Допты жерге лақтыру және секіргеннен кейін қағып алу Допты жерге тігінен, бағыт дәлдігі мен белгілі бір күшті сақтап лақтыру қажет. Допты ақырын лақтырғанда оны ұстап алу үшін төмен қарай еңкеюге тура келеді. Ал, шектен тыс қатты лақтырғанда доп тым жоғары ұшып кетеді және оны ұстау қиындық тудырады. Жоғарыға лақтырылған және жерге тиіп секірген допты екі бүйірінен немесе ұшып келе жатқан доптың астына алақанын тосып, қос қолдап ұстайды. Алақандарды аздап бүгіп, тостақ сияқты ұстаймыз. Педагог лақтырған допты кеудеге қыспай қағып алу керек, қолдарымызды ұшып келе жатқан доптың бағытына қарай түзулеп ұстап, саусақтарымызбен ұстаймыз және қағып алғаннан кейін қолды бүгіп, допты кеудеге қысамыз.
Нысананы көздеп лақтыру
Нысананы көздеп лақтыру (тік және көлденең) резеңке және тенниске арналған доптармен, құм толтырылған қапшықпен, шыршаның бүрімен, домалақтанған қармен жүзеге асырылады. Көлденең нысананың қызметін жәшік, кесілген ағаш діңі, себет, ал, тік нысананың рөлін шеңбер сызылған қалқан (тақта), шеңбер, үлкен доп, ағаш және т.б. атқарады.
Лақтыру әдісі нысананың сипатына, лақтырылатын заттың салмағы мен көлеміне қарай таңдалады. Үлкен допты себетке немесе жерде жатқан шеңберге қос қолдап астыңғы жағынан лақтырады. Ал, кішкентай допты немесе шыршаның бүрін бір қолмен лақтырады. Тік орналасқан нысанаға көбіне снарядты бір қолдап лақтырады. Лақтырған кезде оң және сол қолмен кезектестіріп лақтыруға тырысу қажет. Бұл екі қолды бірбірімен үйлесімді дамыту, дене сымбатының бұзылуының алдын алу үшін өте маңызды. Балалар затты қай қолмен лақтыру жөніндегі нұсқауларды бұлжытпай орындауы тиіс.
Лақтыру жаттығулары төмендегіше ұйымдастырылады: лақтырушының оң жағында (сол жағында) бала оң (сол) қолымен лақтыратын санға сай келетін доптар немесе қапшықтар салынған шелектер немесе қораптар тұрады.
Педагог оң және сол қолмен лақтыру санын мұқият қадағалап тұруы тиіс. Егер топтағы балалардың басым бөлігі сол қолмен лақтырудан қиналып жатса, оқытуды дәл сол қолдан бастап үйрету қажет. 5 жастағы бала алысқа немесе нысананы көздеп лақтырғанда бастапқы қалыпқа өздігімен тұра алады. Бірақ ол жаттығуды дұрыс орындауға қажетті заттардың бәрін меңгермеген. Мысалы, ол дененің қалпына, аяқты алға шығару және табанды бұру сынды лақтырудың бағыты мен күшіне тікелей әсер ететін мәселелерге онша мән бермейді. Әдетте, балалар лақтыру бағытына бетімен қарап тұрады. Лақтыруды да қолын бүгіп, дұрыс орындамайды.
Педагог мектепке дейінгі жастағы балаларды лақтыратын қолға сәйкес келетін аяқты ақырындап алға шығарып қоюға үйретеді. Лақтыруға дайындық кезінде баланың аяғын тік қойып тұруына жол беруге болмайды.
Бұл жастағы балалар дәлдеу мен лақтыруды тұтас орындауы мүмкін. Бірақ, олардан жақсы амплитуда мен еркін қозғалыс күтуге әлі ерте. Кей балалар еркін, екпінмен қозғала алмайды. Соның салдарынан жаттығу сәтті аяқталмайды. Бұл жаста ең бастысы – лақтыратын затты қолда ұстап қалмау және оны жерге лақтырмау.
Педагог балалардың көпшілігі, әсіресе, ұл балалар нысананы көздемей, алдын ала дайындықсыз, қолды кең сермеп және денені қапталға бұрып затты алысқа лақтыра алатынын ескеруі тиіс. Қосымша ескертулер жасап, олардың қимылын шектеудің қажеті жоқ.
Лақтыру қабілетін жетілдіруде жаттығулардың эмоциямен өткізілуі де маңызды рөл атқарады. Оған: «Қалпақты соғып түсір», «Шеңберге түсір» сынды тағы да басқа ойын түріндегі тапсырмалар тәп-тәуір ықпал етеді. Оған қоса, балалар үшін өз қимылдарының нәтижесін көруі де маңызды. Бұл олардың қызығушылығын тудырады және жаттығуларды қайталауға деген құлшынысын оятады.
Қашықтыққа лақтыру
Қашықтыққа лақтыру нысананы көздеп лақтыру секілді көзбен мөлшерлеу қабілетін талап етпейді. Бұл жерде балалар еркін, екпінмен қимылдайды. Оларды алға-жоғарыға қарай дұрыс лақтыруға үйрету қажет. Доп мұндай траекториямен алысқа ұшады.
Балаларға көзбен бағдарламай, оны қалай орындау қажеттігін түсіну қиындық тудырмақ. Сондықтан педагог арқанды баланың созған қолдарынан біршама жоғары етіп орналастырады. Ал, балалар арқаннан 2 метр қашықтықта орналасады.
Педагог балаларға қимылдарды жасап көрсеткенде негізгі техника талаптарының бәрін сақтайды. Допты қашықтыққа лақтыру әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады: иықтан, алдын ала туралап арқадан, төменнен, жоғарыдан, қапталдан. Доптар да әртүрлі болуы керек: диаметрі 5-6 сантиметрлік кішкентай резеңке доптар мен теннис доптары, диаметрі 8–12 сантиметрлік орташа доптар, диаметрі 18–20 сантиметрлік үлкен доптарды пайдаланамыз.