Әр халықтың өз ұрпағын өмірге әзірлеуде, баулып тәрбиелеуде өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктері ең алдымен сол халықтын әдет-ғұрпын, салт-санасын, тұрмысы мен дәстүрлеріне байланысты қалыптасады. Сондықтан осы ұғымды өз бойына жинаған барлық тәрбие құралдарын біз бүгінде халық педогогикасы деп атаймыз.
Халық педогогикасының бір саласы – ұлттық ойындар.
Қазақтың ұлттық ойындары - атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып келе жатқан асыл қазына. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Қазақтың ұлттық ойындарының түрі өте көп. Ғалым-зерттеушілер мынадай бес түрге бөліп, ұлттық ойын түрлерін әр топқа жіктейді. Олар:
Ал М.Гуннер жеті топқа бөлсе, ғалым Е.Сағындықов ұлттық ойындарды үш топқа бөліп көрсеткен. Ұлттық ойындар баланың еңбекке деген қарым-қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр, епті, зерек, алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді. Бұл жөнінде Ахмет Жүнісов былай дейді: «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан–балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен».
Ал енді «Ұлттық энциклопедияда» қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрді бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған».