27 август, 1959 жыл. Түнгі сағат үште келдік. Ешкім күтіп алған жоқ. Клубқа қондық. Таңертең дала қосынан тамақ іштік. Ендігі адрес: “Ақмола облысы, Атбасар ауданы, “Алғабас” колхозы, дала қосы, Қазақ университетінің студенті Тасболат Манабаевқа”.
28 август. Жетіде тұрдық. Бригадир келді, тізесі, құйрығы жамалған шалбары бар. Дауласып, айтысып сөйлейді. Есілге бардық. Екі шақырымнан алыс емес. Жатағандау, асты саз, балдырлы. Суық. Баяу ағады. Төркініне бауыр басып, қайын жұртына қайтқысы келмей, ағайындарын түк қалдырмай аралап жүрген келіншек секілді, бейнебір Сарыарқаны қимайтындай, кең далада мың бұралып ағатын сырлы өзен екен, қайран Есіл!
29 август. Таң атпастай көрінді. Терезе тасыр ете қалып, әйел даусы естілді. Қойма тазаладық. Меңгерушісі Жолаушы деген жігіт екен. Жалқымын, жетіммін дейді. Атбасар интернатында өсіпті. Ұрлық қылған. 8-класта соғысқа кеткен. 1943-те қайтып, 21 жасында үйленіпті. 1954 жылға дейін әр жерде сатушы болған.
Бір тойда өле арақ ішіп, аязда далада қалыпты. Екі жыл ессіз ауруханада жатқан. Жазылып шығып тағы қоймашы болыпты. Өмірі аша ұстап жұмыс істемеген. Басы таз, орысша, украинша судай ағып тұр.
Дастарқаны мол екен. Шай іштік. Сегізінші оқитын бір ұлы және кішірек бір ұлы бар екен. Қыздар әлі жұмысқа шыққан жоқ.
Түскі тамақта үйлену мәселесі сөз болды. Махаббатты түр-түрге бөлдік: настоящая, привычная, обязанность...
Волейбол ойнадық.
Күн батқан. Батыс жиекте ұзынша бұлттардың қызылы бірте-бірте сөніп барады. Сол жағымызда қамысты көл. Клуб ішінде ауыл қыздары кезікті. Ерте піскен, не десең де тайынбайды. Біреуі көзі бақырайып күле береді, бірі тез ашуланады екен. Жұрт клубқа керенау жиналды. Сағат тоғызда басталмақ болған кино оннан кете әрең жүрді.
30 август. Қайтып ұйықтап қалыппыз.
Бүгін облыстық қазақ газетінің меншікті тілшісі келді. Бір жыл мектеп директоры болған екен. Күнделікті абыр-сабыр.
Кеңсе алды бос жүрген адам. Біресе ана жерге, біресе мына жерге барып тұрады. Тек тұрыс, тіпті басқарманың өзі біресе анаған, біресе мынаған айғайлап жүр. Мал өліп қалды деп келген қырықтардағы қазаққа:
- Дүние жетеді! – дегеннен артық жарытып ештеңе айта алмады. Не берсе әперем деп жүгіріп магазинге барды, ағаш көрсетем деп, жүгіріп қоймаға барды...
Көк шабу қиынға соққан жоқ. Түске дейін терледік. Түс ауа жаттық. Көйлек жоқ, жалаңаш жалаң аяқ барып, қолымызбен су іштік. “Қара қоға” көлінің асты борық. Қайың мінген орыстың балықшы шалы жүр. Ау құрып қойса керек.
Үйлену бүгін тағы сөз болды.
- Оқымаған қыздардан артықпыз, - дейді біздің қыздар. Ата-ана қолынан кетуді аңсайды, бірер жыл үйлерінде болуға да қарсы емес.
Бестерден аса сіркіреп жауын жауды. Күн ашылды. Біз қайтып бара жаттық.
Сол жағымыздан қоғаның мойны көрінді. Оңымызда үйілген маялар. Шегіртке секіріп жатыр. Бақалар кезігеді. Алғы тірлік ойлантады, өткен-кеткен еске түседі. Дала қосына келдік. Әр түрлі әңгімені құлағым еміс-еміс шалып, бір оянып, бір мызғып көп жаттым.
Мотор даусы естілді. Далаға шықтым.
Аспанда кетпеннің басындай ай тұр. Жанарсыз жұлдыздар бар.
31 август. Құдай бірдеңе берер, гимнастика жасадық. Сағат жетілерде кеңсе алдында кісі көбейіп кетеді. Неге жүргені белгісіз. Кердең басып, бастық келе жатыр. Барқыт бешпенті бар, аяғында қымбат ботинка. Көзге түсіріп киген кепка.
Күн құрғақ, ашық. Әр жерден мотор даусы келеді. Түске дейін шөп шабуда болдық. Дала қосының маңайы шөптесін. Кішкене көл бар. Суы бұлыңғыр. Астымыз шөп, басымыз шөп, жанымыз шөп. Есік алдында екі-үш украин жігіті трактор жөндеп жатыр. Анадайда бір топ жылқы көрінеді. Екі аспаз қыз сықылықтап күліп өтеді. Маңайда жайбарақаттық бар. Күн батуға асығатын емес, тұрған жеріміз “Қайрақты” аталса керек.
