Соған байланысты, айналасындағылардың өзін қабылдамайтындай сезінеді.

  7. Қателесу қорқынышы. Сәтсіздікке ұшырағанда баланың теріс эмоцияларының көрінуін бақылау керек.

  8. Ересектермен қарым-қатынас мәселесі. Ата-аналар баланың талантын байқаған соң, баланы ойыннан, басқа балалармен қарым-қатынас жасаудан шектейді, тек осы дарындылығын дамытуға назар аударады. Кейде бұл маниакальды формаға ие болады. Бұл невроздарға, ауруларға, өзара түсіністіктің болмауына әкеледі.

  9. Дарынды баланың интеллектуалдық қажеттілігі эмоционалды күйдің күрделілігіне, неврозға және тіпті психозға әкелуі мүмкін. Ал невроздар өз кезінде депрессияға әкелуі мүмкін. Бұл кезде бала өзін айнадаланы танып білуге неге ұмтылатынын түсіне алмайды. Ол шындық пен ойдан шығарудың арасындағы шкаланы бұзатын өзінің қиялындағы әлемге кетуі мүмкін.

Сол себепті, баланың қабілеті мен дарындылығын дер кезінде айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылады. Балалар дарындылығын зерттеушілер Д. Б. Богоявленская, Н. Н. С. Лейтес, А. И. Савенков және т.б. дарынды оқушыларда шығармашылық қызметте өзін-өзі іске асыру және кәсіби қызметте өзін-өзі белсендендіру үшін мотивациялық, интеллектуалдық және шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту мүмкін болатын психологиялық-педагогикалық қолайлы жағдайларды жасау қажет деп санайды. Білім беру үрдісінде педагогтар жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн балаларға дамытушы орта жасауға тырысады. Дарынды балаларға қатысты міндеттердің шешілуі білім саласында ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететiн күрделі мәселе. 

Дарынды бала ата-аналар, педагогтар мен құрдастары тарапынан ерекше көзқарасты қажет ететінін түсіну керек. Дарынды балалар дәстүрлі емес шешімдерге жиі ұмтылады, ересектермен және құрдастарымен қақтығысады, педагогтар мен ата-аналарды нашар тыңдайды,өз мінез-құлқын бақылайды. Екінші жағынан дарынды балалар ойлау мен сөйлеу дамуының жоғары деңгейіне, ерекше танымдық белсенділікке ие. Сонымен қатар, олар әртүрлі міндеттердің шешімін тез табады, оңай өңдейді және көптеген ақпаратты есте сақтайды. Дарынды және талантты оқушылар біртекті топ емес, олардың әрқайсысы ерекше қасиетке ие. Дарынды және талантты оқушыларды әрқашанда мінез-құлқы бойынша бірден табу мүмкін емес, өйткені кейде олардың айрықша қабілеттілігі айқын болмайды. Кейбір оқушылардың дарындылығы объективті себептердің әсерінен көрінбеуі де мүмкін, болмаса оларда әлі өз қабілеттерін көрсету мүмкіндігі болған жоқ шығар. Ал қалғандары әртүрлі себептер бойынша үлгере алмайтындардың санатына жатуы немесе өз дарындылығын әдейі жасырып жүруі де мүмкін. Енді кейбір дарынды және талантты оқушылар оқуда қиындық көруі мүмкін, бұл олардың шынайы қабілеттерінің көрінуіне кедергі болады.

Болашақ педагогтарды жалпы білім беретін мекемелерде дарындылықты дамыту бойынша жұмыстың адекватты жолдарымен оқыту - бүгінгі жаңа ғасыр мектептерінің алдында тұрған көп міндеттердің ең бастыларының бірі болып табылады. Дарынды балаларға тән қасиеттер: зеректік, өз бетімен өсу, даму, біліктілік, білімділік. Мамандардың пікірі бойынша дарынды балаларға арналған оқу бағдарламалары орта қабілеті бар балаларға арналған бағдарламадан өзгеше болуға тиісті. Сонымен қатар, бұл өзгешелік оқытылатын материалдың көлемінің үлкендігімен немесе білім-біліктілік процестің жоғары темпінен анықталмайды. Дарынды балалар әлемнің ерекше бөлігін құрайды, сондықтан оларға өзгеше оқыту процесі қажет екендігін ескерген дұрыс.

ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Сол себептен де білім сапасын арттырып, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыруымыз керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіруінде білім сапасы жоғары, денсаулығы мықты, еліміздің әл-ауқаты үшін қызмет жасайтын жастарға үлкен сенім білдіріп отыр [3]. Білім мен тәрбие әрқашан күн тәртібіндегі басты өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Олай болса, білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары, дарынды шәкірттерді тәрбиелеу білім беру жүйесіндегі басты міндет екендігін ұмытпауымыз қажет.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Педагогикалық энциклопедиялық сөздік. Б.М.Бим-Бад. – М., 2007.

  2. Кузнецова С.В. Формирование умственных действий. Под ред. Ю.Б.Гиппенрейтер, В.В.Петухова. — М., 1981. — 86 б

  3. .ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауы. - Астана, 2012


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет