Дене тәрбиесі сабақтарын өткізудің Әдістемелік ерекшеліктері сейдахметов Ермек Ергешович-профессор



Дата26.08.2017
өлшемі101,98 Kb.
#28662
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САБАҚТАРЫН ӨТКІЗУДІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Сейдахметов Ермек Ергешович-профессор

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Түркістан қаласы
Аңдатпа

Бұл мақалада мектеп жасындағы бала дені сау, күшті, қуатты, сергек болуды, жақсы қимылдауды, неғұрлым ұзақ жасауды қалайды. Денсаулықты сақтауға әрбір жас жеткіншек өзіне жауапты, дегенмен қоғамға да жауапкершіліктер жүктелген. Ұлттың саулығы әрбір адамның денсаулығын сақтап, нығайту және салауатты өмір салтын орнықтырумен жүйелі сипатталған.



Кілтті сөздер: Дене мәдениеті, сараптау, дамыту, білім беру, диагноздау, руханият, жетілдіру, дағды.
Дене тәрбиесі сабағының нәтижелілігі оқытушының алдын-ала белгілеген жоспарын қаншалықты жүзеге асыруына көп жағдайда байланысты. Оқытушы шұғылданушылардың қызметін ұйымдастырудың барынша ұтымды әдістері мен әдістемелік тәсілдерін қолдануы, бар қондырғыларды, құрал-жабдықтарды, оқытып, үйретуге арналған техникалық құралдарды, тиімді пайдаланып, сонымен бірге сабақ өткізілетін орынның (спорт зал немесе мектеп жанынағы спорт алаңы, стадион немесе парк, тегіс немесе ойлы - қырлы жер), ауа райының температуралық жағдайы, оқушылардың дайындық деңгейі, олардың жас, жыныстық және жеке ерекшеліктері ескерілуі тиіс.

Сабақтың ұйымдастырылуының қамтамасыз етілуінде мыналар қарастырылады: 1/ санитарлық – гигиеналық жағдай жасау; 2/ материалдық-техникалық қамсыздандыру; 3/ сабақта алға қойылған мақсатты, міндетті барынша жақсы орындауға мүмкіндік туғызатын шұғылданушылардың қызметін ұйымдастыру әдісін таңдау.

Сабақты өткізу үшін санитарлық – гигиеналық жағдайды қамтамасыз ету барысында дене жаттығуларымен шұғылданудан сауықтырудың тиімді әсерін алуды қамтамасыз ететін шаралардың барлық кешені алдын ала қарастырылады.

Осыған байланысты сабақ өтілетін орынның санитарлық-гигиеналық жағдайы белгіленген талап өлшемдеріне қатаң түрде сәйкес келуі тиіс. Мысалы, спорт залдары үшін ауаның барынша қолайлы температурасы +14+16қ С.

Мектептегі сыныптар мен өткізілген әрбір сабақтан кейін барлық үзілістер кезінде спорт залдың ауасын тазартып, дымқыл матамен еденді сүрту қажет. Адам өкпесіндегі ауаның алмастырылуының тыныс алу кезіндегі мөлшері минутына 4 тен 6 ретке дейінгі аралықта болады, ал жоғары қарқындылықтағы жаттығу кезінде (жүгіру, спорт ойындары және т.б.) ағзаның ауаны сіңіруі 10 ретке және одан да көпке артады. Сондықтан, дене жаттығуларымен шұғылдану өтетін орындарда ауаның қажетті деңгейдегі тазалығын үнемі біріңғай қамтамасыз ету маңызды[1,2].

Залдағы еденнің, гимнастикалық жұмсақ төсеніштердің, қондырғылардың, спорт құрал-жабдықтарының тазалығын қалыпты ұстауға үнемі өте үлкен назар аудару қажет. Әрбір сабақтан кейін залдың еденін дымқыл матамен тазалау, гимнастикалық төсеніштерді суланған шүберекпен сүрту, аптасына бір рет күрделі тазалық күнін өткізіп, зал еденін, спорт қондырғыларын, құрал-жабдықтарын кір жуатын ұнтақ қосылған сумен тыңғылықты жуып, соңынан құрғақ матамен мұқият сүрту қажет.

Бұл маңызды санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамау спорт ғимаратында көп мөлшерде шаңның басып қалуына әкеледі. Мұндай жағдайда шұғылдану денсаулыққа үлкен зиян келтіреді, өйткені өкпеге шаң аралас лас ауа кіреді. Бұдан да басқа, тазаланып жиналмаған залда шұғылданушылардың денесі және спорт киімдері ыластанады.

Сабақтың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, үйлесімді тығыздықпен барлық кешенді міндеттерді түбегейлі шешуге жауап беретін оқу тапсырмаларын орындайтын, яғни сабақ өтілетін орынды, құрал-жабдықтардың, қажетті қондырғылардың санымен оқу тәрбие процесін қамтамасыз етуді алдын ала қарастырады.

Соңғы жылдары республиканың көптеген дене тәрбиесі мұғалімдерінің бастамашылдығымен, ата аналардың демеушілігімен мектептердің спорт залдары мен спорт алаңдарын стандартты емес қондырғылармен, әртүрлі құрылғылар және тренажерлермен жабдықтауға қол жеткізді. Мұндай қондырғыларды пайдалану сабақ тығыздығын елеулі арттырады, оқушыларды қызықтырып тартады, сабақтың барынша тиімді ұйымдастыру-әдістемелік түрін қолдану үшін мол мүмкіндік туғызады, соңғы есепте көбіне сабақтың нәтижелілігіне жағдай жасайды. [3,4].

Шұғылданушылардың сабақтағы қызметін ұйымдастыру әдістері. Дене тәрбиесінің тәжірибесінде шұғылданушылардың сабағын ұйымдастырудың келесі әдістері қолданылады.

1. Фронтальды әдіс оқушылардың сапқа тұру формасынан (лекпен, бірнеше қатармен, шеңбермен) тәуелсіз, сыныптың барлық құрамымен барлық тапсырмаларды бірдей орындауымен сипатталады. Бұл әдіс сабақтың барлық бөлімдерінде, әсіресе дайындық және қорытынды бөлімдерінде кең ауқымда пайдаланылады. Алайда фронтальды әдісті сабақтың негізгі бөлімінде де мүмкіндігінше көп қолдануға қол жеткізу қажет. Бұлай сабақтың моторлы тығыздығы қамтамасыз етіледі (үйренушілердің қозғалыс әрекетіне тікелей уақытты арттыру есебінен көп қимылды жасауға үлгеруге болады).

Фронтальды әдіс бір текті қызметін басқаруда, яғни сақтандыру қажет болмаған жағдайда қолданылады. Мысалы, қысқа қашықтыққа жүгіруде жоғарғы және төменгі сөреден шығу әдістерімен орындауды үйрету және жетілдіру кезінде, сол сияқты бірқатар қарапайым жаттығуларда (алға, жанымен аунап, домалау), волейбол ойынында жұбымен әдістік тәсілдеріне жаттығуда допты беруде қолданылады.

Сабақтағы маңызды педагогикалық талап шұғылданушыларды бір-біріне кедергі жасамайтындай орналастыру, яғни оқытушы оқушыларды, ал олар өз кезегінде оқытушыны анық көруі тиіс.

2. Топтық әдіс бір уақытта бірнеше топтарда оқытушының әртүрлі тапсырмаларын орындауды алдын ала қарастырады. Шұғылданушыларды топтарға бөлу және тапсырманың мазмұнын анықтау жынысы, дайындық деңгейі және басқа белгілері (мысалы, баскетбол, күрестегі салмақ-бой көрсеткіштері) арқылы іске асырылады. Бұл әдіс орта және жоғарғы сыныптарда пайдаланылады.

Алайда бұл әдісті қолдануда оқушылардың ішінен барынша жоғары дайындығы бар көмекшілерді мұғалімнің арнайы дайындауы және оларды алдағы өтілетін сабақтағы оқу материалы бойынша уақтылы нұсқау беруі талап етіледі.

3. Жеке әдіс оқушыға өздігінен орындайтын жеке тапсырма ұсынылуымен тұжырымдалады. Тәртіп бойынша, жеке тапсырма сынып оқушыларының негізгі құрамынан өзінің дайындығымен, қабілетімен және ерекшеліктерімен, ал кейде денсаулық жағдайымен елеулі айырмаланатын шұғылданушылар үшін арналған. Бұл әдіс спорт ойындарында жоғары сынып оқушыларымен басымырақ өткізіледі.

4. Айналма әдісте арнайы дайындалған бекеттерде шұғылданушылардың жаттығулар сериясымен берілген тапсырмаларды бірізділікпен жүйелі орындауы алдын ала қарастырылады, яғни тәртіп бойынша залдың ішінде немесе спорт алаңында шеңбер бойынша орналасқан қондырғыларда. Әдетте шеңберге 4-10 бекеттік жаттығулар кіреді. Әрбір бекетте бір жаттығу түрі немесе қозғалыс әрекеті орындалады. Олардың құрамы дене сапаларын дамытатын және ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру ескеріліп іріктеледі. Айналма шеңбер аралықсыз немесе бекеттер арасындағы белгілі бір демалыс аралығымен орындалады. Бұл әдіс орта және жоғары сыныптарда қолданылады. Сабақтың маңыздылық жағы дене тәрбиесінің бағдарламасымен анықталады, яғни онда сабақтың мақсаты, міндеттері, оқу тақырыптары, талаптары және нормативтері нақтылы айқындалған. Ол оқушылардың дене тәрбиесі сабағында белгіленген тарауларын (оқу жылында 68 немесе 102 сағат) меңгерілуі есептеліп жасалынған [5,6,7].

Сабақтың педагогикалық құрылуын дене жұмысын орындау кезіндегі жұмыс қабілеттілігінің фазалық өзгеруімен байланысты физиологиялық заңдылықтарымен анықтайды. Бұл заңдылық сабақтың құрылымында үш қызметтік байланысқан құрамдас бөліктердің бөлінуін қамтамасыз етеді: дайындық, негізгі, қорытынды.

Дайындық бөлімінің мазмұнына мыналар кіреді: 1/ шұғылданушыларды бастапқы ұйымдастыру (сапқа тұрғызу, сабақтың міндетін түсіндіру, саптық жаттығулар, назарға арналған жаттығулар); 2/ жүру мен жүгірудің әртүрлі варианттары; 3/ жалпы дамыту және дайындық жаттығулары (бір орында, қозғалыста, затсыз және затпен).

Сабақтың дайындық бөліміне арналған жаттығулар кешенін құрастыру кезінде және оны ретімен үлестіруде шұғылданушылардың жасы, жынысы және дене дайындығы ескеріліп, оларды іске асыру үшін жаттығулар кешені құрылады. Бұл жаттығулар кешеніне шұғылданушылардың орындауына оңай, барлық бұлшық ет топтарына арналған жаттығулар енеді.

Тәртіп бойынша, жаттығу 2,4,6,8 сияқты санау арқылы орындалады: 1/ оқытушының алдын ала көрсетіп және түсіндіргеннен кейін; 2/ оқытушының көрсетіп және түсіндіруімен бір уақытта; 3/ тек көрсету бойынша; 4/ тек түсіндіру бойынша. Жаттығулар кешеніндегі жаттығулар саны әдетте 8-10 артық болмайды.

Шұғылданушылардың назарын жандандыру және олардың көңіл - күйі жағдайын көтеру үшін жалпы дамыту жаттығуларын өткізу кезінде мыналарды пайдалану ұсынылады: 1/ қолды шапалақтаумен; 2/ жаттығуларды көзді жұмып орындау; 3/ жекелеген дене қалпын белгілеумен жаттығуларды 5-7 санаққа орындау; 5/ жаттығулардың қозғалыс амплитудасын біртіндеп арттыру арқылы өткізу; 6/ әртүрлі бастапқы дене қалпынан бірдей жаттығуларын орындау.

Жаттығуларды орындау кезінде шұғылданушылардың алдына нақтылы тапсырмаларды беру ұсынылады. Мысалы, алға иіліп еңкейгенде еденге алақанды түгел тигізу немесе аяқты керіп тұру қалпынан кеудені оңға бұруда, оң қолды сол жақ өкшеге және керісінше жасау керек.

Шұғылданушылардың жалпы дамыту жаттығуларын орындауға ықыласын арттыру үшін және сабақтың қорытынды бөлімінің міндеттерін барынша нәтижелі шешу үшін бұл жаттығуларды өткізудің әртүрлі әдістерін қолдану ұсынылады.

1. Бөлікпен өткізу әдісі жаттығулар кешенінің әрбір жаттығуын орындаудан соң үзіліс жасалады. Шұғылданушылар бұл әдістегі қозғалыстарды дәлірек орындайды, сондықтан мұнда оқытушыға оларды бақылау жеңіл болады.

2. Толассыз өткізу әдісінде барлық жаттығулар кешені үзіліссіз, тоқтаусыз, және алдындағы жаттығудың соңғы қалпы келесі жаттығу үшін негізгісі болуымен сипатталады.

3. Жаттығуды жеке орындау.

4. Жаттығуды жұппен орындау (гимнастикалық таяқшамен, секіргіш резинамен, тығыздалған доппен, гимнастикалық орындықпен, гимнастикалық швед қабырғасында және т.б.).

5. Жаттығуларды қозғалыста орындау.

Сабақтың дайындық бөлімінің міндеттерін табысты шешу үшін оқытушыға мыналар қажет:

-жаттығуды көрсету үшін орынды дұрыс таңдау;

-қажетті қарқынмен және қай бұрышпен жаттығатынын көрсету;

-көрсетілетін жаттығуды қысқаша және дәл атау;

-бұйрықты (команданы) дұрыс, өз уақтында және жеткілікті дәрежеде дауыстап беру;

-оқушыларға айналы көрсетумен жәрдемдесу, білмегенін түсіндіру және есептеулер;

-жаттығулардың дәл және үйлестікте (синхронды) орындалуына қол жеткізу;

-жаттығуды орындау барысында оқушылардың жіберген қателерін түзету.

Сабақтың дайындық бөлімін өткізу барысында оқытушыға жаттығуларды төмендегі тәртіппен таңдағаны дұрыс:

-жаттығулар әртүрлі бастапқы дене қалпынан басталғаны дұрыс (әртүрлі тұру, отыру, жату, тіреу және қолдың ұстау қалпынан);

-жаттығулардың әртүрлі бағыттылық, кинематикалық және динамикалық сипаттамасы (әртүрлі бұлшық ет топтары, бағыты, амплитудасы, қарқыны және орындау сипаты);

-бір циклда 2 -ден 8-ге дейін қозғалыстың мазмұны болуы тиіс.

Сабақтың негізгі бөлімінің мазмұнына мыналар кіреді:

-сабақты жүргізу мәнерінде, оқытып, үйрету құралдарымен әдістерін іріктеуде біркелкіліктен сақтау;

-әртүрлі бағалау әдістері пайдалану: мақұлдау, мадақтау, ескерту, ұялту, мұнда әділдікті, объективтілікті шара сезімі мен әдептілікті сақтау қажет;

-өздігінен өз қатесін түзету, яғни оның пайда болу себебін, талапқа, сәйкестігін білуі тиіс. Бұған барлығын және әрбірін жекелей үйрету қажет;

-оқушылардың дене жаттығуларын өздігінен орындай білуін қалыптастыру.

