Қосылған құнға салынатын салық. Қосылған құнға салынатын салық тауарларды өндіру, жұмысты орындау немесе қызмет көрсету және олардың айналысы барысында қосылған құн өсімінің бір бөлігін аудару, сондай-ақ осы елге тауарлар импорты кезіндегі аударым болып табылады. Бұл ретте салық салынатын айналым мен салық салынатын импорт салық объектісі болып табылады. Қосылған құнға салынатын салық «Қосылған құнға салынатын салық» шотында есептеледі. Бұл пассивтік шот болғандықтан кредитіне салынған салық сомасы, ал дебитіне бюджетке аударылған және субъектінің жабдықтаушыларға тиісті түрде ресімделген салық шоты бойынша төлеген сомалары жазылады. Бюджетке төленуге тиісті қосылған құнға салынатын салық өткізілген өнім, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін есептелген қосылған құнға салынатын салықтың сомасы мен сатып алынған тауарлар, материалдар мен жабдықтаушылардың көрсеткен қызметі, орындаған жұмысы үшін төленген қосылған құнға салынатын салық сомаларының арасындағы айырма ретінде айқындалады. Қосылған құнға салынатын салық мөлшері Қазақстан Республикасының салық заңында белгіленеді.