Денешынықтыру пәнінен ұйымдастырылған оқу қызметінде допқа қатысты қимылдар көп орын алады. Балалар өздігінше ойнағанда және жаттығулар жасағанда допты көп пайдаланады. Допты лақтыру, қағып алу иық белдеуіндегі бұлшық еттерді, қолдағы ұсақ бұлшық еттерді нығайтады, көзбен мөлшерлеу, нысананы дәлдеп көздеу қабілеттерін дамытады. Бұл жаттығулар қозғалыс үйлесімділігін де талап етеді. Доппен ойнатылатын ойындар ептілікке, ырғақпен және дәл қимылдауға үйретеді.
Доп – лақтыруға ыңғайлы негізгі зат. Сондықтан ол үнемі балалардың қол астында болуы шарт. Педагог балаларға доппен түрлі қимылдар жасауға болатынын көрсетіп береді, қимыл тәжірибесін жинақтауға, доппен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы, допты бір қолмен немесе екі қолмен ұстау, саусақтармен ұстау, итеру, домалату, лақтыру. Көптеген жаттығулар жасағаннан кейін балалар «допты сезіне» бастайды.
Үйдегі ересектер де балаға доппен ойнауға көбірек мүмкіндік беруі тиіс.
Доптың көлемі де әртүрлі болуы шарт. Балаға ең кішкентай (резеңке және теннис добы) доптан үлкеніне дейінгі аралықта доптың түр-түрін алып берген жөн. Доппен жаттығу балаларды допты ешбір қиындықсыз игеруге үйретеді. Мәселен, кішкентай доп бір қолдың саусақтарымен қысып ұстауға ыңғайлы, ал, үлкен үрленген доп болса саусақтардың арасын ашып, екі қолмен жұмыс істеуді талап етеді.
Допты домалату
Домалату да – өте пайдалы жаттығудың бір түрі. Ол допты игеруге көмектеседі, қолдың басы мен саусақтардың бұлшық еттерін дамытуға көмектеседі, доптың қозғалыс бағытын дұрыс бағамдауға және соған қажетті қимылдар жасауға үйретеді. Бұл жаттығулардың ішіндегі қиыны – допты белгілі бір бағытта домалату: қақпалардың арасымен, тар жолмен, бір-біріне немесе «жыланша» иректеп домалату. Допты ойдағыдай домалату үшін оны алға қарай бағыттау қажет. Ал доп қапталға кетіп қалмас үшін оны сенімді әрі қаттырақ итерген дұрыс.
Балаларды допты екі қолмен симметриялы итеріп, оған тиісті қозғалыс бағытын беруге үйрету қажет.
Сонымен қатар балаларды итеру күшін реттеуге үйретудің де маңызы зор. Педагог баланың допты жеңіл, тек қана саусақтарының ұшымен домалатуын қадағалауы тиіс. Ол әдетте, допты төменгі жағынан – артынан итереді немесе оны үстіңгі жағынан домалатады.
Допты домалату дәлдігін допты затқа тигізу («Кегельді құлат») жаттығуларының көмегімен де жетілдіруге болады. Допты бір қолмен домалатса – бұл жаттығу әлдеқайда нәтижелі болмақ.
Құрсауды домалату
4-5 жастағы балаларды құрсауды домалатуға үйретеді. Қимылдарды бастамас бұрын шеңберді жиегімен жерге қояды. Содан соң үстіңгі жағынан сол қолмен ұстап тұрып, оң қолмен астыңғы жағынан алға қарай итеріп жібереді. Сол қолмен итергенде керісінше, оң қолмен үстінен ұстап тұрып, астыңғы жағынан сол қолмен итереді. Құрсауды итергенде жерден көтеріп алуға және секіртіп лақтыруға болмайды.
Допты лақтыру және қағып алу – көзбен мөлшерлеу қабілетін қажет ететін күрделі жаттығу. Допты қағып алған кезде оның ұшу бағытын дұрыс бағамдаған маңызды. Ал лақтырғанда қажетті бағыт пен лақтыру күшін сәйкестендіру қажет. Допты жоғары қарай лақтырып үйренудің пайдасы көп. Бұл бойды жазып, лақтырылған заттың артынан созылуға итермелейді. Бұл жаттығу иық белдеуіндегі бұлшық еттерді нығайтып қана қоймай, дене сымбатын әдемі етіп қалыптастыруға көмектеседі.
Педагогтің міндеті – балаларды допты қолдың еркін қимылымен қағып алуға үйрету. Сырғанап келе жатқан допты ұстағанда оған қарсы жүріп, қолды жеңіл қимылдатады, ал ұстағаннан кейін доп ұстаған қолды ақырындап өзіне жақындату керек. Ауадағы допты да осылай ұстаған жөн: допты ұшу бағытына қарай созып, қолдың жұмсақ қимылдарымен күтіп алған дұрыс.
Оқу жылының соңына қарай 4-5 жастағы балалар ұшып келе жатқан допты қағып алғанда бұрынғыдай қолдары мен иықтарын қатты қысып ұстамайды. Оны саусақтармен ұстауға тырысады. Дегенмен бұрынғыдай допты қос қолдап ұстап, кеудесіне қысуға асығады.
Сонымен қатар допты бір-біріне дәл беруге үйрету қажет. Бұл екінші баланың допты оңай қағып алуына көмектеседі.
Педагог доппен жасалатын жаттығуларға қатысты жаңа тапсырманы балалардың бәріне бірге түсіндіреді. Оның көрсеткендерін балалардың бәрі бірге көреді, естиді. Педагог балалардың өзін қалай түсінгенін, қай баланың тапсырманы жақсы игергенін, кімге көмек қажет болып жатқанын, кімге тағы да қайталап көрсету керектігін бақылап тұрады. Біраз уақыттан кейін жаттығуды топпен бірге тағы да жасауға болады. Бұл балалардың оны қалай игергенін анықтауға және жаңа жаттығуды көрсетуге мүмкіндік береді. Бірақ допты лақтыру мен қағып алу жаттығуларын топпен бірге ұзақ уақыт қайталау аса жақсы нәтиже бермейді. Балалар үлкен ұжымда тез шаршайды, жалығады.
5 жасқа аяқ басқан балаларға допты қос қолдап, бастан асыра лақтыруды үйретуге болады. Допты лақтыратын адам лақтыру бағытына қарап тұрады. Аяқтарының арасын шамамен 10 см ашып тұрады. Қолдарын басынан асырып көтеріп, аздап бүгеді. Шынтақтары алға шығып тұрады. Допты саусақтарының арасын ашып, алақанына жартылай тигізіп ұстайды. Енді тізесі мен ішін алға жіберіп, аздап шалқаяды, қолдарын артқа жіберіп, допты күшпен алға-жоғары қарай лақтырады. Дене де бірге қозғалады. Алға қарай еңкеюдің қажеті жоқ.