Оқытып, үйретуде дағдыны дұрыс қалыптастыру үшін қозғалысты 8-10 рет қайталаумен дұрыс орындауы қажет, ал үйренген қозғалысты бекіту үшін 20-30 аралығында қайталанады. Беріқ дағдыны қалыптастыру үшін жаттығулардың көп реттік қайталануы оқушылардың шаршауына, қозғалыс әрекетін орындауға ынтасының жойылуына әкеледі. Бұл жағдай ағзаның оқу-практикалық қызметінің біркелкіне сипатына табиғи реакциясы болып табылады. Дене тәрбиесі сабағына қозғалыс-қимыл ойындарын, ойындық тапсырмалар мен жаттығуларды кіргізу, ойындық әдісті пайдалану оқушылардың назар аударуын жандандырады, көңіл-күйін көтереді және қызығушылығын арттырады.

Дегенмен, ойынның көмекші, қосымша әдіс, ретінде алға шығатынын назарда ұстау қажет. Олар қозғалыс әрекеті жеткілікті дәрежеде меңгерілгенде ғана және оқушылардың ықылас назары тек қозғалыс актісіне ғана емес, орындалатын әрекет нәтижесіне орындалу жағдайы мен шартына да байланысты болады. Қозғалыс-қимыл ойындары жоғары қызу әсерленгіш көңіл-күйі жағдайында, өзгермелі күтпеген жағдайда, сыртқы орта қарсы күштеріне қарсы орындалатын дағдыны бекіту және жетілдіру әдісі ретінде алға шығады.

Дене тәрбиесі сабағында ойындарды бір ізді жүйелілікпен қолдану күні бұрын жоспарлануы тиіс. Ойынды таңдау сабақ алдында қойылатын педагогикалық мақсатты міндетке тікелей байланысты. Мұнда сыныптың дене және әдістік дайындық деңгейі де өте маңызды қызмет атқарады. Ойынды іріктеп, таңдау сонымен бірге, ойынның қай жерде өтілуіне (спорт зал, ашық ойын алаңы, стадион), сай келетін спорт құрал жабдықтары мен спорттық қондырғыларына да байланысты болады. Ойынға қайсы бір қозғалыс әрекеті элементін қосқан кезде қозғалыстың негізгі құрылымы ойын барасында бұзылмауын назарда ұстау өте маңызды.

Ойын нәтижесін анықтау, қателерін дұрыс емес әрекетті табудың үлкен тәрбиелік мәні бар.

Нәтижелерді қорытындылау кезінде тек қана шапшаңдықты ғана емес, сонымен бірге ойын әрекеттерінің орындау сапасын есептеу маңызды [8,9,10].

Майда мектеп жасындағы балалармен сабақтағы жаттығуды үйрену сатысында оқыту мақсатына бағынышты санада күні бұрын қарастырылатын оқытудың жарыстық әдісін қолданған дұрыс.

Жарыстық қызметтің нысаны бүтіндей қозғалыс әрекетінің немесе оның әрекеттерінің орындау санасы көрсеткіштері болып табылады (“кім дұрысырақ?”, “кім дәлірек?” және т.б.).

Сабақта ұсынылған тақырыпты шұғылданушылардың меңгеруі үшін (сәйкес әрекетті орындау) оқытушы көптеген мына әрекеттерді іске асырады: түсіндіреді, көрсетеді, бақылайды, талдайды, оқушылардың жұмысын бағалайтыны қарастырылған.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Әбділлаев Ә.К.,Мұхамеджанов Б.Қ. Дене мәдениеті. Кентау 2008-60-61б.

2. Дене шынықтыру туралы Қазақстан Республикасының заңы. Қазақстан № 1. 2000.

3. Матвеев Л.П. Введение в теорию физической культуры: Москва: ФиС 1985.

4. Выдрин В.М. Теория физической культуры, Ленинград, 1988.

5. Әлімжанова Г. Ерғазиева К. «Салауатты өмір салтын ұстау» «Бастауыш мектеп» 2004-2.



6. Қайымова Ш. «Салауатты өмір салтын құру», «Өзіндік таным» , 2005-2.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет