Дәріс №1 Пәнге кіріспе


Дәріс № 6. Қазақстандағы «қайта құру» саясатының сипаты



бет17/48
Дата06.02.2022
өлшемі369,27 Kb.
#81395
түріСабақ
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   48
Байланысты:
Дәріс Тарих

Дәріс № 6. Қазақстандағы «қайта құру» саясатының сипаты(2 сағат)

1.КОКП-ның әміршіл-әкімшіл басшылық рөлі мен М.С.Горбачевтың демократияшыл, реформаторлық қызметі арасындағы қарама-қайшылық.


2.Жариялылық пен демократияны насихаттау барысында одақтық республикаларда туындаған ұлттық шиеленістер.
3.Экономикалық дағдарыс. КСРО –ның әкімшіл-әміршіл жүйесін демократиялық жолмен қайта құруға талпыныстар.


1.ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету концепциясын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар – академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай құрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді. Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты. Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады. Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-і қаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-і хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.


2. КСРО өмір сүрген 70 жылдан астам уақытта кеңестік тоталитарлы жүйенің өзіндік үлгісі қалыптасты. Коммунистік партияның дербес билігі және адам құқығын аяққа басу, саяси, экономикалық реформалардағы жартыкештік, рухани-мәдени саланың бір идеологияға бағындырылуы сиякты қарама-қайшылыкты саясаты жыл өткен сайын қарқын алып отырды. «Социализм орнатудың жарқын идеялары» мен оны тәжірибе жүзінде іске асыру әдістеріндегі қайшылық 1980 жылдары КСРО-ның әр алуан бағыттарда саяси жаңаруын қажет етті. Қазақстан «100 ұлттың ғаламшары» деп дәріптелгенімен, ұлт мәселесінің ішкі қарама-қайшылықтары қордалана берді. Ұлттардың әртүрлі мәдени және діни айырмашылықтары біртұтас кеңес халқын қалыптастыруда назардан тыс қалды. КСРО-ның құрылған кезінен бастап өз құрамына «алынған» ұлттар мен ұлыс өкілдерін «кеңес халқына» айналдыру үшін коммунистік партия бар күш жігерін жұмсады. Әр ұлттың қайталанбас ерекшеліктері интернационалдық бағыт пен көлеңкесінде қалғандықтан да қарама-қайшылыктар туындады. Сөйтіп, кеңес қоғамының саяси жүйесінде дағдарыс белгілері айқын көріне бастады. Әкімшілік-партиялык бюрократиянын рөлі артып, билік пен халықтың арасы алшақтай түсті. Биліктің жоғары сатысында отырғандар арасында лауазымды орындарға талас байқалды. Жеке адамдар КОКП-ға мүшелікті пайдакүнемдік мақсатта пайдалана бастады. Өйткені, партияға мүше болу көптеген құқықтар мен артықшылықтарға жол ашатын. Қоғамдық үдерістердің басым бағыттары назардан тыс қалып, партия жетекшілерінің кұрамы әлсіреді. Жетекші құрамның ауысуының табиғи үдерісі бұзылып, тоқырауға ұшырады. Бұл саяси бюро мен орталық партия комитетінің хатшылығының және мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне әкелді.
XХ ғасырдың 80-жылдарынан кеңес қоғамында бұрын болмаған жаңаша ойлау, коғамдық-саяси өмірді қайта құру үдерісі басталды. 1990 жылдың қазан айына дейін республикада ұйымдық құрылымы мен идеялык позициялары қалыптасқан 104 саясиландырылған талапкер топтар мен партиялар құрылды. Республиканын саясиландырылған қоғамдық ұйымдары 1990 жылғы 9 ай ішінде аштық жариялау, пикет жасау, жер басып алу тәрізді 60-тан астам акциялар жасады. Көптеген аймақтарда ұлтаралық негізде қан төгілген қақтығыстар орын алды. Жазықсыз жандар опат болды. Алматыда, Бакуде, Ферғанада, Ошта, Молдовада, Оңтүстік Осетияда, Таулы Қарабахта және өзге де жерлерде жиі-жиі бас көтерулер, қарулы қақтығыстар өтті. КСРО-нын кұлауының «іргелі себебі» ұлт саясатындағы қордаланып қалған мәселелер болатын. КСРО-ның және кеңестік тоталитарлық жүйенің күйреуінің ең басты, әрі шешуші себебі де осы болатын. Таптық мүдде үстем болған КСРО-да ұлттық факторды қажетті деңгейде бағаламау орын алды. Мемлекет басшылығында ұлттық мәселені шешетін бағдарлама мен стратегия болған жоқ. Басты бағыт пен көзқарастардан ала-құлалық танылды. Батыл әрекет, оң шешім жасалмады. Ұлтаралық кикілжіңдерді реттеудің жүйесіздігі елдегі өкіметтін әлсіздігін көрсетті. Салиқалы ұлт саясатын жүргізу түбегейлі теориялық тұғырнаманы, қалыптасқан саяси ахуалды теориялық тұрғыдан жан-жақты пайымдауды қажет етті. Бұл - бір сәтте бола қоймаған, 70-80-жылдарға тұтас созылған ғылыми-технологиялық, стратегиялық жеңілістің салдары.


3. ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды.
1990 жылы КСРО-ның орасан зор кеңістігінде экономикалық дағдарыс бодды.
1987 жылы қантар айында болып өткен КОКП ОК-нің Пленумында «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселе талқыланды. Қаулының кемшіліктері: 1. Дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады. 2. Жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды. 1987 жылғы маусым Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселеріне арналды. Пленум әзірлеген құжаттар негізінде «Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң» қабылданды. Бұл заңда тауар-ақша қатынастарының рөлі айқындалды. Мемлекеттік кәсіпорындар дербес тауар өндірушілер ретінде қарастырылды. Шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістерін меңгеруге көшуге негіз жасалды. Ұзақ мерзімді жоспарлау орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шаралар іске асырылмады. Қоғамның саяси құрылымдарын жаңартпайынша, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі айқын болды. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын тауарлар жоғала бастады, азық-түлік түрлері нашарлады. 1988 жылғы маусым айында болған КОКП XIX Бүкілодақтық конфернцияда қоғамның әлеуметтік экономикалық жүйесіне талдау жасалып мынандай шешімдер қабылдады:
1. Саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметік – экономикалық өзгерістер жасау мүмкін еместегін мойындау. 
2. Демократияландыру мен жариялылық.
3. Төрешілдікке қарсы күрес. 
4. Халықтық реформа жүргізу. 
5.Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын жүзеге асыру. Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа еңгізу керек болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет