Абай сөзі қазақтың бойтұмары Жырмен сомдап жүректегі жақұтты



Дата28.02.2022
өлшемі16,48 Kb.
#133714
Байланысты:
Абай сөзі қазақтың бойтұмары. эссе


Абай сөзі қазақтың бойтұмары
Жырмен сомдап жүректегі жақұтты,
Аңсап жарқын болашаққа асықты.
Абайы бар халық неткен кемеңгер,
Абайы бар қазақ неткен бақытты!
Абай Құнанбайұлы-қазақ халқының дана да ойщыл,кемеңгер ақыны.Жастайынан шешендікке,ақындыққа жақын болған Абай қаншама ойлы,мағыналы сөздер айтып кеткен десеңізші!Қазақтың қара сөзінің құдыретімен күллі қазақ қауымын тәрбиелей алған Абай атамыз десем,қателеспегенім.Оған дәлел ақынның қайнар бұлақ-қара сөздері.Әр сөзі тұнған ғылым,философия,психология.Тамыры терең,тарихы кенен Алты Алаштың арда туған арқалы азаматтары бас иіп мойындаған бас ақынымыздың қазақтың тәрбиесіне келгенде қосқан үлесі орасан зор.Әрбір қара сөздері-өз алдына бір заңғар таудай.Ұлы ақынның қара сөздеріне қарап,атамыздың сонау қиын-қыстау заманда,қазақ халқының көрген азабын бірге көріп келе,сезініп,қолымен ұстағанын сезінетіндей боламын.Абай атамыздың қара сөздеріндегі бізге айтқан асылы құлақ асып,зер салып,ден қойып тыңдасақ,естілерден алатынымыздың естияр болып қалыптасуымызға ықпалы көп!
Кемеңгер Мұхтар Әуезов Абайды «Қазақтың жаңа мәдинетінін негізін салушы,қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы»деп бағалайды.Ия,шыныңда да Абай сөзі ақыл мен әділетке,сүйіспеншілік пен мейірімділікке сыналған ешқашан ескірмейтін мәңгіліктің сөзі.Абай қара сөздері ақыл мен пайымға толы,ғажабы да осында жатыр.Ұлы ақынның тылсым сыры оның қара сөздерінің тереңділігінде.Соның бірі «Адамзаттың бәрін сүй,бауырым деп...»тебіренген қара сөздер ішінде он төртінші сөзіне өз ойымды әспеттегім келіп отыр.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Адамзатты жаратқанда әуелден-ақ оның санасын,жан-дүниесін өзге тіршілік иелерінен ерекше қылып жаратты. «Адам бола білу-ең қиын мамандық»деп Кубаның атақты жазушысы Х.Марти айтқандай,асылында пенденің өмірге келгендегі ең басты мақсаттарының бірі-адам болып қалу.Бұл қасиетке ие болу үшін әрқашан рухани байып,Алланың ризық-несібесінен үмітті болып,жан-жақты ізденіп отыру қажет. Әңгіменің әлқиссасы адамзаттың бір-біріне деген мейірімділігі мен құрметтеуіне сайып келеді.Демек,бұлда бір жүрегі пәк,кіршіксіз таза жанның бойындағы ең бірінші бағаланар дүние деп білемін.Тақырыптың мән-мағынасын тереңірек зерделеу үшін,ұғыну үшін қасиетті Құран Кәрімде айтылған мына бір салиқалы сөзді сіздерге жеткізгім келіп отыр: «Шын мәнінде,мүміндер бір-біріне бауыр.Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар».Осы астарды бізге өлеңдерімен бойымызға дарыта білген хакім Абай атамыз да дін тұрғысынан білімнен кем емес-ті. «Тірі адамның жүректен кісі дегені-батыр кісі дегені.Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды.Рақымдылық,мейірбандық,әр-түрлі істе адам баласын өз бауырым деп,езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек,бұлар жүрек ісі, »-деп он төртінші қара сөзінде «бауырдың»қандай қадірлі болуын астарлап жеткізе білді!Бір қара сөзінде хакім дана «Адам ақылсыздығынан азбайды,ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер,қайрпт,байлаулықтың жоқтығынан азады»деп айтып кеткен екен...
Қорыта келгенде айтарым,осы ғибратты сөздер,әңгімелерді оқи отырып түйіндер болсақ,адамға атақ та,мансап та,ақша да,дүние де түкке керек емес.Ұрпағымызға бізден қалар-ұлы жолымыз ол ұлы жолды бір ғана адам жүріп өте алмайды. «Біріңді қазақ,бірің дос,көрмесең істің бәрі бос»деп даналарымыз дәл тауып айтса керек-ті.Демек,біз бір-бірімізді қадір тұтып,үлгі алсақ,құрметтей отырып оған жанашыр бола білсек,әлем мейірімділікке толы болар еді.Сонда ұлттың ұйытқысы жоғалмас еді.Ал,оның бәрін біз Абайды танып,оқысақ,сондай бір асыл қасиеттерге ие болар едік.Абайды танығаның-бүкіл қазақты танығаның.Ал бүкіл қазақ-ол бір.Данышпан нұсқаған жолмен жүріп,оның өсиеттерін бұлжытпай орындаған адамның жан сарайы күннен-күнге тазарып,кемелденудің биік деңгейіне шыға алады!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет