Шерхан Мұртаза
Дәрігердің үшінші қаруы
— Көктоғайға самолет қашан ұшады? — деген дауыс
естілді. Отырғандардың барлығы касса жаққа
бұрылды.
— Ауа райы жоқ, — деді касса ішінен әйел дауысы.
Осы сұрақ пен осы жауап үш күннен бері сан рет
қайталанды. Жұрттың бұған құлағы үйренгені сонша,
сұрақтың орынсыз екенін де елемей, бұрынғыдай
сыбыр-сыбыр сөз етуді де қойды.
Кассаға қайта-қайта барып, Көктоғай самолетінің
жайын тынбай сұрап жүрген жігіттің жеңіл қол
чемоданы менің жанымда тұр. Ол касса алдынан
қайтып келіп, терезеге көз тікті. Дала күңгірт еді. Боз
боран адам еңсесін басады. Жігіт сол боз перденің ар
жағынан әлденені зарыға іздегендей, қар суырған
далаға қиыла қарайды. Көзілдіріктің ар жағындағы қос
жанардан жас шығып кетер ме екен деп те қаласың.
Оның Көктоғайға ұшып кетуге ынтызарлығын айтып
жеткізгісіз.
Ал аэродром алаңында фюзеляждарын көк брезентпен
тұмшалап тастаған самолеттер аузына ат дорба ілген
тұлпарлардай үнсіз тізіліп тұр. Боранға жон арқасын
тосып ықтап тұрған сияқты.
Әлгі жігіттің көзілдірікті көзі алыстағыны көре
алмайды. Дөңес шыныдан жанары жансызданып,
ерекше аларып көрінеді. Мұрны таңқылау, өңі қара
бұжыр, сырт көрінісі күйкілеу, көзге қораш еді. Бірақ
қазіргі терезе алдында тұрған қалпын көріп: «Осының
өзі ақын емес пе екен» деген ой басыма келе қалды.
Кейіннен сөйлесе келсек, ол дәрігер екен, Көктоғай
аудандық ауруханасының осында командировкаға
келіп, енді қайта ауданға ұша алмай отырғанына бүгін
үшінші күн екен.
Күн ашық-жарық болса, Көктоғай самолетке қырық
бес-ақ минуттік жол көрінеді. Ал Арқаның ақ бораны
ұшы-қиырсыз аспан аясымен жер үстінде ойнақ
салғанда, Көктоғайға самолет ұшпайды, машина тіптен
баспайды. Ол жаққа қарай темір жол жоқ.
Жол жүргенде күткен жаман. Үйден бір шыққан соң
тезірек жүріп кеткін келеді. Ал қыстың зікір салған
долы дауылында аэропортта қамалып отырғаннан
азапты нәрсе жоқ сияқты. Бұл сезім маған белгілі.
Әйтседе, көрші отырған жігітке самолет күту
азаптардың азабымен барабар болды.
— Несіне сабырсызданасыз, — дедім мен оның көңілін
бір сәтке болса да бөлгім келіп. — Боран да басылар,
күн де ашылар, мына тұрған Көктоғайға көзді ашып-
жұмғанша жетіп барасыз.
— Мен асығатын себеп бар, туысқан, — деді жігіт
скамейкаға отыра беріп. «Ол себепті айтсам түсіне
аласың ба?» дегендей бетіме біраз қарап қалды.
Аэропорт залының іші жолаушыларға лық толы. Біздің
дәл қасымызда Қарағайлыға баратын бір топ геолог
чемоданды төсей салып, домино тастарын тақылдатып
отыр. Әріректе әлдекімдер карта үлестіріп жатыр.
Біреулер кітапқа үңілсе, біреулер жұмыссыздықтан
қалғып-мүлгіп қалыпты.
Ал далада боран түтеп, айнала төңіректің түнеріп
кеткені сонша, аэропорттың ішінде күндіз барлық
шамдарды жағып қоюға тура келді.
— Мен асығатын себеп бар, — деді жігіт. — Жол тосып
отырғанымызды ұмыта алар ма екенбіз, бізге уақыт
оздыру керек қой. Қаласаңыз, айтайын...
* * *
— Мен медицина институтын Алматыда бітірдім, —
деді Әшім (жігіттің аты Әшім еді) — студенттік қимас
қызықты жылдар көзді ашып-жұмғанша дегендей
жылдам өте шықты. Қазір ойласам, ақ асау толқындай
сапырылысқан, көз ұшынан мұнартып борт-борт
желген сағымдай елес жүректі жылытып, толқытып,
балқытып жүре береді.
Ол күндердің қызығы мол еді ғой. Күнбе-күн
семинардың, жыл он екі айдағы қос сессияның уайымы
зор болса да, студенттік өмір жаздай жадыраған
тамаша өмір ғой.
Институт бітірген соң мені алыстағы ауданға қызметке
жіберді. Алғашқы күн ауруханамен танысудан
басталды. Аурухананың есігін алғаш рет дәрігер
ретінде аттап басуым. Менен жақсылық, жәрдем
күткен жаутаң көздерді алғаш рет көруім. О, ол
көздердің саған сұқтана қадалуы тым ауыр. Сонда сен
өзіңді дәрменсіз сезінесің. Сен ауру жандар үшін қазір
ең құдіретті адамсың. Бірақ сол құдірет бар ма
бойыңда... Әсіресе сыр алыспаған жас дәрігердің ауpy
адамдармен алғаш кездесуі «қыл көпірдің» үстімен
өткенмен бірдей.
Кеше ғана институт жүргенімде: «Әттең, осы
сессиядан, осы емтиханнан аман-есен өтсем, онан
кейінгісінің бәрі жеңіл болар еді-ау» деп армандаушы
едім. Шіркін, балалық десеңші. Нағыз сын, нағыз
емтихан енді келді-ау.
— Төртінші палатамен танысыңыз, мұнда бес адам
жатады, — деді бас дәрігер Жанна Жапаровна,
кіршіксіз ақ халат киген орта жастардағы сылқымдау
әйел.
Біз кіріп барғанда, бес аурудың бесеуі де бас бұрып
қарады. Бір байқап қалғаным: ортадағы койкада жатқан
әйелге бас бұрудың өзі күшке түседі екен. Оның тұла
бойында өмірдің әлі өлмей тірі жатқанын білдіретін
мүше тек үлкен қоңыр көзі ғана еді. Оның көзі жалт
етіп жәудіреп қарағанда, апыр-ай, адамда да осындай
жанар болады екен-ау дегендейсің. Әйтпесе өңі үсік
ұрған күзгі жапырақтай қатып-семіп сартап тартқан.
— Полиартриттің асқынған түрі, деформирующий
полиартрит, барлық буын-буынды тұтып қалған, —
деді Жанна Жапаровна латыншалап.
Палатадағы қалған төрт әйелдің сырқаттары аса қауіпті
емес көрінеді.
– Жатқанына бір жылдан асып қалды, үміт аз, — деді
былай шыға келе бас дәрігер.
«Үміт аз» дегені атылған оқтай тосын естілді. Бұл не?
Ажалмен ымырашылдық па? Әлде дәрменсіздік пе, —
деймін өзіме-өзім.
— Қолдан келгеннің бәрін істедік, — деді Жанна
Жапаровна қызыл қыналы тырнағын қырнай тұрып: —
күкірт ерітіндісі бар ванна да жасалды, массаж да
істелді, әсіре күлгін сәулеге де түсірілді, витаминді
тамақтар да берілді. Беті бері қарар емес. Еш тер
шықпайды, екі тізесі жап-жалтыр...
Деформирующий полиартрит... Семен Сомойлович, ах,
Семен Сомойлович, сен бізге оқыған полиартрит қой,
қайран профессор, қасымда қазір болар ма едің! Сенің
жәрдемің қандай керек десеңізші қазір! Өйткенмен
мына Жанна Жапаровнаның айтуынша сен бізге
лекцияда оқыған амалдың бәрі ауруға қолданылған
тәрізді. Енді не керек, құдай-ау, енді не керек...
... Аурухана бойынша кезекші мен едім. Терезе
алдындағы жалаңаш ағаштардың бірен-саран сарғыш
жапырақтары жүдеген көбелектей дір-дір етеді.
Терезеден күн сәулесі түсті.
— Е-е, оның койкасы терезе алдынан алыс екен-ау, —
деген ой сап ете қалды.
Дереу сестраны ертіп алып, төртінші палатаға келдім.
Есік ашыла бере, кешегі көзбен көзім кездесті. Ол әуелі
жалт етіп, онан соң тағы да алданғанын білгендей
мұңая қалды. Бұл мергеннің оғы жазатайым тиіп, шала-
жансар жатқан маралдың көзіндей әдемі әрі аянышты
еді. Онда көктей солған өмірдің өкініші мен қапа-
қасіреті де, жаңа күннен, жаңа айдан, жаңа жылдан
күткен үлкен үміті мен тіршілік дәметкен тілегі де бар
еді.
— Сізге күн сәулесі өте-мөте пайдалы, сондықтан
койка ауыстырып, мына терезе алдына жатыңыз, —
дедім мен Сырғаға.
Кезерген жұқа ерні болар-болмас қимылдап:
— Рақмет, — деді.
Сестралар оны көтеріп алып, жаңа орынға жатқызды.
Мен оның жатқан жерінен терезеге қарап едім: бұлтсыз
көгілдір аспан көрінді. Ағаш басындағы торғайлар
көрінді.
— Мен дала көрмегелі көп болды, — деп сыбырлады
Сырға. — Сағынып қалыппын.
Сөйтіп ол аспанға қарай берді. Күзгі жапырақтай
сарғайған өңінің ар жағынан бір кездегі ақ құбаша
сұлудың келбеті толған айдай толықсып елестеді. Бұл
елес қана еді.
— Сіз жақсы істедіңіз, — деді мен палатадан шыға
бергенде сестра Маша. — Сырғаның көңілі жарым еді.
Койкасын ауыстырып ықылас білдіргеннің өзіне риза
болып қалды.
— Ауру адамның көңілі әрқашанда жарым ғой, —
дедім мен.
— Жоқ, Сырғаның, меніңше, ауруының үстіне
қосылған ауруы бар, — деді секпіл бетті сестра Маша.
— Ол қандай ауру?
– Бұл өзі біз қатарлы жас адам: сірә, сол жиырма бір-
жиырма екі шамасында. Ауырмай тұрғанда тұрмысқа
шыққан екен. Ал сүйіп алған күйеуі бұл қатты
жығылып ауырған соң, осы емханаға әкеліп салды да,
жоқ болды. Қайтып көрінбей кетті. Бір кездегі сұлудың
енді аяқ-қолы жоқ мүгедек болғанынан мүлде
шошынса керек, ізі суып кетті. Әй, осы еркектерді
қойшы! — деп сестра сепкілді бетін тыржитып қолын
бір-ақ сілтеді. — Бұл байғұс өлейін деп жатса да сол
бәлесін күтеді, палатаның есігі ашылған сайын,
жалтақ-жалтақ қарайды. Қарайды да қапалана түседі.
Оның күткен адамы келмейді.
Адам жанының терезесі жоқ, бөтен жан — түнек дейді.
Сол түнектің пердесі ашылайын деді. Сырға неге есікке
қарай беретінін енді білейін дедім.
Бір мезгіл аспанды ауыр бұлттар торлап, дала да,
кабинет іші де күңгірт тартты. Шымшықтар
шықылықтап, шошаңдағанын қойды. Таса тауып алып
олар да әлденендей ойға кетіп, үнсіз отырды.
Мұндай күндер көңілді қамықтырғыш, әлденелерді,
албырт күндердің орындалмай қалған тәтті қиялдарын,
алғашқы тәуір көрген қызды, алғашқы бозбалалық
әурешілікті еске түсіріп, көзге жас келтіреді.
Аспанды бұлттар торлап, оның әлжуаз көгілдір төсін
таптап, шығысқа қарап жөңкіліп жатады. Терезе
алдындағы алма ағаш пен сирень бұталарын дауыл
сілкілеп, жазықсыз жазалап, азаптай бастайды. Бұталар
майысып иіледі, зордың күшімен сәл уақытқа ғана
иіледі, тәкаппарланып қайтадан бой түзейді. Олар
бағынбайды, қасарыса түседі.
Мұны көріп менің ішім жылиды. Мен ырымшыл
емеспін, бірақ бұтақтың берілмей қасарысқанына
жаным сүйсінеді. Терезеге осылай қарап отыра берсем,
көзім жел жұлмалаған сирень шыбығының орнында
ұзын қара шашын жел желбіретіп, дауылға қарама-
қарсы қасарысып алға талпынған Сырғаны көрем. Бұл
бір түс сияқты көрініс.
Түстен айығып, палаталарды аралау керек екені есіме
түседі.
Төртінші палатаға кіре бергенімде, Сырғаның көз
жанары енді терезе алдынан жалт етті. Лезде сөніп,
бұрынғыша мұңайып қалды. Ол есік ашылған сайын
«сол ма екен!» деп өз ерін күтеді. Ал күйеуі қазір
мұның бір жапырақ көңілін көтермейді. Сырға халіне
өзі түсіп қалса қайтер еді? Сырға сонда оның соңынан
бір рет те із салмай: «Халің қалай, Сейсен?» деп бір
ауыз көңіл сұрағанға жарамаса, Сейсен не дер еді? Не
күйде болар еді? Адам атаулыға есендік-саулық тілеп,
оларды аурудан аман сақтау менің борышым бола тұра,
мен қазір өз еркімнен тысқары Сейсенге ауру тіледім.
Сырға қазір де бұлт басқан аспанға қарап жатыр.
Терезеден оған аспанның бір қиығы мен жел
жұлмалаған сирень бұталарының бір түбі көрінеді.
— Сіз білесіз бе, түнде мен жұлдыздарды көрдім,
жартыкеш айды көрдім, — деді ол әдеттегіше
сыбырлап, қаттырақ сөйлесе демігіп қалады. — Көптен
бері көргенім сол, сағыныппын.
Сырға күрсінгендей болды. «Сау адам көп нәрсені
аңғармайды екен-ау, жұлдызды да сағынады екен-ау»
дедім ішімнен.
Сөйтсем өмірге құштар жан жатып алып, қарама-қарсы
үйдің мұржасынан будақтап ұшқан түтінге де
қызығады екен, балапандарымен топталып телеграф
сымына тізіле қонып, жылы жаққа ұшып кетуге
жиналып,
туған
жерді
қия
алмай
отырған
қарлығаштарға да қызығады екен. Ол тек күзгі
жапырақтардың бұтақтан үзіліп түскеніне, енді сол
жапырақтардың бір-бірімен еш уақытта сыбырласа
алмайтынына қиналады.
— Сіз білесіз бе, мына қара шыбындарды мен жақсы
көремін, — деді Сырға сәл-пәл ғана қан жүгірген жұқа
ерні күбірлеп. — Қара шыбын маған ғашық болғандай
бет-аузымды аймалай береді. Оны ұшырмақ болып
менің жансыз қолым қимылдайды. Шыбын қонбаса,
оның қимылдамауы мүмкін, шыбын қонғанда, денем
шіміріккенде, мен өзімнің әлі өмір сүріп жатқанымды
сезініп, қуанамын...
Осы кезде көшенің ар жағындағы үйдің терезесінен
музыка үні естілді.
