Дәріс № 10
Тақырыбы: Тұлғаның психологиялық құрылымы. Қабілеті, талабы. Темпераменті.
Жоспары:
1. Тұлға, жеке бас даралылық дегенді қалай түсінесіздер?
2. Тұлғаның қалыпты дамуы мен қалыптасуы неге байланысты?
3. Тұлғаның қабілеттері мен табиғи нышандарын қалай дамыту қажет?
4.Темпераменттің типтеріне анықтама беру.
Тұлға - әлеуметтік қатынастарымен саналы іс-әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғамның мүшесі, өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін есі кірген ересек кісі. Адам қоғамнан тыс тәуелсіз өмір сүре алмайды, өйткені оның тәні де, жаны да айналадағылармен қарым-қатынас жасау процесінде, әлеуметтік жағдай әсерінде ғана кісілік мән - мағынаға ие болады. Мысалы, жаңа туған нәрестені адам деп атауға толық болады, бірақ әлі тұлға емес, себебі онда білім, тәжірибе, іс-әрекет, көзқарас жоқ.
Адам санасының дамып, өсіп жетілуі оның ортасымен (отбасы, мектеп, т.б.) тығыз байланысты. Сондықтан тұлға психологиясын дұрыс ұғыну үшін, ең алдымен, оның әлеуметтік жағдайын, яғни оның қандай ортаның өкілі екендігіне, сондай-ақ оның көзқарасы, наным-сенімі, бағыт-бағдары білімі мен іс-тәжірибесі, икем-бейімділігі, нақты кәсібі бар екендігіне назар аударуымыз қажет.
Қазіргі уақытта тұлға – психологиядағы ең көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Өйткені қоғамымыздың қарқынды әлеуметтік дамуы, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға жоғары талап қояды.
Қоғамдық ғылымдарда және күнделікті тұрмыста «адам», «тұлға», «индивид» яғни, «даралық» ұғымдары қолданылады. Бұл ұғымдар бір мағынада не бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Бұның екеуі де қате пікір. «Адам» бұл биологиялық тіршілік иесі, онда сана бар. «Тұлға» - қоғамда белгілі бір жағдайға ие және белгілі бір қоғамдық роль атқаратын, саналы индивид. Ал қоғамның қазіргі жағдайында, елдің саяси, мәдени, әлеуметтік-экономикалық жақтарын жаңарту кезінде - жас ұрпақтың болашақта ізгі ниетті азамат болып дамуына олардың тұлғасының дұрыс қалыптасу процесі үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қабілет - іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Қабілеттілік күнбе-күнгі тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, оқуға бар ықыласымен берілетін оқушыларды біз «мынау оқушы қабілетті оқушы екен» дейміз, не болмаса оның кейбір пәндерді жақсы үлгеруіне байланысты бір оқушының математикаға, екіншісінің әдебиетке, үшіншісінің географияға қабілеті бар екен дейміз. Қабілеттердің дамып қалыптасуы әр түрлі деңгейде жүріп отырады. Мәселен, оның алғашқы деңгейі (жұрттың бәріне ортақ) репродуктивтік десе, екінші негізгі деңгейін шығармашылық қабілет дейді. Бірінші деңгейде адам білім игеруге, іс-әрекетті қажетті дәрежеде іске асыруда икемділік көрсетсе, екінші деңгейде жаңа, соны туынды жасай алу мүмкіндігін байқатады. Біркелкі тең жағдайда (дайындық деңгейі, білімі, дағды, білік, жұмсалған уақыт, ақыл-ой, дене күші) қабілетті кісі қабілеті төмендеу кісіге қарағанда істі орындауда жақсы нәтиже көрсетеді. Қабілеттің дамуы мен көрінісінің ең жоғары деңгейі - "талант", "дана" деген терминдермен аталады. Талантты және дана адамдар өнерде, ғылымда зор қоғамдық мәні бар нәтижеге жетеді. Дана адам әдебиет, өнер, өндіріс, ғылым саласында бұрын сонды болмаған, соңғы жаңалықтар ашады. Талантты адам да жасампаз, бірақ өзіндік жаңалықты белгілі идеялар, бағыттар, зерттеу тәсілдері шеңберінде жасайды. Талантты және дана адамдар практикада және өнерде, ғылымда бұрын соңды болмаған жаңалықтар ашады. Таланттылық - даналықтың қалыптасуына аса қолайлы жағдайлар, жеке адамның жан-жақты дамыған кезінде туады. Мәселен, Леонардо да Винчи, Гете, Ломоносовтар шығармашылық қызметтегі даналықтың және адамның жан-жақты дамуының үлгісі болып табылады.
Қабілет жалпы, арнаулы болып бӛлінеді. Жалпы қабілет бұл адамның ақыл-ой қабілеті. Арнаулы қабілет - іс-әрекеттің, мәселен, әдебиет, сурет өнері, музыка, сахна өнері т.б. арнаулы салаларда, жоғары нәтижеге жетуге жәрдемдесетін жеке адам қасиеттерінің жүйесі. Қабілеттің аталған осы екі түрінен басқа практикалық іс-әрекетке қабілеттілік дейтін үшінші түрін де атауға болады. Бұған конструктивті-техникалық, ұйымдастырғыштық, педагогтық қабілеттер кіреді. 2. Қабілеттер концепциясы. Қабілеттердің тұқым қуалау теориясы. Психологияда қабілеттердің үш концепциясы бар. Олардың бірі – қабілет тұқым қуалау арқылы дамып отырады деген концепция.Бұл қисын бойынша, адамның жеке дара қасиеті, соның ішінде қабілеті де атадан балаға мұра ретінде беріліп отырады. Мұндай пікірді психологтар ғана емес, сондай-ақ ғылым мен өнердің (математиктер, жазушылар, суретшілер) кейбір өкілдері де қуаттайды. Мұның біріншілері өз көзкарастарын нақты зерттеулерден алған деректермен дәлелдегісі келеді. Мәселен ХІХ ғасырда өмір сүрген Гальтон таланттың тұқым қуалаушылық жолымен болатынын көрнекті қайраткерлердің өмірбаяндарын зерттеу арқылы дәлелдегісі келген. Гальтонның көзқарасын Л. Котс ілгері қарай дамытты. Ол қоғамның айрықша жағдайлы топтарының ішінде мұндай мұра мол деген тұжырымға келген. Қабілеттілік туралы бірінші концепцияға қарама – қарсы екінші концепция қабілетті түгелімен орта мен тәрбие анықтайды дейді. Қабілеттілік тұқым қуалайды дейтін көзқарастың шындықпен сәйкес еместігін өмір шындығы көрсетіп отыр. Мұнымен бірге атақты адамдардың өмірбаяндарын объективті тұрғыдан талдау - көп жағдайда, көрнекті адамдардың ерекше дарыны жоқ отбасынан шыққандығын, сондай-ақ атақты адамдардың балалары мен немере-шөберелері дарындылық көрсетпегенін дәлелдейді. Бұған бірнеше музыкант пен ғалымдар отбасы ғана жатпайды. Көрнекті америка ғалымы У.Эшби қабілеттіліктің, данышпандықтың өзі өмірде жүре пайда болған қасиеттен, балалық шақта, одан кейінгі кезеңде қалыптасады дейді. Мың рет сәтсіздікке ұшырап, мың бірінші рет жаңалық ашқан адам қабілетті,ал екінші реттен соң мәселені шешпей тастайтын адам қабілетсіз дейді ол.1 Буржуазия идеологтары қабілет ортаға тәуелді болғандықтан жұмысшының балалары мәдениет және интеллектуалдық деңгейі төмен адамдар ортасында өсіп жетілгендіктен өздерінің қабілетін көрсете алмайды деген пікірді айтады. Сырт қарағанда екінші концепция да адамның дамуына шек қоймайды, адамның мүмкіншілігіне күмән туғызбайды. Бірақ бұл теориямен қазір де, бұрын да ғылыми келіспеушіліктер бар. Қабілеттегі табиғи және жүре пайда болатын қасиеттердің диалектикасы. Көптеген психологтар қолдайтын қабілет жөніндегі үшінші концепцияның өкілдері әлдеқайда дұрыс позицияда тұр. Ғалымдарының қабілет концепциясы табиғатынан барлық адамдарға адамдық даму мүмкіндіктері тән екендігін анықтайды. Осымен бірге кеңес психологтары белгілі бір қабілеттің қалыптасуына, дамуына дара табиғи нышандардың болуының да жақсы әсер ететіндігін мойындайды. Қабілеттер қолайлы әлеуметтік жағдайларда іс-әрекет үстінде қалыптасып отырады.Бұл концепция практика және арнаулы зерттеулермен дәлелденіп отыр. Темпераменттердің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәйекті етіп түсіндірген академик И.П.Павловтың ілімі темперамент туралы түсінікті ғылыми сара жолға түсірді.
Достарыңызбен бөлісу: |