Дәріс № Информатиканы оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері



Дата06.02.2022
өлшемі21,44 Kb.
#81837
Байланысты:
Дәріс №5 Информатиканы оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері
Дәріс №5 Информатиканы оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері

Дәріс № 5. Информатиканы оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері

1.1. Дидактика принциптері – мұғалімнің басты құралы


Дидактикада оқу пәнін оқытуға қойылатын біріңғай талаптар жиынтығы дидактикалық принциптер тағайындалған. Бұл принциптер оқыту заңдылықтарына негізделген.
Оқыту заңдылықтары оқыту теориясына және практикалық, педагогикалық іс – тәжірибелерге теориялық негіз болады. Принциптерді тағайындауға білім және тәрбие беру мақсаттары, қоршаған орта жағдайы, ғылымның даму деңгейі, қоғамда қалыптасқан оқыту түрлері мен құралдарының сипаты, оқыту тәжірибесі негіз болады.
Дидактикалық принцип оқыту мақсаты мен оқушының танымдық іс - әрекетін тығыз байланыста қарастырады. Оқушының танымдық іс - әрекеті қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарды сезімдік қабылдаудан басталады.
Информатика пәні мазмұнының құбылмалы, программалық және техникалық құралдарының әртүрлілігі, оқытудың программалық құралдары мен нұсқауларының жеткіліксіздігі мұғалімдерге информатика курсының мазмұнын, әдістері мен құралдарын талдап, оларды жетілдіруді жүктейді. Сондықтан, пәнді жүргізу барысында информатика пәнінің мұғалімі дидактикалық принциптердің әрқайсысын басшылыққа алып отыруы тиіс.

1.2. Ғылымилық принципі


Білімнің ғылымилық принципінің сапалық көрсеткіштеріне : а) білім мазмұны қазіргі ғылымның даму деңгейіне сәйкес болуы; ә) таным әдістерінің дұрыс екеніне оқушылардың сенімді болуы; б) таным процесінің маңызды заңдылықтарын оқушылардың ұғынуы жатады. Бұл мәселелер бір – бірімен тығыз байланыста болып, әрқайсысы алдыңғысының қажетті шарты болып есептеледі.
Бірінші шарт бойынша информатика пәнінің мазмұнына сәйкес материалдарды ғылыми тұрғыда баяндау талап етеді.
Екінші шарт бойынша ғылыми таным жөніндегі білім талап етіледі. Үшінші шарт бойынша оқушыларда таным және оның заңдылықтары жөнінде білім қалыптастыру мақсат етіледі.
Информатика пәнінде пәнішілік байланыс тығыз болғандықтан оның кез – келген ұғымы мектеп курсынан бастау алады. Мысалы, «Информация», «Алгоритм», т.б.
Оқытудың ғылымилық принципі информатиканы оқытуды жетілдіру, оқытудың жаңа әдістерін қолдану кезіндегі оқушылардың зерттеушілік қызметінен көрінііс табады. Оқушылардың ғылыми тұрғыда ойлауын дамыту үшін оқыту процесінде түрлі жаңа информациялық, инновациялық технологияға негізделген әдістерді кеңінен қолдануы тиіс.
Ғылымилық принципі информатика ғылымының жетістіктерін оқушының танымдық мүмкіндіктерін ескеріп, енгізуді талап етеді. Мұнда оқушыларға берілетін білім ғылыми тұрғыда негізделген, бұрмалаусыз шындық арқылы беріледі. Олар мұғалімнің түсіндіруінде қарапаййым, өңделген нұсқада берілсе де, ғылымның негіздері болып табылатын шын мәніндегі ақиқат түсінікті қалыптастырады.
Ғылымилық принципі бойынша мектеп информатика курсында талас тұғызатын, әлі ғылымда орнықпаған, іс жүзінде тексерілмеген мәселелер енгізілмейді.
Бұл принцип білім мазмұнын оңайлатып жіберуден, кейбір ғылыми заңдылықтарды бұрмалаудан, ұғымдарды ретсіз қолданудан сақтандырады.

1.3. Тізбектілік және қайталау принципі


Информатика пәнінде берілетін білім мазмұны түсінікті болуы және бұрын игерілген білім жүйесіне біртіндеп енгізілуі тиіс. Таным қызметінің бұл түрі тізбектілік принципінен көрініс табады. Тізбектілік принципі белгіліден белгісізге, қарапайымнан күрделіге, білімнен іскерлікке бағытында жүзеге асады. Мұнда оқу материалының мазмұнын логикалық тізбек түрінде құрастырып, онда қайталаулар мен кері оралудың болмауы ескеріледі. Егер қайталаулар кездессе, онда ол тек оқу материалын бекіту мақсатын көздейді деп түсініледі.
Оқу материалының мазмұны мен оны оқушының қабылдауын тізбектілік принципінің қайталануының түрінде іске асыруға болады.
Информатикадағы пәнішілік байланыстық күштілігі пән мазмұнын қайталау принципіне негізделген. Себебі, әрбір ұғым қайталанған сайын жаңа қасиеттерімен байытылып игеріледі.

1.4. Білімді меңгеру мен іс - әрекеттің саналылығы принципі


Дәстүрлі мағынада іс - әрекеттің саналылығы оқушының өз әрекеті мен орындаған жұмысын толық түсінуі. Яғни, оқушының білімді меңгеріп, оны шығармашылықпен қайта өңдеуі, біліміін практикада қолдануы негізінде жүзеге асырылады.
Саналы көзқарас оқушылардың оқуға деген жалпы мақсаты мен міндетіне жауапкершілікпен қараудан басталып, тек білімді меңгеруде емес, іскерлікпен дағды қалыптастыруда маңызды орынға ие болады. Оқушылардың оқуға деген белсенділігін арттыру үшін, оларда ең алдымен оқуға деген саналы көзқарас қалыптастыру қажет. Сонда ғана оқушы әрекетінде ерекше мәнге ие өзін - өзі бақылау түрі қалыптасады.
Саналылық принципі меңгерген білімді практикада қолдану кезінде ерекше көрініс табады. Сол, себепті оқушылар білім мазмұнын ғана емес оның мағынасын терең ұғынуы тиіс. Мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін ескеріп, қажетті материалды таңдағанда негізгі мәселелердің қамтылуын ескергені жөн.
Компьютерлік оқыту мақсаты байланысты саналық принципі кейбір шектеулер жасауға мәжбүр етеді. Себебі, мұғалімнің аз уақыт аралығында оқушыларға компьютер құрылғыларында болып жатқан процестерді толық және түсінікті баяндап шығуы мүмкін емес. Мысалы, Enter пернесін басқанда байланыстың тұйықталуы немесе сыйымдылықтың өзгеруі, операциялық жүйедегі үздіксіз өңдеулер, қолданбалы программалар деңгейіндегі әсерлер мен байланыстар т.б. Ең бастысы, оқушылар меңгерген білімдерін жұмыс барысында дұрыс қолдана білуі керек. Бұл кезде мұғалімнің материалды білуі, ондағы негізгі мәселені таңдай алуы, тиімсіз әрекеттерді шектей білуі маңызды орынға ие болады. Компьютерде программистің, жүйелеуші – конструктордың, оператордың, қолданушының қызметтері әртүрлі. Сондықтан, мұғалім олардың қызметтерін толықтырып отыратын тиімді көзқарас қалыптастыру арқылы оқушылардың жан – жақты білім беруді қамтамасыз етуі тиіс.
Білімді меңгеруді деген саналылық есте сақтаудың ең маңызды шарты болып табылады. Саналы көзқарас тек білімді меңгеруде ғана емес іскерлік пен дағды қалыптастыруда да айрықша роль атқарады.

