Дене тәрбиесі — салауатты өмір негізі.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата – бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” – деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Сондай – ақ Президентіміздің қолдауымен 2003 жыл – денсаулық жылы болып жарияланған. Расында да, бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде.
Жастар арасында салауатты өмір салтын дене тәрбиесінің тәсілдері арқылы қалыптастыру.
Дене тәрбиесі тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі. Қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге деген белсенділігі мен ізгілікті қатынастарын дамытуға бағытталған.
Дене тәрбиесі-өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады. Жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді.
Дене тәрбиесін ұйымдастыру түрлері оқушының өз бетінше ұйымдастырылған жұмыстарымен толықтырылған жағдайда нәтижелі болады.
Оқушының күнделікті қозғалыс тәртібін толықтыруға арналған жұмыс түрлері дене тәрбиесі жүйесінің элементтері есебінде болды:
Таңертеңгі гимнастикалық жаттығулар. Күнде таңертеңгілік 9-10 жаттығудан тұратын кешен. Бұл оқушылардың орталық нерв жүйесін қалыпқа келтіріп, оқушы ағзасын сергітеді.
Мектепке дейінгі және үйге қайтар жолдағы серуен. Таза ауада жаяу жүрудің өзі шынығу, сауықтыру әсерін тигізеді.
Оқу сабақтарына дейінгі жаттығу. Сабақтағы нәтижелі іс-әрекет пен оқу күнін белсенді бастауға мүмкіндік туғызады. /2/
Дене тәрбиесі сабақтары. Бұл сабақтар мазмұны мемлекеттік талап пен оқу бағдарламасына сәйкес белгіленіп, оқушылардың күші мен жылдамдығын, ептілігі мен шыдамдылығын, ерік-жігерін, батылдық пен табандылықты және тез шешім қабылдау секілді тәрбиелік қасиеттерді дамытады.
Сабақ үстінде сергіту минуттары. Ой еңбегі барысында ағзаның тынығуына әсерін тигізеді.
Үлкен үзіліс кезіндегі дене жаттығулары мен қозғалмалы ойындар. Оқу күні ортасында оқушылардың белсенді демалысын қамтамасыз етеді.
Спорттық үйірмелер, ұйымдар мен топтардағы жұмыс. Белгіленген спорт саласы бойынша оқушының жалпы және арнайы дайындығын көрсетіп, дене жаттығуларымен жүйелі айналысуды қамтамасыз етеді.
Жалпы мектепішілік спорттық бұқаралық шаралар. Бұл жұмыс түріне денсаулық және спорт айлықтары, спорттық мерекелер, жалпы мектепішілік сайыстар жатады.
Бұл шаралар барлық оқушының спорт пен дене тәрбиесі жаттығуларына қызығушылығын туғызып, салауатты өмір салтының негізін қалайды. Өз бетінше дене жаттығуларымен айналысу. Бұл жұмыс түрі қозғалыс тәртібінің маңызды бөлігі. Кей жағдайда ең тиімді әдіс болып есептелінеді, себебі оқушының жеке тұлғалық қызығушылықтары мен қабілетіне, сұранысына сәйкес ұйымдастырылған өз нәтижесін береді.
Сабақтың негізгі бөлігіне оқу бағдарламасындағы дене жаттығуларының түрлері енгізіледі. Жаттығулар, әр қилы ойындар оқушылардың көтеріңкі көңіл-күйін туғызады. Осы көтеріңкі ілікті басып, оқушыларды келесі сабақтарға даярлау сабақтың үшінші, қорытынды бөлігінің міндеті. Сабақ жалпы сап түзеумеи, қорытынды жасаумен аяқталады. Дене шынықтыру сабақтары процесінде білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру міндеттері шешіледі. Дене шынықтыру сабағының маңызды тәрбиелік міндеті оқушылардың дене шынықтырумен үнемі шүғылдануға ынта-ықыласын дарыту. Бастауыш сыныптағы дене шынықтыру сабақтары жаттығуларының және ойындарының сан алуандылығымен ерекшеленеді.
Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, дене шынықтырудық оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге көмектесу; балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу.
Дене шынықтыру мен спорт жөніндегі сыныптан тыс жұмыстың негізгі формалары: секциялары мен үйірмелердегі сабақтар спорт жарыстары, серуендер, туристік жорықтар, дене шынықтыру және спорт мейрамдары. Серуендер мен жорықтарды балалардың табиғат туралы білімдерін толықтыра алатындай тамаша адамдардық әңгімелерін ести алатындай жерде белгіленген жөн. Оқушыларды жүйелі түрде дене жаттығуларына үйретудің тиімді жолдарының бірі – олардың өз еркімен дайындалуы. Осыған байланысты оқу бағдарламасына дене тәрбиесінен үйге тапсырма беруді міндетті түрде енгізу керек.
«Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, біз қуатты мемлекет пен қарулы күштер құра алмаймыз, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз», -деген болатын. Елбасымыздың осы тұжырымы арқылы, мұғалімдер ұжымы өз алдымыздағы қоғамдық міндеттің жауаптылығын сезінуіміз қажет. Қоғамның болашағы – оқушы-жастарға ұжымдық тәрбие беруде дене тәрбиесі сабағында дене шынықтыру жаттығуларын, спорттық ойындарды өткізудің рөлі зор. Шәкәрім атамыз «адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек»,- деген еді. Көзге көрінбейтін нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен жүрекке жеткізу шебер тәлімгердің ғана қолынан келеді. Біздің тәрбие бастамамыздың негізі салауатты өмірге жас жеткіншектерді баулу, оны қалыптастыру. Жастарымыздың жүзінен күлкі, жүрегінен жалын, саналы сезім төгілсе онда ұрпағымыздың денінің саулығы. Еңселі егеменді еліміздің ертеңінен үлкен үміт күтеміз. Жастардың денсаулығы, жігері, қайраты, білімі егемендігіміздің беделі, еліміздің мақтанышы болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |