ДӘРІС. 15: БАЛА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ Дәріс жоспары: 1 «Қамқорлық», «жетім», «әлеуметтік жетім» ұғымдары туралы түсінік және олардың сипаттамасы 2 Ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балаларды қамқорлыққа алу мекемелері, олардың түрлері 3 Ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балаларды қамқорлыққа алу мекемелеріндегі жұмыстың мазмұны, сипаты
4 Жетiм балаларды қамқорлыққа алудың жолдары
5 Бала асырап алған отбасыларымен жүргiзiлетiн әлеуметтiк-педагогикалық қызметтің түрлері және кезеңдері
Жетiм қалған балаларды қамқорлыққа алу екi жолмен жүзеге асырылады.
1. Асырап алу;
2. Мемлекет қамқорлығына беру.
Асырап алу - баланы қорғаудың арнайы шарасы. Онда ерлi-зайыптылардың баламен туыстық байланысы заң жүзiнде тiркеледi.
Мемлекеттiк қамқорлыққа алу - арнайы мекемелерге орналастыру жолымен асырап алынбаған балалардың тәрбиесi мен дамуына қалыпты жағдай туғызу. Бала асырап алған отбасыларымен жүргiзiлетiн әлеуметтiк-педагогикалық қызметтің мазмұны көп қырлы. Солардың бірізді жүйесіне сипаттама беріп өтейік. Асырап алынған бала әртүрлi типтi отбасыларына түсуi мүмкiн. Олар қамқорлыққа алған отбасы немесе асырап алушы отбасы деп аталады. Бұл екеуiнiң айырмашылығы:
- қамқорлыққа алған отбасының баламен туыстық байланысы болады;
- асырап алушы отбасының баламен ешқандай туыстық байланысы болмайды.
Әртүрлi бала асырап алатын отбасылары мен олардың қызметтерiне қарамай олармен жұмыс жүргiзудi, яғни әлеуметтiк-педагогикалық қызметтi мынадай етiп бөлiп көрсетуге болады:
- отбасыларын iрiктеу;
- ата-аналарды анықтау;
- балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелерi бойынша олардың әрекеттерiн жаттықтыру.
Әлеуметтiк педагогтың қызметi қашан да осы іске қатысы бар басқа да мамандар қызметiмен байланыста жүзеге асырылады. Олар әлеуметтiк қызметкерлер, дәрiгерлер, психологтар, дефектологтар және т.б.
Әлеуметтік педагог баланы қамқорлыққа алуда өзінің қызметтік функцияларын сәтті жүзеге асыру үшін балалықты қорғау бойынша заңдар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды, әлеметтік педагогиканың негіздерін, әдістері мен формаларын; балалар мен жасөспірімдердің тұлғалық дамуының негізгі заңдылықтарын, олардың сұраныстарының, қызығушылықтары мен мотивтерінің ерекшеліктерін және оларды қанағаттандырудың дәрежесін; әлеуметтік саладағы жұмыстың ерекшелігін; отбасыларымен жүргізілетін жұмыстардың мазмұнын, формалары мен әдістерін; әлеуметтік педагог қызметі мен аталмыш мекеменің функциялары мен құқықтарын және нормативтік құжаттарын; еңбекті қорғау ережелерін, қауіпсіздік техникасын; отбасын диагностикалық зерттеу жүргізудің әдістемелерін, тұлғаның дамуын; өз жұмысын бағдарламалау мен талдау жасаудың әдістерін білуі тиіс.
Әлеуметтік педагог жұмысты өзіне бектіліп берілген микроучаскені зерттеуден бастауы тиіс. Микроучаскені зерттеу екі бөліктен тұрады:
1. Педагогқа бекітілген учаске мен мектеп орналасқан мөлтек ауданның құрылымын зерттеу. Әлеуметтік- педагогикалық қызметті ұйымдастыру бойынша кәсіби байланыстарды орнату. Мектеп орналасқан микроауданның әлеуметтік паспортын зерттеу.
2. Мемлекет тарапынан қамқорлық пен әлеуметтік педагогикалық көмекке мұқтаж балалары бар әлеуметтік қауіпті отбасыларының тобын айқындау.
Әлеуметтік педагогтардың тәрбиеленушілерімен жүргізетін жұмыстарын ұйымдастырудың формалары әртүрлі. Шартты түрде оларды мынадай үш түрге бөліп көрсетуге болады:
1. Әлеуметтік педагогтың келушілермен жеке жара жұмыс жүргізу формасы (сұхбат, кеңес беру, бақылау, қарым- қатынасты реттеу, коррекциялық жұмыстартар жүргізу және т.б.);
2. Реабилитациялық мекемелердегі, халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі, жалпы және қосымша білім беру ұйымдарындағы, клубтық және басқа да мекемелердегі мамандармен кешенді әлеуметтік педагогикалық және басқа да көмек түрлерін көрсету мақсатында жүргізілетін бірлескен жұмыстары.
3. Кооперативтік жұмыс формасы - бұл, әлеуметтік педагогтардың, қараусыз қалған балалармен және наркомандармен және т.б. күресу, кәмелетке толмаған балаларды әлеуметтік қорғау мақсатында ұйымдастырылатын көпшілік шаралар мен қайырымдылық акцияларын өткізу үшін құрылғын әртүрлі мекемлер мен ұйымдардың мамандары мен басшыларының бірлестіктері.
Әлеуметтік педагогтың жұмыс формалары анағұрлым көпқырлы. Олардың барлығы дерлік адамдарға өмірлік жолдарында кездескен қиыншылықтарды жеңуге көмек көрсетуге бағытталған.