1.5. Белсенділік және дербестік принципі


Информатика пәнінде оқушы белсенділігі білімді нәтижелі игерудің қажетті шарты болып есептеледі. Осы орайда, Е.И. Машбицтің «... білім – оқушының қолына бере салатын зат емес, ол оның тұлға ретінде өзгеруі және жеке басының мақсатына сай белсенділігі арқылы жететін нәтижесі» - деген пікірі орынды айтылған.
Белсенділік принципі оқушылардың әрекетінде әртүрлі көрініс табады. Мысалы, оқушылардың өз әрекетін бақылауы, дос-құрбыларының жұмысын бақылауы, алгоритмге өзгеріс енгізуі, өз алгоритмін құру әрекеті белсенділік принципіне негізделген. Мұғалім оқушыларға тапсырма беріп компьютерге отырғызғанда, олардың белсенділігін арттыруды көздейді. Бұл жағдайда оқушылардың өздеріне сенімі артып, бір – бірімін сұхбаттасу арқылы өзара оқыту орын алады.
Оқу дербестігі көп жағдайда белсенділікке байланысты болады. Оқушы теориялық материалды белсенді қабылдағанымен, оны дербестік деп толық айтуға болмайды. Ал, оқушының мұғалімне көмек сұрауы белсенділіктің көрінісі болғанымен, дербестікке жатпайды. Дербестік мұғалімнің оқушыларға тапсырмалар беріп, олардың өз бетіінше жұмыс істеуін қамтамасыз етуі арқылы жұзеге асырылуы мүмкін. Оқу дербестігіне оқушылардың кез – келген жағдайдан өздігіден шыға білуі, ғылыми – көпшілік әдебиеттерді, баспасөз материалдарын пайдалануы білуі жатады. Оқушының компьютерде зерттеу жүргізуі, нәтижеге жетуді өзіне мақсат ете білуі, ЭЕМ – ді қолданатын болашақ кәсіби қызметінде программалаушыдан барынша тәуелсіз болуы дербес дамуының белгісі. Оқушы шығармашылық әрекетке көшкенде дербестік толық орын алады.

1.6. Мазмұнның түсініктілігі мен шамаға лайықтылық принципі


Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу жоспарын жасауда кеңінен қолданылады. Информатика сабағында оқыту деңгейлеріне байланысты компьютермен үздіксіз жұмыс істеу кезінде көрініс табады.Мысалы, дайын программалық құралдармен практикалық жұмыстар жүргізу кезінде пайдаланушы деңгейі қамтамасыз етілсе, жеке оқушылармен жұмыс жүргізу оны тереңдетеді.
Түсініктілік және шамаға лайықтылық принципі көбінесе оқытудың мазмұнына емес, оқытудың әдісіне қолданылады. Мысалы, информацияның графиктік түрде берілуі түсініктілік принципін қамтамасыз етеді.
Шамаға лайықтылық принципі – білім мазмұнының оқушының шамасына сай болуын қамтамасыз етеді. Бұл принцип оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға ықпал жасап қана қоймай, олардың жалпы дамуына оң әсерін тигізеді. Мысалы, пән мазмұнының жеңіл болуы оқушылардың ойлау белсенділігін төмендетеді, оқуға деген ынтасын кемітеді. Оқу мазмұнының шамадан тыс қиын болуы оқушыны табысқа жеткізбейді. Табыстың болмауы оқуушының өзіне деген сенімін жояды. Мұнда мұғалімнің оқытуы мен оқушы дамуының арасында тәуелділік пайда болады. Сондықтан, мұғалім оқушының танымдық мүмкіндігін ескере отырып, оқу процесін жоспарлы жүргізуде түсініктілік және шамаға лайықтылық принципін негізге алуы тиіс.

1.7. Мазмұн мен іс - әрекеттің көрнекілігі принципі


Бұл принцип мұғалімнің оқыту процесіне есту-көру (аудио-визуалды) техникалық құралдарды, кітаптар, кестелер секілді әртүрлі көрнекіліктерді, оқу құралдарын пайдалануынан көрініс табады.
Мектепте көрнекіліктің бірнеше түрі қолданылады. Мысалы, жаратылыс көрнекілігі оқушыларды өмірде бар объектілермен таныстыруды көздейді. Көлемдік көрнекілік ақиқат дүниенің көлемдік бейнесін беру мақсатында қолданылады. Оған фотосуреттер, картиналар, диафильмдер, диапозитив, дыбыыссыз кино, т.б. жатады. Дыбыстық көрнекіліктер дыбыстық бейнелер, шығармалардан үзінді оқу, дауысты таспаға жазу, шет тілін үйретуге магнитафонды пайдалану, т.б. қамтамасыз етеді. Символдық және графикалық көрнекіліктер абстрактылы ойлауды дамытуды мақсат етеді. Мұндай көрнекіліктер болмысты символ түрінде сипаттайды. Мысалы жоспарлар, карталар, схемалар, диаграммалар, т.б.
Информатика пәнінде бір информацияны бірнеше әдіспен бейнелеп көрсету мүмкіндігі көрнекілік принципіне негізделген. Мысалы, блок – схемалар алгоритмдердің құрылымы мен орындалу бағытын көрнекі көрсетеді. Программалау тілдерінің синтаксистік құрылымы мен олардың орындалу жағдайы алгоритм текстерін жазу кезінде көрнекі түрде беріледі. Суреттерді анимациялау, түр – түсін өзгерту, оған дыбыстар қосу мүмкіндігі көрнекілік принципінің жүзеге асырылуы болып табылады.
Көрнекілік принципінің жаңаны табуды, бейнені елестетуді, материалды ұзақ есте сақтауда тиімділігі жоғары. Компьютерде оқушылар графикалық бейнелерді түрлендіріп ондағы объектілерді өзгерте алады, ал оқу киносы мен теледидарда мұндай мүмкіндік жоқ.
Сонымен, көрнекіліктерді тиімді қолдану оқушылардың танымын кеңейтуге оң әсер ететіндіктен, оны оқу процесінің барлық кезеңінде қолдануға болады.

1.8. Білімнің беріктігі және жүйелілігі принципі


Бұл принцип білімді берік, әрі жүйелі меңгеруді көздейді. Беріктілік принципін жүзеге асыруда, ең алдымен, білім мазмұнындағы негізгі мәселелерді даралап алу айрықша мәнге ие. Оған қол жеткізу үшін жаңа сабақты талдау мен оны алғашқы бекіту кезінде басты мәселелерге ерекше көңіл бөлу қажет. Үй тапсырмасы мен сыныпта орындалатын жұмыстардың барлығы осы мақсатқа жұмылдырылуы тиіс.
Біліімнің беріктігі және жүйелілігі принципі оқыту мақсатынан оқу материалының логикалық құрылымынан оқушының ойлауы мен дамуынан көрініс табады. Сондай – ақ, пән мазмұнының жеке бөлімдері мен тақырыптары арасындағы және басқа пәндер арасындағы байланыстарды орнатуда бой көрсетеді.
Оқушылардың негізгі ұғымдардың анықтамаларын, қасиеттерін жаттап алу немесе есте сақтауы білімнің беріктігіне тікелей байланысты. Сондықтан оқушыларға жаттап алудың емес, түсініп алудың, есте сақтаудың әдістерін үйреткен жөн.
Білімнің беріктігі пәнішілік және пәнаралық байланыстарды құруға негізделген жүйелілікпен тығыз байланысты. Жүйелілік принципі информатика курсының жеке тақырыптары мен тараулары, бөлімдері арасындағы және басқа да жеке пәндер арасындағы байланыстарды орнатуда көрінеді. Басқаша айтқанда, адамның есінде өзара баййланысты ұғымдар берік сақталады, ал жеке байланысқа тәуелді ұғымдар мидың қызмет өрісінен шығып қалып, ұмыт болуына себеп болады.
Информатика пәніндегі оқу материалын салыстырмалы түрде бейнелеп «ағаш» десек, ағаштың жапырақтары – ұғымдар өзара «шырмауықтай» байланысуы қажет. Сондықтан алғашқы ұғымдарды байытатын көп салалы қолданбалы есептерді шешудің маңызы ерекше.
Информатика пәнінің мазмұнын бір ағаш емес, «информация», «алгоритм», «орындаушы» т.с.с. тамырлары арқылы өріліп кеткен «орман» деуге болады. Бұл информатикалық білімнің беріктігіне қаланған негіз болып табылады.

1.9. Жеке және ұжымдық оқыту


Информатиканы оқытуда жеке және ұжымдық оқыту бірін – бірі толықтырып тұрады. Ұжымдық жұмысты тұрақты, дұрыс ұйымдастырғанда оқушылармен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Бұл кезде компьютер екі жақты құрал ретінде жұмыс атқарады. Ал оқыту программаларының дайын түрлерін кеңінен таратуға, біркелкі топтық, ұжымдық оқытуды ұйымдастыруға көмектеседі. Әрбір оқушы мұндай программалармен жұмыс істегенде өз әдіс – тәсілдерін, жұмыс қарқынын, қиындықтардан шығу жолдарын жеке таңдайды.
Оқыту программалары арқылы, мұғалім жұмыстың кейбір бөлігін автоматты басқаруға жібергенде оқушылармен жұмыс жүргізуге бөлінген уақыт үнемделіп, жеке оқытуға мүмкіндік пайда болады. Оқушылардың дара қасиеттерін байқауда жеке оқыту тиімді нәтиже береді.

1.10. Оқу әрекетінің қарқындылығы


Оқу әрекетінің қарқындылығы мұғалім мен оқушының бірлескен іс- әрекетінің пайдалы коэффициенті ең үлкен мәнге ие болуына байланысты қарастырылады. Мұндағы нәтиже күш салу қатынасымен анықталады. Бұл ең алдымен, олардың бірлескен жұмысында басқа әрекеттердің болмауына негізделеді.Мысалы, қарапайым алгоритмдер үшін қолайлы блок- схемаларды күрделі алгоритмдерге пайдаланғанда информатика сабағы сызу сабағына «айналып» кетуі мүмкін. Алгоритмдеуді жүйелі үйренуде программалау тілдерін қолдануды тиімді, ал есептеулерге қарапайым калькуляторды пайдалану қажет. Компьютерлік уақыт шектеулі болған жағдайда оқушыларға компьютермен жұмыс істеуге қажетті нұсқауларды алдын ала үйретіп, онан соң дисплей алдына отырғызу оқытудың қарқындылығын арттырады. Компьютермен жұмыс істегенде программалардың орындалуына сәйкес шығатын мәліметтердің түсініктілігі оқушы әрекетінің қарқындылығын арттырады. Оқу қарқындылығы оқыту мақсатына тәуелді. Бұл кезде есептеу жұмыстары калькулятор көмегімен және программалау тілінде қатар меңгеріледі.

1.11. Теория мен практиканың байланысы


Теория мен практиканың байланысы тек принцип қана емес, оқытумен тәрбиелеудің негізгі заңы болып табылады. Теория мен практиканы ғылымның барлық саласында үйлестіре дамыту аса қажетті іс.
Теорияны практика жүзінде тексеруде, ғылым мен техниканың жетістіктерін практикаға енгізуде меңгерген білімді өмірде қолдануда информатика пәні еңбек сабағынан асып түседі. Себебі, оқушылар ешқандай материалдық шығынсыз мектепке, мұғалімге, сыныпқа, өзіне қажетті пайдалы еңбек етеді. Мысалы, дидактикалық үлестірмелі материалдар дайындау, кітапхана, мектеп құжаттары, оқушылар үлгерімі қорын жасауда теория мен практиканың айырмашылығы аз болуы мүмкін.
Информатика пәнін оқып – үйренуде теорияның ғылыми категорияларымен практикалық байланысына мәні өте үлкен. Жалпы жағдайда теория практика нәтижесін болжайды, ал практика теорияның тексеру құралы қызметін атқарады. Информатика сабағында қандай да бір бағдарламаны компьютерге енгізіп нәтиже алу кезінде теория мен практика тығыз бірлікте болады. Компьютерлік ортада жұмыс істеу тек практикада жүзеге асырылады, өйткені теориялық сабақта оны алдын – ала болжау қиын. Практикадан қолданыс таппаған, өмірмен байланысы жоқ білімді оқушылар нашар меңгереді.


Сонымен, информатиканы оқыту әдістемесі дидактиканың принциптерін нақтылайды және толықтырады. Өзінің негізгі категорияларының жан – жақтылығына сәйкес басқа дербес әдістемелерімен өзара тығыз байланыста болып, осы байланыстар арқылы мектептегі басқа пәндермен біртұтас даму бағытын ұстанады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет