Балалар бөлімшелерінде (кабинеттерінде) оқшауланған кабиналар көзделмейді, барлық емшаралар мейіргердің қатысуымен жүргізіледі.
Қашықтан басқарылатын аппараттар және қуаты 50 ваттан жоғары аппараттар металдандырылған матамен (микроөткізгіші бар) экрандалған оқшауланған үй-жайларда немесе кабиналарда орналастырылады.
Физиотерапевтік аппаратура жерге тұйықталудан еркін (қабырға мен еденнен оқшаулау) оқшауланған кабиналарда орнатылады.
Сәулелегіштердің конденсаторлық пластиналары қашықтан және әмбебап орналасқан УЖЖ және ӨЖЖ-терапияларын жүргізуге арналған аппараттар микроөткізгіш матамен экрандалған арнайы бөлінген үй-жайларды немесе кабиналарды ұйымдастыруды талап етеді.
Қауіптілігі 3-4-сыныптағы лазерлі қондырғылар жеке үй-жайларда орналастырылады. Қабырғалары күңгірт беті бар жанбайтын материалдан жасалады. Үй-жайлардың есіктері лазерлер жұмыс істеген уақытта үй-жайға кіруді болдырмайтын бұғаттау құрылғылары бар ішкі құлыптармен жабылады. Есіктің сыртында лазерлік қауіптілік белгісі және автоматты түрде қосылатын "Қауіпті, лазер жұмыс істеп тұр!" деген мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жарық түсіретін табло орналастырылады.
Қауіптілігі 1 және 2-сыныптағы лазерлік қондырғылар ортақ үй-жайларда орналастыруға рұқсат беріледі.
Электрмен ұйықтататын кабинет дыбыстан оқшауланған жағдайда, терезесінің тыныш аймаққа бағытталуы есепке алына отырып, өтпейтін аймаққа орналастырылады. Кабинетте бақылауға арналған қарайтын терезесі бар өтпелі аппарат бөлмесі көзделеді.
Топтық ингаляциялау үй-жайы қалған үй-жайлардан оқшауланады.
Жеке ингаляциялау аппараттарына арналған компрессор оның жанында немесе көрші үй-жайда орналастырылады. Бірнеше емшара орындарына арналған ингаляциялау қондырғыларының компрессорларын жертөле немесе жартылай жертөле қабатында орналастыруға жол беріледі.
Ингаляторияда дербес сору-сыртқа тарту желдеткіші көзделеді. Жеке ингаляторияда сағатына төрт рет, топтық ингаляторияда сағатына он рет ауа алмасуды қамтамасыз ету қажет.
Физиотерапия бөлімшелері "құрғақ" аумаққа (электрмен, жарықпен, жылумен емдеу кабинеттері) және "ылғалды" аймаққа (сумен емдеу, балшықпен емдеу) бөлінеді. Емшаралар жүргізу үшін емдеудің әрбір түрі бойынша жеке үй-жайлар жабдықталады. Электрмен емдеуге және жарықпен емдеуге арналған жабдықтарды бір үй-жайда орналастыруға жол беріледі.
Әрбір пациент үшін жеке, көп рет қолданылатын не бір рет қолданылатын киім-кешек пайдаланылады. Медицина персоналы емшараларды жүргізу кезінде бір рет қолданылатын қолғаптар пайдаланады.