— Мынау Чайковский ғой, «Кішкентай аққулардың
биі», — деді Сырға басын көтермек боп, — Мен
сестраға ым қақтым. Маша екеуіміз Сырғаның
арқасына жастық қойып, басын биіктедік. Он бойы
шалқасынан жатқан адамның сәл де болса еңсесі
көтерілгені көрер көзге жақсы екен.
— Шіркін, балериналар қандай бақытты! — деді Сырға
билеп жүрген кішкентай аққуларды сахнадан көріп
жатқандай-ақ. Оның түсі өзгеріп, қазір койкадан өзі
түсіп, өз аяғынан жүріп кететіндей көрінеді. Ал музыка
оны шақырғандай, адамның жан-дүниесін шарпып
өтіп, шарықтап кетті. Сирень бұтасына қонған алмас
шықтай бір тамшы Сырғаның алақандай көзінен
домалап түсті.
Палатаға радионүкте орнатып, құлаққа киіп тыңдайтын
наушник алдыру керек екен дедім өзіме-өзім.
— Төртінші палатаға кіріп шықпайсыз ба? — деді біраз
күн өткен соң коридорда жолыққан сестра Маша.
— Онда не боп қалды? — деппін.
— Бөтендей ештеңе болған жоқ. Бірақ жай кіріп,
аурулармен әңгімелесіп, хал-ахуалын сұрамайсыз ба
дегенім ғой...
— Мен тағы да музыка тыңдадым, ол мені сергіткендей
болды, — деді аурулармен амандасып енді Сырғаның
қасына барғанымда. Ол басынан наушникті сәл-сәл
қимылдатып, оң қолымен алуға әрекеттеніп: — Мен
көптен сағына күткен адамымды көргендей болдым.
Ауру екенімді де ұмыта жаздап, әлі де әсем үнге жүйе-
жүйем
босайтынына
қуандым.
Жан-дүниемнің
саңылаулары бітелді ме деп қауіптенуші едім. Көңілім
мүлде күңгірттенді ме деп қалушы едім. Мен әлі
армандай алады екенмін, доктор, — деп Сырға
қимылдайтын оң қолының шидей саусақтарын терезе
торынан түскен күн сәулесіне тосты. Күн сәулесі
алақанын қытықтап ойнағысы келгендей болды.
— Таң алдында сәл ұйықтап кетіп, сараң ұйқыдан соң
көзімді ашып алсам, күн сәулесін көріп қуанып
қаламын. Мен ұйқыға кеткенде, аяқ-қолым тіріліп
қалған жоқ па екен деп қараймын.
— Аяқ-қолыңыз осыдан екі-үш жыл бұрынғы сау-
саламат кезіңіздегідей болады әлі,—деймін мен
аурудың аяқ жағын жылы одеялмен қымтап.
Мен түнде-түнде түсімде, қырда жүгіріп гүл теріп
жүремін, тіпті кейде өзіміздің совхоздың клубында би
де билеп жүремін, — деді Сырға.
— Әлі қарап тұр, өңінде де талай-талай билерсің, —
деймін ауруға массаж жасауды сестраға тапсырып.
— Бұл өзі, жазылатын ауру ма еді? — дейді Сырға.
— Әрине, — дедім мен ә дегенде не дерімді білмей
қалсам да. — Әрине, біздің ғылым үшін жеңілмейтін
дерт жоқ. Байқап қарасаң, бір кезде жұртқа
соқырішектің өзі жазылмас дерт еді. Сүзек, шешек
дегенің тажал еді, қазір олар жойылды. Туберкулез
күні кешеге дейін ем қонбайтын ауру болса, қазір
ғылым оны емдеудің пәрменді жолдарын тапты... Тіпті
жуырда ғана еліміздің ең көрнекті медиктерінің
жиналысында атақты профессор Ефимов полиартритті
сәтті емдеудің тәжірибелерін ортаға салып, жаңа
антибиотик жасап шығарғанын да айтты ғой.
Сырғаның жансыз аяқтарының жүрмей қалғанынан
қан жиналып бетіне шыққандай, боп-боз өңі қызыл
шырайланды. Жұқалаң ерні дір-дір еткендей болды.
Өзіне ғана жарасымды тәмпек мұрнының танауы
делдиіңкіреп, тынысы жиіледі.
— Жаңа антибиотик пе? Жаңа дәрі ме? — деді Сырға,
бұл жолы ол сыбырлағанын қойып, дауысын шығарып
жіберді. Оның шын дауысын тұңғыш естігенім еді.
— Иә, жаңа дәрі, — дедім мен, әлсіз арық қолын қалай
сипағанымды өзім де сезбей қалып.
— Ол дәрі бар болса қайда? Маған неге бермейді екен?
— Ауыр дерттен нұры қайтпаған үлкен қоңыр көзінен
үміт ұшқыны бір жылт етіп, бір сөнді.
«Мен гүл ашпай жатып суық шалған адаммын ғой, мені
алдамағайсың, әлі көрер жақсылығым бар ма?»
дегендей еді ол көз.
— Ол дәрі әлі аптекаларға түскен жоқ көрінеді, тек
лабораториялық тәжірибелерде қолданылады екен.
— А, лаборатория... лаборатория, әлі жоқ деңіз... жоқ
деңіз...
Қоңыр көз мен ең алғаш рет көргендегідей әуелі жалт
етіп, «жоқ деңіз» деген кезде мұңайып, тайып кетті.
Мен ағат айтқанымды кешігіңкіреп түсіндім де:
— Сабыр ет, Сырға. Әлі-ақ аламыз ол дәріні, — дедім.
— «Сабыр, сабыр», — деді ол менің сөзімді
ұнатпағандай, — Сабырдан келер пайда болса, мен
сабыр еткелі жүздеген таң атып, жүздеген күн батты.
Менің шыдамым сынға түскелі қашан! О, сіз
түсінбейсіз оны...
— Мен түсінемін, Сырға, түсінгендіктен де, қайтсем де
сол дәріні саған тауып әкеліп беруді ойлап отырмын.
Командировка сұрап, облыс орталығына, тіпті
Алматыға, онда болмаса, профессор Ефимовтың өзіне
барамын, — деп Сырғаның нәзік саусағын алақаныма
қалай салғанымды өзім де сезбей отырыппын.
— Сүйген жардан көрмеген жақсылықты сізден
көрдім-ау. Алғаным мені ауырған соң қара шақа құрлы
көрмей тастап кеткеннен кейін, енді мүлде құрыған
адам екенмін деп үрейім ұшушы еді. Сіз неткен
қайырымды жан едіңіз... Шынымен, жасыған көңіл
жадырай ма? Шынымен, солған өмір қайта көгере ме
екен? Адам аяғынан айырылады екен, қолынан
айырылады екен, адам ажардан, сүйікті жардан
айырылады екен, адам от басынан, ошақ қасынан,
басқа түссе бақытынан айырылады екен. Бірақ
арманнан айырыла алмайды екен. Мен осы уақытқа
дейін ауа жұтып, жарық дүниені терезенің бір
қиығынан болса да көріп жатсам, оным осы арманның
арқасы. Шіркін, жантақ жамылған кең далаға тағы бір
шығып, кәрі әкемнің отарындағы қойға жамыраған
қозылардың соңынан тағы бір жүгірсем-ау!
— «Сау адам көп нәрсенің қадірін біле бермейді ғой,
әйтпесе қызыл тікен кешіп, қозы артынан жүгірген де
арман болады екен, ә», — дедім ішімнен тағы да.
— Осыдан қара да тұр, бұл арманың да орындалар!
— Жоқ, бұл арман бұған дейін қанатсыз еді, енді сіз
қанат бітірдіңіз, — деді Сырға.
Енді менің жатсам-тұрсам Сырғаға берген уәдем
есімнен бір шықпайтын болды. Менікі де бір үміт еді.
Әйтпесе жаңа антибиотиктің жарық дүниеге келгенін
«Медицинский работник» газетінің он жолдық
хабарынан оқып едім. Ал ол қашан пайдалануға
беріледі, одан беймағлұм едім. Үміт қой. Адамға адам
жақсылық тілеген үміттер көбейе берсе ғой, шіркін.
Үміт пен арман алдыңнан шығып, ұдайы қол бұлғап
тұрады. Ол періштедей көзге көрінбей, мен мұндалап
алға жетелей береді. Аспандағы ай мен күндей арман
да мәңгілік, ол еш заман өлмейді. Сырғанікі де сондай
өлмес, өміршең арман ғой. Мейлі, ол қозы қайыруды-
ақ аңсасын, бірақ соның өзі қандай десеңізші, кеселі
қатерлі адам үшін о да аспандағы айдай ғой.
Адамның жолы күннің жолына ұқсайды деседі.
Адамның да арайлап атқан таңы бap, еңкейіп еңіске
түскен кезі де бар. Жолдар ұқсас. Бірақ әркімде күннің
нұры, күннің дарқандығы, күннің жомарттығы бар ма?
Мен адамның ажалына ара түспекпін, оны қасірет-
қайғыдан айырмақпын. Осы мақсатыма жетсем, мен де
кішкентай күнге ұқсар едім.
Міне, Сырғамен соңғы әңгімеден кейін мен осылай
ойладым. Ал енді менің неге сонша асығып отырғаным
сізге түсінікті бола бастаған шығар? — деп Әшім
тершіген көзілдірігін алып, бет орамалымен мұқият
сүртіп, үндемей қалды.
— Жаңа дәріні таптыңыз ба, сонымен? — дедім мен
шыдамсызданып.
— Таптым, — деді жас дәрігер күлімсіреп. — Үйден
шыққалы, міне, бүгін он бес күн болды. Оның үш күні,
өзіңіз білесіз, самолет күтумен өтті. Мені сағат сайын,
минут сайын тосып жатқан адам бар, ал мен болсам,
отырысым мынау.
Аэропорт ішіндегі домино ойнап отырғандар да, карта
соғып жатқандар да, газеттің хабарландыруына дейін
қалдырмай оқып отырғандар да, жалыға-жалыға
жантайып жатқандар да — бәрі де кенет тына қалды.
Маңдайшадағы
репродуктордан
диктордың
микрофонды шертіп тықылдатқаны естілді. Бұл көптің
зарыға күткен дыбысы еді.
— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! — деді диктор да
қуанып. — Қарағайлыға қарай ұшатын самолетке
отыру басталды. Қайталаймын...
Әшім көзілдірігін асығыс киіп, орнынан атып тұрып,
кассаға қарай жүгірді. Геологтар артынып-тартынып
тысқа шығатын есікке қарай анталады. Қону алаңында
«АН-12» самолетінің моторлары бірінен соң бірі от
алып, қалақшалары әуелі жайлап айналып, бірте-бірте
боран таптаған ақ қарды құйындай ұшырып, көзге
көрінбей, бұлдыр ауаға сіңіп кеткендей болды.
— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! — деді диктор дәл бір
Әшімге ғана арнап айтқандай бір түрлі салтанатты
дауыспен. — Көктоғайға ұшатын самолетке отырғызу
басталды.
— Ал, сау-саламат болыңыз! Сіздің самолетіңіздің
тезірек келуіне тілектеспін, — деді Әшім кішкентай
қол чемоданын келіп алып тұрып.
— Сау бол, Сырғаға сәлем айт! — дедім мен шын
пейіліммен. — Оның сауығып кетуіне, арманына
жетуіне тілектес тағы бір бейтаныс адам бар екенін айт.
— Рақмет! — деді Әшім. Сөйтіп студент күннен мұраға
қалған мақталы шолақ пальтоның жағасын көтеріп,
көзілдірігін түзеп қойып, самолетке беттеді.
Сонда орта ғасырдың ұлы ғалымы Ибн-Синаның бір
сөзі есіме түсті: «
Достарыңызбен бөлісу: |