Семинар11 Жазу мен оқудың бүзылу механизмі. Дисграфия, дислексияның этиологиясы, патогенезі туралы қазіргі кезендегі көзқарас. Түзету жүмысын ұйымдастырудың негізгі принциптері
Тіл кемістігі бар оқушылардың жүйелі сөйлеуін дамыту және оның қарым – қатынас құралы екенін ұғындыру, байланыстырып сөйлей білуге дағдыландыру арнайы мектептің оқыту үрдісіндегі ең күрделі мәселелер болып табылады.
Логопедиялық сабақтағы мақсаттардың бірі- оқушыларды оқуға, сауатты жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру, тіл дыбыстарын дұрыс айтуға керекті сөйлеу мүшелерінің қимыл – қозғалыстарын жетілдіру, өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын дара тұлға тәрбиелеу.
Сабақта оқушыларға берілген жаттығулардың тек грамматикалық материалдар көлемімен шектеліп қалмай, логикалық ойын, тілін дамыту, сонымен бірге жан – жақты білім беру жағы да ескеріледі. Сондықтан, тапсырмалар қызықты, тартымды, мазмұны терең болуы, оқушылардың жас ерекшелігіне сай келуі көзделеді.
Түзету оқуының ең басты бағыттары:
Дыбыстарды дұрыс айтылуын қалыптастыру(арнайы логопедиялық әдістерді қолдана отырып, дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, дыбыстардың артикуляциясын анықтау)
Фонематикалық есту қабілеттерін жетілдіру (дыбыстарды ажырата білуге, есте сақтауға үйрету, артикуляциялық дағдыларды және фонематикалық қабылдауын дамыту, дыбыстық талдау және жинақтау қабілетін дамыту)
Сауат ашу оқуына дайындық (оқу мен жазу)
Байланыстырып сөйлеуін дамыту.
Мектептегі оқыту үрдісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сауат ашу жұмысының мақсаты – балаға хат таныту, яғни оқу мен жазуды үйрету. Тілі дамымаған баланың басқа да психикалық қызметтері дамымайды. Әсіресе , жазба тілді дамыту маңызды, әрі күрделі мәселе. Ауызекі сөйлеу тілінің патологиясынан басқа жазу тілдің бұзылуы болады. Қандай да болмасын еш уақытта бірден дұрыс жазып және оқып кете алмайды. Балалардың барлығы оқу мен жазуды үйренуінің алғашқы сатысында азды – көпті қателерді жібереді. Сөйлеу тілі дұрыс жетілген балалар мектепке дейінгі жастарында қажетті сөздік қорларын игереді, сөйлеу тілінің грамматикалық түрлерін меңгереді, сөздерге дыбыстық талдау жасай алады. Ал, сөйлеу тілдерінің түрлі патологиялары бар балаларда бұлардың даму барысы кешеуілдеп артта қалып қояды.
Жазуының кемістігі бар балалардың айтылған сөздердің мағыналарын дұрыс түсінбеулерінің салдарынан жазған жазуларын түсіну өте қиын. Оқу мен жазу бір – бірімен тығыз байланысты болғандықтан, жазуыындағы кемістіктер оқуында да қатар жүреді.
Қазіргі уақытта балалардың оқуы мен жазуындағы кемістіктер сөйлеу тілінің фонетика – фонематикалық және лексико – грамматикасының барлық сыңарларының жалпы толық дамымауы салдарынан жиі болатындығы анықталады. Дисграфия мен дислексия жалпы сөйлеу кемістігінің ауыр түрлеріне (1-2 деңгей) оқуы мен жазуды меңгеру мүлде мүмкін емес. Бұндай балаларда жазуға үйрету үшін бірнеше жыл бойы олардың ауызекі сөйлеу тілін қалыптастырумен айналысу керек.
Біздің тіліміз ойлаумен тығыз байланысты. Тіл – ойдың құралы деп аталады. Біз сөздің жәрдемімен ойлай аламыз. Адамның ойлауы тек тіл арқылы ғана туып және де сол арқылы қолданылады.Тілдің сөйлегенде бұзылып, дыбыстың дұрыс қолданылауы адамның әлеуметтік белсенділігіне, жеке басының қызметіне, сонымен бірге психикалық дамуына әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан баланың тілін дамытумен бірге біз оның ойын да дамытамыз. Олай болса баланың таза, дұрыс сөйлеуінің оның ойының дамуы үшін де үлкен маңызы бар.
Сынып оқушыларының сөйлеу тіліндегі мүкістіктің ішкі сырының ерекшелігін және оның ауқымдылығын анықтай білу қажет. Мүкістіктер сөйлеу тілінің фонематикалық, лексикалық, және грамматикалық жақтарын қамтиды. Сонымен бірге оқушылардың оқуы мен жазуын да тексеру қажет.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың бұзылуы өз бетімен дербес болып келуі белгілі, бірақ ол көп жағдайларда сөйлеу тілінің фонетикалық жағын, кейде фонетика – фонематикалық және лексико – грамматикалық жақтары сияқты жалпы дамуын да қамтитын бұзылудың күрделі нышанын білдіретін ақаулықтарға сай келуі мүмкін. Сөйлеу тілі дыбыстарын естіп қабылдауының, ажыратуының жеткіліксіз дамуы жекелеген дыбыстардың айтылуындағы бұзылуына және баланың фонематикалық түсінігінің кешеуілдеп қалуына себепші болуы мүмкін. Сондай – ақ ол сөйлеу тіліндегі дыбыстардың талдауының қалыптаспауына, демек оқуы мен жазуын меңгеруіне де әсер етуі мүмкін. Баладағы дыбыстардың айтылуын, сөздік қорын, грамматикалық құрылысын, жазуы мен оқуын тексерген кезде әр түрлі тәсілдерге және нақтылы әдістерге сүйенеміз.Тәсілдің немесе әдістің қайсысын болмасын біреуін қолданғанымен сөйлеу тілі бұзылуының ерекшелігі туралы бірден қорытынды жасауға болмайды. Тек тексерудің нәтижесін салыстыру және талдау арқылы сөйлеу тілінің ақаулығы туралы анық айтуға болады.
Сөйлеу тілін тексермес бұрын ата - аналармен әңгіме өткізілу қажет. Әңгімелесудің барысында баланың қандай аурумен ауырғаны, жарақаттанғандығы және сөйлеу тілінің дұрыс қалыптаспауына зиянын тигізетін тәрбие жағдайлары анықталады (анамнез жинақтау).
Мектепке келген балалардың сөйлеу тілінің жалпы жағдайынан түсінік алу үшін қарапайым жеңіл әңгімелер өткізіледі. - Атың кім? - Әкеңнің аты кім?
Шешеңнің аты кім? - Қайда тұрасың? - Әпкең, қарындасың, сіңлің, інің, ағаң бар ма? Олар туралы айтып бер. -Мектепте кіммен достасып жүрсің? -Бұл жерге немен келдің? -Тағы қандай көлікті білесің?- Сен хайуанаттар паркінде болдың ба?- Қандай аңдарды көрдің? және т.б.
Әңгімені тек сұрақ – жауаппен шектеп жүргізуге болмайды. Балаға бейнелі сурет бойынша қысқа әңгімені ауызекі айтып беруді ұсынуға болады. Берілетін тапсырманың түрі мынандай болу керек. «Мына бейнедегі суреттелген көріністерді айтып бер». Бала оқиға желісін еркін әңгімелей алатындай етіп бейнелі суреттер баланың жас ерекшелігіне сай арнайы іріктеліп алынады. Бейнелі сурет бойынша әңгімелеумен бірге, ертегі немесе бала өзі күнделікті естіп жүрген қарапайым жеңіл әңгімені айтқызу тәсілін қолдану қажет. Осындай тәсілдерді қолданғанда баламен алдын - ала әңгімелесу кезінде оның дыбыстарды айтуын қаншалықты меңгергенін және қандай ақаулықтарын бар екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді.
Оқу мен жазу сөйлеу тілі қызметінің ерекше түрі. Сөйлеу тілінің толық дамымауы мен оқу және жазуының бұзылуының арасында тығыз байланыс бар. Баланың сөйлеу тілінің жазуын тексерудің үлкен маңызы бар, себебі ол жазуды меңгеру дағдысының деңгейін ғана емес,сонымен бірге ақаулықтарының түрлерін де анықтауға жәрдем береді. Жазу дағдысы жат жазу арқылы тексеріледі. Қателердің себебін және ерекшелігін анықтау үшін дағдылануға байланысты сөздермен немесе қысқа сөйлемдерден жат жазу жазғызуға болады.
Сонымен бірге көшірме жазуы да тексеріледі. Жат жазуындағы жіберілген қателері мен көшірме жазуындағы жіберілген қателерді салыстырып теңестіреді. Жазуды енді үйрене бастаған балаларға жат жазуды дыбыстарды жазғызудан бастайды. Балаға өзінің сөйлеу тілінің айтылуындағы жиі бұзылатын дыбыстарды жазғызады. Бала буындарды немесе қысқа сөздерді айтумен қалай жазатынын тексереді. Жат жазумен қатар баланың айтуымен жазғанда байқалмайтын кейбір қателерін және сөйлемді жазғанда байқалмайтын кейбір қателерін және сөйлемді құрастыруының бұзылуын, сөздік қорының жеткіліксіздігін анықтауға мүмкіндік беретін өздігінен жазуын тексеру керек.
Өздігінен жазуын тексеру үшін әр түрлі бейнедегі суреттерді ұсынуға болады. Жазуды әлі жеткілікті меңгермеген балаларға жеңіл бейнеленген суреттер бойынша сөйлемдер құрастырып, оқиға желісін баяндап немесе одан да жеңілдеу суреттегі бейнеленген заттардың аттарын немесе қимыл – әрекеттерін жазуды ұсынуға болады.
Қимыл - әрекетттерді көрсететін суреттер: Қыз тісін жуып тұр. Бала шанамен сырғанап жүр. Әже шұлық тоқып отыр.
Әже шұлық тоқып отыр.
Жазудағы болатын қателердің себебі фонематикалық толық дамымауы мен жалпы сөйлеу тілінің толық дамымауының, біреуінің тікелей ықпалынан екенін көрсетеді. Оларды ажыратуды және анықтауды білу қажет. Ауызекі сөйлеу тілінің, сондай – ақ өздігінен жазуының қорытындысы бұларды тиянақты бағалауға мүмкіндік береді.
Балалардың оқуының жағдайын тексеру үшін арнайы іріктеліп алынған сөйлемдерді пайдаланады, егер бала нашар оқитын болса, онда әріптерді оқып талдаудан бастайды. Бұдан кейін буындарды оқуды тексереді. Құрамында қатар тұрған дауыссыз және дұрыс айтылатын да, дұрыс айтылмайтын да дыбыстары бар буындарды алдымен тура, сосын керісінше буындарды оқытады.
Бұдан кейін сөздерді оқуға көшеді. Оқуды тексеру үшін алдымен жәй сөйлемдерді, сосын дыбыстық және морфологиялық құрамы бойынша күрделілеу сөздерді іріктеп алады. Бала оқыған сөздерін түсінетін, түсінбейтіндігін міндетті түрде тексеру керек. Бұны анықтау үшін оқыған сөзіне бір мағыналы сөздерді іріктеп алып, оны сөйлемнің құрамына енгізуді, сосын соған лайықты суретті іздеуді ұсыну арқылы жасайды.
Оқуын тексерген кезде баланың буынға бөліп немесе бүтін сөзді және жеке әріптерді іріктеп, олардан буын және сөз құрап оқитын ерекшеліктерін көрсету қажет. Оқу барысында бала аталған жеке әріптерді алмастыра ма, оның бұл алмастыруы сөйлеу тілінің бұзылуына сәйкес келе ме, басқа қателерінің ерекшеліктері қандай, оқуының шапшаңдығы және түсіну дәрежесі қандай деген сияқты қателерінің ерекшеліктеріне көңіл бөледі.
Оқуын тексеру барысында байқалғанның бәрі жазып алынады. Олар оқуының кемістіктерінің шығуына, сөйлеу тілінің фонетикалық бұзылуы мен жалпы сөйлеу тілінің толық дамымауының қайсысының себепші болатынын және оны жоюда ең тиімді тәсілді табуды, оқуындағы қиыншылықтан құтылудың әдісін анықтауға жәрдем береді.
Адамның ойлауы тек тіл арқылы ғана туып және де сол арқылы қолданылады. Тілдің сөйлегенде бұзылып, дыбыстың дұрыс қолданылмауы адамның әлеуметтік белсенділігіне, жеке басының қызметіне, сонымен бірге психикалық дамуына әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан баланың тілін таза, дұрыс сөйлеуінің оның дамуы үшін де үлкен маңызы бар.
Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға білім берудегі негізгі міндет - әрбір баланы өмірде айналасындағылардың көмегіне тәуелді болмай өз бетінше өмір сүруге дайындау, өз тұрмысын өздігінен ұйымдастыру мүмкіндігі болатындай әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған мүгедек және созылмалы ауруларға шалдыққан, күйзеліске душар болған балалар саны күннен – күнге көбейіп барады.
Сыныптағы оқушылардың оқу кемістіктерін түзету үшін олардың себептерін анықтау қажет. Мұндай кемістіктер әр түрлі болады, мысалы: зейіннің тұрақсыздығынан, зейінін шоғырландыра алмаушылық буындап оқу дағдысының қалыспағандығынан оқушының тіл кемістігі т.б. Мұндай кемістіктерді жою барысында істелетін жұмыстар дұрыс оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Оның қажеттіліктерін бекіте түседі. Мәнерлеп оқи алмау саналы олақтықтан туады, яғни демді дұрыс ала алмау немесе дикция кемістігі. Ал мәтінді шала ұғынудың өзі де түрлі жағдайларға байланысты: ақыл – ой дамуының жеткіліксіздігі, сөздік қордың тапшылығы, оқушының ұқыпсыздығы т. б.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу- жазуға үйрету кезінде – ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырған жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқудан сақтандыру керек. Егер бала буындап оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор.
Сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателіктерін топтап көрсетсем, төмендегідей:
а) Әріп,буын немесе сөз қалдырып кетіп оқу.
ә) Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.
б) Тілі келмегендіктен және тіл кемшілігіне байланысты бір әріпті екінші әріппен алмастырып (оңда –онға, күзет – күжет. т.с.с) оқиды.
Мұндай кемшіліктерді алдын – ала есепке алып, түзету жұмыстарын жүргізіп отырамын. Дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастарылады:
1.Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып дағдыландыру.Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қилы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсырмалар беріп, екінші бір жағдайда парақшалар жасап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландыру.
Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.
2.Қате оқыған сөздерді буынға бөліп оқытамын немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етіп, ол сөзге талдау жасап, кеспе әріптерден құрастырады.
3. Қате оқыған сөздерді қайта оқыттыру.
4. Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіру.
5. Қате жіберетін дыбыстары жиі ұшырасатын өлең, тақпақ,
жаңылтпаштар айтқызу, жұмбақтар шешу .
Оқу мен жазу дағдыларын қалпына келтіруге фонематикалық есту қабілеті мен сөйлеу тілінің дамуымен қатар, көру түйсігі және кеңістікті бағдарлауы, қимылы, жазуға үйрету кезінде, ең алдымен, қолдың ұсақ бұлшық еттерінің қимылдары дамуының маңызы зор.
Оқу мен жазу дыбыстық талдау, жинақтау әдісі арқылы жүргізілетіні белгілі. Сондықтан, ең бірінші талап – балалардың дыбыс есту қабілетін дамытып, тіліміздегі түрлі дыбыстарды ажырата білуге, дыбыстық талдау жасауға үйрету. Ол үшін әр түрлі ойын түрлері пайдаланылады. Мысалы: «Еденге не түсті?», «Қай аспапта ойнадым?», «Кім атыңды атады?», «Қай жануар үн шығарды?».
Келесі тапсырма – суреттермен жұмыс.
Суреттегі затты атап, оған дыбыстық талдау жасау.
Сөздегі бірінші дыбысты ата.
Сөздегі соңғы дыбысты ата.
Сөздегі дауысты дыбысты ата.
Дыбыстарды ретімен атап шық.
Дыбыстық жинақтау дағдыларын қалыптастыру.
Жеке кеспе әріптерден сөз шығару: Л, қ, а, р, ш, а.
Жазу процесін түзету үшін саусақтың бұлшық ет қимылдарын дамыту қажет. Ол үшін сурет, еңбек, жазу сабақтарында міндетті түрде арнайы жаттығулар өткізілуі қажет.Осы бағытта мынандай жұмыстар жүргізуге болады:
Трафарет, контурлармен жұмыс жасау, берілген нүктелерді қосу арқылы геометриялық фигураларды сызу, фигуралардың ішін штрихтау.
Дәптер жолынан шықпай түзу, сынық сызықтардан тұратын оюлар салу.
Әріп белгілеріне ұқсас заттар салу.
Әріп элементтерін сызу.
Сонымен қатар, әр түрлі дидактикалық арнайы ойындарды қолданған жөн.
Мысалы: «Кім пирамиданы тез жинайды?», «Сиқырлы дорба», «Кім жылдам?»(шашылған ұсақ заттарды жинау). «Кесілген суреттерді құрастыру».
Бұл ойын барысында балалар саусақтарын жаттықтырумен қатар, ойлау, сөйлеу қабілетін де дамытады. Осындай қолдың ұсақ моторикасын дамыту жаттығуларын орындау барысында балалардың жазу дағдылары құрыс қалыптасады, есте сақтау қабілеті дамиды.
Жазуындағы, оқуындағы кемістіктерді жою жұмысы бар оқу жылы бойы жүргізіледі. Олардың қажетті шарттарының нәтижелілігі ауызекі сөйлеу тілі мен жазуын жетілдіру болып табылады. Оқу мен жазуындағы кемістіктерді түзету әрдайым тоқтаусыз жұмыс істеуді қажет етеді. Соның нәтижесінде оқуда жалпы үлгерімі төмендеп кетуі де мүмкін. Сондықтан оларды алдын ала сақтандыру жеңілірек және тиімді болады. Жоғарыда айтылып өткен әдіс – тәсілдерді, элементтерді сабақта пайдалана отырып, мынандай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
- Фонематикалық есту қабілеті жетіледі.
- Есте сақтау, ойлау қабілеті дамиды.
- Қолдың ұсақ моторикасы дамиды.
- Оқу мен жазу дағдылары дұрыс қалыптасады.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, тіл кемістігін түзеуге, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Семинар12. Сөйлеу тілінің дамымау деңгейлері, олардың сипаттамалары, түзету әсерінің міндеттері. Бұзушылықтың этиологиясы және сипаттамасы. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы.
Достарыңызбен бөлісу: |