Қағидаттар - атқарушы билік органдарын ұйымдастыру мен қызметінің аса маңызды саяси құқықтық және ұйымдастыру құқықтық негіздері. Олардың негізгілері заңдарда бекітіледі.
Заңдылық атқарушы билік органдары қызметінің қағидаты ретінде осы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқарушылық қызметінің заңға тәуелділігінен тікелей туындайды. Оның тікелей көрінісі Конституцияның, заңдардың, Президенттің жарлықтарының атқарушы билік органдары шығаратын кез келген құқықтық актілерінен жоғары тұратындығы; мемлекеттік басқарушылық қызметтің барлық деңгейлерінде және әрбір лауазымды адамның заңнамалардың талаптарын қатал сақтау міндеті, басқарушылық қатынастардың барлық қатысушыларының қолданылып жүрген заңнамаларымен тағайындалған құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік басқарушылық құралдармен сақтау, жүзеге асыру мен қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Заңдылықты сақтау бұл атқарушы билік органдары қызметінің тиімділігінің, нәтижелілігінің басты шарты.
Конституцияның бекітілген халық билігі қағидаты мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы халық болып табылады дегеннен көрініс табады, ол өз билігін тікелей, сондай ақ мемлекеттік билік органдары, оның ішінде атқарушы билік органдары арқылы жүзеге асырады.
Конституцияның үшінші бабы, төртінші тармағында бекітілген біртұтас билікті бөлу және өзара тежемелік әрі тепе теңдік қағидатмемлекеттік биліктік үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болатындығын және олардың дербестіктерін білдіреді.
Атқарушы билік органдарын ұйымдастыру мен қызметінде алқалық және жеке дара басшылықты дұрыс үйлестіру қағидаты мемлекеттік басқару қызметінің негізгі мәселелерін шешкен кезде ұымдық пікірді ескеруді қамтамасыз етеді. Осы мақсатпен тиісті атқарушы билік органдарының жанынан құрылатын әр түрлі консультативті, үйлестіру, ақылдасу кеңестері, комиссиялар, комитеттер және басқалар жүйесі кеңінен практикаға енгізілуде.
Әрбір лауазымды адам мен мемлекеттік қызметшінің өзіне тапсырылған жұмыстың бөлігі үшін жеке жауапкершілігі қағидатын сақтаудың маңыздылығы арта түсуде. Бұл қағидат атқарушы билік органдары туралы ережелерде, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда, тәртіп туралы жарғылар мен лауазымдық нұсқаулықтарда бекітіледі. Заңнамаларға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары өздері басшылық ететін органдардағы атқарушылық тәртіптің жағдайы үшін дербес жауаптылықта болады.
Атқарушы билік органдары жұмысының жариялылық қағидатыөздерінің жұмысының, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің неғұрлым маңызды нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жариялап отыруды, жұртшылықтың назарына жеткізіп отыруды болжайды.