Машинаға мініп, жолға шыққан адам ойға батады. Далада асығыстық жоқ. Маужыраған қалып.
1 сентябрь. Даланы түн жапты. Асықпай баяу келді. Қызарып барып сөнген күннің қызылы әбден айығып болған жоқ. Жұлдыздар қаймыққандай аспанның о жер, бұ жерінен жігерсіз сығалайды. Дала қосы алдында әр өлеңнің бас-аяғын шалып айтып отырған дулы топ. Шамы жоқ трактор дүрілдеп келеді. Жан-жақтан ауыл оттары жарқырайды. Дарылдап бір мотоцикл өтті. Осы түнде қайда барады екен?
Ұйқылы, маужыр түн емес, қағылез, сергек түн айналаны құшағына алды. Екінші бригадаға барған жігіттер бізге қашып келді. Жағдай нашар болса керек. Жұмыстың әзір берекесі шамалы. Күні бойы жүргенде 4 мая салдық. Шіркей мазаны алады. Украинадан практикаға келген механизаторлар көрші бөлмеде жатыр. Бәрі денелі, шымыр. Бірімен су басында кезігіп қалып, сөйлескенімде әр жайды айтты. 1941 жылы туған, әкесі соғыста қаза болыпты, 7-класс бітіргеннен бастап үйіне көмектесіпті. Қазір училищеде курсант. Аты Юрий екен.
2 сентябрь. Гармонь даусы оятып жіберді. Ерхан екен. Бірер күн болды, біздің жігіттер машина жүргізуді шығарды. Көбі бұрыннан білсе керек. Тағы машинаға отырдық. Жазықта егін тұнып тұр. Әр жерден комбайнның сорайған мойны көрінеді. Маңайында күйбеңдеген бірен-саран адам. Қостан шыға бере ұзын жыра бойын қуалай өскен тал-шілік. Жүз – екі жүз метрден кейін кішкене жылға басталады. Бұл жақтың жолы тақтайдай. Зымыраған машина артқа арбалыларды тастап кете береді. Оның үстінде әдетте орта жастардағы бір еркек пен әйел отырады. Шаршаған, тоқтыққан жүздерімен саған самарқау көз тастайды. Жол жиегінде сынған машина тетіктерін көресің.
Түс ауа екі мая салынды. “Алғабасқа” бардық. Тәртіппен салынған бірталай үйлері бар. Мектебі тәп-тәуір. Әндетіп бара жатқан біздерге кейбіреулер таңырқап қарайды. Әйел қой айдап бара жатыр. Батар күнге көз салған бөрік киген шал не ойлады екен?! Машина қасында май-май шофер тұр.
Есілген түстік. Жағасы итіне біткен шілік-тал. Бір қалыпты, сабырмен ағып жатыр, анда-санда қазан бетіндей бүлк-бүлк етеді. Адам көп келмегендікі ме, немене, балдыр мол. Сүңгіп-сүңгіп шықтық.
3 сентябрь. Жұмыс басына шөп тиеуге барған машинаға мініп бардық. Сағат сегіз-тоғыздар шамасы. Анда-санда жол бойының шаңын бұрқырата аспанға көтеріп, әрлі-берлі машиналар өте шығады. Айнала ұйқыдан әлі оянбағандай маужыр. Аспан бетінде кілегей бұлттар дірілдегендей болады. Шөптің шығы кеппеген, көз жасындай мөлдіреп тұр. “Қара қоға” жатқан шылп еткен су дыбысы естіледі. Қаз-үйрек қасыңнан зу-зу өте шығады. Аспанда дүрілдеп самолет ұшады. Қойын өргізіп қойшы кетіп бара жатыр... Зина Миронова деген қызбен таныстық. Ленинградтан медучилище бітіріп келіпті. Есті қыз. Сонау Ленинградтан қазақ даласына жол тартқан жас адамға қарап отырып, небір ойларға батқаныңды сезбей қаласың. Оған бәрі таң: мынау созылып жатқан бел, далиған дала, адамдар. Бірақ осы қыз төрт қабырға, тамаша қала, парк, би театрлармен қоштасып, осында неге келді екен?
Атбасар қаласына бардық. Көшелері тар екен? Жаңбыр жауғанда сірә, аяқ аттап басу қиямет-қайым шығар. Машина зырлап келеді. Күн қып-қызыл, сәл төменгі жағы бұлтқа батқандықтан болар, қоңыр қошқыл. Көкжиектің ар жағына сіңіп барады, міне, қызыл тақиядай боп ақырғы рет төбесі көрінді де жоқ болды, пейзаж жазғысы келген кісі далаға барсын!
Жолда шофер праводан айрылды. Жабылып шуластық.
4 сентябрь. Аққаны білінбей Есіл жатыр. Жағадан көп жерге дейін кісі бойынан аспайды. Анда-санда шоршыған балық су бетін шолп еткізеді. Әр жерден қоға көрінеді. Орыс шалы қайықпен балық аулап жүр. Жағадағы екеу қармақ салады.
Осында Әли деген мылқау бар. Тапал, жуан. Ат күтеді, отын-су соның мойнында. Түнде біздің бөлмеге қонды. Астына күпәйкесін салып жата кетті. Қолын аузына апарады да ысқырады – онысы темекі сұрағаны. Арақ берсең қарсылығы жоқ. Біз доп ойнап жатқанда үнемі көз алмай қарайды да тұрады.
