Қозғалыс бағыттары: жоғары-төмен, алға-артқа, оңға-солға болып бөлінеді. Дене мүшелерінің бір шеткі қалыптан екінші шеткі қалыпқа дейін жеткізе сілтеген қозғалысын - қозғалыстың амплитудасы дейміз (мысалы, аяқты алға-артқа сілтеу қозғалысы). Қозғалыс амплитудасы белсенді және енжар болып екіге бөлінеді. Белсенді қозғалыс амплитудасы - жаттығушының жаттығуды өзінің, өз бұлшық еттерінің күшімен орындауы. Енжар - серігінің, тренажердің көмегімен орындалатын керілу, созылу икемділік жаттығулары. Белсенділік амплитудасы енжар амплитудаға қарағанда әрқашан да аз болады. Уақыт сипаттамасы уақыт ұзақтығы, қарқын және қимыл ырғағы деп бөлінеді. Ұзақтық - әрбір қозғалысқа кететін уақыт шамасы.
1. Дене тәрбиесі жаттығуларын тарихи қалыптасып қалған белгі бойынша топтау. Бұл белгі бойынша барлық жаттығулар төрт топқа бөлінеді: а) гимнастикалық жаттығулар (жалпы дамыту жаттығулары, гимнастикалық снарядтағы жаттығулар т.б.); ә) ойын жаттығулары (ойын кезінде орындалатын қозғалмалы және спорттық ойындар элементтері); б) туристік жаттығулар (туризмнің әр түрінде кездесетін жүру, атқа міну, велосипед, шаңғы тебу, қайықта ескек есу т.б.) в) спорттық жаттығулар - спорттың әр түрінде қолданылатын негізгі жаттығулар (100 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру т.б.). 2. Дене қуатын, қасиеттерін дамыту бағыты бойынша топтау: а) жылдамдық жаттығулары, жаттығушылардың күштерін дамытатын жаттығулар; ә) төзімділіктің пайда болуына әсер ететін жаттығулар (ұзақ қашықтықтарға жүгіру, шаңғы тебу т.б.); б) үйлесімді қозғалысты талап ететін жаттығулар (гимнастика снарядтарындағы жаттығулар, суға секіру т.б.); в) икемділікке арналған жаттығулар (созылу, бүгілу, еңкею т.б.); г) кешенді қимыл қасиеттерінің (ептілік) пайда болуын талап ететін жаттығулар. 3. Жаттығуларды білім беру мақсатына қарай топтау: а) негізгі жаттығулар. Сабақтың негізгі бөлімінде өткізілетін, спорт түрлерінің негізгі жаттығулары.