Заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы Есепті жылда салық салынатын табыстары бар заңды тұлғалар табыс салығын төлеушілер болып табылады. Табыс салығын төлеушілер қатарына заңды тұлғалар, олардың филиалдары және оқшауланған бөлімшелер кіреді.
Әрбір салық төлеуші салық салынатын табысты анықтау үшін, жылдық табыстың жинақталған сомасынан табыс табу мақсатында жұмсалған шығындар мен шеккен зияндардың сомасын шегереді.
Кәсіпорынның жылдық табысына, яғни жыл бойы кіріс еткен сомаларының жиынтығына сатылған немесе өткізілген өнімдер, атқарылған жұмысы мен көрсетілген қызметі және басқа да операциялар үшін салық төлеушінің алуға тиісті ақшалай немесе басқа да қаражаттары, сондай-ақ сатып алушыдан алуға тиісті сомалардың есебінен өзара есеп айырысу ретінде үшінші тұлғаларға жіберілген немесе тікелей не болмаса жанама шығындарды өтеуге жіберілген қаржылар жатады.
Салық салынатын табыстардың және одан шегерілетін шегерімдер мен жеңілдіктердің құрамы, сондай-ақ салынатын табыс салығының мөлшері салық кодексінде қаралады.
Салық төлеуші кәсіпорын тиісті салық органына «Заңды тұлғаның салық салынатын табысының декларациясын» ұсынуға тиіс.
Ұйым өзінің есепті жылдағы алған табысы бойынша табыс салығы сомасын есептеу барысында бухгалтерлік есепте мына түрдегі екі жақтыжазу жазылады:
Д-т: «Корпоративтік табыс салығы бойынша шығындар» шоты,
К-т: «Төленетін корпоративтік табыс салығы» - шоты.
Ал бұл сома бюджетке аударылғанда:
Д-т: «Төленетін корпоративтік табыс салығы» деп аталатын шот,
К-т: «Ақшалар»деп аталатын шоты түріндегі бухгалтерлік жазуы жазылады.