Аспаз қыз – Маруся Белоруссиядан биыл келіпті. Он жылдық бітірген сұлу. Жанып тұрған пысық. Бар жұмысты тасқыаяқтай қағыстырады. Біздің жігіттерден де, украиндықтардан да қырындаушылар мол. Әзір тіл тапқан Ербол ғана.
Осында бригадир қазақ көп келеді. Орысша мүлтіксіз сөйлейді. Бұл да денелі жігіт, тұлғасы тұтас, күш иесі екенін белдеспей-ақ білдіргендей, сөзі аз, ананы істе, мынаны істе дегеннен басқа аузынан шашау сөз шықпайды.
Аспанда, әр жерде үйірінен адасып қалған жылқыдай жұлдыздар жусайды. Қою қошқыл бұлтқа ай бір батып, бір шығады, ауға шырмалып қалған балық іспеттес.
7 сентябрь. Кино көрдік. Баталов ойнады. Жігіт дәрігер. Соғыс басталып кетеді. Бұрынғы қызынан айрылады. Басқа әйелге үйленеді.
Сап-салқын аспан төніп тұр. Жұлдыздар мұздаған. Ай шырқау биікке көтерілген. Кино көріп, дуласып шығып жатқан жігіттер машинаға қарғып-қарғып мініп алды.
8 сентябрь. Көпелегіштің көлеңкесінде түске дейін жатып, кітап оқыдық. Лев Толстой, Джек Лондон, Чехов, Мопассан. Сағат он екілер кезінде көпелегіш тіркеуге бір комбайн келді. Мен Әлжанға қарадым, ол маған қарады. Ақыры ол кетті. Күн ыстық, қапырық. Анадай жерде мылқау Әли жатыр. Бойы бір тұтам, жуан, кеспек секілді. Қолын ербеңдетіп, аузын жыбырлатып, жасының 55-те екенін, әйелі, үш баласы, екі сиыр, бір биесі бар екенін айтады.
Түс мезетінде Әли аузын ашып “асқа барайық” дегенді ымдап жеткізді. Арбаға мініп қосқа келдік. Көпелегіш түстен кейін жүрді. Қызарып барып күн батты, аспанда жұлдыздар жағылды. Мен қажығандай болған кезде, тілек орындалғандай, комбайнның бір жері сынды. Көпелегіштің үстінде жатсам, көзім ілініп кетіпті. Сағат 11-лердің кезі. Секіріп түссем, анадайда дүрілдеп трактор кетіп барады екен, әудем жерге дейін қуған болдым, аузыма кір-кір саусағымды салып ысқырдым, атын атап айқайладым. Естімеді. Алаңдап жан-жағыма қарадым.
Түн. Жұлдыздар төбеде жайнап тұр. Әр жерде комбайн агрегатының, машиналардың оты. Күпәйкемді шешіп тастап, бөшкеден су алып жуындым, іштім. Бойым сергігендей болды. Ауа қандай тоңазыған, таза еді! Егінжайдың сонау шетінен бері келе жатқан машинаға қарсы жүгіріп тоқтаттым. Сонымен қайттым.
Егіннің нақ ортасында тастан қалаған көп мола бар. Әредік болмаса, көбінің қабырғасы құлаған, шөп басып кеткен. Көненің көзі, ескерткіш секілді қалып қойыпты. Бүгін қанша шаршасам да көңілім көтеріңкі қайтты.
11 сентябрь. Кешкі жұмысқа қалдық. Алтаумыз. Үшеуі бізден бұрын киімдерін, қармақтарын алып, кетті. Не зобалаң келгенін кім білсін, өзенге дейін жүгірдік-ай кеп. “Қайрақты” өзені сылбыр, тіпті ағысы білінбейді, тұнба көлден айырмасы аз. Дөңгелек жапырақты шөптер өсіп кеткен. Жағадан тіке тұңғиық басталады. Ауырып өлді ме екен, әлде қасқыр тартып кетті ме екен, әйтеуір, анадайда теңкиіп екі қой жатыр. Күн әжептәуір биікке көтерілген. Будың беті бұйра. Екі-ақ балық ұсталды. Қоғаға шырматылып бір қармақ су түбіне кетті. Киім жуып алдық. Әлжан күмп-күмп еткізіп, жақсы малтиды екен. Күн батқан соң көкжиекте үш жол сызықша қалды. Кешігіп барып, жартыкеш күрең ай шықты.
- Аспан киіз үй секілді. Жұлдыздар жыртық түңліктен түскен күннің сәулесі, құс жолы жаңа ғана жүріп өткен алаңғасар шофердің машинасының аспанға көтерген шаңы сияқты. Жеті қарақшы керегеге іле салған ожау іспетті, - дейді Әлжан.
Қырманға машина-машина бидай түсіп жатыр, келіп жатыр.
Әр түрлі сөз айтылады:
- Үй керек...
- Диван қажет...
- Машина...
- Қалада тұрса...
- О не дегенің, өлесің ғой байғұс, газ жұтып... – Алматыда қалу - өсу деген сөз.
Есбай арақ әкеліп, жең ішінен жігіттерге ішкізіп жүр. Кейінгі шыққан әндерді түгел айттық. “Сырымбетті” мақтадық. Аяғымызды бидайға тығып мызғып кетсек шоферлар теуіп оятып жүр. Сағат 3-те қайттық. Асханадан нан әкеп жедік. Бір кружка суды бөліп іштік.
12 сентябрь. Тағы түнге қалдық. Түске дейін бейне бір жазға салымғы шағырым күн болып еді, түс ауа өзгеріп сала берді. Бұлттап келеді. “Информация, информация!” дегенге тысқа шықсақ, жұмысшы атаулы түрегеп тұр. Үстінде жай матадан тігілген кителі бар басқарма қолындағы қағазына қарап қойып сөйлеп тұр. Орашолақ. Шаршап, шалдыққандығы сезіледі. Көп нәрсені айтып жатса да, бәрін жасытып баяу сөйлейді. Қайта бригадир отты. Сөзі таза, өткір, келте. Істің жайын бес саусағындай біледі. Қарсы сөйлеген адамды оп-оңай басып тастайды. Жергілікті комбайншы ашына айтты:
- Осы тұрғандар тегіс кетеді, біз қаламыз, бәрін біз көтереміз.
- Техника безопасности где? – сейчас такая пора, все сгорит, нужен лафет! – деді тағы біреу.
13 сентябрь. Комбайндар құлатылған егінді жинап болды. Қырманда астық жоқ. Қайта шабады, ол бірер күн кебеді де, астық содан кейін түседі. Жұмыс дейтін жұмыс та шамалы. Самоход комбайн тұқымдық астықты тазалаған болады. Күні бойғысы 4-5 бункер. Аспан тұтас қара бұлтпен қапталған. Төңкерген қара қазандай түнеріп тұр, аласарып, аясы азая түскендей. Ауа сыз. Көкжиек бері жылжып, қасында тұр. Біраз уақыт өткен соң маңай мүлде үңірейіп, қою қараңғылық басты. Жаңбыр жауатындығында ешкімнің күдігі қалмаған еді. Біз төсекке жатар-жатпастан күтпеген қонақтай еріксіз келген мазасыз жаңбырдың ауыр тамшылары шатырды сатырлатып ұра бастады.
- Әй, егінге бұл сор болды ғой, қап! – деген сөз қараңғы бөлменің о жер, бұ жерінен айтылып қалды.
14 сентябрь. Қарсымызда жатқан қазақ көрпе астынан майкішең кеудесін шығарып, ала көлеңке, ұзын бөлмеде сөйлеп отыр. Кешке жақын ішіп жүрген. Бірақ мас емес. Сілтідей тынып, тыңдап жатырмыз. Бірнеше жыл түрмеде болыпты. Әйел, бала жоқ, семьясыз. Орта бойлы, қушық кеуде. Бет-аузы бір уыс, тістері қалай болса солай шанша салған қада секілді. Басы ойдым-ойдым, балалар мазақтайтын нағыз ойма таз. Қолдары етсіз, қағаз қажытқан кісінің саусақтарын еске түсіреді. Орысша тап-таза сөйлейді. Дедективно, инстанция, фиксировать, аномалия, тәрізді сөздерді жиі қолданады.
Үнсіз сәттерін көріп, жаның езіліп сала береді. Сол көзінің ағы бар, қағаз жазғанда, я бірдеңені оқығанда танауына дейін әкеледі. Аяғында керзі етік, үстінде қара күпәйке. Жасы 32-де. Түрмеден босағанына 9 ай. Бір адамның тіршілігі көз алдымыздан сүреңсіз, күз күніндей әр түрлі қамырықты ойларға батырып өтіп жатыр.
15 сентябрь. Зина тағы келіп кетті. Екі-үш машина шөп әкеп, қырманға тастадық. Трактор, самоход, машиналармен соны жаймалап таптайды. Жабыспаған артық шөп-саламды сыпырып алып тастайды.
Аспанның бір жерін ашық, бір жерін ақ сұр, бір жерін тұтас жалпақ бояу басқан, батуға айналған күн жанарсыз сығалайды. Жауын еріксіз, жіпсіз байлап қойған техника қаңқиып-қаңқиып босқа тұр. Дамылсыз соққан аңызақ таңертең былжырап жатқан жер жонын кешке қарай әжептәуір құрғатып тастады. Бұл жақта жаңбыр жерді оп-оңай бастапққа айналдырады екен: әрлі-берлі жүрген машиналар сәл жырадан шыға алмай мықшыңдап жатқаны. Кішкене газ берсе, артқы доңғалақтары айналып қоя береді.
Әлжан екеуміз сырласып жүрміз. Сырты момын көрінгенмен, ойлы, қыртысты жігіт. Бәтия дейтін қызбен арасында сөзі бар екен. Еркекшора боп өскен тентек дейді.
Вася дейтін тракторист:
- У тебя есть книга про шпионов? – деді. Мопассанның кітабын бердім.
Студенттік листок шығардық. Сағат кешкі сегізден он-он бес минут кеткен шақ. Жел соғып тұрған терезеден қараған кісіне күннің әлі батқан-батпағаны белгісіз. Аспанның көрінген бөлігі үш қатар бұлт көрпесін жамылған. Үстіңгі қабат бітеу, ортаңғысы үзік-үзік, астыңғы қабат ақшылтым, тұтас. Терезеден бес-алты метр ғана жердегі аңғарға өскен тал бірдеңеге келіспегендей қатты-қатты басын шайқайды. Гармонын шиқ-шиқ еткізіп, Ержан жүр. Қой десең қояр емес. “Шәпибайға” салып Есбай жүр. Қырманшы Халит мұрты қағаз сүзіп, бір нәрсе жазып жатыр. Қайда асығады: осы бүгін ішіп келмесе жарар еді.
16 сентябрь. Біз бүгін етік алдық, 42-43 мөлшерлі талыстай етік. Келсін-келмесін түгел киіп жатырмыз. Колхоз тегін берді. Шұлғау іздеп “Еріктіге” барып, Қадырбек деген кісінің үйіне қонып қалдық. Облыстан келген уәкіл бізбен бірге болды. Көзі жанарсыз, босаң адам көрінеді. Сауда техникумын бітірсе керек. Ірі қызметкерлердің көбімен дәмдес болған. Ұлы оқуды нашар оқыпты, қазір сауда техникумының соңғы курсында, өзімен таныс бір жолдасы істейтін жерге практикаға жіберіпті. Әңгімеге жоқ кісі, көбіне үндемей тамақ іше бергенді ұнатады. Аяғында қызыл етік, үстінде көнелеу гимнастерка. Үй месінің Мейіз дейтін қыздан басқа баласы жоқ. Мінезі кең, қолы жомарт адам. Бұрын әр түрлі қызметте істеген көрінеді. Қазір бұзау бағып жүргеніне қысылмайды. Осы адамға пейіліне қарай қанша бала берсе де сиятын. Әлді. Әйелінің жасында ерке, бұла өскені жүрісінен, көзінен, күлкісінен білініп тұрады. Кейде шоршыма мінезі бар. Көбіне күйеуі әзілмен, салқын ақылмен басып отырады. Қадырбек біреуді мақтағанда:
- Оныншы кластың есебін 30 минутта шығарады, - дейді.
17 сентябрь. Бригадирдің:
- Сағат жеті, қозғалыңдар! – деген айқайы оятты. Ербол, Ержандар мұздай киініп апты. Кейбіреулер әлі көрпе астынан басын шығармаған. Өне бойы ауырып, көзін аша алмай, керіліп жатқандар кеше көпелеуге барғандар. Ұйқыдан серги бере-ақ, түнімен көрген қорлықтарын айта жөнеліседі: көзге кірген шөп-салам, қолқаны атқан шаң-топырақ, аузы-мұрынды толтырған қиқым, - бәрі сөз болып жатыр.
- Әттең, - деп қояды Базар, шаң-топырағы болмаса табысты-ақ жер екен. Оған ілесе Өрен:
- Ай, шаң-топыраққа көмілген шақтарымда бәрін бір-ақ ұрып, тастап кеткің келеді, - дейді.
Насыр күпиіп келді:
- Ой, адам шыдамас дүние екен десем, жақсы-ақ жұмыс екен, әлі осыған бәріміз таласамыз. Әлгі Базар бар болғырға менің комбайнымнан көзге ештеңе түспейді десем, бейбақ соған нанып қап, өз көпелегішін жат та жаманда...
Бүгін көпелеуге өзім баратыным есіме түсіп, сөйлегім келмей қиналып мен жатырмын, тіпті тұрғың келмейді.
Беті-қолды бірер алақан сумен шылаған боласың да, тамаққа тартасың. Қабырғасы плакатқа толы асханада төрт ұзын орындық бар. Күнге күйіп, май сіңіп қоңырланған, сақал, мұрты өскендер толып жатыр мұнда. Тамақ беретін жерден екі қыздың басы дәміл-дәміл, кезек-кезек көрінеді. Машинаға мініп, Ербол, Әлжан үшеуміз жұмыс басына тарттық. Өзбек шофердің қыздарға қырындағысы келді-ау, сірә. Зулап келе жатқан машинасы өзенге тақағанда кілт тоқтады.
Біздің комбайнға жаңа тракторшы келді. Отыздардағы тығыршықтай орыс. Комбайншылар ойбайласа ғана әрең тоқтайды. Көмекшінің май-май, шұрқ-шұрқ тесік майкасынан терлеген еті жылтырап көрінеді.
Бізде көп сөз жоқ. Егер көпелегіш толып кетіп, мен дереу аударып үлгермесем, не көзіме топырақ еніп, шамам жетпей қалса, анау: “Земляк, работать надо!” деп айқайлайды. Екеуара өздері де аз сөйлеседі. Қайдағы “земляк” деп мен күлемін. Бригадир әкеп берген көзілдірік бес минуттан кейін шынысы буланып, ештеңе көрсетпейді. Сүртуге мүмкіндік жоқ, көзді ашу мүмкін емес. Уқалайсың-ай кеп, уқалайсың-ай кеп. Көпелегіш әрлі-берлі селкілдегенде екі қанатқа кезек соғыласың. Арқаң, тізең жараланып, көгеріп кетеді. Шыдатпайды. Тұра-тұра тізең талады. Көпелегіш толғанша теріс айналып, алысқа көз тастайсың. Аспан мен жердің қоспасында сағымға малынған дөң белестер шалынады. Шаң ішінде көрінбей машиналар заулап бара жатады. Жан ұшырып көпелегіштің бір ол қанатына, бір бұл қанатына жүгіресің, айырыңды лақтырасың. Түсіп бара жатқан көплегіш “Өй, сені ме” дегендей, тағы бір соғып қалады. Қашан сен түсіп, айырыңды алғанша комбайн талай жерге кетіп үлгіреді, көзіңді ашып, жұмып шаң-саламға қарсы жүгіресің. Қақалып-шашалып жүріп сабанды итересің. Алдыңдағы комбайнда міз бақпай отырған штурвалшыны көргенде, көңіліңді тоқтатып, бекінесің.
Күндіз әзіл-оспағың жараса кететін жігіттердің де үні семген, бет-жүзі көрінбей, бір ауыз сөз қатуға шамасы келмей, мағынасыз қолын ербеңдетеді. Комбайн бункері толған шақта штурвалшының айқайы шоферлардың жанын мұрнының ұшына келтіреді. Бұл жерде көп сөз жоқ. Бір-бірінен темекі сұрап тартады. Бункердегі бидай әп-сәтте кузовқа құйылады. Комбайн баяғы әніне қайта басады. Қос маңы үп етсе болды, шаң аспанға көтеріледі. Келімді-кетімді кісі қисапсыз. Бәрі де бидай уыстап, иіскеп көреді. Томпиған, жинақы адам аудандық атқару комитетінің преседателі екен, бригадирді сұрады, басқа тіл қатқан жоқ, машинасына мініп тартып тұрды.
Жігіттер жағалай машина айдап үйреніп жүр. У-шу.
- Е, бұл неге қажет?
- Пәлі, қызық-ой, мынау.
- Шофер мас болғанда, өзің айдап жүре бермейсің бе, басеке-ау!
- Кейін машина сатып алмайсың ба, мулти-миллионер!
Уәкілдер қос басында топ-топ. Бастық пен ауданнан келген нұсқаушы түсте ас ішті, біріне-бірі “тамақ тәтті емес пе” десіп қояды.
Айсыз түн, бұлт көрінбейді. Машинаның жарығымен үш-төрт адам астың тиегіштің үзілген шынжырын жалғап жатыр. Қалың киініп алған қыздар қорбаңдап бидай түсіріп жүр. Машина әлі көп. Шамдары жарқ-жұрқ етеді. Анадайда комбайнның мойны қарауытады. Есік алдында біреу әр әнді үзіп-жұлып тартып отыр.
18 сентябрь. Әлжан қызынан хат алды. Бірінде күліп, екіншісінде өзбек көйлегін киіп түсіпті. Бір хатпен екі сурет жіберген. Дәміл-дәміл оқиды. Өңі өзгеріп сала береді.
- Қалай екен?
- Ғажап! Қайтсең де осы қызды ал, - дедім.
19 сентябрь. Кітап оқыдық. Доп тептік. Аспанды жылауық бұлт басқан, әлсін-әлсін жауын. Тракторшылар жер жыртып жатыр.
Аспанның беті ала-құла. Батыс жақта шоқтай қызарған бұлттар көп-ақ. Қарлығаштың қанатындай боп көрінген бұлттың үстінен ала қызыл бояу жағып қойғандай. Кей жерде шабылмай қалған бидай әлсіз басын шайқақтатады.
Бригада мүшелерін тегіс жиып алып, жиналыс өткізілді. Бар мүмкіндікті пайдалану туралы қаулы жасалды.
20 сентябрь. Күз аспаны. Құбылмалы. Қоштасар шақтың таянғанын сезгендей, көлдегі қаз-үйректер суға бауырын төсеп, қайта-қайта ұшып келе береді. Қоғалардың мойны сорая түскен. Судың жаны кете бастағаны ма, немесе, ақырын ғана бүлкілдейді. Күннің қайда адасып жүргенін біліп болмайды. Тек батарда ғана ұялғаннан төмпешік бұлттардың балағын қызартады.
21 сентябрь. Иегі тамағына жабысқан, тісі ақсиып көрініп тұрған тапал қазақ картоп қыздырып тұр. Арам шөп басып кеткен қурай аяқ алып жүргізбейді. Әлгі шал қолындағы таяғын кезеп, айқай сап шақырып, о жер, бұ жерден шұқып көрсетеді.
Қурай жағып, картоп пісіріп жейміз, бет-аузымыз күйе-күйе болады.
- Біз бұл жерден түк ақша таппаймыз, - дегенге колхоз бастығы ашуланып қалды.
- Осыдан 10 жыл бұрын бір еңбеккүнге 14 тиыннан бөлгенбіз.
- Былтыр жұмыс істеген чуваштар қазірге дейін хат жазып тұрады. Қолдан келген мүмкіндікті жасадық, енді сендерге не керек? Әрі-беріден соң үкіметтің жұмысы, стипендияларың бар. Не әкетіп барады ақша үшын тақылдап. Жас бастарыңмен ұят емес пе?! – деді.
- Түк білмейтін өңкей бөркемік неме. Сендердің жастарыңда Сталинград окопында жатқанбыз. Кімнен ақша сұрадық? – деген кезде өңі қызарып кетті.
22 сентябрь. Түске дейін оқыдық. Осы жазда маған Золя мен Мопассанның өкпесі жоқ шығар. Түс ауа Әлжан екеуміз 8 машина астық түсірдік.
Айнала қап-қараңғы. Жұлдыз сирек. Бидай су.
Төбемізден қаңқылдай қоштасып қаздар өтіп барады, бірте-бірте қанат суылы ғана естіліп, қарасы үзілді. Осынау мұздай жеті қараңғы түнде қайда тартты екен?
23 сентябрь. Асығыстық жоқ. Таңертең ұйқымыз қанып тұрғамыз. Аспан сұрқай суық, ызғарлы бұлттар шудалары желкілдеп көшіп жүр. Бірінің орнын бірі басады. Студенттерден басқа жұрт құлақшын, қолғап кие бастады. Артында жамауы бар, ескі қара кожанкалы бүріскен уәкілдің бидайды уыстап ап, иіскей беретініне күлеміз.
Түске дейін асты шіріген бидайды арлы-берлі қозғай береміз. Кешкі жұмыс көпке созылмайды. Суық, ызғарлы түн.
Есбай қарап отырып шарт ете түсті. Шам шабаданының үстіне қойылған екен. Өзі қағаз жазып біткенше үндемей, өзі болған соң шамды әкетіңдер деп байбалам салды. Жігіттер олай-бұлай, алдап-сулап еді, көнер ол жоқ.
- Әкет те әкет!
Көзі шадырайып Ерден шыға келді. Қып-қызыл ерегес.
Әуелі шабаданды жерге қойды, одан соң далаға лақтырып тастады да, орнына кеп жатты.
- Ал, не қыласың енді бізге? Қоймасаң өзіңді шығарып тастаймыз!
24 сентябрь. Күні бойы машинаға астық арттық. Шаршадық. Газет атаулы бидайды айтып шулап жатыр. Ал біз сол бидайдың ішінде жүрмыз. Қазір ортасында жүрген өмір қағаздағыдан бай да күрделі сияқты.
Сіркіреп жауын жауады, комбайндар жүрмейді, тек элеваторға бірен-саран астық тартқан шоферлер барады. 25 км жердегі Перекатинская станциясына шофердың шоферы ғана күніне 3-4 рейс жасайды. Далаға шықсаң, бетке суық желмен аралас жаңбыр, қар лебі келеді.
Жігіттер қазіргі қалыпқа үйренген, әбден осы тұрмысқа кәнігі боп кетіпті. Кейде студент екендіктерін ұмытқандай.
25 сентябрь. Бүгін бірінші рет машина жүргіздім. Перекатинская станциясына дейін бардық. Элеваторды алғаш көрдім. Нөгербай деген шофер жігіт менімен құрдас екен.
Рульді олай-былай қалтақтатқанда сыр бермей, тыныш отырды.
- Үйреніп кетесің, - деп қояды.
26 сентябрь. Аспан жуылған тегештей тап-таза, көкпеңбек, күн қызулы еді. Түс ауа қабағы тұнжырап, қайдан келіп жатқаны белгісіз көк, сұр ұйпалақ-ұйпалақ бұлт қаптады.
Трактор, комбайндарда тоқтау жоқ, машиналар ерсілі-қарсылы ағылады. Қырманда неше түрлі астық бар. Бұрын түскен, тұқымға деп қалдырған ұзын екі үйінді. Тура шапқаннан түсіп жатқан бидай әлі пісіп жетілмеген.
Бүгін қырау түсті, таңға жақын қар жауды деседі. Бидайдың көз жасындай боп қырау суы мөлдірейді.
Терлейсің, белің ауырады, денең сал-сал болады, сол кезде қасыңда бос әңгіме соғып қырманшы, уәкіл, тағы басқалар тұрады.
- Шофердан Еңбек Ері бар ма екен?
- Кит неше жасайды осы?
- Бұғының мүйізі сұмдық деседі ғой.
- Жеп көрдіңдер ме?
27 сентябрь. Трактордың сарылдаған даусы алыстан естіледі. Терезе алдында сынған шыны уығын тықырлатып бір лақ жүр. Көрші қабырғадан қыздардың дамылсыз пыш-пышы естіледі, сынған терезеден суық соғып тұр. От жау керек. 246 беті оқылған “Война и мир” жатыр. Түн жұлдызды, салқын болды. Түн қараңғылығын машина ғана бұзады. Қыздар бидай түсірді, сағат 12-де қайтты. Астық тиегіштер қайта-қайта сынып қала береді. Біз сағат 2-де қайттық. Үйге кіргенше шаршау, ұйқы деген сезілмейді, ал қалай басың жастыққа тиді – тас боп қатып қаласың. Асханаға кіріп, әрі-бері тіміскілеп жүріп суыған күріш көже тауып іштік, пияз, нан жедік. Түн салқын. Көңіл елегзиді. Қыдырғың келеді. Есіңе Алматы түседі. Алма жегің келеді.
30 сентябрь. Күн райы тағы бұзылды. Ызылдап суық жел соғады. Аспан опырылып кеткендей, бөлек-бөлек қара бұлт жөңкіп көшеді. Адамдардың көңілі қаяу. Бар-жоғы 800 га жердің егіні қалды. Көбін тура шауып алмақ. Жұрттың аузында “енді бір апта болса бітер еді осы сергелдең” деген сөз бар. Талайлар қажыған.
