2. ЖМҚ төмен молекулалық қосылыстардан ерекшеліктері. Полимерлердің төмен молекулалық қосылыстармен салыстырғанда бірқатар ерекше қасиеттері бар:
1. Полимерлердің молекулалық массасы үлкен және макромолекула тізбекті құрылымды, яғни макромолекуланың ұзындығы оның көлденең мөлшерімен салыстырғанда бірнеше есе үлкен.
2. Полимерлер полидисперсті немесе полимолекулярлы, яғни бір полимер ұзындықтары әр түрлі макромолекулалардан тұрады, немесе буындар саны әртүрлі болады. Макромолекуланың ұзындықтары әртүрлі болса, олардың молекулалық массасы да әртүрлі. Сондықтан молекулалық масса полимерлер үшін тұрақты шама емес.
3. Полимерлер тек қатты және сұйық күйде болады, оларды газ күйіне көшіру мүмкін емес.
4. Полимерлер еру алдында ісінеді. Төмен молекулалық заттардан өзгеше қасиеті ерудің алғашқы сатысында біржақты диффузия болады, яғни еріткіш молекулалары полимер молекуласына енеді. Соның салдарынан полимер молекулалары бірнеше есе үлкейеді, тек содан кейін ғана ол ериді. Ал кейбір полимерлер мүлдем ерімейді, тек ісінеді.
5. Ерітіндіден еріткішті бөліп, алып шыққанда полимер кристалл түрінде бөлінбейді, қабықша (пленка) түзеді.
6. Полимерлер ерітіндісінің тұтқырлығы өте жоғары.
7. Тек полимерлерге ғана қайтымды деформациялық қасиет тән, оны жоғары эластикалық қасиет деп атайды. Мұндай қасиеттер каучук пен резеңкеде анық байқалады.
8. Полимерлердің химиялық реакцияларының төмен молекулалық қосылыстардың химиялық реакцияларынан өзгеше ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер полимердің тізбекті құрылысына тікелей байланысты. Соның әсерінен реакция жылдамдықтары кеміп немесе артуы, қосалқы реакциялардың жүруі ықтимал.
Жоғарыда келтірілген ерекшеліктер жоғары және төмен молекулалық қосылыстардың қасиеттерінде елеулі айырмашылықтар барын көрсетеді және полимерлердің ерекше күйдегі заттар екенін дәлелдейді.
Дәріс №2 Табиғи полимерлердің номенклатурасы және классификациясы
Дәріс мақсаты: Табиғи полимерлердің жіктелуіне және номенклатурасына жете тоқталу.
Полимерлердің жіктелуі.