Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актілері. Республика Үкіметі Конституцияның, заңдардың, Президент актілерінің, өзге де нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды орындау үшін өз құзырындағы мәселелері бойынша қаулылар шығарады. Үкімет қаулыларына Премьер-министр қол қояды.
Республика Премьер-министрі өкімдер шығарады. Оның өкімдері әкімшілік-өкімдік, жедел және жеке-дара сипаттағы мәселелер бойынша шығарылады. Өздерінің құзіреті шегінде қабылданған Үкімет қаулылары мен Республика Премьер-министрі өкімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты Үкіметтің барлық актілері ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады. Мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиялар болып саналатын мағлұматтар бар актілер жариялануға жатпайды.
Үкіметтің нормативтік қаулылары, егер олардың өзінде қолданысқа енгізу туралы өзге мерзімдер көрсетілмесе, олар алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкімет қаулыларының күшін Республика Президенті мен Үкіметі жоя алады. Премьер-министрдің өкімдерінің күшін Республикуа Президенті, Үкіметі және Премьер-министрі жоя алады.
Үкімет өзінің бүкіл қызметінде Конституцияда және ҚР-сы Үкіметі туралы Конституциялық заңда белгіленген нысандарда Республика Президентінің алдында жауапты.
Үкімет өз бағдарламасының, Президент тапсырмаларының орындалуы және өз қызметінің басқа да бағыттары туралы Президентті ұдайы хабардар етіп отырады; Президент актілерінің орындалуын ұй ымдастырады және оларды министрліктердің, өзге де орталық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың орындауын бақылауды жүзеге асырады; мемлекеттік бағдарламаларды Президенттің бекітуіне ұсынады; заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Президенттің тапсырмаларын орындайды және Үкіметтің заң жобалары жөніндегі жұмыстарының жоспарларын Президентпен келіседі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жұмысын ұйымдастыру.Жоғарыда аталған ҚР-сы Үкіметі туралы Конституциялық заңда ҚР-сы Премьер-министрінің Үкіметтің жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі өкілеттіктері ерекше айтылған. Ол Үкімет қызметін ұйымдастырып, оған басшылық жасайды, Үкімет мүшелерінің арасындағы қызметтік міндеттерді бөледі және оның жұмысы үшін дербес жауап береді; Республиканың ішінде мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста және халықаралық қатынастарды Үкімет атынан өкілдік етеді, мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге қол қояды; Үкіметтің отырыстарында төрағалық етеді; оның қаулыларына қол қояды; Премьер-министр министрліктер мен Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру, қайта құру және тарату туралы; министр, облыс, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының әкімі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар жөнінде; министрді, оның ішінде Үкімет жүргізіп саясатпен келіспейтін немесе оны жүргізбей отырған министрді қызметтен босату туралы Республика Президентіне ұсыныстар енгізеді.
Республика Үкіметінің өкілеттік мерзімі Президенттің өкілеттік мерзімі бойынша есептеледі, яғни, оның мерзімі біткенше қызмет атқарады. Үкімет жаңадан сайланған Республика Президенті алдында өзінің өкілеттігін доғарады. Бұл Үкіметтің жаңадан сайланған мемлекет басшысының атына жолдаған және Үкімет мүшелері қол қойған жазбаша өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. Үкіметтің өкілеттігін доғаруды оның мүшелернің өкілеттігі тоқталғанын білдіреді. Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп санайтын болса, сондай-ақ Парламент Үкіметке сенімсіздік білдіретін болса, олар Президентке өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы. Оны қабылдау не қабылдамау мәселесін Президент он күн мерзімінде қарайды.
Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны жүргізбей отырған Үкімет мүшелері де орнынан түседі немесе босатылуға тиіс.
Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған өз міндеттерін одан әрі жүзеге асыра беруді тапсырады.
Президент өз бастамасы бойынша да Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметінен босатуға құқылы.