Күн сайын жылтыраған “Победалар”, “Волгалар” қырманға келе береді. Кешке жақын соның біреуі осы колхоз белсенділерін қуырып-қуырып алды. Бізге шошайтқан саусағы көрінді, үздік-создық айтылған жекіру сөздері жетті. Машина қозғалып кеткенде, артында сұстиып-сұстиып бір топ жалынсыз жандар қалды.
Түнде кеп кеткен мықтының билігі болса керек, жиналыс болды. Бүгін қырманда шапан киген, кеукелеген шалдардың дауыстары естіледі. Қырманда тау-тау бидай. Жөнелту жағы саябыр.
4 октябрь. Ербол мен Есбай сөйлесіп жатыр:
- Сен бір адамға жолдас болуға жарайсың.
- Осы жігіттердің ішінде алдымен біреу сөйлесе екеуміз сөйлейміз.
- Тілің жаман, сол үшін тартасың.
- Адамдарға подход керек әр түрлі, мен өмірді көрдім ғой...
- Сен өзіңді елден жоғары санайсың, - мысалы биыл қыста, бір таласқанымызда осы “сенің өзің Бальзакты оқыдың ба” дегеніңді әлі ұмытпаймын.
Таңертең бөшкедегі су қатып қалды. Қол әдбен жарылды. Терімізге шаң, май сіңіп қоңырланған. Көзіміз тұнжырай түскен.
Күні бойы бидай тиедік. Атбасардан машина деген қаптап, ағылып келіп жатыр. Ылғи тіркемесі бар. Тек тией біл, қанша дүниені әп-сәтте жұтып қояды. Жұмыс қыза түсті.
Осында автоколоннаның үстінде тон, басына малақай киген еңгезердей, маңдайы қыртыс-қыртыс бастығы жүр. Тиегіштердің қалай істеп тұрғанын даусынан біледі. Өзі кірісіп жүр. Түнде машина келуі тоқталғанша қырман басында болды.
5 октябрь. Тастай қатып, 4 сағат ұйқтадық, таңертең шу ерте естіледі. Оянғанмен соның бәрін естімеуге тырысасың, бір минут болса да жатқанды, ұйықтағанды ұнатасың. Денеңді біреу төсекке енді тұрмастай етіп байлап тастағандай. Сүйреп тұрғызбаса, тұрмаспын-ау дегендей боласың.
- Машина қарап тұр! – деп қаһарлы екпінмен шоферлар келеді.
Бригадир әрі бұйырғандай, әрі өтінгендей:
- Жігіттер, тұрсаңдаршы, - дейді.
Жаңа бір күн осылай басталады. Тұнық судай миыңа алғашқы әсерлер түсе бастайды. Ой осы уақытта әр нәрсені тез-тез қайырады. “Өмір бойы осы жұмысты істесем не болар еді?”.
“Целинник деген осы екен ғой, ойпырмай, қалай шыдаған?”
“Шіркін көсіліп, дүниені ұмытып, ұйқтағанға не жетсін!”
Қасыңдағылар тұра бастайды, сен де еріксіз үстіңдегі салмақтың бәрін аударып тастап, киіне бастайсың.
Кішкенедей кейін жаңағының бәрі қалады да, әуелі еріншек бастап, артынан қызу жұмысқа кірісесің.
Алғашқыда қарпып жібересің. Бірте-бірте шаршай бастайсың. Жаңа ғана батыс жақ ал күрең реңде еді, енді оңған шыт секілді бозарып тұр.
8 октябрь. Түн. Өзімізше соңғы жұмыс түні деп жүрміз. Шаршап-шалдығып қалғанбыз ба, әлде жалқаулық па – қолдағы күрек сирек, болбыр қозғалады. Түннің 4-5 сағаты бітіспей көрінеді. Үшеуміз. Аспан бұлыңғыр. Ай қалың қарда омбылаған бала секілді, бұлтқа шырмалып қалған. Күздің қара суығы сай-сүйегіңнен өтіп барады.
9 октябрь. Түнде сабантой болды. Екі адамға бір бөтелкеден қойды. Қырманда мойны сорайып-сорайып астық тиегіштер тұр. Кеше ғана осы маңда дүрбелең, қарбалас күндер өткендігінің ізі сайрап жатыр. Анда-санда кезігіп қалған ауыл адамдары:
- Е, жігіттер, бәрекелді, енді біттіңдер ме? – деп қояды.
10 октябрь. Дала қосы қалып барады. Бір жарым ай осында өтті. Әр түрлі адаммен, табиғатпен, сезіммен, оймен өткіздік. Өзіміз де әр түрлі қалыпқа түстік. Жұмысшы ұясында болдық. Бір қазанда қайнаған кезде адамдар арасындағы айырым, жік дегендер жойылып кетеді екен ғой. Шаршадық. Шынықтық. Ой ойладық. Марқайдық. Еңбек еттік, мағыналы күндер кештік. Тың дегеннің мәнін азды-кемді түсіндік.
Дала қосы қалып барады. Тракторға тіркелген үлкен арба үстінде ақырын ырғалып қайтып барамыз. Әдейі осы өңірді көкірекке түсіріп, жаттап аласың, ұмытпасын дегендей болды мұның өзі.
Достарыңызбен бөлісу: |